ТЕКТІ ТҰЛҒАҒА ТАҒЗЫМ

Өмір-өзен
896 Views

«Ғалым болудан да адам болу қиынырақ» депті бір данышпан. Рас сөз. Өкінішке орай, бұл заманда «Адам» дегенұлы атқа кір келтіріп жүргендер де баршылық. Бірақ біз олар туралы емес, қайтасол ұлы атқа лайық ғибратты ғұмыр кешкен тұлға жайлы айтқымыз келеді. Ол адам –күні кеше фәниден бақиға озған – Әмет Әліұлы.

«Әкенің баласы – адамның дұш­па­ны, Адамның баласы – бауы­рың» демеуші ме еді Абай?! Сол айтқандай, Әмет Әліұлы адамзат баласының бәрін өзіне бауыр тұтты. Өзі де өзгеге сондай бауыр бола білді. Оның ұғымында бі­реуді жау тұту немесе біреуге жау болу деген пенделік пиғыл тіпті жоқ еді. Сәбидей пәк һәм таза бо­латын. Қысқасы, біреуге зәредей ке­сір тигізбеген адам десем, артық айт­қандығым болмас. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні осыған ке­ліп саяды.

«Ұяты бар адам көлеңкесінен де қысылады» дейді халық дана­лы­ғы. Сол айтпақшы, Әмет Әліұлы да ар-ұят пен намыстан жа­­ралған жан еді. Пайғамбар жас­қа келгенше сол қадір-қа­сие­ті­нен арылған жоқ. Ешкімнің ар-ұятын таптамады, намысына тимеді. Еш­қашан шектен шықпады. Оның адал екеніне айналасындағы адамдардың бәрі сенетін. Өйткені, ол өле-өлгенше пенделік күнә істе­меді әрі адам бойынан кінә ізде­ме­ді. Өзі қандай таза болса, жұрттың бәрі сондай деп ойлады. Әрине, періш­тені көрген адам жоқ қой. Бі­рақ жаны кіршіксіз таза, пәк адамдарды «періште» деп атайтын бол­са, онда Әмет Әліұлы – сол атқа лайық адам. Сондықтан да ол қызметке қызықпады, дүние соңына түспеді.

«Дүниеде сыры өзімен бірге кө­мілетін адам бар ма екен?» дейді Шәкәрім қажы. Бар-ау. Ол адам да – Әмет Әліұлы. Өйткені, ол осы жасқа келгенше біреуден іл­гері, біреуден кейін өмір кешті. Жо­ғында – ешкімге жағдай айтып, қол жайған жоқ, барында – жұрт­тан оқшауланып, асып-тасқан жоқ. Яғни, барын да, жоғын да біл­дірмеді. Бір қалыпты ғұмыр кеш­ті. Егер бір адамға айтар өкпе-рені­ші болса, соның бәрін өзімен бір­ге ала кетті-ау деп ойлаймын. Се­бебі, ол біреудің кінә-күнәсін жіп­ке тізіп, бетке басып айта ал­май­тын. Бәріне кешіріммен қарай­тын. «Сабыр түбі – сары алтын» де­геннің нақ өзі еді. Бұл да – кез кел­ген адамның бойынан табыла бермейтін ізгі қасиет. Алла Тағала өзіне сөзі сай адам­ды ұнатады екен ғой. Сол се­кіл­ді, Әмет атаның өзі мен сөзінің ара­сында алшақтық болмайтын. Жа­с­анды мінез көрсету – оған жат нәр­се, жат қылық. Не істесе де, не айт­са да табиғи қалпынан танбай­тын.

Еңбек жолын жасөспірім шағынан сонау қиын кезеңдерде бастаған Әмет Әліұлы Еліміздің экономика саласының күретамыры саналатын теміржолда 50 жылдан астам тер төгіп, адал еңбек етеді. Оның әкесі Әлі де осы Орынбор – Ташкент темір жолында жұмысшы болып жүргенде, дүниеден ерте қайтады. Анасынан да ерте айырылған Әмет жалғыз қарындасы мен інісі Мұхтар Әліұлын өз қамқорлығына алып, жетімдік көрсетпей бағып, қағады. Отбасындағы барлық тұрмыс тауқыметін көтере білген Әмет көкеміз кезектен тыс демалысын да пайдаланбай, темір жол жүгін түсірумен де айналысады.

Әмет Әліұлы өнегелі отбасы бола білді. 3 ұл, 3 қызын Гүлжан апамызбен бірге үлкен азаматтар етіп тәрбиеледі. Немере, шөбере, шөпшектерін көріп өтті. Әлиевтер әулеті жайлы әңгіме қозғалғанда, қазақ елі Халық Қаһарманы, Әлем азаматы, Алтын қолды хирург Мұхтар Әлиевтің қайраткерлігін құрметпен еске алады. Қанша адамның ажалына араша түсіп, сан мыңдаған отбасына қуаныш сыйлаған Мұхтар Әлиевтің ел үшін жасаған еңбегі ерен. Сол үшін де Мұхтар Әлиев есімін елі әрқашан ерекше құрмет тұтады. Сол мұқым ел ардақтаған Мұхтар Әлиевтің білім алуына шарапаты тиіп, шапағатын көрсеткен туған ағасы Әмет Әліұлы еді. Бір анадан туып, “өзім оқымасам да, інім оқысын” – деп, өзі ауылда шаруа еңбек етіп, Мұхтар інісіне ағалық қамқорлық жасаған ағасы Әмет қария бейнеттің зейнетін көріп, ұлтжанды ұрпақ тәрбиеледі. Қазақстанның “Құрметті темір жолшысы”, Отырар ауданының “Құрметті азаматы” дәрежесіне жеткен Әмет Әлиев 95 жасқа қараған шағында дүние салды. Әмет қарияның бойындағы бауырмалдық қасиет ұлдары Өмірзақ, Жаңабай мен Оразбайдың және қыздары Қыздаркүл, Гауһар, Гүлнәрдың өн бойына дарыған. «Әкенің баласына беретін ең жақ­сы сыйлығы – жақсы тәрбие» деген тәмсіл бар. Әмет Әліұлы ұл-қыздарын осы қағидаға сай тәрбиеледі деп айтуға толық негіз бар. Перзенттерінің бәріне жоғары білім берді. Несібелерін адал те­ріп жеу үшін кәсіп үйретті. Адал да әділ болуға шақырды. Үлкенге – құр­мет, кішіге – ізет көрсетуге бау­­­лыды. «Ұлық болсаң, кішік бол» дегенге үндеді. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Құда-жекжат арт­тыр­ды. Олармен құйрық-май же­сіп, төс қағыстырды. Ел қатарлы не­мере сүйді. Солардың бақыты мен бо­лашағы үшін ғұмыр кешті. Ендігі өмірді солар жалғайтынына шәк келтірмейміз. «Адам ұрпа­ғы­мен мың жасайды деген – осы». Мәнді өмір – мәңгі өмір. Әлінің ұлы Әмет ата мән­ді өмір сүрсе, оның ендігі мәңгі өмі­рін ұрпағы жасайтыны хақ. Осы жасқа келгенше талай жа­наза намазына қатысып жүрміз. Сон­да, имам жаназа намазынан кейін «Марқұм қандай адам еді?» деп сұрайды. Жамағат «Жақсы адам еді» деп үш қайтара жауап бе­реді. Қайтыс болған адам туралы жақсы сөз айтқан абзал. Бұл да – ислам дінінің асылдығы ғой. Десек те, кейде дүйім халық, мұқым елдің алдында тұрып, өтірік айтқың кел­мейді. Жұртты алдағандай бола­сың. Керісінше, «Жақсы адам еді» деген сөзді барынша дауыстап, шын ықыласыңмен айтатын адам­дар да бар. Әмет Әліұлы сол санаттағы адамдардың бірі бола­тын. «Бас көзі жұмылады, көңіл көзі жұ­мылмайды» дейді атам қазақ. Осы сөзге сүйенер болсақ, Әмет Әліұлының көзі жұмылса да оның туған-туыс­тары мен ұрпақтарының һәм тамыр-таныстары мен жақын-жұра­ғаттарының көңіл көзі жұ­мыл­мақ емес. Оның бүкіл бітім-бол­мысы бізбен бірге мәңгі жасай бер­­мек.

Осы орайда айтып өтетін жәйт журналист ретінде осыдан 15 жылға жуық уақыт бұрын шойын жолдай төзімді, қара нардай сабырлы да қайратты, тұлпардай тұғырлы Әмет Әліұлы туралы арнайы зерттеу жүргізіп, кітап шығарғаным бар еді. Ол кітап Алматыдағы «Жазушы» баспасынан жарыққа шықты. Өз басым ол кісінің ғұмыр жолына тәнті болдым. Оның еңбекқорлығы, ауыр істен еш қорықпайтындығы, адалдығы, еліне, туған жеріне деген махаббатының шексіздігі күні кешегідей әлі күнге көз алдымда сайрап тұр. Көкейіме ой түйіп, үлгі аларлықтай қасиеттер санамда мәңгі қалды.

Үлгілі азамат, мемлекеттік марапаттар иегері, ардагер, асқар тау әке Әмет Әліұлының отбасына, ұлдары Өмірзақ, Жаңабай және Оразбай ағаларымызға, туыстарына қайғырып, көңіл айтамыз!

Иә,»өткенге өкінбес болар, кеткенге кейімес болар,» – деп осындайда айтқан-ау бабаларымыз! Белді бекем буудан басқа амал бар ма?! Алланың ісіне кім қарсы тұра алар? Иманды болсын! Алдынан жарылқасын! Оның алды – пейіш, арты – кеніш болсын! Жаны жәннаттан болғай!

«Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің

редакторы журналист

Қуанышбек БОТАБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *