АУЫЛ БИЛЕРІ ТАТУЛАСТЫРУШЫ РӨЛ АТҚАРУДА

Қоғам Құқық
1 029 Views

Қоғамның, ұлттың ең маңызды бөлшегі – отбасы десек, сол отбасыны сақтап қалу әрбіріміздің басты міндетті қағидамыз болуы шарт. «Отан – отбасынан басталатыны» баршаға белгілі. Отбасылық дау-жанжалдың заң кеңістігіне түсіп, нәтижесінде отбасының ыдырауының, көптеген жағымсыз себеп-салдар туындауының алдын алу аясында жасалған Қазақстан Республикасының «Татуласу: сотқа дейін, сотта» атты қанатқақты жобасын іске асыру, аудандық билер кеңестерінің ұйымдық жұмыстарына көмек көрсету, олармен кездесулер өткізіп, дау-дамайлардың деңгейін төмендетуде билердің орны елеулі екенін барынша дәріптеу мақсатында Шымкент қаласындағы Еңбекші аудандық сотының ұйымдастыруымен аудан әкімдігі ғимаратында кездесу жиыны болып өтті.

Жиынға Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Досалы Жайлауұлы, осы аудандық сотының судьясы Қайрат Болатұлы, бас маман заңгер Құрмет Сейдуллаұлы, ауыл билері мен кәсіби емес медиаторлар және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

Бұқара халықтың санасын өзгертіп, қоғамдағы даулы мәселелер деңгейін төмендету және дауларды келісім арқылы тиімді шешу мүмкіндіктерін арттыруды көздеген бұл шараны Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Досалы Жайлауұлы кіріспе сөзбен ашты. Мәселенің маңыздылығын қысқаша айта келе судья Қайрат Ізбасаровқа сөз берді.

– Еңбекші ауданына қарасты аумақтарда ауылдық округтерде билер кеңестері құрылған. Олардың қызметі уақыт талабына сай. Билер кеңесі соттан тыс медиацияны дамыту және қоғамдағы дау-жанжалды жағдайлардың деңгейін азайту жолында қажеттілікке айналып отыр. Осы кеңестердің құрамында зиялы қауым өкілдері, беделді адамдар мен қадірлі қарттар бар. Олар бұл күндері негізінен көршілер, ерлі-зайыптылар мен ағайын-туыс адамдар арасындағы дау-жанжалдарды шешуге белсене араласуда. Ауыл ақсақалдарының тараптарға жанашырлықпен айтқан ақыл-кеңестерінің арқасында, тіпті, шиеленісті деген дау-дамайлардың өзі жөнімен шешілуде. Бұл қанатқақты жобалардың, соның ішінде «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасының соттан тыс татуласу рәсімдерін іске асыруда маңызды рөл атқарып отырғанын көрсетеді. Міне, осылайша 2018 жылы 200 дау сотқа жеткізілмей, тараптардың татуласуы арқылы шешілген. Алдағы уақыт еншісінде де ауыл билерінің үлесі мол болады деген ойдамыз.

Рәсімдеріміз бар, тәртіптеріміз бар, ауылдың үлкендерінің сөзіне құлақ асу, қарсы шықпау деген бар. Сол себепті бүгінгі таңда ауыл билерінің жұмыс істеуі, халықпен кездесуі маңызды мәселе болып отыр. Енді медиатор немесе ауыл билері болсаңыздар, қызметтеріңізді, қалай жұмыс істеу керек екенін білесіздер. Оны ұйымдастыру бойынша сұрақтарыңыз, пікірлеріңіз болса, ортаға сала отырыңыздар, – деп сөзін жалғастырды.

Бізде Жоғарғы сотпен алға қойылып отырған басты мәселе 2017 жылмен салыстырғанда 2018 жылы үш-төрт еселеп өскен. Бәріміз білеміз, адамзат үшін заңда да көзделген, Ата Заңда да көрсетілген мемлекеттің ең маңызды бөлшегі – отбасы, жанұя. Отбасылық дау-жанжалға жан-жақты әсер ететін факторлар бар. Алайда, Сіздерде осындай тұрғындар, отбасылар арасында туындаған даулар бойынша қандай қиын мәселелер туындап жүр?

Соттың ғимаратында «фронт офис» ашылған. Ол жерде татуластыру бөлмесі, медиатор, адвокаттар бар. Егер татуластыру бөлмесінде отырамын, қатысамын, дау тудырушы тараптарды татуластырамын дейтін болсаңыздар, Сіздерге әрдайым есік ашық. Өзара кесте жасап немесе келісіп, белгіленген уақытта келіп, сотта отырсаңыздар болады. Бұл ұсынысқа медиаторлар мен ауыл билері өз келісімдерін білдірді.

Жиында сөз алған бас маман, заңгер Құрмет Сейдуллаұлы: «Аудан бойынша бізде кәсіби емес медиаторлардың тізімі жасақталған. Тізім құрамында 25 адам бар. Жыл сайын өтініштер бойынша жаңартылып отырады. Бізде медиаторлардың кабинеті бар. Арнайы келіп, жұмыс істеймін деушілерге әкімдікте де жағдайлар жасалған және әр аумақта да әкімдіктің бөлімдері бар. Татуластыру рәсімдерін шешкілеріңіз келсе, әкімдік бөлімдерінің арнайы мамандарымен жұмыс атқарсаңыз да болады», – деп ақпарат беріп өтті.

Базарқақпа тұрғын алабының медиаторы Ф.Мерходжиев: «Татуластыру рәсімдеріндегі қиындық туындататын мәселе жергілікті тұрғындардың бізді танымауы, медиацияны білмеуі. Сол себепті де біз куәлік мәселесін шешіп беруді өтінген едік. Біздің сұранымға қандай жауап болады? – деп сауал қойды. Бұл сауалға Еңбекші ауданы әкімдігінің заңгері Құрмет Абдуллаев «Сіздердің қолдарыңызда Еңбекші ауданы әкімінің өкімімен кәсіби емес медиатор деп тіркелген өкім қағаздарыңыз бар, әзірге біздің құзырымызда осы ғана» деп жауап берді.

Жұлдыз ауылдық округінің медиаторы М.Қарақожаев:

«Біздің ауылдың арыз жазғыш бір тұрғыны бар. Шағым жазбаған жері жоқ. Оның арыздану себебі мынау: «Үйімнің жанынан көлік өткізбеймін, ұйқы бермейді» дейді. Сұрайтыным, соттың осындай адамдардың арыз-шағымын қабылдамай қоюына болады ма?

Бұл сауалға Қайрат Ізбасаров:

«Сотқа арыз түскеннен кейін оны қабылдау қажет. Арнайы кеңседе қабылданған арыз судья қарауына жіберіледі. Сот оған заң талабы шеңберінде жауап беруі тиіс», – деп барлық арыздың заң жүзінде тең дәрежеде қаралатынын жеткізді.

Одан әрі жиынға қатысушылар татуласу рәсімдерін дамыту шараларын талқылады. «Татуласу: сотқа дейін, сотта» қанатқақты жобасын іске асыру аясында татуласу рәсімдерін қолдану тәртібі, медиацияны дәріптеу, халық арасында түсіндіру, республика бойынша қайта құрылған Татуласу орталықтары қызметінің келешегі мен мүмкіншіліктерін ұғындыру болды.

Жиын соңында ауыл билері судья Қайрат Болатұлына алғыстарын айтып, осындай жиындар көптеп болса деген ниетін білдірді. Іс-шараның қатысушылары ел арасындағы ұсақ-түйек даулы мәселелерді сотқа жеткізбей шешіп, бітімгершілік жасауға бар күштерін салатын болып уағдаласты. Бұл мақсатта халық арасында медиаторлар мен ауыл билерінің беделін арттырып, ақпараттық насихат жұмыстарын жандандыру қажеттігі де ұсынысқа енгізілді.

А. СӘКЕНҚЫЗЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *