АУДАННЫҢ КӨРКЕЮІ – ЕСЕЛІ ЕҢБЕКТІҢ ЖЕМІСІ

Қоғам
656 Views

Абай ауданының аумағы 49 704 гектар, халық саны 322 911 адамды құрайды. Аудан аумағында 34 шағын аудандар мен елді мекендер орналасқан. Абай ауданы әкімі аппаратының штаттық құрылымы бойынша аудан әкімінің 3 орынбасары, бір аппарат басшысы және 8 бөлімнен құралып, жалпы 33 мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді. Сонымен қатар, аудан әкімі аппаратында функциясында бір ғана мемлекеттік көрсетілетін қызмет (спорттық разрядтар беру) түрі бар. Бұл қызмет түрі халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жүзеге асырылады.

Аудан әкімі Бұхарбай Рысқұлұлы өзінің адал әрі нәтижелі еңбегімен көзге түскен іскер азамат. Еңбек жолы 1980 жылы Ленин ауданы Әлішер Навои колхозының колхозшысы болудан басталған. Мемлекеттік қызметті 1986 жылы Кентау қалалық қаржы бөлімінің мемлекеттік кірістер инспекциясының экономисті болудан басталған. Салық және қаржы полициясы органында және Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары, Сарыағаш, Төлеби аудандарының әкімі лауазымын атқарған. Бүгінгі шығарылымда Бұхарбай ағамен Абай ауданының даму қарқыны, 2020 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыс бар, Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында өткізілген іс-шаралар мен аудандағы цифрландыру жұмыстары жайында әңгімелесіп қайттық. Назарларыңызға Шымкент қаласының бас аудандарының бірі – Абай ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы сұхбатты ұсынамыз.

– Бұхарбай аға, Абай ауданы өзіңіздің бастамаңызбен қаладағы гүлдеп, өркендеп келе жатқан аудандардың бірі екені сөзсіз. Қала саясатында ауқымы мен ауданы жағынан маңызды орын алатын ауданда 2020 жылдың 6 айында атқарылған істер қорытындысы жайлы тоқталып өтсеңіз.

– Аудан аумағы бойынша 24 елді мекен ауыз сумен 79% қамтылған, 10 елді мекен ұңғыма және тасымалды ауыз суларын пайдаланады.

2020 жылы 7 елді мекенге «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 1 600 млн. теңге қарастырылып, 28,3 шақырым ауыз су магистрал құбырының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Жыл соңына 4 елді мекеннің ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталады. 3 елді мекен 2021 жылға өтпелі.

Сонымен қатар ауыз су тасымалданатын 2 елді мекенге ауыз су жүйесін тарту мақсатында бюджеттен қаржы қарастырылып, қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттары дайындалуда.

Электр желісіне келсек, аудан аумағындағы 25 елді мекен (82,2%) мемлекеттік электр жарығымен қамтылған. 9 елді мекен жеке меншік трансформатордан жарық алады:

Аталған 9 елді мекенге мемлекеттік электр жарығын жүргізу мақсатында, жоба-сметалық құжаттарын дайындау жұмыстары жүргізілуде, оның ішіндегі 6 елді мекеннің жобалау-сметалық құжаттары дайын.

Аудандағы 25 елді мекен (74%) табиғи газ жүйесімен қамтылған, қалған 3 елді мекен қатты отынмен пайдаланады. Аталған мәселелерді түпкілікті шешу үшін Шымкент қаласындағы №3 автоматты газ реттегіш станция орната отырып, бөлінген жер учаскесінің магистралды газ құбырын және ШГРП мен БГП орната отырып, таратылатын газ құбырын салумен мердігер «СтройГаз»ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Жобаның құны — 9 463,185 млн. теңге. 2020 жылға республикалық бюджеттен – 1 045,7 млн.тг., жергілікті бюджеттен – 5 854,0 млн.тг. қарастырылған.

Аудандағы 453 көпқабатты тұрғын үйлердің 415 орталық жылу жүйесіне қосылған болса, 38 көпқабатты үй, атап айтқанда:

— Жаңаталап тұрғын алабында 5 үй;

— Қызылжар тұрғын алабында 16 үй;

— аудан орталығында 17 тұрғын үй жеке қазандыққа көшкен.

Бүгінгі таңда, аудан бойынша 415 көпқабатты тұрғын үйдің – 255 (61%) көпқабатты тұрғын үйі қысқы жылу маусымына дайын.

Аудан бойынша қысқы жылу маусымында қатты отынды (көмір) пайдаланатын 3987 жеке тұрғын үйге қажеттілік 19935 тонна көмір болса, бүгінгі таңда, 10765 тонна (54%) көмір тасымалданып 2153 тұрғын үй қатты отынмен қамтамасыз етілді.

Тағы бір маңызды сала – білім саласы жайлы айтсақ, аудан аумағында 36 мектеп, 57634 оқушы, 157 (29 мемл. 128 жеке) балабақша бар. Онда 17 858 бала тәрбиеленеді. Сонымен қатар бір жоғары оқу орны мен 9 колледж орналасқан. Студенттер саны бүгінде 30 076-ға жетіп отыр.

2020 жылы аудан аумағында 3 мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде, жыл соңына дейін Самал-3 шағын ауданындағы 1200 орындық мектептің құрылысы аяқталады.

– Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында ағымдағы жылы Абай ауданында қандай іс-шаралар атқарылды?

– Бұл бағдарламаның түпкі мақсаты – ұлттық бірегейлікті сақтап, ұлттың терең тарихынан бастау алатын рухани ұстанымды сақтап қалу екені белгілі.

Бағдарламаны тиімді іске асыру мақсатында Абай ауданы әкімі аппаратында арнайы іс-шара жоспары құрылып, жыл басынан бері 36 шағын және ауқымды іс-шаралар өткізіліп, жалпы 15 000 адам қамтылды. Бағдарламаның негізгі жобаларына тоқталып өтсек:

«Жомарт жүрек» бағдарламасын іске асыру бойынша табысқа жеткен азаматтар мен тұрғылықты елді-мекендерден шыққан кәсіпкерлердің есебінен жалпы құны 28 млн. теңгені құрайтын қайырымдылық акциялары ұйымдастырылды.

Атап айтқанда:

— Тәуелсіздік елді мекеніне 4000 бетперде таратылып, 770 отбасыға түгел азық-түлік себеттерімен қамтамсыз етілді.

— Наурыз айында ТОО «Шымкент құс» фабрикасының демеушілігімен 1,2 тонна тауық еті әлеуметтік әлсіз 214 отбасыға таратылды.

— Демеушілер есебінен «Біз біргеміз» акциясы аясында 3000 отбасыға азық-түлік себеттерімен көмек берілді.

— Сәуір айында демеушілер тарапынан 6 отбасының үй жалдау ақысы төленді.

— Жеке кәсіпкердің демеушілігімен 400 кг қара мал еті 168 мүгедек және аз қамтылған отбасыларына берілді.

— Сәуір айында коронавирус жұқпалы ауруын алдын алу мақсатында 13 775 отбасыға 365 000 бетперде таратылды.

— Сонымен қатар меценаттықты дамыту, әр өлкеден шыққан демеушілерді белсенді қолдау мақсатында 20-ден астам демеуші азаматтар аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталып, 5 азамат арнайы номинацияларға ұсынылды.

«Туған жер» патриоттық бағдарламасының «Өлке тану» бағыты бойынша Аудан көлемінде жыл басынан бері 24 сенбілік ұйымдастырылып, оған 19 500 адам қатысты. Тазалық жұмыстарында 1060 тонна қоқыс шығарылды.

Ағаш түптерін әктеу жұмыстарына 7 530 тонна әк жұмсалып, 24 153 ағаш түбі ақталды.

Ауданда санитарлық тазалық жұмыстарын жоғарғы деңгейде атқару үшін және аудан тұрғындарын тазалыққа ерекше көңіл бөлдіру мақсатында, аудан көлемінде аптасына бір рет «Тазалық – денсаулық кепілі», «Сенбілік сенің аулаңда» тақырыбымен сенбіліктер ұйымдастырылды.

Ағымдағы жылдың жетінші сәуірінен сегізінші сәуіріне қараған түні нөсер жауынның артынан жауған қардың салдарынан аудан бойынша ішкі орамдық көшелер мен көп қабатты тұрғын үй аулаларында барлығы 200 жуық үлкен талдар құлап, 1295 бұтақ сынды. Салдарынан электр сымдары мен интернет желілері үзіліп, тұрғын үйлерге кіре берістер мен автомобиль жолдарын жауып қалды.

Құлаған ағаштардың негізгі бөлігі ауданның орталық бөлігіндегі көпқабатты тұрғын үй аулаларында орын алды.

Ішкі орамдық көшелер мен көп қабатты тұрғын үй аулаларындағы талдарды бұтау, шөптерді ору жұмыстарымен айналысатын мердігер мекеменің анықталмауына байланысты, құлаған талдарды тазарту жұмыстарына әскери бөлімнен және санитарлық тазалықпен айналысатын мердігер мекемелерден күнделікті 120 адам мен 11 жүк көлігі жұмылдырылды.

Жалпы 14 850 м3 ағаш бұтақтарын қалалық қоқыс полигонына және жағдайы төмен отбасыларға тасымалдады.

«Ұлы даланың ұлы есімдері» арнайы жобасы аясында Ұлы Абайдың 175 жылдығы қарсаңында аудан аумағындағы 36 білім мекемелерінде «Абай бұрышы» орнатылды.

Сонымен қатар Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерей тойын жоғарғы деңгейде атап өту мақсатында арнайы жол картасы әзірленді.

Абай атындағы орталық кітапханада мемлекеттік тілге аударылған оқулықтарды таныстыру презентациялары мен қазақ халқы тарихының атаулы және ұмытылмас күндеріне арналған «Тарих. Тұлға. Тағылым» атты кітап көрмелері ұйымдастырылды.

– «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында елдегі цифрландыру жұмыстары жолға қойылғаны белгілі. Пандемияға байланысты болған карантин жағдайы цифрландырудың маңызы мен ауқымын айқындай түскендей. Осы орайда, Абай ауданында цифрландыру жұмыстары қай деңгейде жүзеге асуда?

– Цифрландыру бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында аудан тұрғындарының цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында Шымкент қалалық цифрландыру басқармасы, «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің Абай аудандық бөлімімен бірлесе жұмыс жоспары бекітіліп, жыл басынан бері аудан аумағындағы колледж және жоғарғы оқу орындарында 8 арнайы курстар ұйымдастырылып, 2300 адам қамтылды.

2019-2020 жылдары аудан аумағындағы 453 көп қабатты тұрғын үйлер мен 6880 жеке тұрғын үйлерге жаңа үлгідегі QR-code белгісі бар тақтайшалар орнатылды. Аталған жұмыстарға бюджеттен 26 347 800 теңге бөлінді. 2021 жылға 175 көшеге 13 596 тақтайша орнатуға 40 788 000 теңге қаржы бөлуге қалалық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасына ұсыным берілді.

Аудан әкімі аппараты ғимаратында өзіне-өзі қызмет көрсету орталығы ашылып, жыл басынан бері аталған орталықтан 3500-ге жуық мемлекеттік қызметтер көрсетіліп, 4000-ға жуық аудан тұрғындарына консультациялар берілді.

Ағымдағы жылы аудан аумағындағы шалғай орналасқан Көкбұлақ тұрғын алабын сапалы интернет желісімен қамтамасыз ету мақсатында «activ» және «Kcell» байланыс орталықтарымен келіс сөздер жүргізілді.

Сонымен қатар аудан аумағындағы Құрсай, Самал-3, Солтүстік саяжай шағын аудандары мен Алтынтөбе, Айкөл, Ақжар, Арғымақ, Ақтас тұрғын алабтарын интернет желісімен қамтамасыз ету мақсатында қалалық цифрландыру басқармасына ұсыныс берілді.

Елімізде жарияланған төтенше жағдайлар кезінде аудан аумағындағы 13 базарлар мен азық-түлік дүкендерін және т.б. кәсіпкерлік нысандарда «коронавирус» жұқпалы ауруының қолма-қол ақша арқылы тарауының алдын алу мақсатында, қолма-қол ақшасыз карта арқылы есеп айырысу тиімділігі және қауіпсіздігін насихаттау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Гүлнұр БАЙДУЛЛАЕВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *