Өмірзақ ШӨКЕЕВ, Түркістан облысының әкімі: «ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ МЕН ТЕЛЕГЕЙ ТАБЫСТАРЫ МОЛ ЖЫЛ БОЛСЫН!»

Қоғам
683 Views

Құрметті түркістандықтар, облыс қонақтары!

Сіздерді келе жатқан 2021 Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл мереке қарсаңында біз өткен кезеңнің қорытындысын жасап, келер жылға жоспар құрып, болашақтан жақсылық күтетін халықпыз.

Тарих қойнауына аттанғалы тұрған жыл баршамыз үшін оңайға соққан жоқ, бірақ біз бірлік пен ынтымақтың және еселі еңбектің арқасында оны лайықты нәтижелермен аяқтап жатырмыз.

Өткен жылы біздің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды болды. Кәсіпорындарымыз 481,3 млрд. теңге сомасында өнеркәсіп өнімін өндірді. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 688 млрд. теңгені құрады, осы көрсеткіш бойынша облыс елімізде жетекші орынға ие болды.

Сонымен қатар, біздің облысқа тартылған инвестициялар көлемі 66,7 пайызға өсті, бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада да бірінші орын алады. Облыс экономикасын дамытуға 11 айда 551,8 млрд. теңге инвестиция бағытталды.

Облыс «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын іске асыруда да жетекші орынға ие. Мақұлданған жобалар саны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артып, 287 жобаға жетті.

Бұдан басқа, республика бойынша халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің ең жоғары көрсеткіші Түркістан облысына тиесілі. Биыл біз 548,4 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға бердік. Осылайша, жоспардан тыс тұрғын үйді пайдалануға берудің жылдық жоспары орындалып, «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы толығымен іске асырылды.

Бүгінгі таңда облыста Оңтүстік аудандардың дамуына оң серпін беретін 67 жоба іске асырылып жатқанын ерекше атап өткім келеді. Бұл жобалар ең алдымен әлеуметтік инфрақұрылым құруға бағытталған. Ауылдық жерлерде мектептер мен ауруханалар салуды, жолдар салуды және газ құбырларын тартуды жоспарлап отырмыз.

Сонымен қатар, менің тапсырмам бойынша өңірде бірқатар маңызды жобалар іске асырылып, жаңбырлатып суару технологиясы енгізілуде. Осы жобалардың ішінде – Түркістан қаласының аумағында азық-түлік белдеуін құру, бір алаңнан 2-3 өнім алу, сондай-ақ Түркістандағы экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған су арналарын реконструкциялау жобасы бар.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы негізінде Түркістан қаласы күннен-күнге дамып, келбеті жаңарып жатыр. Құрылыс қарқыны бәсеңдемейді. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алға қойған міндеттері қасиетті қаланың дамуына жаңа серпін береді.

1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күні Түркістан қаласының «Hazret Sultan Airport» халықаралық әуежайына Нұр-Сұлтан қаласынан алғашқы әуе рейсі қаламызға қонды. Жақында еліміздің рухани астанасында «Hampton by Hilton Turkistan» халықаралық деңгейдегі қонақ үйі ашылды. Алдағы уақытта облыс орталығында тағы да бірқатар жаңа нысандарды пайдалануға береміз. Осылайша, түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы – Түркістанымыз халықаралық деңгейдегі қалаға айналады.

Құрметті жерлестер!

Болашақта біздің алдымызға үлкен және жауапты міндеттер қойылды. Оның ішінде, әрине, Түркістан қаласын облыс орталығы ретінде қалыптастыру. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының, сондай-ақ рухани-мәдени саланың мақсаты тұр. Сіздер өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін көріп отырсыздар. Қалада әкімшілік-іскерлік орталықтың құрылысы жүргізілуде, мәдени-рухани орталық қалыптасуда, Х.А.Ясауи кесенесінің айналасы абаттандырылуда. Аяқталған көптеген нысандар өздерінің сәулеттік келбетімен қалаға ерекше сән беруде.

Туған өлкеміздің игілігі үшін еңбек етіп, күнделікті еңбегімен ортақ істің табысына үлес қосып жүргендердің барлығына алғысымды білдіргім келеді.

Келе жатқан жылда әрбір игі істеріңіз бен бастамаларыңызға сəттілік серік болып, жағымды жаңалықтары мен телегей табыстары мол жыл болсын!

Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға баянды бақыт пен бақ-береке тілеймін!

Жаңа жыл құтты болсын!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *