ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕРДІҢ НАЗАРЫНА!

Билік Қоғам
885 Views

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен 16 наурыздан бастап ел аумағында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумақсатында төтенше жағдай жарияланды.Төтенше жағдай уақытында коронавирусты инфекцияның алдын алу бойынша мемлекет тарапынан берілетін ұсыныстарды басшылыққа алып, бұлжытпай орындауды ұсынамыз.

Шымкент қаласының жұмыс берушілеріне осы орын алған жағдайда әлеуметтік жауапкершілікті білдіріп, жұмыскерлердің жұмыс орындарын сақтап қалу бойынша шараларды қолдануды сұраймыз. Өз кезегінде қолданыстағы еңбек заңнамасында мұндай жағдайларда жұмысшылардың еңбек қызметін жүзеге асырудың әртүрлі тетіктері қарастырылған, соның ішінде толық емес жұмыс уақыты режимін белгілеу, қашықтықтан жұмыс жасау, басқа жұмысқа уақытша ауыстыру тағы басқалар. Толығырақ тоқтап өтетін болсақ:

ТОЛЫҚ ЕМЕС ЖҰМЫС УАҚЫТЫ РЕЖИМІН БЕЛГІЛЕУ

Егер жұмыс көлемі шектелетін болса, жұмыс берушілер өздерінің бұйрығымен қысқартылған жұмыс режиміне көшуге құқылы. ҚР Еңбек кодексінің 70 бабына сәйкес толық емес жұмыс күні, яғни күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) ұзақтығының нормасын азайту, толық емес жұмыс аптасы, жұмыс аптасындағы жұмыс күндерінің санын қысқарту, күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) ұзақтығының нормасын бір мезгілде азайту және жұмыс аптасындағы жұмыс күндерінің санын қысқарту толық емес жұмыс уақыты болып есептеледі. Бұл жерде жұмысшыларға атқарылған жұмысы бойынша ғана жалақысы төленеді. Мысалы, норма бойынша сегіз сағаттық жұмыс уақыты болып, оның төрт сағатын жұмыс істейтін болса тек төрт сағаттық жұмыс істегені үшін жалақысы төленеді.

ҚАШЫҚТЫҚТАН ЖҰМЫС ІСТЕУ

Тараптардың келісімі бойынша (жұмыс берушінің актісіне, келісімге өзгеріс енгізумен бірге) және өндірістік процесстер мүмкіндік берген жағдайда, жұмыс беруші қашықтықтан орындалатын жұмыс белгілеуі мүмкін, яғни Еңбек кодексінің 138 бабына сәйкес бұл жұмыс беруші орналасқан жерден тыс жұмыс процесінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану тәртібіндегі жұмыс атқару. Қашықтықтан жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін жұмыс уақытының тіркелген есебі белгіленеді. Оны бақылау ерекшеліктері еңбек шартында айқындалады және жалақы жұмыс атқарған уақытқа төленеді.

БОС ТҰРЫП ҚАЛУ ЖАҒДАЙЫНДА БАСҚА ЖҰМЫСҚА АУЫСТЫРУ

Жұмыс беруші ҚР Еңбек кодексінің 42 бабына сәйкес жұмыскерлерді жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында бос тұрып қалу жағдайында жұмыс берушінің жұмыскерді денсаулығына байланысты қарсы көрсетілімі жоқ басқа жұмысқа ауыстыруға құқығы бар. Бұл жағдайда жұмыскердің еңбегіне ақы төлеу орындалған жұмыс бойынша жүргізіледі.

БОС ТҰРЫП ҚАЛУ УАҚЫТЫН РЕСІМДЕУ

Жоғарыда аталған үш жағдайды қолдануға мүмкіндік болмаған жағдайда кейбір кәсіпорындар өздерінің жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болуы мүмкін. Мұндай жағдайда, ҚР Еңбек кодексінің 112 бабына сәйкес жұмыс беруші бос тұрып қалу уақытын ресімдеуге құқылы және ақы төлеу талаптары еңбек, ұжымдық шарттарда айқындалмаған болса жалақының ең төмен мөлшерінен кем болмайтын мөлшерде белгіленеді.Қазіргі кезде бұл 42500 теңгені құрайды.

АҚЫЛЫ ЕҢБЕК ДЕМАЛЫСЫ ТУРАЛЫ

ҚР Еңбек кодексі 22 бабы 1 тармағының 7) тармақшасына сәйкес жұмыскер жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын алуға құқылы. Ал 23 бабы 2 тармағының 16) тармақшасына сәйкес жұмыс беруші жұмыскерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беруге міндетті. Осы жағдайда, біз жұмыс берушілерімізден баласына қарауға мәжбүр болған жұмысшыларымызға жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын беруді сұранамыз.

ЕҢБЕККЕ УАҚЫТША ЖАРАМСЫЗДЫҚ БОЙЫНША

Медициналық мекемелерде немесе үйде оқшауланғанына қарамастан, барлық карантинге алынған қызметкерлерге еңбекке уақытша жарамсыздық парағы берілетінін ерекше атап өткен жөн. Еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақы төлеу ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің «Еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақы тағайындау және төлеу ережесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес айына 15 АЕК-тен аспайтын мөлшерде жүзеге асырылады.

Бұл ұсыныстарымыз заңнамада қарастырылған кепілдіктер шеңберінде беріліп отырған ұсыныс екенін назарларыңызға жеткізе отырып, жұмыс берушілер тарапынан әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, жұмыскерлерге көтеріңкі әлеуметтік жағдай жасау мақсатында тараптар келіссөздер жүргізу арқылы еңбек, ұжымдық шартына өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, іске асыруға мүмкіндіктері барын айтқымыз келеді.

* * *

Елімізде орын алған соңғы оқиғаларға байланысты, кәсіпорындарда еңбек жағдайы тұрақсызданып, жұмыскерлерді қысқартуға мәжбүр болса, ҚР Еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс беруші жұмыскерді жұмыстан қысқаруы жөнінде бір ай бұрын ескертуі міндеттеледі және жұмыстан қысқартылған жағдайда бір айлық көлемінде өтемақы төленуі тиіс. Біз өз кезегінде ірі, орта, кіші кәсіпорындарда жұмыстан қысқаруы мүмкіндігі жөнінде мониторинг жүргізіп отырамыз.

АНЫҚТАМА:

Қызметкерлердің ағынын басқару жөніндегі 2017-2025 жылдарға арналған Жол картасы 45,3 мың жұмыскері бар 52 ірі, орта кәсіпорындармен түзілген).

Бұл жерде Сіздердің назарларыңызға салатын жайт, азамат жұмыстан босап қалған жағдайда осы жылдан бастап мемлекеттік сақтандыру заңына енгізілген өзгерістер бойынша, егер де Сіз жұмыстан босап қалсаныз мемлекет Сізден жұмыстан босау себептеріне қарамастан Сіз мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан алты ай бойы әлеуметтік төлем алуға құқылысыз. Ол әлеуметтік төлемнің мөлшері орта есеппен Сіздің жоғалтқан айлық жалақыныздың 40 пайызын құрайтын болады. Бұл үшін жұмыстан босап қалған азамат қашықтық түрде қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелсе ғана жеткілікті. Ол міндетті, проактивті түрде алты ай бойы әлеуметтік төлем тағайындалып, төленетін болады.

Орын алып отырған төтенше жағдай жұмыскерлердің жұмыстан қысқарып қауіпі мен тәуекелдерін ескере отырып, Үкімет тарапынан қазіргі күнге Жұмыспен қамту жол картасы әзірленуде. Аталған картаға сәйкес қаладағы жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру көзделуде. Бұл жерде жаңғырту, күрделі, орта, ағымдағы жөндеу жұмыстары жөнінде айтылған. Әлеуметтік нысандар, тұрғын үй коммуналдық инфрақұрылымдар, инженерлік көлік инфрақұрылымдарды жаңартуға, абаттандыру жұмыстары көзделетін болады. Бұл жұмыстардың шарттары мен тетіктері жөнінде Үкіметте қаралуда.

Бұған қосымша елімізде іске асырылып жатқан «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде барлық шаралар қолданылады. Бұл бағдарламаға Шымкент қаласы бойынша 5,3 млрд. теңге қарастырылып, 26 мың адамды қамтимыз деп жоспарлап отырмыз. Соның ішінде 5488 аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мүшелеріне басымдықпен жұмыспен қамту шараларын көрсету қарастырылған. Аталған санаттағы азаматтардың жұмыссыз жүрген азаматтарына жеңілдіктер көрсетіледі. Олар шағын несие бойынша Бағдарламаға қатысушыларға алты пайызбен бес жылға шағын несие берілсе, бүгінгі тәртіп аз қамтылған, көпбалалы отбасыларының жұмыссыз жүрген азаматтарына төрт пайызбен жеті жылға берілетін болады.

АНЫҚТАМА:

Табысы аз және/немесе көпбалалы отбасылардың мүшелеріне кредит/микрокредит беру шарттары:

1) кредит/микрокредит мерзімі – жеті жылға дейін;

2) қамтамасыз етудің болуына қарай кредиттің/микрокредиттің ең жоғары сомасы 8 мың АЕК-ке дейін (22,1 млн теңге);

3) номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 4 пайыздан аспайды;

4) Ісін жаңа бастаған/ісін жаңа бастаған жас кәсіпкер үшін кепілдіктердің мөлшері көпбалалы және табысы аз отбасы мүшелері үшін кредит/микрокредит сомасының 95 пайыздан аспайды.

Бағдарлама қатысушыларға тегін, қайтарымсыз гранттар беру жүргізілуде. Бұл өз кәсібін ашып, дамытуға беріліп отырған көмек. Осы ретте аз қамтылған, көпбалалы отбасыларының мүшелері «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқымастан, 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік грант алады (544,4 мың теңге). Бұл жағдайлар жөнінде халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, толығымен мониторинг жұмыстары іске асырылып, бақылауға алынатын болады.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *