ЕЛІНІҢ ДАНАСЫ, ХАЛҚЫНЫҢ ПАНАСЫ БОЛҒАН

Кездейсоқ жаңалықтар Көзқарас
551 Views

(Жалғасы. Басы өткен санда).

Майкөт өлгенше былай деп айтып жүріпті: «Сарыбай тірлігінде де мырза еді, асында да маған мол олжа әкелді. Қызыр қонған, Қыдыр шалған қасиетті қызыл жолбарысты би ғой ол».

Бұл астағы ат бәйгесiне 300-ден аса жүйрiк қосылды. Аспанқораның арғы бетi, Көктөбеде сөре белгiлендi. Қорым тастар жиналған “Сарыбай сөресi” бұл жайлауда әлi тұр.

Бәйге аттары Жауырдан, қазiргi Қасымбек ауылынан жiберiлiп, сол Көктөбеде күтiп алынған.

Сөреге бiрiншi болып Сарыбайдың Бозтанауы келе жатқанын көрiп қырғыз манабы Шәбден айқай салыпты:

– Оу, көзің тіріңде Сарыеке, бас бәйгенi қашан бересiң дегенде, “Менiң асымда аласың” дегенiң қайда? Әруақ! Әруақ! Әруақ! – деп үш рет айқай салғанда сөреге қырық құлаштай ғана қалған Сарыбайдың Бозтанау жүйрiгi сиырдың жапасына тайып жығылып, тұра алмай қалыпты. Бiрiншi болып Шәбден манаптың Қарақасқа жүйрiгi келген. Бас бәйгеге алдына атан түйе бастатқан төрт түлiк малдың әрқайсысынан тоғыздан және тайтұяқ сары алтын берiптi.

Міне, осы бәйгеде Сәкенің екі жүйрігі қатарласып екінші, үшінші болып келіпті. Елу атқа бәйге берiлiптi, ең соңғы елуiншi болып келгенге тана бұйырыпты. Жалпы бұл өңiрде бұған дейiн осындай ұлан-асыр ас, бәйге берiлмептi.

Сәке осы бәйгеде алған олжаны түгелімен Тайторы еліне тұтас бөліп бергенін ел әлі күнге дейін аңыз етіп айтады.

*   *   *

Сүйінбайдың мына бір ауыз өлеңі Сәкені ерекше бағалайтынын танытады:

Ұл тумас Тайторының Сәкесіндей,

Ақ нардың тіп-тік біткен өркешіндей.

Қатарынан мойны озық, сөзі дәмді,

Мың қойды жалғыз бастар серкесіндей, –

деп Сүйінбай ақын Сәкенің ел үшін істеген шапағатты істеріне сүйсініп жырына қосыпты.

Жамбыл атамыздың Сәке Ниязбекұлының қадір-қасиетін ерекше бағалайтынын жазушы Сапарғали Бегалиннің мына жазбасынан анық көруге болады:

«Жамбылдың Шапырашты, Дулат табынан түсіп тағы бір көзге көрінгені Тайторы руынан шыққан Сәке деген кісі өте қадірлі адам болады. Сәкенің өзі болыс болып, бұрын бытырап кеткен аз ата Тайторының басын қосып, Жиренайғыр өзеніне әкеліп орналастырыпты. Тегінде ол жер өздерінің ата қонысы екен. Есқожа руынан шыққан Мырзабек, Кәшке сияқты жуандар өздеріне зорлық істеп қоныстарын алып қояды. Сол қонысты Сәке айтысып жүріп алады.

Сәкенің ағасы Садырбек деген кісі өліп, соған ас береді, қонақ алады, даяшы болып қызмет істейді.

Осы аста Жамбыл Сәкенің қасына еріп Садырбекті жоқтап жыршылық етеді. Асқа қырғыз Шәбден, дүнгеннен Бұлар батыр келіпті. Қасына қару-жарағы бар он жасауыл ертіп, әнші, жыршымен келіпті.

– Садырбекке ат шапты,

Суықтөбе бауырында.

Кырғыз, қазақ бас қосты,

Сәке болыс аулында.

Қатарлап үйді тіктіріп,

Қамбалап қазан қайнаттың.

Желілеп бие байлаттың.

Сауын айтып ас беріп,

Ақындарды сайраттың,-

деп жырлаған Жамбыл осы аста. Бұл жырды бізге айтқан – Мұстафа Дөненұлы деген кісі. Ол қазір Қоғамшыл колхозында, жасы 1944 жылы 56-да. «Бұл аста мен 13-14 шамасында едім», – дейді. Бұл аста Жамбылдан басқа да көп ақын болды, бірақ Жамбылды Сәке өте қадірлеп өз қасында ұстайды. Алыстан келетін сыйлы кісілердің алдынан Жамбыл барып жыр айтып, әкеліп түсіріп отырды дейді.

Бұл асқа аса бөлек салтанатпен келген кісі Сәкенің Райым деген інісінің Ырғайты еліне (бұл Дулат елі бұрын Пішпекке қараған ел) ұзатқан Гүлшаш деген қызы болыпты. Қыздың барған жері де аса бай болса керек. Күйеуі Ұрақ Ноғайбай баласы деген өте сері жігіт екен. Асқа келгенде Гүлшаш қасына екі қыз, сегіз жігіт ертіп, өзге елден бөлек келген.

Екі қыз бен Гүлшаш үшеуі көмірдей үш қара көк арғымақ мініп келген. Ал сегіз жігіт бір түсті ылғи ала аяққара ат мініп келген. Сегіз жігіттің басына сары мақпалмен тыстаған қара бұйра бөрік, үстеріне қара мақпалдан бешпет киген.

Гүлшаш өзі басына шеттігін маржанмен желбіршектеген аққұндыз салып, шашының ұшына ылғи ақ меруерт тізіп, сексен тал етіп өріп, үлде мен бүлде киіп және бастарына қолшатыр ұстап кепті.

Гүлшаштың алдынан түстік жерден шығып жыр айтып алып келген. Оған да барып жыр айтқан Жамбыл болған.

Жамбылдың осы аста айтқан жыры ел аузында жатталып, әсіресе Тайторы сияқты аз ел Мырзабек, Кәшкелерден теңдік алдың деген жерге өте арқаланып және Гүлшаштын сәнді келісін келістіріп айтуы елге ұнайды. Ас сегіз күнге созылыпты. Екі күндей балуан күресі болып, қырғыз-қазақ күресіп, бас палуан сол Тайторы руының өзінен шыққан Дарыбай Шымырбайұлы шығып, сайысқа қырғыздан Тістеуікпен сайысып, қазақтан тағы Тайторының өзінен Оразалы деген шығып, о да Тістеуікті түсіріпті.

Қасқарау руынан келген атақты Ноғайбайдың күрең аты бас бәйгені алыпты. Қалған бар бәйгені ас берген рудың өздері алғанына Тайторы руы аса ырым етіп қуанса керек.

Сонда жасы 80-ге келіп қалған Салтанат деген бәйбіше (Қоржымбай деген кісінің әйелі):

«Телекең мен Жүзекең,

Сәкеге жақын ақылды.

Сол үшеуің бір тұрсаң,

Ит қаппайды тақымды, –

депті. Бұл Салтанат айтқан сөз де күні бүгін мәтел болып қалыпты. Өстіп тату тұрсаңдар, бар бәйге өзіңдікі болады дегені болса керек. Салтанат жөнінде ел аузында көп әңгіме бар көрінеді.Осы Салтанат сол ағасы өліп, басын көтермей жатқанында Сәкеге айтқан көңілі мынау екен:

– Аққу ұшып көлге кетті,

Ақ сұңқар ұшып шөлге кетті,

Балаңызға, батыр Сәке, қайғырма,

Бәріміз баратұғын жөнге кетті,

Қайың едің, қайыспа,

Болат едің, майыспа,

Арғымақ болдың ардақты,

Тай, құнанмен енді жарыспа! —

депті. Бұл аста үлгілі сөз болып, Сәкеге ел Салтанат бәйбіше айтқандай деп тоқтау айтыпты, мен де сондықтан қосып отырмын». (С.Бегалин. «Жамбыл». Алматы, «Жалын» баспасы, 73-74 беттер).

Сәкенің болыс болуы жайлы ел аузында да, мемлекеттік мұрағатта да деректер жеткілікті. Тәуелсіздік алғаннан кейін ел-жұрты Сәке Ниязбекұлы жайлы іздене, зерттей бастады ғой. Сәке болысқа, Шымырбай әулиеге арналған және Тайторы бабаға ескерткіш тұрғызған астарды ел-жұрты басқарып беруді маған сеніп тапсырып еді. Қоғамшыл ауылында Бірімқұл деген арғы-бергі тарих-шежірені көп білетін ақсақалдың үйіне баяғыда аудандық газетте істеп жүрген кезімде бір түн түнеп, әңгімесін жазып алған едім. Ол қарияның баласы Тұрсынбай Бірімқұлов та Тайторы және одан тараған ардақты азаматтары жайлы көп біледі, естіп-білгендерін кітап етіп шығарды. Тұрсынбай ағамен де ағалы-інілі болып, жақсы сыйласып көп әңгімелесеміз.

Міне, осы кісілер Сәке жайлы, оның қалай болыс болғаны туралы жырдай етіп әңгімелейтін.

Сәкенің ел басқару ісіне араласып, атқа мінуі отыз жасында Күншығыс Қастек болысына старшындыққа сайланған уақыттан басталады. Әділдігімен, қарапайым халыққа деген қамқорлығымен бірден-ақ көзге түскен ол көп ұзамай ел алдында зор дәрежеге ие болып, құрметке бөленген.

Сәкенің жас кезінде Тайторы елі он бес-жиырма жылдай уақыт өз алдына болыс болуға қолы жетпей, Мырзабек-Кәшке еліне қараған екен. Кісіге қарағанның күні белгілі емес пе?! Осының салдарынан кейбір кеудесоқ, озбыр билер Тайторы балаларына тісін батырып, көп қиындық көрсетсе керек.

Бұлар жайлы Мәлік Кішібай деген азамат мынандай деректер келтіреді:

– Тайторы болысын құрған атақты Сәке болыс. Сәке Ниязбекұлы Күнбатыс Қастек болысының басқарушысы Аршабек Бесбайұлымен сыйлас, көңілі жақын дос болған. Екеуі бірде Күнбатыс Қастек болысын екіге бөліп басқарған жөн болар деп шешіпті. Орысқа қараған заман ғой, оязсыз түк бітпейтін болған соң Аршабектің інісі Шалғымбайдан ақыл сұрапты. Шалғымбай орысша оқыған, сауатты кісі екен. Өзі Верный қаласында ояздың тілмашы болыпты. Сонда ол: «Патша үкіметінің заңы бойынша 460 түтіннен кем болса болыс құруға рұқсат жоқ» депті. Содан Сәке ыдырап жүрген Тайторыны жинау үшін Текестің арғы бетінде өмір сүріп жатқан Тайторының бір атасы – Асан балаларына арнайы барып, көшіріп әкелген екен. Кейін оның үстіне Қошқар мен Қасқарау Енем балаларын қосып түтін санын толтырыпты. Сөйтіп, Сәке 1897 жылы жаңадан құрылған Тайторы болысына болыс болыпты.

*   *   *

Қырғыздың атақты Жантай ханының баласы Шәбден манап бірде Сәке болысты кекетпек болып дүйім елдің алдында:

– Сәке қанша балаңыз бар? – депті.

– Құдайға шүкір өсіп-өніп жатырмыз. Тайторының бар баласы менің балам. Тайторы балалары өз алдына бір бөлек болыс болды. Үш өзеніміз бар, ел де, мал да судың тұнығын ішіп, жырғап жүр, – депті.

Шәбден үндемей отырып қалыпты. Қырғыз-қазақ дауында орыстың үлкен ұлықтары араласып, Сәке болыс бар комиссия шығып, Шу өзенінің бергі бетіндегі жердің бәрін қазақтарға картаға салып, кесіп беріпті. Шудың арғы бетіне көшкен қырғыздар Алатаудың күнгейінде құлдырай аққан үш өзенді, көкорай шалғынды жайлауын аңсап, қанша қудаланса да үлгіге түскен жері қазақтарға беріліпті.

Шу жағалай Дәулет, Бәйтелі, Жәпек, Қаумен балалары көшіп барыпты. Бұлардың барлығы да әйгілі Қарасай батырдың тас жұтқан жаужүрек батыр да батыл ұрпақтары. Олар Шудан бері тышқан да өткізбей, әуелі қырғыздарға анда-мұнда барымта жасап, күш көрсетіп қояды екен.

– Атасы да, әкесі де, панасы да болып жүрген Сәке болысы бар Тайторы бақыт нұры жауған ел екен. Балаларыңыз өсіп-өніп, көбейе берсін Сәкежан, – деп Шәбден манап батасын беріпті.

*   *   *

Қырғыздың атақты ақыны Тоқтағұл Сатылғановты жалалап, соттатып, Сібірге каторгаға жіберді. Өршіл рухты ақын сол каторгадан қашып келіп, еліне бара алмай Жамбылдың жанында алты ай паналайды. Сонда Жамбыл Тоқтағұлды ертіп апарып Сәкеге аманаттап, тапсырыпты. Тоқтағұл ақынды бес ай бағып-күтіп, қырғыз манаптарымен келісіп, еліне аман-есен қайтарыпты.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, Алматы облысының құрметті азаматы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *