БАБАЛАР РУХЫНА БАҒЫШТАЛДЫ

Қоғам
981 Views

Ежелден-ақ қазақ деген халыққа ғана тиесілі сайын даламыз сыртқы және ішкі жауларымыздың көзқұртына айналғаны баршамызға мәлім. Сол жалпақ жонды сары даланы қаһарман ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен аман сақтап, қасықтай қаны қалғанша қорғап келді.

Өзіміз бала күннен ата-апаларыңыздың ауызекі әңгіме жырларынан естіп өскен Алпамыс, Қарақыпшақ Қобыланды, Ер Тарғын, Қарақасқа атты Қамбар батырлар осы туған жерді қорғаудағы ерен ерлік істерімен ел аузында қалды. Сонау 300 жылдық тарихы бар қазақ-жоңғар шапқыншылығы кезінде де ерен ерлік көрсеткен Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Албан Хангелді мен Райымбек, Сатай мен Бөлектермен бірге Көкшетау өңіріндегі Құлшынбай жотасында құшақтары айқасып, қатар жатқан қаһарман Қарасай батыр Алтынайұлы мен Ағынтай батыр Көрпеұлының ерлігі ұлтымызға ұран, халқымызға қанатты қағида болып қалғаны да ақиқат шындық.

Батыр бабаларымыздың әрқайсысы елі мен жерін даудан да, жаудан да қорғап, бүгінгі тәуелсіздігімізге жету үшін қасық қандары қалғанша айқасты. Мінеки, Сіздер мен біз шын мәнінде сол даңқты ата-бабаларымыздың ерлікке толы қаһармандық жолын жадымызға тоқып өскен жас ұрпақпыз. Биыл есімі елге танымал, ерлікке толы жолдары жыр сүлейлері, ақиық ақындар – Сүйінбай мен Жамбылдың өлмес, өшпес жырларына арқау болған даңқты Қарасай батырдың туғанына 420 жыл толып отыр. Қос батырдың елі мен жерін жаудан қорғау барысындағы өнегеге толы ерлік істері мен құшақтары ажырамаған адал достықтары күні бүгінге дейін үлкен құрметпен айтылады.

Осыған орай батыр бабамыздың бір топ ұрпақтары ортақ мәмілеге келіп, жалпақ жұрттың ұранына айналған Қарасай батырдың басына арнайы сапарлап барып қайтты. Зиярат етушілердің құрамында Алматы облысы Жамбыл аудандық мәслихатының хатшысы Саят Жұрын, ел ақсақалы, Кербұлақ ауданы, Шоқан ауылының тумасы Нұртай қажы Айдынбайұлы, Қазақстандағы «Гюдзу-ру карате Майбукан» ассоциациясының вице-президенті Ермек Зейноллаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері Манарбек Ізбасаров, «Атырауэкопласт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жабдықтаушысы Алмас Қырғызбаев сияқты баба ұрпақтары болды.

Екі күнге созылған сапар барысында олар батырлардың басына барып мінәжат етіп, арнайы құрбандық шалып, қос батыр мен олардың төңірегінде жатқан ұрпақтарына және серіктеріне Құран бағыштады. Оларды құрметпен күтіп алған Қарасай және Ағынтай батырлар мемориалдық кешенінің шырақшысы Исамедин Ниязұлы Омар қажы батырлар жатқан атақты Құлшынбай төбесіндегі ғажап ескерткіштің салынуы жайынан біраз сыр шертті. Кесене батыр бабалардың жатқан жайы толықтай анықтағаннан кейін осы жерге 1999 жылы баба ұрпақтарының бірі Қайрат Сатыбалды мырзаның басшылығымен салынған екен. Тек қана батырлардың қос кесенесі ғана емес, олардың төңірегінде жатқан үлкенді-кішілі қорымдардың бәрі түгелдей қоршалыпты. Соған қоса осы қорымда жерленген Қарасай батырдың 1648 жылы дүниеге келіп, 1678 жылы 23 жасында қайтыс болған қос құлыны – Еркін мен Төркіннің басына мәрмәр тастан белгі қойылды. Оған Қарасай бабамыздың: «Өліп көрген жоқпын, одан басқаның бәрін көрдім десем, әлі көрмегенім көп екен ғой…» — деп қос боздағының қазасына қайғырғанда айтқан сөзі ойып жазылыпты.

Осы қасиетті мекенде 2000 жылдан бері шырақшы болып, қос батырдың басын күзетіп келе жақтан Исамедин қажы бабалар басына келіп тәу етушілерлердің күні бүгінге дейін бір сәтке толастамайтынын айта келе қанша дегенмен желдің өтінде, арқырай соғатын Арқаның қарлы бораны мен ақ жауынының өтінде тұрған кесененің осы заманғы кірпіштерінің ептеп қожырай бастауына орай мұнда күрделі жөндеу жұмыстарының басталып кеткенін айтып өтті. Оны Батыс Қазақстан облыстық «Қазреставрация» акционерлік қоғамының (бастығы Сәдуақас Ағатаев) бастаған құрылысшылары жүргізіп жатқанынан да хабардар етті. Әруақтарға көрсетіліп жатқан мұндай үлкен құрметке зиярат етушілер бүкіл баба ұрпақтары атынан үлкен алғыстарын айтты.

«Әділет-ақпарат».

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *