ТАМЫРЫМЫЗДА БҮЛКІЛДЕП ЖАТҚАН ІЗГІЛІГІМІЗДІ ТҮЛЕТУІМІЗ КЕРЕК

Білім Рухани жаңғыру
737 Views

Рухани жаңғыру бағдарламасы – қазақ ұлтының салт-дәстүрін, өткеннен келе жатқан мұраларын дәріптей отырып өркениетті қоғам жасауға, ұлт ретінде дамуымызға бағытталған концептілік құжат.Яғни, рухани қайнарымыздан бастау алар тамырымыздан адаспай, дәстүрді қайта жаңғырта отырып өркениетті ұлт қалыптастырудағы – темірқазығымыз.

Осыдан 4 жыл бұрын Елбасының тапсырмасына сәйкес «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылып, оның 2017-2021 жылдарға арналған бес жылдық бағдарлама бекітіліп, жоспарлы жұмыстар басталып та кетті. Ел өмірінде айрықша орны бар тарихи нысандар, ежелден келе жатқан киелі жерлер тізімге алынып, оларды жоғары деңгейде насихаттап, жас ұрпақтың сана-сезіміне отаншылдық идеясын сіңіру, тарихи-танымдық бағытта жұмыстар ұйымдастыру қолға алынғаны белгілі.Осы жұмыстарды жүйелі жүргізу үшін Ұлттық музей жанынан «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Дер кезінде қолға алынған ұлттық масштабтағы бағдарлама аясындағы «Қасиетті Қазақстан» жобасы жемісті жүзеге асып келеді.

Иә, терең тарихымызды танып, өлгенімізді тірілтіп,өшкенімізді танытуға бағытталған жобаның мән-маңызы зор. Зерттеушілермен мамандар тарихи нысандарды анықтауда мынадай бес ерекшелікке басымдық берді. Бірiншісi – табиғи құбылыстардың нәтижесінде пайда болған орындар, екiншi –археологиялық ескерткіштер және орта ғасырлық қалалық орталықтар, үшіншi – діни және ғұрыптық орындар, төртiнші – тарихи тұлғаларға қатысты қасиеттi орындар, бесiншi – саяси, тарихи оқиғаларға байланысты қасиетті орындар. Міне, осы бекітілген критерийлер бойыншаеліміздегі қасиетті орындарды анықтау, оны жаңарту яки абаттандыру жұмыстарыжүйелі һәм қарқынды жүргізілді деуге болады.

«Қасиетті Қазақстан» Ғылыми зерттеу орталығының басшысы Батырхан Жұмабаевтың мәлімдеуінше:«Бүгінге дейін республикалық маңызы бар 23 тарихи және мәдени ескерткішке ғылыми реставрация жасалды. Олардың қатарында Қожа Ахмет Ясауи, Отырар, Сауран, Сығанақ, Ақыртас кешенi, Аппақ ишан, Айранбай кесенелерi бар.Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласы әкiмдігi мен Мәдениет және спорт министрлігi «Бозоқ» қалашығын жаңартып, ашық аспан астындағы мұражай-кешенің ашу жөнінде жаңа бастаманы қолға алды. 2021 жылға дейін киелі жерлер туралы толық ақпарат қамтылған бес томдық энциклопедия шығару жоспарланған. Жоспарға сәйкес, бес томдық энциклопедияның қазақ және орыс тілінде үш томы жарық көрді. Сондай-ақ «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары», «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» кітаптары да жарық көрді. Энциклопедияның алғашқы томына Алматы, Нұр-Сұлтан мен Ақмола, Алматы облыстарының қасиетті жерлері енді. Екінші томда Батыс Қазақстан облысы, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау өңірлерінің киелі орындары қамтылған. Ал өткен жылдың соңында басылымның үшінші томы жарыққа шықты. Оған Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Жамбыл облыстары кірді. Оған қоса, әр өңірдің жеке энциклопедиясын шығару жоспарланған. Бұл жұмыстар жалғасуда.Бағдарлама негізгі үш мәселені қамтиды. Алдымен, киелі орындар жайында оқу-ағарту шараларын ұйымдастыру. Бұл бағытта «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының ІІІ томы жарыққа шықты. Былтыр «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» халықаралық ғылыми конференциясы ұйымдастырғанбыз. Осы ғылыми жиынға қатысқан шетелдік және отандық ғалымдардың жіберген материалдары да арнайы жинақ болып шықты. Бағдарламаның тағы маңызды мақсаты – ішкі туризмді киелі жерлер негізінде өркендету, яғни сакральды туризмді дамыту. Сол себепті ел аумағында маңызды деп танылған мекендерге турист тарту мақсатында «Қасиетті Қазақстан» көп салалы витруал картасы жасалды. Үшінші мақсат – мәдени мұралар тізіміне енген мекендерді насихаттау, оларға ақпараттық қолдау көрсету. Бұл тарапта өңірлерде түрлі іс-шаралар, форумдар, ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізілді».

Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында жасалған жобалар арқылы рухани құндылықтарымызды насихаттаймыз. Жалпы, қасиетті, киелі нысандарды анықтаудың мәні туған өлкеңді тану, түсіну, оның қадыр-қасиетін сезініп, мәңгілік ел идеясын, отансүйгіштік қасиетті жас ұрпаққа сіңіру. Жас буынның халықтың игі дәстүрінен тәлім алып, отаншылдық пен патриоттық қасиеттерді бойына сіңіріп өсу үшін нақ осындай бағдардың маңыздылығы зор. Сондықтан бағдарламаның расында санамызды жаңғыртып, ұлттық болмысымызды сақтауға ықпалы зор. Жас ұрпақ жалпыұлттық қасиетті нысандарды тану арқылы ұлттық бірегейлікті ұғынып, қазақ халқының сонау тас дәуірінен бері бір ел, бір халық ретінде қалыптасқан ел екенін санасына сіңіре алады.

Дәстүрдің жас ұрпақты адамгершілікке, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетіп, ұлттық құндылықтарымыздың шеңберінде тәрбиелеуде маңызы зор. Яғни, адамдық қарым-қатынастардың бастауы да осындай салт-дәстүрлердің, ұрпақтар сабақтастығының үзілмеуінде. Небір зұлматты жылдарды бастан өткерсе де, халық өзінің осындай қасиетті жерлерін ұмытқан жоқ. Ата-баба рухына тағзым ету, бабалар ізінен жаңылмау, оларды ұрпаққа үлгі етіп жеткізу дәстүрі арқылы ғана біз өзіміздің ұлттық қасиеттерімізді жоғалтпай, ел болып бірігіп, осынау ұлан-ғайыр қазақ жеріне, Отанға, Атамекенге ие болып қалдық.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы кең көлемді ауқымды бағдарлама. Қалай десек те,біз Рухани жаңғыруды ұлттық құндылықтарымыз бен озық дәстүрімізді жаңғыртудың алғышартына айналдыра білдік. Бұл ретте, Елбасы: «Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерімізді қайта түлетуіміз керек»,– екенін дөп басып, дәл айтқан».

Диляра АБЗАЛОВА,

техника ғылымдарының кандидаты,

доцент, М.Әуезов атындағы ОҚУ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *