ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҰЛЫҚТАЙЫҚ

Рухани жаңғыру
179 Views

Бұл жаңғыру – өрге бастау Ұлтымды,

Бұл жаңғыру – төрге бастау Ғұрпымды.

Ұлттық кодым – менің ұлттық құлпым,

Кім көрінген қолды етпесін кілтімді.

Серік СЕЙІТМАН.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы – ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған аса маңызды құжат. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер қарастырылған. Онда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміз үшін қайта түлеудің айрықша маңызды екі үдерісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және бұқаралық сананы қалай өзгертетіні жөнінде алысты болжайтын көзқарастарымен бөліседі. Елбасының бұл мақаласында қазіргі Қазақстанның басты рухани құндылықтары айқын көрініс тапқан. Бұл – жай мақала ғана емес, мазмұны терең, ауқымы өте кең, ұлт руханиятын ХХІ ғасыр биігіне көтеретін рухани жаңғыру бағдарлама деуімізге болады. Елбасы ғылым, білім, мәдениет пен тарихты тұтастай қамтитын ұлттық басты бағдарламасын халық назарына ұсынды. Мемлекет басшысы ХХІ ғасырдағы жаңа ұлттың, жаңа қазақтың феноменін анықтап берді. Әрі осы жаңа дәуірдегі ұлттың рухани жаңғыру жолының алты бағдарын ұсынған.

Елбасының мақсаты – ұлттың ұлы мұраты. Ол – Ұлы дала елінің бойында белгілі тарихи себептермен қалғып кеткен прагматизмді ояту арқылы ұлттық, қоғамдық ойға, іске сілкініс әкелу, тәуелсіз елдің санасы мен ағзасын отаршылдық, кембағалдық, бойкүйездік комплекстерінен тұтастай арылту. Мемлекет басшысы қазақтың ежелгі «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» қағидасын мықтап ұстануға шақырады: «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек». Мемлекет басшысы нұсқап отырған ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, заман ағымына қарай оның сипаттарын өзгерту, «білім культін» қалыптастыру, мемлекет пен қоғамды революциялық емес, эволюциялық жолмен дамыту, ең бастысы – сананың ашықтығын, яғни әлемдік озық жаңалықтарға, ғылым-білімге құшақты айқара ашу идеялары ұлттың рухани-мәдени қалыбы болмақ. Әрі жаңа дәуір сынақтарын бәсекелестік қабілеті ерекше ел ғана еңсере алады. Осы тұрғыда Елбасының мемлекет пен қоғам алдына қойып отырған нақты міндеттері рухани саладағы түбегейлі реформалардың бастауына айналарына күмән жоқ.

Алда әлі ұзақ жол, үлкен асулар бар. Сол асулар мен қиындықты жеңу үшін білектің күші мен найзаның ұшы керек емес. Оған тек жүрек пен білім, талант пен талап керек. Қазақ елінің абыройын асырып, мерейін үстем етер, әлем таңғалар, талай-талай жаңалық ашар орасан білімділер керек.

Осы Тәуелсіз еліміздің намысын қорғайтын, бүгінімізді ертеңіне жалғайтын, Қазақ елінің ертеңі, болашағы үшін жауап беретін бүгінгі ұрпақ екенімізді сезінейік. Ең бастысы – бағыт-бағдарымыз анық, жолымыз жарқын. Сондай-ақ, Елбасы өз мақаласында қазіргі жаһандану заманында ұлттық бірегейлікті сақтап, өркениеттің жақсысын алып қалу жөнінде өте құнды пікірлер айтты. Осы айтылғандарды іске асыру жолында өзге өңірлер секілді Шымкент қаласында да тың тірліктер іске асырылуда.

ТӨРІНДЕ БЕСІК ТҰРСА, ТӨРЕ ДЕ БАС ИЕДІ

«Мен үш нәрседен қорқамын. Өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, өзінің немересіне ертегі айта алмаған ата мен әжеден, екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғанынан қорқамын».

Бауыржан МОМЫШҰЛЫ.

Қазақ даналығының алтын қазынасы тіл мен тәрбиеде жатқаны анық. Ғасырлар бойы көшпелі қазақ жұртының өмірден жиған тәжірибесі қазіргі күнде еліміздің тағдырына үлкен үлесін қосуда.

Бесік – қазақ қауымы үшін аса қастерлі, қасиетті мүлік. Оны адами өмірдің бастапқы ұясы деп біледі. Бесік – көшпелі ғұмыр кешкен бабаларымыздан қалған қасиетті мұра. Қазақта “Есік көргенді алма, бесік көргенді ал”, “Бесік көрмеген ессіз болып есікке енеді”, “Есік арқалағаннан бесік арқалаған артық”, “Төрінде бесік тұрса, төре де бас иеді”, «Аналар бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген ұлағатты сөздер содан қалған.

Бесік жыры – халық тапқырлығы мен даналығы іспеттес. Ізгі ойдың санаға дарыған мөлдір бұлағының тамшылары. Негізінен аналардың балаға деген мейірін үстемелейді, сезімді тебірентеді. Бөлеуде жатқан баласын бесіктің арқалығына сүйене отырып емізген ана жанын еміренткен арман-тілегін де, көкейдегі көксегенін де әндетіп айтады. Сол сезімнің бәріне халық сөзі арқау болады.

Дәстүрлі бесік жырлары ел арасында ежелден айтылып, әбден қалыпқа түскен, барлық жерде мазмұн желісі мен әуені өзгертілмей орындалатын жырлар. Олар: “Әлди, әлди, ақ бөпем, Ақ бесікте жат бөпем!” деген ана мейіріміне толы өлең жолдарымен басталып, баланы жұбататын, алдандырып, тәтті ұйқыға батыратын шумақтарға ұласады. Сырлы сөз бен сазды әуен астасып келетін Бесік жыры – халық педагогикасының бастау бұлағы ғана емес, қазақ әйелінің жан дүниесін танытатын, кезеңдік ел тұрмысынан мол мағлұмат беретін шалқары кең жанр. Осыған орай, Зәкира Парымбекова басшылық жасайтын Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен қалалық әзіл-сықақ театрының ғимаратында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Ақылды қала – ақылды ұлт үшін» тұжырымдамасы аясында «Бесік жыры – басты жыр» атты жас аналар байқауы өтті. Қазіргі таңда баланы бесікке бөлеп, Бесік жырын айтатын аналардың қатары сиреп жатқаны жасырын емес. Ұлттық құндылықтарымызды, қазақ халқының даналығынан туындаған Бесік жырын дәріптеуге, қазақ халқының отбасылық тәрбие, ғұрыптарын қайта жаңғыртудағы кітаптың рөлін арттыруға бағытталған жас аналар байқауына 29 жасқа дейінгі жас аналар қатысты.

Байқау жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мархабат Байғұттың құттықтау сөзімен бастау алды. «Ақ білек» әжелер тобының мүшелері қатысушы жас аналарға ақ батасын беріп, шашу шашты. Ән мен жырға көмкерілген кеш осылайша көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Бесік жыры – балаға берілетін алғашқы тәрбие. Сәбиінің аман өсуінен бастап, болашақ өміріне деген тілегі әнге шумақ болып өріліп, ананың әлдиімен балаға жетеді. Анасының бесік жырын тыңдаған бала шешен де шебер болып өсуге ұмтылады екен. Осы тұста байқау қатысушылары Бесік жырын айтып, сахналық көрініс қойды.Үш кезеңнен тұрған байқауға қазылық еткен қалалық ардагерлер кеңесінің жанындағы «Әжелер алқасының» төрайымы Шарапат Құрманбекова, ақын Баян Тіленшина, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Театр және эстрадалық шығармашылық» кафедрасының оқытушысы Аққу Қонысбаева сынды сарапшылардың шешімімен Бас жүлдені Ақпан батыр атындағы №10 жалпы орта мектебінің ұстазы Аягөз Қамытбек еншілесе, бірінші орынды «Оңтүстік» телеарнасының тілшісі Шолпан Аязбаева алды. Ал, екінші орынды №97 жалпы орта мектебінің ұстазы Гүлайхан Әлменқұлова, үшінші орынды Ақсәуле Абдалиханова иемденді.

Жас ана, байқау жеңімпаздарының бірі Аягөз Қамытбек: «Кішкентайымнан кітап оқығанды жақсы көрем. Әжемнен және анамнан Бесік жырын естіп өстім. Анамның әлдиі әлі құлағымда. Сондықтан болар, мен өз балаларымды да Бесік жырымен әлдилеуге тырысамын. Себебі, Бесік жырының адам санасына әсері мол», – деп сәбиді Бесік жырымен әлдилеудің тәрбиелік мәнін жеткізді.

«Бесік жыры – басты жыр» атты жас аналар байқауына «Бал текстиль» кілем фабрикасының директоры Талғат Ысқақов, «Наурыз пластик» ойыншықтар фирмасының директоры Рабиға Байтемірова және жеке кәсіпкер Райхан Нұрсейітова демеушілік жасады.

«Бесік әлеммен байланыстырады» деп этнограф ғалым Жағда Бабалықұлы айтқандай, көрермендер кештен терең ұлттық тағылым, рухани нәр алып тарқасты.

Осы орайда айта кетеріміз – сәби тәрбиесі мен мінез-құлқын қалыптастыруда Бесік жырының орны мүлде бөлек. Ол баланың көкірек көзін ашады, жан-жүйесін тербейді, сезімін сергітеді, көңіл-күйін көтереді. Есейе келе өнерге, сөз өнеріне бейімделеді. Бесік жыры – сәбидің дұрыс жетілуінің бірден-бір кепілі. Нәресте үшін ана сүтінің маңызы қандай болса, Бесік жыры да дәл солай құнды. Сәби миындағы нейрондар даму үшін, Бесік жырынан артық дәрумен таппайсыз. Мұны әлем ғалымдары да дәлелдеп отыр. Әже мен ананың әлдиі сәбидің алғашқы өнер мектебі екені баршаға белгілі. Ұлы Абайдың «Туғанда дүние есігін ашады өлең» деуі де тегін емес. Бесік жырында ұлттық тәрбиенің үздік үлгісі жатыр. Алайда соңғы жылдарда бесік тербетіп отырып Бесік жырын айтатын әже, ана азайды. Бұрындары бесік тербететін баланың өзі бөпесін өлең айтып ұйықтататын. Бұрын ананың Бесік жырын сәби ғана емес, ауыл балалары, тіпті үлкендер де құлағын салып тыңдап отыратын. Кейінгі кездерде жастардың халық әніне назар аудармауы, өлеңге әуестенбеуінің бір себебі – осы бесік жырының ұмыт қалып бара жатқанында болса керек. Қазіргі аналарымыз Бесік жырын бес саусағындай біліп және сәбиінің бойына ана сүтімен қоса сіңіріп отырса ана тіліміздің тағдырының басына бүгінгі таңда қара бұлт үйірілмес еді. Нәресте барлық ақпаратты есту арқылы қабылдайтынын ескерсек, оған Бесік жыры арқылы тәрбиенің іргетасы қаланады. Бар мейірім, махаббатты жеткізудің бірден-бір жолы осы. Бесік жырының осындай баға жетпес құндылығын ертеден білген дана халқымыз онсыз сәбиін ұйықтатпаған. Қазір қым-қуыт тіршілікпен жүріп аналарымыз Бесік жыры түгілі бесіктен қол үзіп қалып жатыр. Бұның да кері әсерін көріп жүрміз. Олай болса, Бесік жырының, қасиетті бесіктің өміршеңдігін нығайту өз қолымызда. Кемеңгер классик жазушы Мұхтар Әуезовтің: «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегенін құрғақ сөз жүзінде қалдырмай, дәріптеуге баршамыз атсалысайық. Бесік жырымен сусындаған тәрбиелі ұрпақ көбейе берсін!

Аягөз ДҮЙСЕНБАЕВА.

1916 жылы психоневрология институтының негізін қалаған академик Владимир Бехтерев «балалардағы невроз ауруының алдын алу үшін, бесік жырын тыңдату керек» деген тұжырым айтқан. Ал психолог Виталий Леутиннің айтуынша, бесік жырын тыңдау сәбидің ми қыртыстарындағы нейрондардың дұрыс дамуына түрткі болады. Америкалық психолог, медицина ғылымдарының докторы, трансперсоналды психология ғылымының негізін салушы Станислав Гроф «Beyond the brain» атты кітабында бесік жырының баланың психотерапевтік аурудан жазылуына бірден бір себеп бола алатынын ескерткен.

* * *

Бесік баланың жүйке жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;

сәби бойындағы мейірімділік, қайырымдылық, ата-анаға деген махаббат сияқты ізгі сезімдерді дамытады;

дүниетанымдық ізденісін, ғылым-білімге деген ынтасын арттырады;

бала мағыналы һәм мәнерлі сөйлеуді үйренеді;

бесік жырын тыңдаған бала тұйықталмай, өз пікірін ашық білдіретін батыл жанға айналады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *