АРШАВИН КӨП ТҰРАҚТАМАДЫ немесе легионерлер келеді-кетеді

Спорт
844 Views

Интернеттен «КраСава» блогының авторы Евгений Савиннің «Андрей Аршавин: «Барса» предлагала 15 миллион евро, но «Зенит» не отпустил» атты сұхбатын оқып, таң қалдық. Блогердің «Главное хорошее качество казахов и главное плохое?» деген сауалына алматылық «Қайрат» клубының шабуылшысы:

– Нет притеснений по национальному признаку. Здесь много всяких национальностей, и все свободно себя ощущают. Худшее качество казахов – принято считать, что они хитрые. Но глобально это не зависит от нации, от людей зависит, – деп жауап қайырған. Андрей Сергеевичтің бұл қай сасқаны, анығырағы адасқаны дер едік.

Осы біз, қазақтар шынымен-ақ айлакер, қулықшыл халық болғанымыз ба?! Жоқ, әлде, бұл Андрейдің Алдаркөсеге қаратып өзінше тұспалдаған түрі ме екен. Алдакең алдаса байларды алдап, олардың несібесін кедейлерге әперген ғой. Ал Андрейдің айтқанына жол болсын.

Дана халқымызда: «Су ішкен құдығыңа түкірме», «Бір күн тамақ ішкен жеріңе қырық күн сәлем бер», «Асын ішіп отырып, текеметін тілме» деген сөз бар. Әйелдерінен, бала-шағасынан жырақта жүрген жанның бұл қай сасқаны?! Ресей құрамасын айтпағанның өзінде, Краснодардың «Кубань» клубынан да шеттетіліп, жұмыссыз жүріп қалғанда қанатының астына алып, қамқорлық көрсеткен қазақтар айлакер, қулықшыл халық болғаны ма сонда?!

Жалпы алғанда, футболшы ретінде спорттық карьерасын аяқтап отырған Андрей Сергеевич Аршавин кім?! Енді оның өзінің жақсы, жаман жақтарын саралап көрелік. Ол 1981 жылы 29 мамырда Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербург) дүниеге келген. Әкесі – Сергей Аршавин де футболшы болған. Кейіннен ішімдікке салынып, әйелімен ажырасып кеткен. Ол кезде Андрюша сегіз жаста екен.

Балақай жеті жасынан қаладағы «Смена» футбол мектебіне барған. Кейіннен «Зенит-2» клубында доп тепкен. Лақап аты – Шава. Ленинградтың «Зенит» клубында жылына 2,3-3,4 миллион доллар аралығында табыс тапқан. Сонда өткізген 310 кездесуде 71 гол соққан. Ресейдің үш дүркін чемпионы, екі дүркін вице-чемпионы, бір рет қола жүлдегері атанған. Премьер-лига кубогын, Ресей Суперкубогын, УЕФА кубогын, УЕФА Суперкубогын жеңіп алған. 2008 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері атанған.

Ұлыбританияның астанасы – Лондонның «Арсеналында» жүргенде жылына 6-8,3 миллион долларға дейін табыс тапқан. 105 ойында 23 гол соққан.

Алматылық «Қайраттың» ең қымбат ойыншысына айналған. Ол мұнда жылына 1,44 миллион долларға дейін табыс тапқан. Осы клубпен бірге үш рет күміс жүлдегер атанумен қоса-қабат ел кубогын, Суперкубогын иеленген.100-ден астам ойында 37 гол соғып, тағы соншама рет нәтижелі пас берген. Төрешілер тарапынан 14 рет ескерту алып, бір рет алаңнан қуылған.

Жағымсыз жағын сөз еткенде 2012 жылғы Еуропа чемпионатында өзі капитаны болып табылатын Ресей құрамасы сәтсіз өнер көрсеткен. Олар Чехияны 4:2 есебімен ұтып, Польшамен 1:1 есебімен тең тарасып, Грекиядан 0:1 есебімен жеңіліп, топтық бәсекеден шыға алмай қалған. Сол кезде ол Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Антон Беляевқа: «Сіздердің үміттеріңізді ақтамағанымыз – бұл біздің проблемамыз емес, Сіздердің проблемаларыңыз. Сіздер секілді Думада отыратын болсам, алдарыңызда есеп беретін болар едім. Гректер доп соғып, біз доп соға алмай, жеңіліс таптық. Қанша әңгіме өрбіткенімізбен, бұл есеп енді өзгермейді», – деген болатын. Өз кезегінде ленинградтық «Зенит» клубының бас демеушісі, «Газпром» ашық акционерлік қоғамы басқарма президентінің орынбасары Валерий Голубев: «Андрей Аршавинді Ресейден қуу керек. Депортация жасау қажет. Өз елінің абырой-беделін ойлаған спортшы сөйте ме екен?!» – деп таңданыс білдірген.

2015-2016 футбол маусымында Краснодардың «Кубань» клубының сапында өткізген сегіз кездесуде бірде-бір доп соқпаған. Жылына 2,5 миллион еуро табыс тапқан футболшы үшін бұл тым ұят тірлік.

Қанша жерден әйгілі футболшы болғанымен, Қазақстанның чемпионы деген атаққа қолы жетпей кетті. Бұл – егемен еліміз чемпионатының мықтылығын, жоқ әлде Андрей Аршавиннің әлсіздігін көрсете ме?!

Жеке бизнесіне келетін болсақ, 2009 жылдары Санкт-Петербургтағы «Автодор Экспресс» жабық акционерлік қоғамының 49 пайыздық үлесін алып келген. Бала кездегі досы Петр Тиньгаев екеуі ашқан осы қаладағы BWW автокомпаниясының ресми дилері – «БалАвтоТрейд» компаниясы 50 компаниядан 30 миллион рубль қарыз болғандықтан, ақыры аяғында оны жауып тынған. 2015 жылы 5 маусымда Санкт-Петербургтағы Выборг аудандық соты Андрей Аршавинге тиесілі 5 миллион рубль тұратын мүліктерін алып қойған.

Отбасылық өмірі де мақтанарлықтай емес. Алғашқы келіншегі – тележүргізуші Юлия Барановскаядан Артем, Яна, Арсений, журналист, модель болып қызмет істейтін екінші әйелі Алиса Казьминадан Есения есімді қызы бар. Қос зайыбымен де ажырасып кеткен. Бүгінде перзенттері өздерінің аналарымен бірге тұрады. Ұлыбританияның астанасы – Лондондағы «Арсенал» клубының намысын қорғап жүргенде ағылшын манекенщисі Лейлани Даудинге көзі түскен екен. Қысқасы, қанша жерден атағы жер жарған футбол жұлдызы болғанымен, жеке өмірі көпке үлгі ететіндей еместігі көзге көрініп-ақ тұр. Сонымен, доп ойнаған озар ма екен, жоқ әлде тозар ма екен?!. Бұл жағын өздеріңіз бағамдай беріңіздер.

Ә. КЕЛЕСҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *