ЕРТЕ ЖҮКТІЛІК ЕТЕК АЛУДА

Мәселе
100 Views

«Қыз тәрбиелей отырып – ұлтты тәрбиелейміз» деп дана халқымыз әуелден бойжеткен тәрбиесіне баса назар аударып келген. Отбасында әрдайым: «Әдепті бол, тәрбиесіздік етпе, көргенсіз болма» деген сияқты сөздерді балаларының құлағына құйып өсірген. Тәрбие басы әдептілік деп білген ата-ана әуелі баласына өздерін сыйлап-құрметтеуді, өзгелерге, әсіресе үлкендерге, сыпайылық танытуды, ешкімді мұқатпауды үйреткен. Сонымен қатар балаларының ер-азамат болып, халқына адал еңбек етуін басты міндет етіп қойған. Ұлттық салт-дәстүрімізді білу, оның астарын түсініп, атадан балаға мирас ету қазіргі таңда әсіресе қазақ қыздары үшін ауадай қажет.

Оның себебі сескендіретін статистикалық мәліметтер болып тұр. 2019 жылдың қорытындысы бойынша кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік көрсеткіші бойынша 4 – 15 жасар, 38 – 16 жасар, 166 – 17 жасар, жалпы саны – 208 жас тіркелген. 2020 жылғы кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің бір айлық көрсеткіші бойынша 1 – 15 жас, 4 – 16 жасар, 16 – 17 жасар, жалпы саны – 21 жас тіркелген.

Ерте жүктілік деп 13-19 жаста болатын жүктілікті айтады. Осы уақытта қыз балаларда өтпелі жас кезеңі басталып, гормондық қайта құрылу жүреді. Медицинада 18 жасқа дейін болған жүктілік ерте жүктілік деп саналады.

Мұндай жүктілік кезінде ағза күшейген тәртіпте жұмыс істейді – жүрек-қан тамыры, эндокриндік жүйе және ішкі органдарға үлкен жүктеме артылады. Бір қиындығы жасөспірімнің гормондық қайта құрылуы жүктілік қайта құрылуға жүктелгені. Жас аналарда көбінесе плацентарлық тапшылық, анемия, токсикоздар болады. 13-19 жас арасындағы қыз балалардың ағзасы осындай жүктемелерге әзір емес.

Осы орайда «Салауатты өмір салтын сақтау» орталығы, «ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығы» мекемелерімен тізілген меморандум аясында гинеколог және психолог мамандарының қатысуымен – 10 кездесу, «дөңгелек үстел» мәжілісі ұйымдастырылды.

Басқосулар барысында түрлі бейнероликтер көрсетіліп, рухани тәрбиені насихаттау, арнайы ақпараттық парақшалар таратып, гинеколог, уролог, психолог мамандарының анонимді қабылдау жұмыстары жүргізілді.

Сала мамандары: «Ерте жүктіліктің негізгі проблемасы – бұл жыныстық тәрбие туралы білімінің жеткіліксіз болуы не болмаса тәрбиенің мүлде жоқтығы. Көптеген отбасыларда бұл тақырыпқа әңгіме қозғалмай, жабық күйде қалады. Бірақ бұл дұрыс емес. Негізінен, жоспарланбаған жүктіліктің 90 пайызы отбасындағы тәрбиеге және қарым-қатынасқа байланысты келеді. Ана мен қыз баланың өзара қатынасы бұзылса, қыз бала «әдейі» бәрін кері істейді. Жоспарланбаған жүктіліктен сақтану үшін жыныстық тәрбие туралы кітаптар оқып бұл туралы ата-анамен жиі әңгімелесу керек. Егер қыз бала жыныстық қатынасқа ерте түссе, оның салдарын білуі керек. Ол осындай өмірге дайын ба? Баланы көтеріп, өмірге әкеле ала ма? Егер ерте жүктілікке әзір болмаса, ол сақтанудың жолдары және құралдары туралы толық ақпараттануы керек», – дейді.

Шын мәнінде бұл мәселеге әлеуметтік тұрғыдан қарағанда, қыз бала білім алу, жұмысқа орналасу және карьера құру мүмкіндігінен айырылады. Жыныстық қатынасқа түсе білгенмен, жас жігіт әке атанып, жауапкершілікті көтеруге асықпайды, көп жағдайда қыздар өздері жалғыз қалады да (егер ата-анасы көмектесетін болса, жақсы) жас ана тығырыққа тіреледі: білімі жоқ, жұмысы жоқ, баланы күтіп-бағуға қаржысы болмайды. Осының бәрі оған ауыр болатындықтан, көп жағдайда аналар баласын балалар үйіне өткізіп жатады. Ал бұл өкінішке орай, ерте жүктілік салдарынан жиі кездесетін оқиға. Сол себепті бойжеткендер ерте жүктілік зиянының мәніне көзі жетіп, өзін осындай қиын тағдырдан сақтар болса, өткізіліп жатқан профилактикалық шаралардың мақсаты орындалды деген сөз.

Гүлнұр БАЙДУЛЛАЕВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *