РУХАНИ ЖАҢҒЫРҒАН ЖАҢА БАСЫЛЫМ

Рухани жаңғыру
2 690 Views

2010 жылдың 5 мамырынан шыға бастаған өздеріңіз жақсы білетін «Әділет» ұлттық апталығы жеті жыл бойы апта сайын оқырмандармен қауышып тұрды. Республикадағы танымал, азулы газеттердің біріне айналды. Бірақ, өкінішке орай, құлдырау кезеңін айналып өте алмады. Оның түрлі ішкі және сыртқы себептер болды, әрине. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы бір сөзі еске түседі: «Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді». Дер кезінде дәл, тауып айтылған осы даналық сөз біздің де көңілімізге қона кетті. Өзгеруге бет алдық. Сөйтіп «Әділет» қайта тіркеуден өтіп, «Әділет. Рухани жаңғыру» деген жаңа ат алды. Бір сөзбен айтқанда, уақыт талабына орай елмен бірге рухани жаңғыруға ден қойды.

Ендігі жерде, құрметті оқырман, қолыңыздағы қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық бұл басылым күнделікті болып жататын үйреншікті жаңалықтарды жариялаумен шектеліп қалмайды. Ел өміріндегі маңызды оқиғаларды талдайтын сараптамалық дүниелерді беріп отыруға көбірек көңіл бөледі. Атынан көрініп тұрғандай, Елбасы көтерген «Мәңгілік Ел» идеясының орындалу барысы, рухани жаңғыруға қатысты ой-пікірлер, латын әліпбиіне көшу мәселесі, «Туған жер», «Жүз жаңа есім», «Жүз үздік оқулық» сынды тақырыптар тұрақты қамтылады. Сондай-ақ зиялы қауым өкілдерінің тәлім-тәрбие, білім, мәдениет, салт-дәстүр, тарих салаларына қатысты мақалалары да жүйелі түрде оқырмандарға жол тартады. Ең бастысы «Қараша қаласа, хан түйесін сояды» дегендей, көпшілік қажет еткен мәселелерді назарда ұстайды, әділет үшін сол шырылдағаны – шырылдаған.

Редакциядан.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *