АСҚА ШАҚЫРУ

Руханият
12 777 Views

Марқұм ағамыз Аймырза Айтбайұлы УМАРОВ 1958 жылы 19 желтоқсанда Шымкент (қазіргі Түркістан) облысының Бөген (Ордабасы) ауданында дүниеге келген. Бейсембай Кенжебаев атындағы орта мектепті бітірген. Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласындағы гидромелиоративтік-құрылыс институтының гидрофакын тәмамдап, инженер-механик мамандығын алып шықты. Еңбек жолын құрылыс тресінде жұмыс істеуден бастаған. Шарап, консерві зауыттарында құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бөлімдерінде істеді. Тәуелсіздік жылдарында Шымкенттегі Қайтпас елді мекеніндегі ауылдық әкімшілігінде бас маман болып қызмет жасады.

Мекке-Мединаға барып, қажылық парызын өтеп қайтқан. Жеңгеміз Сәрсенкүл екеуі екі ұл мен екі қыз тәрбиелеп, өсірді. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Олардың бәрі жоғары білім алып, халық шаруашылығының түрлі саласында жемісті еңбек етіп жүр.

Айекең ерен еңбегі үшін Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалімен, Алғыс хаттармен марапатталған. Мінезі ашық-жарқын, үлкен-кішіге бауырмал, кішіпейіл жан болатын. Оның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.

Жан ағам Аймырза Айтбайұлының қырық күндік асы 25 сәуір күні түс кезінде Шымкент қаласы, «Ақжайық» шағынауданы, Оңалбеков көшесі, №15 үйде өтеді. Қонақасы 24 сәуір күні кешке болады. Ағайын-туыс, құда-жекжат, дос-жаранды қасиетті Құранның ішінде болуға шақырамыз.

БАУЫРЫМА!

Қайғы жұтып, есіме алам мен бүгін,

Кермек дәмін татырды маған күнім.

Жақсылық күтіп жүргенде бұл жалғаннан,

Арқалатты тағдырым тәмам жүгін.

Сағым болдың қапыда, қарашығым,

Бауырым-ау, айырылмас жан Асылым.

Сағыныштан өзіңе жыр арнасам,

Дей көрмегін «қадірімді кештеу ұқтың».

Көкешім-ау, үзілді ерте сабағың,

Өзіңдей енді бауырды қайдан табамын?!

Қос жанардан қанша жасты төккенмен,

Қайтара алмай таусылды сан амалым.

Келмеске кеттің, кең дүниеге сыймадың,

Қабіріңді нұрландырсын иманың.

Көзіңдей нұрлы, өзіңдей болар ұл-қызың,

Қош бол енді мезгілсіз сөнген жұлдызым!

Асқа шақырушы:

марқұмның туған інісі, жоғары санатты дәрігер,

медицина ғылымының кандидаты

Бәтеш АЙТБАЙҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *