АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ДАМУЫ — ӨҢІР ДАМУЫНЫҢ КҮРЕ ТАМЫРЫ

Экономика
756 Views

Түркістан облысы облысының ауыл шаруашылығы облыстың алдыңғы қатарлы салаларыныңбірі екені мәлім. Осы жайында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы менөркендеуінің негізі» Жолдауын және Елбасының «Қазақстанның әлеуметтікжаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» материалында айтылғанмәселелер мен тапсырмалардың ауылшаруашылығы саласында да алар орны ауқымды.Осы орайда біздің редакция аталмыш басқармада атқарылған іс-шаралар менжұмыстар жайында Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов мырзамен жолығып, басқарма жұмысымен танысып қайттық.

Әңгімені басқарма басшысы Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласы әлеуметтік-экономикалық маңызын айқындаумен бастады. Шаруа қожалықтары, фермерлер, егінші диқандар жағдайын жақсарту жолында басқарманың атқарған жұмыстары да орасан. 2018 жылы Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев қолдауымен Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданып аграрлық салаға мемлекет және қаржы институтары арқылы ауқымды қолдаулар көрсетілуде екені белгілі. Облыста бүгінде 71,8 мың шаруа қожалығы тіркелген. Республикадағы үлесі 33% құрайды. 2017 жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдауға 25 млрд. тг қаржы бөлінсе, биылғы жылы бұл көрсеткіш 34,1 млрд.тг немесе 36 % артқан. Жыл сайын 30,0 мыңга жуық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне мемлекеттік қолдау көрсетіліп келеді.

Егін шаруашылығында жеңілдетілген жанар-жағар май, минеральды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету, несие қаржылар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің көктемгі дала жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуіне айтарлықтай көмек болып отыр екен.Ағымдағы жылы дала жұмыстарына 76,2 мың теңге жанармай бөлініп, агроқұрылымдарға нарықтық бағамен салыстырғанда 18-20 теңгеге арзан жеткізілген.

Минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға 3,75 млрд теңге қаржы қарастырылып, тыңайтқыштың 500түрі бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне қолдау көрсетілуде.

Биылғы жылдың ерекшелігі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің сұранысына сәйкес, гербицидтерді субсидиялаумен қатар, ауыл шаруашылығы дақылдарын (бақша, мақта) зиянды организмдерден қорғау мақсатында сатып алынған пестицидтер мен инсектицидтердің 343 түріне, биогенттердің 3 түріне 50% қолдау көрсетіліп жатқанын Нұрбек Бадырақов мырза атап өтті.

Көктемгі дала жұмыстарына «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Түркістан облысы және Шымкент филиалдары арқылы 4,5 млрд.тг. несие бөлініп, 1 332 жоба қаржыландырылған. Несие қаржы жылына 6 пайызбен берілген.

Мал шаруашылығында жылына 4 мыңнан астам қожалықтарға қолдау көрсетілуде екен. Атап айтқанда: ірі қара және қойлардың селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарына 2500 теңгеден 15000 теңгеге дейін, сатып алған жағдайда 15000 теңгеден 225000 теңгеге дейін, мал бордақылау алаңдарына бұқашықтар өткізгені үшін тірілей салмағына 200 теңгеде, сиыр сүтін өндіргені үшін 1 килограмына 10 теңгеден 35 теңгеге дейін, құс етін өндіргені үшін 1 килограмына 50 теңгеден 200 теңгеге дейін субсидиялануда екен.

Жыл басында ауыл шаруашылығы министрлігіне сүт өндіру бағасын жоғарылату бойынша ұсыныстар енгізіліп, жұмыстар жүргізілген. Нәтижесінде сиыр сүтін өндіруге:

1) 600 бастан жоғары малға 35 теңгеден 45 теңгеге;

2) 400 бастан жоғары малға 20 теңгеден 30 теңгеге;

3) 50 бастан жоғары малға 10 теңгеден 20 теңгеге;

4) кооперативтерге 10 теңгеден 20 теңгеге жоғарылаған.

Басқарманың ұйымдастыруымен «Голден Кэмел Групп ЛТД» ЖШС жұмысының қуаттылығы 5 пайыздан 14 пайызға ұлғайған. Яғни, нәтижесінде күнделікті 5 мың тонна сүт өндіруден 14 мың тоннаға ұлғайғандығын көрсетеді.

Бордақылау алаңдарын қолдау мақсатында етті Қытай еліне өткізу үшін Ірі кәсіпорындарды экспорттаушылар реистеріне тіркеу жұмыстары жүргізіліп, ет экспортын арттыру бағыты жандануда екен.

Инвестициялық субсидия бағдарламасы бойынша 2019 жылдан бері 2967 жобаға 13,7 млрд. тг қолдау көрсетілген. Бұл жобалар арқылы салаға тартылған инвестция көлемі 67,7 млрд. тг құраған. Нәтижесінде 2019 жылы ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігінің индексі 108,5 % артып, бір жұмысшыға 1 млн. 981 мың тг. құраған. «Биылғы жылы бұл көрсеткішті 105 % жеткізуді жоспарлап отырмыз», – деп нақтылап атап өтті басқарма басшысы.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан халқына арналған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы жолдауында ауыл шаруашылығы – негізгі ресурс, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отырғандығын, органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер барлығын, суармалы жер көлемін кезең-кезеңмен 2 есеге ұлғайту, ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау ісінде шикізатқа негізделуден бас тарту, ауыл шаруашылығына шетелден инвесторлар тарту маңыздылығын атап өткен болатын.

Түркістан облысында суармалы жерлердің көлемі 542 мың га құрайды екен. Оның республикадағы үлесі 33 пайыз. Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында ағын су тапшылығын жою және суармалы жерлердің көлемін арттыру мақсатында бес ірі жобалар іске асыра бастапты.

Атап айтқанда:

«Түркістан магистралды каналын бетонмен қаптау»;

«Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасын салу»;

«134 дана тік ұңғымаларды қайта қалпына келтіру»;

«Түркістан магистралды каналына Сырдария өзенінен машиналық әдіспен су беру»;

«Шошқакөл көлдер жүйесін жаңғырту».

Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 195,4 млн. м3 ағын су АШТӨ-не қосымша жеткізілетін болады дейді басшы. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, сәйкесінше ауыл шаруашылығы өндірісі артады деп күтілуде.

Сонымен қатар 2019 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 5 су нысандары («Бөген» су қоймасы, «Қосқорған» су қоймасы, «Түркістан» магистралды каналы, «Арыс» магистралды каналы және «Қараспан» магистралды каналы) және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі бұйрығымен «Қараспан» су торабы облыстық меншікке қабылданды.

Жоғарыда аталған жобалар мен су нысандарын тиімді пайдалану, қорғау, күтіп ұстау, дамыту мақсатында облыс әкімінің қаулысымен «Бөген арнасы» мемлекеттік мекемесі құрылды. Аталған су нысандарын тиімді пайдалану Түркістан облысы Ордабасы, Отырар, Бәйдібек аудандары және Арыс, Кентау қаласы өңірлерінің 78,8 мың га суармалы жерлерін ағын сумен тұрақты түрде уақытылы қамтамасыз етуге мүмкіндіктер береді. Сонымен қатар 2020 жылы облысымызда 16 каналға (Кентау қаласы: Р-28-1, Р-29, Р-29-1, Р-29-2, Р-30, Р-39-1, Оң жағалау канлдары және Шорнақа/о 34 ТДҰ, Жібек-Жолы а/о 40 ТДҰ, Сарыағаш ауданы; Қожахан, Сұрым каналдары, Келес ауданы; Араншы-1 каналы, Сайрам ауданы; Көтерме каналы,Отырар ауданы; Р-1 каналы, Созақ ауданы; Суындық каналы және Түркістан магистральды каналын)күрделі жөндеу жұмыстары және 4 нысанға (ТМК, АМК, КМК, Бөген су қоймасы) ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы қаралып, тиісті жұмыстар атқарылуда екен.

Сондай-ақ, басқармаға қарасты «Тұран су» ШЖҚ МКК-ның өз қаражаты есебінен Ордабасы ауданындағы 19 каналға механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп, 51 шақырымы толық тазаланған. Нәтижесінде 9953 га жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарып, 157 шақырым канал бетондалады деп жоспар түзілген.

Мақтарал, Жетісай өңірлерінде вегетациялық кезеңдегі жыл сайын туындайтын ағын су тапшылығын шешу мақсатында, облыс әкімінің бастамасымен және ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев қатысуымен Түркістан облысынан арнайы делегация а.ж. шілде айының 2-3-ші жұлдызында Өзбекстан Республикасында іс-сапарда болған. Нәтижесінде Өзбекстан Республикасы тарапынан «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы шілде айында 80 м³/сек, тамыз айында 70 м³/сек су жеткізуге келісімге келіп, бүгінде ағын сумен қамтамасыз етілуде.

Бұдан бөлек, Шардара су қоймасынан машиналық әдіспен қосымша 14,9 м3/сек су беріліп, мәселе шешілген. Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау ісінде өңделген өнім үлесін арттыруға басымдылық берілген.

2019 жылы 233,5 млн. АҚШ долларын құрайтын ауыл шаруашылығы өнімдері экспорталып, тиісті кезеңмен 4,2 есеге артқан. Оның ішінде өңделген өнім көлемі 81 млн. АҚШ долларын құраған. Ағымдағы жылдың 6 айына 50 млн. АҚШ доллары өңделген өнімдер экспортқа жөнелтілген (құс еті, ет және ет өнімдері, макарон, шырын консервілер, өсімдік майы, ұн, мақта талшығы).

Соңғы жылдары шетелдік инвестициялар есебінен ірі жобалар іске асырылуда екен.  2018 жылы Түркістан қаласы Қытай инвесторларының қатысуымен «Golden Camel Group» ЖШС-гі жалпы құны 6,9 млрд.тг құрайтын «Түйе сүтін қайта өңдеу зауыты» жобасы іске қосылған. Бәйдібек ауданында «Жасанды жолмен дуадақ өсіру» жобасы Араб инвесторы Шейх Халифа Бен Зайд Аль-Нахайянның қолдауымен іске асырылған. 2016-2018 жылдары жобаның үшінші кезеңін жүзеге асыру мақсатында 13 млрд. тг инвестициясы тартылған. Шардара ауданында 6 млрд. тг жуық шетел инвестициясы тартылып екі мақта өңдеу зауыттары құрылысы жобалары жүзеге асырылған. Бірінші «International company of Cotton» ЖШС-гі 5,5 млрд. тг қытай инвестициясын, екінші «Айқажы» ЖШС-гі 890 млн. тг Өзбекстан инвестициясын салаға тартып отыр.

Шетел инвесторларының өңірде жабық топырақта көкөніс өсіруге қызығушылықтары артуда екен. 2019 жылы Сайрам ауданында 7,9 млрд. тг польша инвестициясы есебінен «ECOINVEST S.A» ЖШС «20 га жылыжайлар кешені құрылысы» жобасы іске асырылған. Сондай-ақ, Ресейлік «Эко-Культура» компаниясы Келес ауданында жалпы құны 1,1 млрд. АҚШ долларын құрайтын «500 га заманауи жылыжайлар кешені» жобасын жүзеге асыру жоспарлануда.Инвесторларға мемлекет тарапынан барлық қолдаулар инфраструктура, несие/субсидия тағы басқа жеңілдіктер қарастырылуда екен.

Баршамызға белгілі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» тұжырымдамасын жария етті. Тұжырымдамада халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, әл-ауқатын арттыруға ерекше назар аударылып, Үкімет алдына таяу мерзімде жүзеге асыру үшін 20 тапсырма жүктеді. Осы арқылы Елбасы біздің қоғамда азаматтарды еңбекпен қамту, жұмыспен қамту қазіргі ең басты міндеттердің бірі екенін атап көрсетті. Елбасы бұл істі шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту арқылы шешуге болатындығын баса айтты.

Ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарына жылдық 6 пайызбен несие беруді жүзеге асырып келеді. Бұл бағдарламаның мақсаты – шағын қалалар мен ауылдық елді мекендерде, кәсіпкерлердің өз кәсібін ашу және кеңейту жұмыссыздықты азайту. 2019 жылы аталған бағдарламаға бюджеттен 8,2 млрд. теңге бөлініп, 2193 жоба бойынша жаңадан 2542 жұмыс орны ашылған.Ағымдағы жылдың 7 айында 2,6 млрд. Теңге 605 жобаға несие беріліп 674 жаңа жұмыс орны ашылған. Несие қаржы жылдық 6 %-бен 7 жыл мерзімге дейін берілетін болады. Сондай-ақ, «ҚазАгро» АҚ еншілес мекемелері арқылы АШТӨ-н несиелендіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде екен.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы саласын дамытып ауыл ашруашылығынла еңбек өнімділігін арттыру мақсатында 3 негізгі бағытты дамытуға басымдылық беріліп отыр.

Бірінші бағыт – агроқұрылымдарды ірілендіре отырып, өндіріске заманауи озық технологияларды енгізу. Бұл бағытта, «Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспарына» сәйкес, Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру аясында 1458 шаруа қожалықты 9 кооперативтерге біріктіріп, техникамен қамтамасыз ету және 11 мың га жаңбырлатып суару технологиясын ендіру жоспарланған.Бүгінгі таңға 886 га жаңбырлатып суғару технологиясы ендіріліп, 733 га (сүрлемді жүгері, күздік бидай, жоңышқа, пар, көкөніс, бақша, мақта, картоп, бау) дақылдар егілген. Технология тиімділігі ағын суды 2 есеге үнемдеп, өнімділікті 3-4 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін жаңбырлатып суғару қондырғылары қосымша 975,6 га орнатылады («Ынтымақ Агро XXI» ЖШС – 516,6 га, «SPK Sauran» АШӨК – 459,0 га), жалпы көлемі 1862 га жеткізіледі деді Нұрбек Бадырақов мырза.

Екінші бағыт – бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу жобасын ендіру.

Облыстың табиғи-климаттық жағдайы, мүмкіндігі ескеріліп, 2019 жылы «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы қолға алынған болатын. Нәтижесінде 2019 жылы 3,0 млрд теңгеге 107 жоба іске асып, 9,0 млрд теңге болатын ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген. Қосымша 364 жұмыс орны ашылған.

Тәжірибе көрсеткендей, жобаның тиімділігі яғни 2-2,5 есе артық өнім алуға болатындығын көрсетті. Биылғы жылы 128 ауыл округінен 5,2 мың га құрайтын 1 928 жоба іске асырылып, бірінші өнімнен 141 мың тн ( оның ішінде басым көпшілігі қырыққабат 98,4 мың тн, қызанақ 2,8 мың тн, қияр 2,9 мың тн, картоп 7,2 мың тн, қарбыз 4,4 мың тн өнімдері ) өнім жиналған. Бүгінгі таңда аталған жобаның екінші өніміне дақылдар толықтай егіліп, 4,9 мың га орналастырылған.

Үшінші бағыт – жеке қосалқы шаруашылықтардың ауласына тамшылатып суғару технологиясын ендіру арқылы ерте пісетін көкөніс, картоп, бақша өнімдерін өндіру.

Аталған технология әлемде ауыл шаруашылығы өнімін өндіруден, экспорттаудан үздік елдердің бірі – Израиль мемлекетінде кеңінен ендірілген. Бұл жоба көп балалы аналарды, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларды жұмыспен қамтуда, жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. 10 соттық жерге тамшылатып суғару мен агротехникалық шығындарын қоса есептегенде 462 мың теңге шығын жұмсап, жалпы 850 мың теңге табыс табуға болады екен. Жобаны «Еңбек» бағдарламасымен бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант (530,0 мың тг.) есебінен қаржыландыруға болады. Қазіргі таңда, 287 жоба оның ішінде 105 жоба грант негізінде іске асырылған.

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласының Республикадағы орны ерекше екені мәлім. Республикадағы жалпы өнімі көлемінің 14% Түркістан облысына тиесілі. Өндірілген өнімдер бойынша мақтаның — 100 %, жүзімнің — 72,5 %, бақшаның – 60 %, жеміс-жидектің 36 %, мақсарының 43,4 %, көкөністің — 24 %, жүгерінің — 21 %, сүттің — 13,5 %, еттің — 12,3 %-ы өңірдің үлесінде. Сонымен қатар озық технологиялар қарқынды бау (3,5 мың га), жылыжайсалу (1178 га), тамшылатып суғару әдісін еңгізу (20,0 мың га) бойынша облыс алдынғы қатарда келеді.

Бұл алдағы уақытта облыстың Республика халқын негізгі көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ететін негізгі Орталыққа айналу әлеуетінің жоғарғы екенін көрсетеді.

Ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларына ауыл шаруашылығы жалпы өнімі 235,6 млрд. тг құрап, өткен жылдан 22,8 млрд.тг артқан. Тамақ өнімдерін өндіруде негізгі капиталға 3,2 млрд.тг инвестициялар тартылып, тиісті кезеңмен 105,9 % артқан. Ауыл шаруашылығы негізгі капиталына 12,3 млрд. тг инвестициялар тартылған.

Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылдан 17,0 мың гектарға (2019 ж. – 829,1 мың га) артып, 846,1 мың гектарға орналастырылған.

Егістікті әртараптандыруға сәйкес, биылғы жылы масақты және мал азықтық дақылдарғакөңіл бөлінген. Өткен жылмен салыстырғанда масақты дақылдардың егіс көлемі 18,7 мың га артып, 250,5 мың га орналастырылған (2019 ж. – 231,7 мың га). Мал азықтық дақылдар 11,5 мың га артып, 212,7 мың га құраған екен.

Бүгінгі күнге, 543 мың тн. дәнді дақыл, 264 мың тн. картоп, 1005,0 мың тн. көкөніс, 1399,0 мың тн. бақша және 120,0 мың тн. жеміс-жүзім жиналып отыр.

Өсімдік шаруашылығы экспорты бойынша 320 мың тн бақша-көкөніс өнімдері Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы мен солтүстік облыстарға жөнелтілсе, 640 мың тн өнім Ресей, Беларуссия, Латвия елдеріне экспортталған.

Жоспарланған 3,7 млн тн мал азығының 3,5 млн тн, яғни 94% жиналды.

Мақта дақылы 125,8 мың га егіліп, түсімділігі 26,3 ц/га-дан, 330,7 мың тн шитті мақта жинау жоспарлануда (О.і: Мақтарал ауданы 38,0 мың га; Жетісай – 48,9 мың га). Мақта теру науқаны ағымдағы жылдың 10 қыркүйегінен басталады.

Бүгінгі таңда, облыста «Егіс алаңынан сауда қатарына дейін» кооперациялық тізбектерді дамытудың пилоттық жобасын іске асырылуда. Үкімет резервінен бөлінген 1 млрд. тг қаражатқа сатып алынатын 10 тауар түрінің көлемі мен сомасы нақтыланған. Несие қаржы жылдық 0,01 пайызбен сауда желілері мен ірі АШТӨ-не беріледі. Бағдарламаның операторы «Turkistan» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-мы. Қазіргі таңда сауда желілері және облыстағы пилоттық жобаға қатысатын ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің тізімі жасақталып тиісті жұмыстар ұйымдастырылуда. Пилоттық жобаға қатысуға 73 АШТӨ-і қызығушылық танытуда (21 ет өңдеу, 2 құс өндіру, 3 жұмыртқа өндіру, 12 сүт өндіру, 35 жеміс-көкөніс өндіру).

Мал шаруашылында ірі қара мал саны 5,6% — ға (1 129,9 мың бас),қой мен ешкі 4,8% — ға (5042,3 мың бас),жылқы 9,3% — ға (372,9 мың бас),түйе 16,0% — ға (34,9 мың бас) ұлғайған.Сәйкесінше сүт өндіру 104,5% — ға артып, 472,5 мың тн, жұмыртқа 14,0% — артып, 130,7 млн.дана өндірілді және ет өндіру 121,5 мың тн. өткен жылдың көлемінде өндірілген. Мал шаруашылығы өнімділігін арттыру үшін ауыл шаруашылығы жануарларын асылдандыру маңызды. Осы орайда, қолда бар ірі қара аналықтың (446,2 мың бас) 37,6 % асыл тұқымды бұқамен түрлендіріліп, қатысу үлесі жөнінен Республикада – 2 орын болса, қойдың (2,2 млн. бас) 13,4 % асыл тұқымды қошқарлармен түрлендіріліп, Республикада – 1 орында. Сонымен қатар 33 агроқұрылым шетелден 4767 бас асыл тұқымды ірі қара мал сатып алу үшін несиелендіруге құжат тапсырылып, бүгінгі күнге 2891 басы облысқа жеткізілген. Өңірде 1000 бастан жоғары 21 мал бордақылау алаңдары(сыйымдылығы 38,2 мың бас), 400 – 1000 бас аралығында 18 мал бордақылау алаңдары (сыйымдылығы 8,0 мың бас), 50 – 400 бастық 82 шағын мал бордақылау алаңдары (сыйымдылығы 9,8 мың бас) және 10 – 15 бастық 10265 отбасылық алаңшалар (сыйымдылығы 113,0 мың бас), жұмыс жасап жатыр. Аталған бордақылау алаңдарында 153,5 мың бас бұқашық бордақылануда екен. Ет өткізу нарықтарын анықтау мақсатында, «Қайып ата» ЖШС-гі зәкірлі кооператив болып айқындалған. Қазіргі таңда, Қытай Халық Республикасына ет экспорттаушылар тізіліміне енгізу жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Бұл өз кезегінде облыстағы барлық мал бордақылау алаңдары бұқашықтарды зәкірлі кооператив арқылы экспортқа сатуға мүмкіндік береді.

Түйе шаруашылығын дамыту бойынша «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 3 өтінім 1028 басқа мақұлданып, 7 өтінім 249 басқа құжаттары қаралуда. Сонымен қоса өз қаражатымен 47 агроқұрылым түйе басын сатып алған. Оның ішінде: 36 шаруа қожалық өз облысымыздан 1399 бас, 3 шаруа қожалық Жамбыл облысынан 1255 бас, 11 шаруа қожалық Қызылорда облысынан 292 бас, 1 ШҚ Қарағанды облысынан 20 бас сатып алып отыр.

Байқасаңыздар, Түркістан облысының ауыл шаруашылығы даму үстінде. Жас та болса бас болған Бадырақов мырзаның ұйымшылдықпен атқарып жатқан жұмысы халық шаруашылығының маңызды құрамдас бөлігінің дамуын көрсетіп тұр. Оңтүстік өңірі қашанда ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруде көш басында болған. Бұл орайда шаруаның жағдайын жасап, кедергілерін шешіп отырса, олардың алар асуы орасан зор. Ауыл дамыса, шаруа байыса, облыс, қала тоқ болады. Ендеше, ауыл шаруашылығына көзқарас ауыл тұрығндарына деген көзқарастың жарқын бейнесі бола бермек.

Қуанышбек БОТАБЕК.

Шымкент — Түркістан — Шымкент.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *