АДАМ ӨМІРІ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗ

Қоғам
905 Views

Төтенше жағдайдың алдын алу мәселесі еліміз тәуелсіздік алған алғашқыжылдары-ақ қолға алынды. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев өнеркәсіпапаттары, өрт, қауіпсіздік шаралары сақталмауына байланысты және табиғи зілзаладан туындайтын төтенше жағдайларға жол бермеу, олардың зардаптарынанкелетін шығындарды азайту мәселелері – мемлекеттік саясат жүргізудің басымсаласы деп саналсын деген болатын. Соңғы жылдары табиғи және техногендіксипаттағы төтенше жағдайлар да көбейіп кетті. Осындай қауіп-қатерді болдырмаумақсатында елімізде төтенше жағдайлардың алдын алу мен іс-қимылдары жөніндеұзақ мерзімді бағдарлама дайындалды. Осыған орай Шымкент қаласы Төтеншежағдайлар департаментінің басшысы, азаматтық қорғау полковнигі Н. Б. ДЕРБІСОВ мырзамен сұхбаттасқан едік.

– Нұрболат Бекболатұлы, алда жаз маусымы жақындап келеді. Мұның үстіне Оңтүстік өңірі өзінің ыстық ауа райымен белгілі. Жуырда Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында арнайы баспасөз брифингін өткіздіңіздер. Елді, тұрғындарды хабарландырып, түрлі апаттардың алдын алуды ескертіп жатырсыздар. Жалпы, Төтенше жағдайдың алдын алу төңірегінде қандай жаңалықтарыңыз бар? Сұхбатымызды осыдан бастасақ.

– Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін иеленгелі бері біздің мекемеміздің атауы Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті болып ауыстырылды. Қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлына біраз ұсыныстар айттық. Ол кісі Шымкентті Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының деңгейіне көтеруді мақсат етуде. Бұл үшін «Shymkent city» қалашығында көпқабатты зәулім тұрғынүйлер бой көтеретін болады. Бізге өрт сөндіру кезінде ең қажетті нәрсе – заманауи техникалардың жетіспеушілігі қатты алаңдатады. Шындығына келгенде, қазір 30 қабатты үйлер салатын болсақ, бізде де Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағыдай төтенше жағдайлар орын алуы мүмкін. Төтенше жағдай болған жағдайда ең бірінші адам өмірін сақтап қалу – біздің басты міндетіміз болып табылады. Бұл біз үшін өте өзекті мәселе. Қала әкімдігі тарапынан бізге қолдау көрсетіліп жатыр. Атап айтқанда, Наурыз мерекесіне орай өрт сөндіру бөлімдеріне 17 техника берілді. Қала бойынша 8 өрт сөндіру бөлімі, 1 өрт сөндіру бекеті бар. Алайда нормативке сәйкес әлі де техника көбірек қажет. Бұл бағытта да жұмыстар жүргізілуде. Бізде қала бойынша 75 техника бар екен. Бұл, әрине, нормативке сай келмейді.

2017 жылы өрт сөндіруге 50 метрлік автосаты алынды. Оның алдындағысы 30 метрлік болатын. Бұл 30 метрлік автосаты 15-16 қабатты үйлерге ғана жетеді. Кейде қашықтықтан қойылатын сәттер де болады. Ол кезде тіптен 15-16 қабатты үйлерге де жетпей қалып жатады. 50 метрлік автосатының тиімділігі өте керемет. Қазір 50-60 метрлік 3 автосатыны пайдаланып жатырмыз. Биыл оны толықтырамыз деген ойдамыз. Өйткені, бірлескен жекешелендіру бағдарламасы бойынша алынуда. Бұл бағдарлама бойынша конкурстық құжаттар дайындалуда. Қалалық мәслихаттың сессиясына қатысып, осы жағдаяттың куәсі болдым. Судан құтқаруға арналған 31техникамен толықтырылатын болады. Көпқабатты үйлерде өрт болған жағдайда газды түтінге арналған техниканы алынады деп күтілуде.

2016 жылы басшылыққа тағайындалған уақытымда «Нұрсәт» шағынауданы бақылауымызда жоқ болатын. Бізге 1 миллиард 300 мың теңгедей қаражат бөлінген. Арнайы жоспары түзіліп, сараптама жасалып, жұмыстар атқарылды. Шымкент өз алдына мегаполиске айналғандықтан, бұл жұмыстар әрі қарай жалғасын табатын болады. 2019-2020 жылдары мұнда 4 өрт сөндіру бекеттерін салу жоспарда бар. Себебі, «Shymkent city» қалашығынан да жер телімін алып жатырмыз. Бұл жерде де көпқабатты тұрғын үйлер салынатындықтан, өрт сөндіру бекеттері міндетті түрде қажет. Қала тұрғындарының қауіпсіздігін үшін өз жұмысымызды жандандырып жатырмыз. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының тапсырмасына сәйкес біршама көпқабатты тұрғын үйлер, өндіріс орындары бой көтеруде. Осылардың бәрінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз.

– Осы орайда қаламыз ірі мегаполистің қатарына еніп отыр. Сіздерде қызметкерлер мәселесі қалай шешілуде? Биылғы Жастар жылына орай жастарды жұмысқа тарту, қызметпен қамту бойынша қандай шаралар атқарылып келеді?

– Жастарды жұмыспен қамту мәселесі бойынша Ақмола облысының орталығындағы Көкшетау техникалық институтымен жүйелі түрде жұмыс жүргізудеміз. Бұрын әр облыста жұмысқа келген жастарды арнайы даярлайтын мектептер болатын. Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан секілді төрт облыста мамандар даярлауға аймақтық мектептер ашайын деп жатырмыз. Осыған байланысты шығарылатын Үкімет қаулысын күтудеміз. Ал енді Көкшетау техникалық институтына келер болсақ, онда біздің мамандық бойынша оқитындардың қатары мол. Өйткені, Оңтүстікте құтқарушы мамандығына сұраныс артып отыр. Басқа облыстарға қарағанда біз осы саланың болашақ мамандарын оқуға көбірек жібереміз. Биылдың өзінде 50-ге жуық талапкерді оқуға жібердік. Бізге 6 адам оқуға түсуі қажет болса, 50 адам құжат тапсырып отыр. Түркістан облысынан бұрындары оқуға 130-140 талапкер жіберетінбіз. Жиналыс болса, еңсемізді тік көтеріп отыратынбыз. Басқа облыстарда мұндай мамандыққа талапкерлер аз. Соның есебінен 2010-2013 жылдардан бері қарай Оңтүстік өңірінен оқуға түскен азаматтардың барлығы қазір республика бойынша Төтенше жағдайлар комитетінде қызмет істеп жүр. Мұны біз зор мақтанышпен айта аламыз. Солардың бірі Солтүстік Қазақстан облысында Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары болып қызмет атқаруда. Көкшетау техникалық институтының басшысымен сөйлескенімде ол кісі бізден мамандар сұратты. Өйткені, Оңтүстік өңірінен келген мамандар өте белсенді деген пікірде. Шымкент қаласының Қаратау ауданындағы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы өте алғыр, білгір азамат. Оның балабақшаларға арнап Төтенше жағдайлардың алдын алу жөнінде жазған кітабы республика көлемінде кеңінен танылып, өте керемет көзқарас туындатып отыр. Бұл, әрине, біздің азаматтарымыздың қарымды қабілетінің мол екенін аңғартады. Жас мамандарды дайындау жағынан Оңтүстік өңірі алғашқы орындамыз деп мақтанышпен айтуға болады.

– Жеңіс күні жақындап келеді. Сіздердің өз өмірлеріңізді бәйгеге тігіп, адам өмірін құтқарып қалудағы еңбектеріңіз орасан зор. Төтенше жағдайдың кез келген түрінде қызметкерлеріңіз дер кезінде көмек көрсетіп, оқыс жағдайдың алдын алуда үлестері мол. Осы төңірегінде кеңірек айтып өтсеңіз. Өздеріңізде мақтан тұтатын және ардагер қызметкерлер туралы да бірер сөз естісек. Мерекеге орай қандай алдын алу жұмыстары жүруде?

– Өткен жылы 19 қазанда Құтқарушылар күніне орай қала әкімінің қолдауымен Абай саябағында қызмет барысында қайтыс болған өрт сөндірушілерге арнап еңселі ескерткіш орнаттық. Сол кісілердің отбасына, балаларына, өскелең ұрпаққа үлгі болсын деген ниетте осындай игі істі қолға алған болатынбыз. Өздеріңізге белгілі, біздің қызмет өте күрделі. Оған мысал ретінде өзім қатысқан, 2017 жылы орын алған ірі өртті айтып өтейін.

Шымкент мұнай базасы бұрынғы кеңестік кезеңнен бері келе жатқан ірі базалардың бірі. Маусым айында таңертеңгі уақытта өрт болып жатыр деген суыт хабар жетті. Базада 15-16-ға жуық 3 тонналық резервтерде бензин толтырылған. Салдарынан 1 адам қайтыс болды. Қауіпсіздікке дер кезінде мән беріп қарамағандықтан, осындай оқыс жағдай орын алды деген пікірдеміз. Содан үлкен өрт болып әрі желді күннің әсерінен өртті сөндіру үшін бір тәулік уақыт кетті. Жалын кең көлемді шарпып, қызметкерлер өміріне үлкен қауіп төндірді. Өрттің қызуына жай қарап тұрудың өзі мүмкін емес еді. Өкінішке орай, осы өрттің салдарынан 1 ержүрек қызметкерімізден айырылдық. Қызметкерлеріміздің ерен еңбектерін бағалап, сол кездегі облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов арнайы министрлікке хат жазып, 11 қызметкеріміз ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қолымен табысталған мемлекеттік ордендерге, қалғандары министрлік тарапынан Алғыс хаттарға ие болды. Өзім облыс әкімінің атынан «Айбын» орденін иемдендім. Егер өрт басқа резервтерге өтіп кеткен жағдайда қаланың жартысына эвакуация жасайтын едік. Жарылған жағдайда 20-30-шақты өрт сөндіру қызметкерлерінен айырылып қалу қауіпі де бар болатын. Өрт орын алған Шымкент мұнай базасының басшылығы алғысын айтып, марапаттауларын ұсынып, Құдайы ас беріп шақырып, ізгі ниеттерін білдірді. Еңбегіміздің еленіп, халықтың ықыласына бөленуінен артық не бар. Сондықтан біз үшін бұл үлкен құрмет, сый болды.

– Төтенше жағдайдың алдын алу шараларын халыққа түсіндіру үшін басшы ретінде қандай ескертпе айтасыз?

– Бізге айтылған сын-ескертпелер өте көп. Соның бірі – өрт сөндіру көлігі сусыз келеді деген жаңсақ пікір. Біздің қызметкерлер өрт сөндіру орындарына ешқашан сусыз бармайды. Өрт сөндіру көлігінде үнемі су толы болып жүреді. Судың сыйымдылығы 4-5 тонналық техникаларымыз бар. Қазіргі уақытта 8 тонналық заманауи техникалар келіп жатыр. 8 тонна су 10-15 минутқа дейін жетеді, ал 3-5 тонналық су 2-3 минутта таусылғаннан кейін біз өрт сөндіру гидрантына қосамыз. Ал, өрт сөндіру гидрантына қосқаннан кейін кейде судың қысымы аз болады. Қаладағы трубалардың бәрі ескіргендіктен, 5-6 қысымды ұстап тұра алмайды. Біздің өрт сөндіру көлігі шыққан кезде олар да қысымды көтереді. Көліктер 5-10 минутта жетсе, олардың қысымы жарты сағатта көтерілуі мүмкін. Бұл кезде біз су ала алмай қаламыз. Гидрантқа қосыламын дегенше екінші өрт сөндіру көлігін көмекке шақырады. Біз алгоритмді есептеп қойғанбыз. Мұндай сәттерді халық қате түсініп, сенімсіздік танытатын жағдайлар жиі кездеседі.

Өткенде осындай бір жағдай болды. Өрт сөндіру көлігімен өртті өшіріп жатқан кезде алғашқыда қысым аз болып жәй ағып тұрған суды көрген адамдар біздің қызметкерлер әдейі істеп тұр деп ойлаған. Қысым артқанға дейін қарап тұрмайын деп өрт сөндіріп тұрған қызметкерге сенімсіздікпен қараған. Оларға қысым күшейгенге дейін суды жерге төкпей, мүмкіндігінше өртті сөндіруге бағытта деп арнайы оқытылған. Бізде бұл оқиғаны түсірген видеоның толық нұсқасы сақтаулы. Видеоның дәл сол тұсын қиып алып, халыққа жағымсыз пікір туғызғандар бар.

Тағы бір назар аударарлық мәселенің бірі – газдан уланудың белең алуы. Газ құрылғысын жуынатын бөлмеге орнатады. Қазір жер үйлер көптеп салынуда. Тұрғындар техникалық қауіпсіздікке мән бермей, газ құрылғысын ыңғайына қарай орната салады. Көбісі талапқа сай емес. «Теріскей» шағынауданында 1972 жылғы азаматша қызы, баласы үшеуі осындай жағдайда газдан уланды. Қызы мен анасы қайтыс болып кетті. Тағы бірде «Асар» шағынауданындағы жер үйлердің бірінде мұржасыз газды колонканы орнатып қойғанына куә болдық. Адамдар өз денсаулығы мен өміріне осылай немқұрайлы қарауының салдарынан қайғылы жағдайлар орын алып жатады. Осыған байланысты соңғы үш жылдың көлемінде біз газ инспекциясы құрылсын деген Үкіметтің тарапына ұсыныс көтеріп жатырмыз. Бұрын Төтенше жағдайлар комитеті министрлігінде өндірістік қауіпсіздігі департаменті деген болған. Бұл министрлік бөлініп кеткеннен кейін өндірістік қауіпсіздік департаменті басқа министрліктің құрамына кетіп қалды. Қазір әкімдікте газ инспекциясы деген бөлім бар. Бірақ олардың құқығы шектелген. Сондықтан біз бұрынғыдай құзыры бар газ инспекциясы құрылсын деп отырмыз.

Газдан улану оқиғалары көбейіп кеткендіктен біз қазір халықпен тығыз байланыста болып, ақпарат құралдары арқылы да үгіт-насихат жұмыстарын барынша жұмыла жүргізудеміз. Балаларды сырттарынан кілттеп, үйде қараусыз қалдырып кететін ата-аналар да бар. Ересектердің салғырттығы салдарынан үйде қалған балалар оттықпен ойнап, газды қосып, өзіне және өзгелерге қауіп төндіруі мүмкін. Осындай төтенше жағдайлардың алдын алу және жою – біздің негізгі қызметіміз әрі басты міндетіміз. Алайда халық та өз өмірлеріне селқос, немқұрайлы қарауды доғарып, қауіпсіздік шараларына барынша сақ болса екен деген ниеттеміз.

– Қала әкімдігі тарапынан Сіздерге қандай көмек, қолдау көрсетіп жатыр?

– Биылдың өзінде 17 миллион теңге үгіт-насихат жұмыстарына бөлінуде. 450 дана газанализатор алып береміз деген уәде бар. Бұл орайда қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мырзаға алғысымыз шексіз. Қандай мәселе болмасын, көмегін аямайды. Бірінші кезекте өндірістік қауіпсіздікке көмек берілуі қажет деп қолдаған депутаттар да табылды. Аға буын өкілдерінің бізге деген сенімдері мен қолдауларына лайықты еңбек етуіміз қажет.

– Сөз соңында айтарыңыз?

– Сөз соңында қазақстандықтарды Жеңіс күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Аға ұрпақ пен жас буынның Отанымызды қорғап, қызметте айтулы үлес қосқанын біз әрқашанда мақтан тұтамыз. Еліміздің өркендеуі жолында атқарып жатқан игі қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, мол бақыт және бейбіт ғұмыр тілеймін.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Әр уақытта мұқият болып, бірлесе жұмыс жасасақ, төтенше жағдайлардың алдын алуға толық мүмкіндігіміз де, күшіміз де жетеді.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет.

Әділ ҚЫРАН.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *