«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – БОЛАШАҚҚА БАСТАР ЖОЛ»

Рухани жаңғыру
182 Views

Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек.

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ.

Рухани жаңғыру – қазақ ұлтының салт-дәстүрін, өткеннен келе жатқан мұраларын пайдалана отырып өркениетті қоғам жасауға ұмтылған жоба, яғни тамырынан адаспай, дәстүрін қайта жаңғырта отырып өркениетті ұлт қалыптастыру. Осыған байланысты ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты Жолдауының халыққа жол тартқанына да біраз уақыт болды.

Біздің мақсатымыз айқын, ол әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу болатын.

Елбасымыз: «Мақсатқа жету үшін біздің ой-санамыз ісімізден озып жүруі тиіс, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы керек.Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады», – деді. Еліміздегі үшінші ірі мегаполис атанған Шымкент шаһары да өзіндік қабілет-қарымын жоғары деңгейде көрсетіп келеді.

Тарихшылар 2200 жылдық тарихы бар деп болжаған көне Шымкент қаласы бірнеше ғасыр бұрын да Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі сауда және мәдени орталық болғаны белгілі. Даму серіппесінен айнымаған шаһар бүгінде республикадағы маңызы бар қала мәртебесін алған, халқы тығыз орналасқан, өнеркәсібі мен кәсіпкерлік саласы дамыған қалаға айналған. Келер жылы ТМД елдерінің Мәдени астанасы атанып, барша жұртшылыққа озық елдің үлгісін көрсетері сөзсіз.

«Біздің басты мақсат –Шымкентті қала тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы қалаға айналдыру» деген ұранды ту еткен қала әкімдігінде осы мақсатқа қол жеткізу жолында ең үздік технологияны енгізуге, қаланың инвестициялық және іскерлік белсенділігін қолдауға барынша жұмыс жасауда.Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Ә.Назарбаев тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап ұстаздарға шексіз қамқорлық көрсетіп, әрдайым білім саласын дамытуға жағдай жасады. Елбасының сарабдал саясатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев асқан ілтипатпен жалғастыруда. Бүгінде ұстаз қауымына жүктелген жауапкершіліктің салмағы да аз емес. Әлемдік білім бәсекесінде топ жарып шығатын қабілетті ұрпақ тәрбиелеу – ұстаздардың үлесіне тиген міндет. Ал биылғы оқу жылы мемлекеттік орта мектептер жан басына қаржыландыру жүйесіне өтуімен ерекшеленді. Ағымдағы жылы білім саласында үздік жетістіктерге жетіп, біліктілігімен дараланған бірқатар ұстаздар министрліктің және қала әкімінің алғыс хатына ие болған еді. Бұл әрине, білім саласына бөлінген ерекше көңіл, саналы ұрпақ тәрбиелеуге қосылған үлес деп білеміз. Иә, ұстаздарға қандай құрмет қошемет көрсетілсе де артық емес. Себебі, олар – қоғамның шамшырағы. Орыстың ұлы классик-педагогы К.Д.Ушинскийдің сөзімен айтсақ “Мұғалім – зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі іспетті”.

Қазақстан халқының табысты болуы табиғи байлығымен өлшенбейді. Ең алдымен бәсекелестік қабілеттерінен айқындалатыны анық. Бұл үшін біздің жастарымыз шет тілдерін жетік білуі, компьютерлік сауаттылықты арттыруы, мәдени және рухани жағынан жан-жақты болуы керек. Мақа­ланың «Ұлт­тық бірегейлікті сақтау» деп ата­латын үшінші бөліміндегі «Абай­­дың даналығы, Әуезовтің ғұла­малығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күй­лері, ғасыр­лар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің руха­ни мәде­ниетіміздің бір парасы ғана» деген жолдар мен «Ұлт­тық салт-дәстүр­леріміз, тіліміз бен музыкамыз, әде­бие­тіміз, жоралғыларымыз, бір сөз­бен айтқанда, ұлттық рухымыз бойы­мызда мәңгі қалуға тиіс», – деп көрсетілуі шын мәнін­дегі «Ұлттық сана-сезімнің көк­жиегін кеңейту» болып отыр.

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Қуанышұлы Айтаханов «BILIM jane GYLYM» тақырыбында өткен тамыз конференциясында кіріспе сөзін Мағжан Жұмабайұлының: «Алты Алаш бас қосса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деген сөзді тегін айтпаса керек. Алаштың көшін өрге сүйрейтін қайыспас қажырлы мұғалімдер біздің болашағымыз – балаларды тәрбиелеп, елдің ертеңін қамтамасыз ететін ең қадірлі жандар», – деген қанатты сөзімен бастаған болатын. Балаларды сәби кезінен рухани құндылықтарға баулып өсіру қажет екенін айтқан қала басшысы оқушылардың рухани дамуын жетілдіру, ұлтжандылыққа, мәдениетке тәрбиелеу мақсатында үшжылдық «Ұлттық тәрбие тұжырымдамасын» жасауды алға тартып отыр.

Осы орайда білім сапасын арттырып, ұрпақ санасын рухани жаңғырту жолында Д.И.Менделеев атындағы №15 білім ордасының ұстаздары аянбай еңбек етіп келеді.Ұстаздар бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу мақсатында көптеген игі шаралар мен жұмыстар атқаруда.Атап айтсақ , «Үштұғырлы тіл» деп тіл мамандары балалардың шет тілдерін жетік меңгеруіне, мектептегі химия, физика, информатика пәндерінің ағылшын тілінде жүргізілуі үшін бірнеше мұғалімдерді оқуға жіберіп, олардың сабақты өз деңгейінде өтуіне ықпал жасап отырмыз.Тіл апталықтарында түрлі іс-шаралар өткізіліп, жыр сайысы, шығарма байқауы, әдеби кештер, сахналық көріністер ынталандыру мақсатында жүлделі орындар мен мадақтамалар берілуде.

Компьютерлік сауаттылықты арттыру, робототехника пәндерін меңгерту үшін информатик ұстаздар да аянбай тер төгуде. Еңбектері еленіп, шәкірттері де бірнеше сайыс, олимпиадаларға қатысып қала, облыс, республика және халықаралық жарыстардан олжалы оралды.

7 «б» сынып оқушылары – Дайырбек Рысбеков пен Азамат Жұманәліұлы «Әуезов оқулары -17: Әлемдік кеңестіктегі ғылым мен руханияттың жаңа серпілістері» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында үшінші орынды, 5-сынып оқушылары – Нұрдаулет Бидайбеков пен Балнұр Шындалиева химия-биологиялық бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіндегі «TECH GARDEN 2019» атты республикалық робототехника сайысында үшінші орынды, 7 «б» сыныбымен республикалық «ЭКО болашақ» сайысында бірінші орынды иеленіп қайтты. Мектеп оқушыларының робототехника пәндеріне қызығушылықтары басым, компьютерлік сауаттылықтары жоғары.

Бәсекеге қабілетті, дарынды оқушыларды көріп, көңіл қуанады. Мектебіміз химия-биологияны тереңдетіп оқытатындықтан, бұл бағыттарда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз жетерлік. Қалалық сайыстарды айтпағанның өзінде Максим Старковтың бір өзі химиядан МГУ-дан бірінші орын, облыстан бірінші орын, 2018-2019 республикалық олимпиададан төртінші орынды иеленіп қайтты. Ал Полина Галяпина қалалық олимпиададан бірінші орынды қанжығасына байлады.

Тек қала, облысқа ғана емес Республика көлеміне танымал білікті мұғалімдеріміз – Юлия Судьенкова, Ольга Ищанова, Медет Қалиев секілді мамандар тек бала оқытумен шектеліп қалмай, біліктіліктерін одан әрі жетілдіріп, арттыру бойынша Республика көлемінде қажырлы түрде өз үлестерін қосуда.

«Адалдық алаңы» жобасы аясында еліміздегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды мақсат тұтқан «Жемқорлыққа жол жоқ» челленджі оқушылар мен ұстаздар арасында қолдау тауып, арнайы акциялар ұйымдастырылды.Сонымен қатар мектеп ұжымы оқушылармен бірігіп еліміздің киелі орындарына саяхат жасап, жастарға үлгі-өнегені насихаттауда. Заман талабына сай оқушыларды жаңартылған білім беру бойынша оқытып, тұлға ретінде дұрыс қалыптасуы үшін ұстаздардың атқарып жатқан еңбектері ерен. «Бір жылдығын ойлаған дән егеді, он жылдығын ойлаған тал егеді, мың жылдығын ойлаған – ұрпағына білім нәрін егеді», – деп топшылаған дана халқымыз.

Мектепте білімді жетілдіруге бағытталған жұмыстар тынымсыз жүргізілуде. «Туған жер» бағдарламасының негізінде туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша ықыласпен қарауды, өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуды және елдімекендерді абаттандыруды, тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды құрметтеуді баса назарға алып, жұмыс атқарудамыз.Оқушылар өздеріне ұнаған аймақ туралы, оның тарихы мен атауының төркінін зерттеп баяндамалар оқиды. Отан, туған жер тақырыбында ән байқауы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы бойынша қабырғаға мектептегі білім беру үздіктері мен мақтан тұтатын мамандарымызды суретке түсіріп, жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін үлгі ретінде қойдық. «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына барса дедік.

Оқушылардың салауатты өмір салтын сақтауы үшін де ауқымды істер дәстүрлі түрде жүргізіледі. Сынып сағаттары өтіп, қабырға газеттері шығарылады, зиянды әдеттерден аулақ болу ескертіледі, ұл және қыз балаларға арналған жиналыстар болады, спорттық жарыстардың түр-түрі өткізіледі.

Биылғы оқу жылы басталысымен Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар өлеңдері мен шығармаларын оқу эстафетасы, мәнерлеп оқу сайыстары, эссе байқауы ұйымдастырылып өткізілді. Мектебімізде өткізіліп жатқан игі іс-шаралар мен оқушылардың шынайы мектептегі өмірі мектебіміздің Instagram парақшасына салынып отырады.

Қорыта айтқанда, рухани жаңғыру бағдарламасында жастарымызды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында жас ұрпақты ойлы да іскер, батыл, өзіне-өзі сенімді, ойлау деңгейі биік, жан-жақты азамат ретінде қалыптастыруда жалпы ұстаздар қауымының қызметі өлшеусіз. Біз осы бағытта ізденіспен қызмет етіп келеміз.Еліміздің жеткен жетістіктері аясында жас ұрпақты Отанын сүюге, ол үшін аянбай қызмет етуге тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз. Сондықтан да «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын қолдап, саналы ұл-қыз тәрбиелеп, Отанымыздың бақыты үшін аянбай қызмет ете берейік.

Айта кетейік, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының мәні бүгінгі өркениетпен тең болам десең, өткеніңе үңіліп, сол кездегі бар құндылықты қайта заманауи тұрғысынан пайдаға асыру.Жоқты жонып табамын деудің қажеті жоқ, барды бағалап, барыңды таныту арқылы да дамыған елдердің алдында көш бастауға мүмкіндік бар екенін анық көре алдық.

Қазақ халқының өткені – ақиқат, бүгіні – анық, болашағы – аңыз емес екенін түсінетін кез келді.Салт-дәстүрі мен тарихына ерекше мән берген елдің керегесі кең болмақ. Ендеше, қыран сипатты қазақтың тұғыры биік, қанаты қатты, тегеуріні мықты болып, қияға самғай бергей!

Жанар САРЖАНОВА,

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты

Д.И.Менделеев №15 атындағы мектеп-лицейінің директоры

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *