АРДАГЕР ЖАЗУШЫ ӘРІПТЕСІМІЗДІ ҚОС ПРЕЗИДЕНТ ҚҰТТЫҚТАДЫ

Мерей Құттықтаймыз
724 Views

Республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет.Рухани жаңғыру» газеті редакция алқасының төрағасы, белгілі жазушы, қоғам қайраткері Нағашыбек Қапалбекұлына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хат жолдады. Онда былай делінген:

«Құрметті Нағашыбек Қапалбекұлы! Сізді Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің адамзат тарихындағы ерен еңбектеріңіз бүгінгі бейбіт өмірімізге, жарқын болашағымызға жол ашты. Бұл ешқашан ұмытылмайды. Ардагерлердің даңқты өмір жолы – Отанға қызмет етудің және татулықтың озық үлгісі. Өскелең ұрпақ әрдайым өздеріңізге қарап бой түзейді. Сізге денсаулық, амандық және бақ-береке тілеймін».

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Президент құттықтау хатымен бірге ардагер жазушыға сый-сияпаттар табысталды.

Сонымен қатар Ресей Федерациясының Президенті В.В. Путиннің 2019 жылғы 13 маусымдағы Жарлығымен Н. Қапалбекұлы Ұлы Жеңістің 75 жылдығы мерекелік медалімен наградталды. Жуырда Ресей елшілігінің қызметкерлері арнайы келіп, жазушыға осы награданы тапсырып, шынайы құттықтады.

Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б. Байбек те арнайы құттықтауларын жіберіп, сыйлықтарын табыстады.

Нағашыбек Қапалбекұлы 1969 жылы Приморье өлкесіндегі Даманск аралы үшін шекарада болған оқиғаға қатысқан ардагер. Қазақстан Президенті өзінің №2247 Жарлығымен 1995 жылы 28 сәуірде бұл оқиғаға қатысқан жауынгерлер мәртебесін Ұлы Отан соғысы ардагерлері қатарына қосқан. Қазір елімізде сол оқиғаға қатысқан жиырмадан астам ардагер бар. Н. Қапалбекұлы – Даманск оқиғасына қатысқан ардагерлер Кеңесінің төрағасы, түрлі қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрген елуден астам кітаптың авторы.

Салтанат ӘШІМОВА.

Алматы қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *