АБАЙ АҚЫННЫҢ ҰРПАҚТАРЫ

Таным
1 665 Views

Абай ақынды білмейтін қазақ жоқ шығар. Ақын да адам баласы, сондықтан оның ата-бабасы, туған-туысқандары және ұрпақтары болуы заңды. Бұл туралы білген ешкімге артық етпейтіні белгілі. Абайдың азан шақырып қойған есімі – Ибрагим, 1845 жылы дүниеге келген. Арғы тегі – Орта жүздегі Арғын, Тобықты ішіндегі Олжай батырдан басталады. Олжайдан Айдос, Қайдос, Жігітек есімді кейін әрқайсысы бір-бір рулы ел болған үш ұрпақ тарайды. Айдостың Айпара атты зайыбынан: Ырғызбай, Көтібақ, Топай, Тортай деген төрт ұл туады. Айдос момын шаруа адамы, ал әйелі өткір тілді, өр мінезді Айпара балаларына:

Шынжыр балақ, шұбар төс Ырғызбайым,

Тоқпақ жалды торыайғыр Көтібағым.

Әрі де кетпес, бері де кетпес Топайым.

Сірә да оңбас Торғайым, — деп сипаттама берген екен.

Айтса айтқандай, бұлардың ішінен оза шыққаны, ел басқарғаны тек Ырғызбай ғана. Одан Үркер, Мырзатай, Жортар, Өскенбай тарайды. Өскенбай әділ, шаруаға жайлы кісі болыпты. Сондықтан халық арасында: «Ісің адал болса Өскенбайға бар, арам болса Ералыға бар» деген сөз тараған. Ақынның әкесі Құнанбай осы Өскенбайдың бәйбішесі Зере Бектемірқызынан көрген ұлы.

Құнанбай төрт әйел алған. Бәйбішесі Әйбөбектен (ел Күңке деп атап кеткен) ақын Шәкәрімнің әкесі Құдайберді туған. Екінші әйелі Ұлжаннан Тәңірберді, Абай, Ысқақ және Оспан тараған.

Абай үш әйел алған. Бәйбішесі Ділдәдан Ақылбай, Әбдірахман, Күлбадан, Әкімбай, Мағауия, Райхан, екінші әйелі Әйгерімнен Турағұл, Мекайыл, Ізкайыл, Кенже деген жеті ұл, үш қыз сүйген. Ақынның өз ұрпақтарына тоқталар болсақ, олар халықпен бірге талай кезеңдерді басынан кешіп, еліне өз мүмкіндігінше қызмет істеген азаматтар екені белгілі.

Гүлжан БЕРКІНБАЕВА,

Хакім Абай музейінің қызметкері.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *