АЛДАУ БАР ЖЕРДЕ АҚИҚАТ ЖОҚ!

Мәселе Спорт
1 342 Views

Шымкент қаласының әкімі Мұрат ӘЙТЕНОВТІҢ назарына!

АЛДАУ БАР ЖЕРДЕ АҚИҚАТ ЖОҚ!

Газетіміздің өткен санында «Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді, қалайша бітіргенінен емес…» тақырыбында Шымкент қаласының спорт және дене шынықтыру басқармасында қордаланған мәселелерге қатысты сыни мақала жариялаған болатынбыз. Мақалада мектеп директорларынан келген арызда көтерілген мәселелердің иненің жасуындай ғана бөлігі қозғалды. Журналистік зерттеуіміз объективті болу үшін осы жолы басқарма басшысының міндетін атқарушы Почиваловтың бұл наразылықтар туралы пікірін білген болатынбыз. Дегенмен басқарма басшысының міндетін атқарушы редакциямызға жазған хатында біраз көз байлаудан қымсынбапты. Олай дейтініміз арызданушы мен Почиваловтың шындығы екі айыр жол болып тұр. Оның үстіне журналистік зерттеу барысында анықталған жағдайлар да басқарма басшысының міндетін атқарушы сөздеріне күдік ұялатады. Осы орайда, мәселені жіліктеп талдап, ақ-қарасын айырып, оқырманмен бөлісуді жөн көрдік.

Тікелей мәселеге көшер болсақ, Шымкент қаласының «Дене шынықтыру және спорт басқармасы»мемлекеттік мекемесінің №18/1019 хатында берілген жауап хатта:«Мектептергежүргізілген мониторингтік тексеріс нәтижесінде Шымкент қаласының №3 олимпиадарезервінің мамандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдықмемлекеттік мекемесі төтенше жағдай уақытында мамыр-маусым айларында 20 миллионтеңге жаратып, спорттық іс шараларға спортшыларды жіберген. Тексеріснәтижесінде 18593 теңге орынсыз жұмсалғаны анықталды», – деп көрсетілген.Дегенмен, Шымкент қаласы бойынша ішкі мемлекет аудит департаментінің маманымен10.08.2020 жылы тексеру жүргізіліп, қорытындысында жоғарыда айтылған 20 миллионтеңгенің жаратылмастан есеп шотта тұрғаны анықталған. Почивалов мырзаның мұндайжалған ақпарат беріп, айды аспаннан бір-ақ шығарып отырғаны түсініксіз болып отыр.

Келесі мәселе басқарма басшысының елдегі қатаң карантин шарасын ескермей 21.07.2020 жылы өткізген қабылдауында Сугралиевпен қабақ шытысуға жеткізген жағдай еді. Бұл жерде де арызданушы мен басқарма басшысы міндетін атқарушының пікірі екі айырылады. Яғни Сугралиевтің айтуынша аталмыш жиналыста Почивалов пен А. Қалиев есімді азамат протоколды орыс тілінде оқи бастаған. Сугралиев хаттаманы қазақ тілінде баяндауды сұрағанда, басқарма басшысы хаттаманың қазақша нұсқасын компьютерінен іздей бастаған. Бірақ таба алмаған. Ал келесі сұрақты сотты болған (ол туралы төменде толығырақ баяндаймыз) Қ. Төрехожаев қойған кезде Сугралиев: «Кешіріңіз Сіз кімсіз? Сізді танымаймын, басқармада бұрын соңды мұндай қызметкерді көрмегенмін. Сізге мектептің, заңды тұлғаның қаржылық құжаттарын көріп, тексеру жүргізуге кім рұқсат берді, мен Сіздің сұрағыңызға жауап бермеймін», – деп шығып кеткен.

Ал бұл мәселеде Почиваловтың өз шындығы бар. Ол:

«2020 жылғы 21 шілде күні барлық санитарлық талаптар сақталынып Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты бірнеше спорт мектептерінің директорларымен жиналыс ұйымдастырылды. Жиналысқа шақыртылған Шымкент қаласының №3 ОРБЖСМ директоры А.Сугралиев жоғарыда аталған кемшіліктер бойынша берілген сұрақтарға жауап беруден бас тартып, қызметтік этиканы сақтамай дөрекілік көрсетіп жиналыстан шығып кетті. Осыған орай, қызметтік этиканы сақтамай, дөрекілік көрсеткені үшін және өзіне жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқармай жұмыс барысында жіберген кемшіліктері үшін «қатаң сөгіс» түрінде тәртіптік жаза қолданылған. Айта кететіні сұрақтарды басқарма басшысы орынбасарының міндетін уақытша атқарушы Ш.Әбдіқалықов мемлекеттік тілде қойған болатын», – деп жауап береді.

Осылай қос пікірдің екі бағытта айтылғаны оқырманды екі жақты ойда қалдырып, шындықты айыруда жаңылтады. Почиваловтың бұл өтірігіне де сеніп қалуымыз мүмкін еді. Алайда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті келіп түскен арызға байланысты осы мәселе бойынша арнайы тексеріс жүргізген. Тексерістің нәтижесі Почиваловты өтірікші деуге толықтай жеткілікті әрі тағатын айыптардың айқын дәлелі бола алады. Себебі аталмыш мемлекеттік қызмет істері агенттігінен тексеріс қорытындысы ретінде келген 21.08.2020 жылғы № 04/7/Қ-113 жауап хатында бұл мәселеге байланысты келесі жолдар көрсетілген:

«Шымкент қаласының №3 олимпиада резервінің мамандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі мектеп) директоры А. Сугралиевке қызметтік тәртіпті сақтамағаны үшін және қызметтік комиссиясының жүргізген мониторинг нәтижесімен Мектепте анықталған кемшіліктер бойынша одан түсініктеме талап ете отырып, қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылған.

Алайда, А. Сургалиев өзінің түсініктемесінде өзіне қатысты жазылған деректермен келіспейтінін көрсеткен. Осыған қарамастан Басқарманың 27.07.2020 жылғы бұйрығымен А. Сургалиевке ҚР Еңбек кодексінің 64-бабының, 1-тармағына сәйкес қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылған.

Қолданылған тәртіптік жазаның заңдылығына тиісті түсіндірме беру үшін тиісті саланың уәкілетті органы ретінде Департаментпен Шымкент қаласының еңбек инспекциясы басқармасына сұрау хат жолданған».

Сұраныс хаттың нәтижесінде Почиваловтың Сугралиевке қатысты тәртіптік жаза қолдану барысында Еңбек заңнамасының талаптары мен тәртібі сақталмағаны анықталған. Яғни, заңға сәйкес егер жұмыскер өзінің тәртіптік теріс қылық жасау фактісімен түсініктемесінде келіспесе, онда тәртіптік теріс қылық жасау фактілері бойынша, жұмыс берушінің актісімен құрылған комиссиямен қызметтік тексеру жүргізіліп, тәртіптік теріс қылық анықталуы және дәлелденуі тиіс болған.

Өзінің қателігін Почивалов мырза да мойындайды, себебі 17.09.2020 жылдың №18/1090 бұйрығымен Сугралиевті қатаң сөгіске кескен бұйрығының күшін жойған.

Осылайша жаңа басқарма басшысының міндетін атқарушы Олег Владимирович лауазымына келгеннен бері мұндай мәселелердің өршіп, қол астындағы мектеп директорларының наразылығын тудырып отырғанын аңғарамыз. Қай жерде болсын «балық басынан шіриді» демекші, жұмыстың берекелі не керісінше керітартпа болуы басшыға байланысты. Егер жауапты тұлға кең балақ, жалпы етек болып шықса, ал мәселе бітпейтін күйі үсті үстіне жинала берсе жауапты кімнен сұраймыз? Бет бақтырмай өтірік сөйлейтін басшы қаланың еңселі басқармаларының бірі – спорт басқармасының осы күнге дейінгі еңбегі мен абыройын далаға кетірмей ме?!

Келесі келеңсіздік мектеп директорларын тағайындауда жіберілген. Яғни қаладағы әлі басқарма басшысының міндетін атқарушы бола тұра, Кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінің директорын №14 спорт мектебіне директор, №14 спорт мектебінің директорын «Кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебіне» директор, Ұлттық ат спорты клубының директорын Жоғары спорт шеберлігі мектебіне директор, «Қазығұрт» спорт клубының директорын Ұлттық ат спорты клубының директоры етіп тағайындаған. Бұл жерде тамыр таныстыққа жол беру емес пе? Заң тұрғысынан Почиваловтың тағайындауы ҚР Еңбек кодексінің 139 бабына саяды. Онда аталмыш тағайындаулар екі жолмен: конкурс арқылы немесе тағайындау тәртібімен жүзеге асатыны көрсетілген. Бірақ Мемлекеттік қызметтің заңы мен ұстанымына сай, Президенттің тапсырмасына сәйкес, әсіресе мемлекеттік қызметкерлер ашықтық саясатын ұстанып, еститін мемлекет құруға атсалысу қажет қой. Ал конкурс арқылы тағайындау ашықтық пен демократияға жеткізетін бірден-бір жол. Алайда Почивалов мырза ашықтық саясатына пысқырмайды да, өз бетінше тағайындауларға жол берген. Бұл әрекетін басқарма басшысы міндетін атқарушы жоғарыда айтқанымыздай ҚР Еңбек кодексінің 139 бабымен ақтайды. Иә, онда азаматтық қызметке конкурспен де, тағайындау тәртібімен де орналасуға болады деп көрсетілген. Бірақ қазыналық кәсіпорындарға байланысты бұл заң жарамсыз. Ол мекемелерде тағайындаулар тек конкурс нәтижесімен жүзеге асуы тиіс осы жерде Почивалов мырзаның қаперінен жіберіп алғаны – «Кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебі». Себебі бұл мектеп – мемлекеттік кәсіпорын. Ал ҚР Ұлттық экономика министрінің 02.02.2015 жылғы №70 бұйрығымен бекітілгендей, Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау жүргізу, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу қағидаларына сәйкес конкурс арқылы жүзеге асырады делінген. Осылайша бұл мекемде тағайындау тек конкурстық тәртіппен жүзеге асуы керек болған. Бұл басқарма басшысы міндетін атқарушының тағы бір заңсыз іс-әрекетін әшкерелейді. Қазіргі таңда дәл осындай мемлекеттік кәсіпорын саналатын «Қазығұрт» клубына тағайындау жүргізуге конкурс жарияланған. Бұл жолы басқарма басшысы міндетін атқарушының заңсыз тағайындауға жол бермеуіне, осы көтеріп отырған мәселелеріміз сеп болса керек. Мүмкін басқарма басшысының міндетін атқарушыға тағайындаулар туралы ешкім үйретпеген шығар, енді үйреніп келеді.

Осы тұста конкурстық тағайындаулардың негізгі маңызы мен мақсатын тағы да еске салайық. Ол тамыр-таныстық пен парақорлықтың алдын алып ашықтықты қамтамасыз етуші жол. Конкурстық комиссия мүшелеріне қоғамдық кеңестер, партия ұйымының өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдары қатысып қорытынды шығарады. Ал Олег Владимирович спорт мектебінің директорлығына үміткер бола алатын азаматтардың құқығын шектеп, тек өзі білетін, өзі танитын адамдарды тағайындап отыр. Сонда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатымыз қайда қалады?

Қанат Турехожев есімді азамат бұрын Жамбыл қаласы қаржы инспекциясының бастығы лауазымында тұрып, Қарағанды қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасынан 4,6 миллион теңге пара алып ұсталып, соттың үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылған екен. Дегенмен, әлі 10 жыл өтпей ол азамат спорт басқармасын қарасты мектептердің бірінде қызмет етуде. Тексеру жұмыстарын жүргізіп жүр. Бұл қалайша болғаны, мұнда тамыр-таныстық пен сыбайластық бар ма деген сұрақ көкейімізге күдік ұялатады. Басқарма басшысы міндетін атқарушының бұл туралы пікірін білген болатынбыз. Ол төмендегідей жауап береді:

«Азаматтық қызметке, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарға, ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық даму институттарына, ұлттық холдингтерге және ұлттық компанияларға, сондай-ақ олардың еншілес ұйымдарына басқару функцияларын орындаумен байланысты лауазымға түру кезінде адам сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны туралы мәліметтердің бар не жоқ екені туралы анықтама ұсынады. Еңбек кодексіне сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамды мемлекеттік кәсіпорынға басқару функцияларын орындаумен байланысты емес лауазымға жұмысқа орналастыруға тыйым салмайды. Арызда көрсетілген Қ.Төрехожаев Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының «Қазығұрт» спорт ойын түрлері клубы» КММ-да келісімшарт негізінде жұмыс атқарады және аталған лауазым басқару функцияларын орындаумен байланысты емес», – делінген.

Иә, оның қазіргі қызметі заңға қайшы емес шығар алайда мораль заңы қайда қалады? Төрехожаев мемлекеттік қызметте болмаса да Почивалов оны 3 ай мерзімге мекемеге тәжірибелік көмек көрсету үшін қол астында жұмыс жасауға шақырған. Яғни нақтырақ тоқталсақ, Почиваловтың қол қоюымен 22.06.2020 жылғы, №18/794 шығыс хатымен «Қазығұрт» спорт ойын түрлері клубы» МКҚК-нан 22.06.2020 жылы түзілген мекемеге заңгерлік-консультациялық көмек көрсету туралы №28 келісімшарт бойынша жұмыс жасап жатқан Қ. Төрехожаевты 22.06.2020 жыл мен 22.09.2020 жыл аралығында іс-тәжірибелік көмек көрсету үшін басқармаға жіберуді ұсынған. Сонда осы 3 ай бойы ол азаматқа айлықты кім төлейді? 50-ден астам мемлекеттік штаты бар спорт басқармасына сотталып шыққан адамның көмегіне жүгіну мәжбүрлігі не үшін туып отыр?

Кадрың – қадірің деген сөз бар. Сонда парақорлық сынды ауыр қылмыспен ұсталып, кінәсі дәлелденген азаматты қол астындағы сенімді қызметкерге айналдырған Почиваловқа қалайша сенеміз?

Оның үстіне бұл бірінші жағдай емес, сыбайлас жемқорлықпен былыққа батып, кінәсі дәлелденген Нұрлан Амирбеков Калдарович деген азаматты Шымкент қаласының олимпиада резервін даярлау орталығы мектебіне директор етіп тағайындаған. Ол 02.02.2017 жылы Астана қаласы Есіл аудандық сотының үкімімен ҚР Қылмыстық Кодексінің 176-бабы, 4-тармағы, «б» бөлігімен қылмыс жасағаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылған. Себебі ол садақ ату спортының аға жаттықтырушысы қызметін ДШНКиСР республикалық кәсіпорнында атқарып тұрып, өзінің жеке басына пайдалану мақсатында Кипр мемлекетінің Ларнака қаласына оқу-жаттығуға барды деп спортшыларға өтірік аванстық есеп құжаттарын жасап, бюджеттен 16 183 2015 теңге жымқырған.

Бұл нені білдіреді? Қала саясатында, мемлекеттік деңгейде ауқымы мен маңызы орасан болған спорт саласы бұрын істі болған, және қоғамның ең ауыр дерті жемқорлық бойынша айыпталған азаматтарды жиып отырғанын қалай түсінеміз. Адамның қандай екенін досынан таны дейді. Почивалов мырзаның қол астына осындай мамандарды жинауға не себеп болды екен? Миллионер қаламызда олардан артық, лайықты мамандардың тапшы болғаны ма? Бұл күрделі жағдай саланың әрі қарай дамып, жетістіктермен қуантарына сенімді сейілтеді. Егер басқарма басшысының міндетін атқарушы кінәсін мойындамай, жалған ақпарат берсе, осылай жалғасып, мәселе өз шешімін таппаса, жағдай қалай дұрысталмақ? Сонда спорт саласындағы осы сынды шиеленісті кім шешеді.

Олег Владимировичтің қадірі жоқ кадр жинап отырғаны былықтың соңы емес. Келесіге көшсек. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 31 қазандағы №703 қаулысымен бекітілген мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасау, құжаттаманы басқару, және электронды құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларының хатты дайындау және рәсімдеу тәртібі туралы 50 тармағына сәйкес: бір және одан да көп ұйым басшысы қол қоятын қызметтік хаттар А4 форматындағы қағаз парақта рәсімделеді. Бұл ретте хатқа қол қойған ұйымдардың атауы туралы деректер «қолы» деген деректемедегі лауазымның атауына енеді. Хатты келісу белгі хаттың қалатын көшірмесіне қойылады. Хаттың мәтіні бір немесе екі мағыналық бөліктен тұрады. Бірінші бөлікте хатты дайындаудың себебі, негізі немесе негіздемесі, негіздеме болған құжаттарға сілтемелер көрсетіледі. Ал екінші бөлігінде тұжырымдар, ұсыныстар, өтініштер, шешімдер орналастырылады. Бір бөліктен тұратын хат – ол түсіндірмесі жоқ өтініш, кіріспесіз ескертпе, негізсіз хабарламалар ретінде танылады. Яғни бұл ережелер қызметтік хат қалай даярлануы керек, хабарламалармен қалай іс жүргізілу қажеттігі жайында ақпарат береді. Осы тұста назар аударатынымыз төтенше жағдай уақытында спорт мектептерінде бюджет қаржысын пайдалану және орындаушылық тәртіп бойынша спорт мекемелерінің жұмысына мониторинг және талдау жүргізу үшін 24.06.2020 жылы №56-ж/қ-а бұйрығы бойынша қызметтік комиссия құрылады. Комиссиясының құрылуына басқарма басшысы орынбасарының Ш. Әбдіқалықовтың Басқарма басшысы міндетін атқарушының атына жазған орыс тіліндегі қызметтік хаты негіз болған. Алайда қызметтік хатта Ш. Әбдіқалықовтың қолы қойылмаған, қызметтік хаттың қай күнмен жазылғаны туралы белгі жоқ. Бұл жоғарыда айтылған ережені бұзып тұрғанының дәлелі.

Бұл бұйрыққа сай, комиссия құрамында:

— Әбдіқалықов Шоқан Шырынханұлы – басқарманың оқу-әдістемелік және жоғары спорт жетістіктерінің басшысы;

— Бұзауов Марат Сансызбаевич – «Шымкент қаласының №14 ату және ұқсас спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ-нің директоры

— Турысбаев Шоқан Сейдалыевич – Шымкент қаласының №14 ату және ұқсас спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ-нің заңгері.

Дәл осы №56-ж/қ-а бұйрығы бойынша бекітілген комиссия құрамы мүлдем түсініксіз. Қалайша спорт мекемелерінің жұмысына мониторинг және талдау жүргізу үшін спорт мектебінің қызметкерлерін алады? Комиссия басқармадағы мамандардан жасақталуы қажет емес пе?! Сонда Почивалов бұл бұйрыққа қол қойғанда нені ойлаған? Тағы да өзінің тамыр-таныстарын тарту жоспарында болды ма? Әйтеуір бұл ойы жүзеге аспады. Себебі Басқарманың 13.08.2020 жылғы №80-ж/қ-а бұйрығымен аталған қызметтік комиссияның құрамына өзгерістер енгізіледі. Яғни комиссия құрамы төмендегідей өзгереді:

— Әбдіқалықов Шоқан Шырынханұлы – басқарманың оқу әдістемелік және жоғары спорт жетістіктері бөлімінің басшысы;

— Утепбергенов Нурлыбек Ахатович – Басқарманың ұйымдастыру-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы;

— Калиев Амангельды Амангельдиевич – Басқарманың қаржыландыру және мемлекеттік сатып алу бөлімінің бас маманы болып өзгертілген.

Алайда, алдыңғы құрамдағы комиссияның құрамы жарамсыз деп танылмаған, бұйрықтың былайша өзгеруіне негіздеме жасалмаған. Және ең бастысы қызметтік комиссия ережесі бекітілмеген.

Біз бұл мәселені қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов мырзаның назарына арнайы ұсынып отырмыз. Қордаланған мәселеге әкім бей-жай қарамайды деген ойдамыз. Өйткені, мегаполис спорты — мегаполистің айнасы іспетті. Спортта алдау жүрмейді! Спортта тазалық, маңдай тер, еңбек қана жеңіске жеткізетіні белгілі.

Айта кететін жайт, «Шымкент қаласының №3 олимпиада резервінің мамандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» Шымкент қаласы бойынша рейтингі тұрғысынан бірінші орында тұрған спорт ордасы болып саналады. Мұнда олимпиадаға үміткер нағыз бабындағы 6 спортшы сында ел намысын абыроймен қорғауға сақадай сай екенімен ерекшеленеді.

(Зерттеуіміздің жалғасы бар).

Гүлнұр БАЙДУЛЛАЕВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *