АБЫРОЙЫ АСҚАҚ, БЕДЕЛІ БИІК ӘЙТЕКЕ

Тарих
2 386 Views

Біздің қазақАлтайдан – Атырауға, Арқадан – Алатауға дейін созылатын кең-байтақ қасиеттіатамекенді көк найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған, талай-талай қандықақтығыс пен кескілескен шайқасты бастан кешкен, сайын далада мыңғырған төрттүлік мал өсірген, ұрпағына адал-арамды, обал-сауапты, ынсап-қанағатты сақтаудыөсиет еткен, жауына жерін таптатпаған, досына адал асын ұсынған батыр да өр мінезді, өзім дегенге өзегін жұлып беретін ақжарқын халық. Әкенің қанымен, ананыңсүтімен берілетін тектілікті, ата-бабадан мұра болып қалған салт-дәстүрді,әдет-ғұрыпты, тіл мен ділді, дінді, өткенге құрмет пен келешекке деген үміттісақтаудың арқасында жер бетінен жойылып кетпей, ғасырдан-ғасырға жалғасып,тіршіліктің қызығын да қиындығын да көріп келеміз.

Өзбекстанның Науаи облысы Нұрата елді-мекеніндегі Әйтеке би кесенесі

Ізбасар ұрпақ – біздің осындай күнге жетуімізде бұрынғы өткен ата-бабаларымыздың, ел бастаған көсемдеріміз бен сөз бастаған би-шешендеріміздің, қол бастаған батырларымыздың сіңірген еңбектері мен жасаған қызметтері орасан зор. Сондықтан да сонау бір қиын-қыстау кезде шашыраған елдің басын біріктіріп, Қазақ хандығының іргесін қалап, шаңырағын көтеріп, туын тіккен Керей мен Жәнібекті, «Қасқа жолды салған» – Қасымханды, «Ескі жолды салған» – Есімханды, «Жеті жарғыны» қабылдаған әз-Тәукені, Әбілхайыр, Абылайхан, Кенесарыны, сондай-ақ, сұңғыла шешендігімен, қара қылды қақ жарған билігімен «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» айтқан Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би бабаларымызды, елінің бостандығы мен жерінің азаттығы үшін қасық қанын аямай шайқасқан Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Арғын Ағынтай, әкелі-балалы Тілеу мен Жолдыаяқ, Қожаберген жырау, тағы басқа батырларымызды ұмытпай ұлықтап, өскелең ұрпаққа насихаттап отыру – әрқайсысымыздың азаматтық борыш, перзенттік парызымыз.

Биыл әруағына тағзым етіп, рухын тірілтіп отырған Әйтеке би – Төле би, Қазыбек би бабаларымызбен есімі қатар аталатын тарихи тұлға. Басқасын айтпағанда, мұны әйгілі Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің жұртшылыққа жақсы таныс «Даналар» жырындағы:

Қазыбек, Әйтекедей көсем өткен,

Әлдибек, Айтбайдай шешен өткен.

Жолы үлкен, жасы кіші Төлебидің

Әйтеке, қаз дауысты Қазыбектен,–

деген өлең жолдарынан да айқын аңғарамыз.

Әдебиетші, тарихшы мамандар айтып жүрген-дей, «би» қазақ қоғамында екінің біріне беріле қой-майтын, кемеңгер көрегендігімен, ділмәр шешен-дігімен көзге түсіп, ешкімге бұра тартпай, дау-дамайды тура да әділ шешкен ерекше дарын да та-лантты адамға берілетін биік атақ-дәреже болған.

Бұл туралы кезінде ұлы ағартушы ғалым Шоқан Уәлиханов: «Билерді ешкім арнайы сайлап, арнайы бекіткен жоқ. Олардың маңыздылығы Еуропаның ақындары, ғалымдары және адвокаттары секілді шынайы беделі арқылы көрінді. Шекспир және Гетені жұртшылық ұлы ақындар деп танитын болса, олардың ғаламаттығы үкіметтің қандай да бір декретімен немесе халықтың әлдебір сайлауымен мойындалған жоқ… Осы сияқты төрелік салт-дәстүрлерді терең біліп, оны шешендік өнермен ұштастыра білгендерді ғана қазақтар би деп таныды. Олар өздерінің осындай табиғи талант, дарын-қабілеті, көрген өнегесімен халықтың өз ортасынан суырылып шықты»,– деп жазған болатын.

Әрине, қазақта тек Төле, Қазыбек және Әйтеке деген үш би ғана болды десек, мұнымыз ақиқатқа қиянат әрі тарихымыз да жұтаң болып көрінер еді. Себебі, бұлардан басқа арғысы «түгел сөздің түп атасы саналған» – Майқы биден бастап, Мөңке би, Кетбұға би, Едіге би, Бәйдібек би, Ақжол би, Балпық би, Қанай би, Жанқұтты, Байдалы, Аққошқар, Саққұлақ, Кебекбай, Ноғайбай, Досбол би, тағы басқаларды еске алсақ, олардың қатары жүздеп саналады. Мәселен, жазушы-этнограф Сейіт Кенжеахметұлының «Жеті қазына» жинағында қазақтың атақты деген 190-нан астам билерінің аты-жөні келтірілген. Мұндай тізімге ілінбей қалғандары қаншама! Сондай-ақ, қазақ сахарасында қоғамдағы орынан, атқаратын қызметіне қарай: Ата би, Төбе би, Қатар би, Жеке би, Төтен би және Бала би деп бөлінген. Соған сай оларға әртүрлі міндет жүктелген.

Ресми еңбектердің бәрінде жазылып жүргеніндей Әйтеке Бәйбекұлы (1644-1700) Нұрата өңірінде дүниеге келген. Ол Әмір Темірдің бас кеңесшісі Ораз қажының бесінші, бүкіл парсы, өзбек, қырғыз, қазақ жұрты құрмет тұтқан Сейітқұл әулиенің үшінші ұрпағы. Самарқанды билеген атақты Жалаңтөс баһадүрмен де туыстас. Әйтекенің бабасы Ақша мен Жалаңтөс Сейітқұлдың балалары. Әйтеке бес жасында молдадан ескіше оқып сауатын ашқан. Жеті жасынан аталары – Ақша хан мен Жалаңтөс батырдың тәрбиесінде болып, сол тұста Cамарқанға жан-жақтан келетін хандар мен елшілерді қабылдау рәсімдерін, олардың шешендігі мен сөйлеу мәнерлерін көріп, достық қарым-қатынастарын көріп, зердесіне тоқып өскен. Самарқандағы Ұлықбек медресесінде, кейін Жалаңтөс салдырған әйгілі «Тіллә-кари», «Шердор» (Арыстанды) медресесінде білім алып, дін, құқық, аспан әлемі, тарих, математика пәндерін оқып, араб, парсы, шағатай, өзбек тілдерін үйреніп шыққан. 21 жасында Бұқара мен Самарқан төңірегіндегі қазақ, өзбек, қарақалпақтардың бас биі болған. Ал, 25 жасында Кіші жүз жұрты оны бас би етіп сайланған. 1680 жылы Салқам Жәңгірдің ұлы Тәукені хан етіп сайлауға айрықша атсалысқан. Мұның растығын ел арасындағы :

Әз Тәукені хан сайлап,

Софы Әзізді Пір сайла,

Қонды дейді Ақсарбас,

Әйтеке бидің төріне, –

жыр жолдары да айғақтайды.

Біз Әйтеке би ел ішіндегі жер дауы, мал дауы, жесір дауы сияқты әлеуметтік мәселелерге ғана емес, қоғамдық-мемлекеттік істерге де араласып отырғанын байқаймыз. Бұған бірден бір дәлел жазушы Мұқадес Есламұлының «Әйтеке би» деген зерттеу еңбегінде әз-Тәукенің тапсырмасымен «Жеті жарғыны» жазуға Сасық, Мұхамед, Қоқым, Төле, Қазыбек, Әйтекенің атсалысқаны айтылған.

Осы сияқты 1680 жылы Тәуке ханның ордасына кеңесші би болып келген кезде Әйтекенің елдің сыртқы және ішкі саясатына қатысты төмендегідей үш ұсыныс айтқаны жазылған:

Бірінші ұсынысы: ол Ресеймен қандай да болмасын одақ құруға үзілді-кесілді қарсылық білдірді. «Қытай мен жоңғарлардан қашып барып, Ресейге одақ болу – арыстаннан бас сауғалап жүріп жолбарыстың ініне тығылумен бірдей» деген пікірінен ешқашан таймаған. «Мал-мүлікті аямалық, бәрін сатып, Ресей мен Қытайдан зеңбірек пен мылтықты көптеп сатып алалық, дәрісі мен бытырасын жасау өз қолымыздан келеді», – дегенді айтады.

Екінші ұсынысы: сол кезде жоңғар секілді күшті жауға қарсы қазақтың одақтасы болып саналған қарақалпақ, құрама жұртын санағанда тек өз жұртымыздан 80000 қол жинауға мүмкіндігіміз барын айтып, әскери әдістерге жетілген, соғыс тарихынан хабардар тұрақты қарулы жарақ ұстауды ұсынады. Ол әскерді шекараға таман шоғырландырып, сол төңіректегі қазақ ауылдарын іш жаққа, қауіпсіз аймақтарға көшірелік, ал әскерді қаруландыру, азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыздандыру қаржысын сұлтандар, байлар ауқатты адамдар мойнына алсын, әсіресе, басқаратын бір қолбасшы болсын, оның Ресей, Қытай, Парсы елдеріндегі әскери оқулардың бірінен білім алуын, қазақ соғыс тарихын жақсы білуін, өзі соғыстарда батырлығымен көрінген және көреген жан болуын көзделік дегенді қайталаумен өтеді. Бұл пікір сірә, Жалаңтөс атасының тәрбиесінде өскен кезінде көкірегіне байлаған қағидаға ұқсайды.

Үшінші ұсынысы: әскери қолбасшының ерекше құқығының болуы. Атап айтқанда, ол тек хан мен «Билер кеңесіне» ғана бағынуы қажет дегенді айтады.

Айта берсек, Әйтеке бидің мемлекеттік істерге араласқан қайраткерлік қырын ашатын мысалдар жеткілікті. Бұған қоса-қабат «Ақылдының ажары – жарқыраған көлге тең. Ақылсыздың ажары – бұлт пенен буға тең. Ақылсызға айтқан сөз – құмға сіңген сумен тең, ақылдыға айтқан сөз – тік көтерген тумен тең… Ақыл – тамыр, мінез – жапырақ. Ер жігітке төзім – тірек, сабыр – қамал, ақыл – әлқуат, ар-абырой – қазына, қанағат – асыл тас, бата – мұра, әдеп – сән, жалған сөз – дерт , ақиқат – ем, үміт – көңілге азық» деген секілді нақыл-өсиеттер, шешендік сөздер, дау-дамайды шешудің ғажайып үлгілері қаншама?! Бір сөзбен айтқанда, «сегіз қырлы, бір сырлы» дейтіндей, от ауызды, орақ тілді би-шешен, кемел ойлы қайраткер Әйтеке Бәйбекұлының өткен тарихымызда, руханиятымызда алар орны ерекше! Сәл өкініштісі, кешегі кеңес өкіметінің тұсында Әйтеке бидің есімін абайлап айтып, онда да кедей-кепшіктің қорғаны ретінде дәріптеп, артында қалған шешендік сөздері мен билік айтқан шешімдерін қасаң саясаттың шеңберінде оқып-танып келдік.

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Әйтеке бидің өмірі мен қызметін тереңірек індете зерттеп тануға мүмкіндік туды. Әлі есімде, 1993 жылғы 28 мамырда біздің қасиетті Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы тауында Төлеби, Қазыбек би және Әйтеке биді еске алуға арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев үш данагөйдің өнегелі өмірі, ел қамын жеген адал еңбегі, топ бастаған көсемдігі, от ауызды, орақ тілді шешендігі, мүлтіксіз әділдігі туралы айта келіп Әйтеке бидің: «Елдің бағын ашпаса, ер мұратқа жетер ме! Ерінің сағын сындырса, ел мұратқа жетер ме?! Ел тірегі – ері, ер тірегі – елі бола білген қауымның басынан бағы кетер ме?! Есті еріңді ез тұтсаң – өзіңді өзің қорларсың, есеріңді ер тұтсаң – іргеңізден жау кетпей, төріңізден дау кетпей, сойқаннан сойқан жолығып, сорларсың да зарларсың. Ел мұраты – көрешек, ер мұраты – келешек. Көрешегін күйттеген – түбі қоймас сүрінбей, келешегін күйттеген – түбі қоймас сүйінбей. Жетелі ер адаспас – бабадан қалған сөз бар ғой. Жетелі ер адаспас – бағзыдан қалған із бар ғой», – деген өсиетін еске салған болатын.

Содан бергі кезеңде Төле би және Қазыбек бимен қатар Әйтеке бидің өмірдерегін кеңінен танып-білу, артта қалған мұраларын түгендеп, кітап етіп бастырып шығару, есімін жаңғыртып, құрметтеу жолында көптеген игілікті іс-шаралар атқарылды. Би бабамыздың жерленген жері анықталып, 2012 жылы Өзбекстандағы Нұрата өңіріндегі қорымда Әйтеке би мен оның атасы Сейітқұл қажыға арналып, ғажайып, архитектуралық үлгідегі “Сейітқұл әулие – Әйтеке би” мемориалдық кешені тұрғызылды. Оны атқаруға талай кісілер тілектес болып, қолдан келер үлестерін қосты. Дегенмен, мұндай игілікті істі атқаруда «Әйтеке би мәдени-тарихи орталығының» президенті, кеңпейілді кәсіпкер, ұлтжанды тұлға Шаһарбек Усманов бастаған бір топ азаматтардың еңбегін айрықша атап өткен жөн.

«Жақсының аты өлмейді» дегендей, қазіргі таңда Ақтөбе облысында бір аудан, Қызылордада үлкен бір елді мекен, Нұр-Сұлтан мен Алматыдан бастап, облыс, аудан орталықтарында көшелер, мектептер Әйтеке бидің атымен аталды. Бұл іс әлі де жалғасын табады деген ойдамыз.

Биыл Әйтеке бидің дүниеге келгеніне 375 жыл толып отыр. Осыған орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігі 2019 – 2021 жылдарды атап өткізілетін мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесіне Әйтеке бидің 375 жылдығы атап өтуді кіргізіп іс-шаралар өткізуді белгіледі. Осыған орай Ордабасы тауына үш бидің ескерткіш мүсіндерін орнату қолға алынып отыр. Сондай-ақ Тұңғыш Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың биылғы жылды Жастар жылы деп жариялауына байланысты, әрі ұлы бидің мерейтойының жастарға рухани тәлім-тәрбиелік өнеге болсын деп, Қазығұрт ауданындағы Сарапхана елді мекеніндегі Жастар саябағына Ұлы дала данышпандары, ұлттың Ұлы үш биі Төле, Қазыбек және Әйтеке биге арнап, еңселі ескерткіш орнатып, заманында өздері шығарған қазақтың тұңғыш Ата Заңы – «Жеті жарғыны» да ұлықтап, орталарына қойып, тарихқа тағзым етуді мақсат етіп отырмыз. Қорыта айтқанда, данышпан Абай атамыз айтпақшы, Әйтеке би – артына өлмейтұғын сөз, өнегелі іс қалдырған, мақтан тұтуға болатын абыройы асқақ, беделі биік бабамыз!

Бекет ТҰРҒАРАЕВ,

«Жеті Жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері — құрметті заңгері, заң ғылымының докторы, профессор.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *