БАЙТАҒЫМЫЗДЫҢ БАСТЫ ЗАҢЫ

Қоғам
932 Views

Өркениетті қоғам конституциялық заңдылыққа бағына отырып дамиды. Мемлекеттүрлері көп болса да олардың конституцияда мемлекеттік құрылым түрлері (унитарлық, федерация немесе конфедерация), мемлекетті басқарудың (монархияәлде республика) формалары анықталады, мемлекеттің жоғары органдарыныңқұрылымы, азаматтардың негізгі құқықтары, бостандықтары мен міндеттері көрсетіледі.Мемлекет пен қоғамның Негізгі Заңы ретінде Конституция бүкіл заң шығару ісініңқайнар көзі болып табылады. Өзге нормативтік актілердің бәрі Конституцияныңережелеріне негізделіп қабылданады. Сондықтан, оның басқа нормативтік актілердекездеспейтін өзіне тән белгілері болады.

Конституция (латын тілінде constitutio – құрылу, өкім) – қоғамдық және мемлекеттік құрылыс негіздерін, мемлекеттік органдар жүйесін, олардың түзілу реттілігі мен қызметін, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын мемлекеттің Негізгі заңы. Конституцияның мәні мемлекеттің негізгі заңдылық мүдделеріне, халықтың шын мәніндегі еркіне сай келуімен және құзыреттілігімен айқындалады.

«Конституция» деген сөздің латын тілінен аудармасы «құрылғы», «жарғы», «заң» деген мағыналарды білдіреді. Ежелгі Римде император билігінің кейбір актілері осылай аталған. Ең бірінші Конституция дүние жүзінде 1787 жылы қабылданып, осы күнге дейін қолданылып келе жатқан Америка Құрама Штаттарының Конституциясы болып табылады. Еуропада бірінші Конституциялар 1791 жылы Франция мен Польшада қабылданған. Конституцияның басқа құқықтық нормативтік кесімдерден мынадай ерекшеліктері бар екенін айта кету керек:

· Қоғамдық қатынастардың негізін қалайды;

· Құқықтың негізгі бастауы болып табылады;

· Ең жоғарғы заңдылық күші бар;

· Оның ерекше тәртіппен қабылдануы;

· Тұрақтылығы.

Конституцияны жасауға саясатшылардың, философтардың, әлеуметтанушылардың, құқықтанушылардың, мәдениеттанушылардың, тарихшылардың, экономистердің, өзге де мамандық иелерінің және қарапайым халықтың бірнеше ұрпағы қатысады. Оның жасалу үрдісі кейде ондаған жылдарға созылуы мүмкін. Сондықтан, мемлекеттік даналықтың жинақталған нышанының көрінісі ретіндегі Конституцияны қабылдау аса зор жауапкершілікті қажет етеді. Бүкіл қоғамның тағдырын айқындайтын Негізгі Заң болғандықтан, Конституцияға өзгеріс енгізу реттілігі де өте қатаң және ондай әрекет жиі қайталана бермейді. Батыстың классикалық демократиялық кейбір елдері жүздеген жылдар бойы Конституцияларын өзгертпей, орнықты өмір сүріп келеді.

Қазақстан Республикасы құрылған кезден бастап бірталай құқықтық актілер қабылданып, жаңа мемлекеттің заңды негізін қалай бастады. Оларға жататындар:

1. Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы.

2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы заңы.

3. 1993 және 1995 жылдардағы Қазақстан Республикасының Конституциялары.

Аталған конституциялық кесімдер Қазақстанның тәуелсіздігін, дербестігін жариялап, демократиялық, құқықтық мемлекет құрудың негіздерін қалады.

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Конституциялық заң қабылдап, Қазақстанның халықаралық құқықтық субъект ретінде жария етілуі елдің тәуелсіздік мәртебесіне сай заңын – Конституциясын қабылдау қажеттігін туғызды. 1993 жылы 28 қаңтарда тәуелсіз Қазақстан Республикасының Негізгі Жаңы – Конституциясы қабылданды.

1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдады. Онда мемлекеттік және қоғамдық құрылыстың ұйымдастырылуы және болашаққа бағдар ұстай отырып, қызмет ету ұстанымдары белгіленген. Адамның және азаматтың конституциялық мәртебесі, бүкіл халықтың мәртебесі, мемлекеттік билік пен мемлекеттің әлеуметтік базасының қайнар көзі ретіндегі адам мен азаматтың құқықтары, бостандықтары және міндеттері баян етілген. Қазіргі уақытта негізгі құқықтық құжат – Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 30 тамызда өткен республикалық референдумда қабылданған Конституциясы. Ол Тәуелсіздік кезіндегі Конституциялық заңдарды тұжырымдап, бір арнаға келтірді. Жаңа Конституция демократиялық мемлекеттің Ата Заңы деп жарияланды.

Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар республикалық референдум арқылы енгізілуі мүмкін. Былайша айтқанда, халық Конституцияны қабылдап қана қоймайды, ол Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселені де шешеді. Референдум өткізу жөнінде шешімді Президент қабылдайды. Егер Президент Конституцияға өзгертулер мен түзетулер енгізу мәселесін Парламенттің қарауына беру туралы шешім қабылдаса, онда референдум өткізілмейді. 1998 жылы Конституцияға өзгертулер мен түзетулер енгізу осылай жүзеге асты.

Қазақстан Республикасының Конституциясы тоғыз бөлімнен, 98 баптан тұрады. “Жалпы ережелер деп аталған І бөлімде Қазақстан Республикасының саяси сипаттамасы, қызметінің түбегейлі ұстанымдары көрсетілген; Президенттік басқару нысаны, құқықтың қолданылуы айқындалған; идеологиялық және саяси алуандылық, меншікке қатысты қағидалар тұжырымдалған. Қазақстан Республикасы Конституциясында *Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық” деп жарияланған.

Адамның құқықтары, бостандықтары мен міндеттері, азамат және азаматтыққа байланысты ережелер “Адам және азамат” деп аталған ІІ бөлімде жинақталып берілген. Қазақстан Республикасы Конституциясы бойынша заң мен сот алдында жұрттың бәрі бірдей; азаматтардың өмір сүруге, жеке бас бостандығына, еркін қоныс аударуына, саяси бірлесуге, еңбек етуге, меншік иесі болуына, денсаулығын сақтауға, ұждан бостандығына, білім алуға, тағы басқаларға құқығы бар. Адамды қорлауға болмайды, ары қорғалады. Сонымен қоса-қабат әрбір азамат өзіне тиісті конституциялық міндеттерін де абыроймен атқаруға тиісті.

ІІІ бөлімде Президенттің, ІV бөлімде Парламенттің, V бөлімде Үкімет құрамдарының жасақталуы, сайлану және тағайындалуы мерзімдері мен заңдары, өкілеттіктері, атқаратын қызметтері, түрлі саяси ахуалдағы әрекеттерінің бағыттары, өзге органдармен байланыстары, ел экономикасын дамыту бағытында атқаратын жұмыстары, ішкі-сыртқы саясатты айқындап жүргізуі, тағы басқалар баяндалған.

VI бөлімде Конституциялық Кеңестің құрылуы мен қызметінің бағыттары, VII бөлімде соттар мен сот төрелігінің жасақталуы, атқаратын қызметінің мазмұны мен реттілігі туралы айтылған. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару ережелері VIII бөлімде тұжырымдалған. Соңғы IX бөлімде қорытынды және өтпелі ережелер берілген.

Конституцияның маңызды ерекшелігі – ол бір жағынан, мемлекеттің, ал екінші жағынан, қоғамның Негізгі Заңы болып табылады. Мұның өзі мемлекеттік биліктің қайнар көзі және қоғамның әлеуметтік базасы ретіндегі халықтың мәртебесімен байланысты. Конституция мемлекетті оның барлық элементтерімен: аумағымен, жоғарғы өкімет билігімен, азаматтығымен, дербес заң шығарушылық қызметімен, тағы басқалармен қоса баянды етеді. Конституция мемлекеттің, мемлекеттік органдардың қоғаммен, қоғамдық институттармен өзара қарым-қатынастарының негіздерін қалайды. Ол қоғамдық құрылыстың экономикалық, ұйымдық, рухани және жеке тұлғалық негіздерін де анықтайды. Мемлекет қана емес, оның институттары да Конституцияның құқықтық ережелерін, идеяларын пайдаланады. Қоғамның құрамдас бөліктері де (бірлестіктер, ұйымдар) өз қызметтерін Конституцияға негіздеп құруға тиіс. Жекелеген заңдар белгілі бір қоғамдық институттардың – саяси партиялардың, діни, мәдени бірлестіктердің, тағы басқалардың құрылуы мен қызметінің бағыттарын айқындайды. Өздерінің мақсаттары мен әрекеттері арқылы конституциялық құрылысты зорлықпен өзгертуге, республиканың тұтастығын бұзуға бағытталған қоғамдық ұйымдардың құрылуына және әрекет етуіне тыйым салатын Конституцияның норматив тік ережелері тура және тікелей іске асырылады. Сондықтан, құқық қорғау органдары Конституция нормаларының бұзылу жағдайына қатысты шаралар қолданғанда, Конституцияның өзін тікелей басшылыққа алады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғары заңдық күші бар. Мұның мәні – мемлекеттік органдар қабылдайтын заңдар мен нормативтік актілер Конституцияға қайшы келмейтін болуға тиіс дегенді білдіреді. Мемлекеттік органның қандайы болса да – орталық органдар да, жергілікті органдар да, кез келген лауазымды тұлға, барлық азаматтар, олардың бірлестіктері Конституция қағидаларын сақтауы керек.

Конституцияда оның ережелері, нормалары тікелей қолданылады деген нұсқау бар. Мұның мәні – әрбір азамат өзінің құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін мемлекеттік органдарға, әсіресе сотқа өтініш білдіргенде Конституцияны, оның нормаларын пайдалануға құқықты.

Қазақстан – Президенттік Республика. Президент — Мемлекет басшысы, тәуелсіз де егемен елдің ең жоғары лауазымды тұлғасы. Қазақстанның Президенті Конституция бойынша жоғары лауазымды тұлға болғандықтан, Қазақстан халқының бірлігін қамтамасыз етеді, былайша айтқанда, түрлі ұлттар мен ұлыстар, әлеуметтік топтар арасында алауыздық болмауына қамқорлық жасайды. Мемлекеттік биліктің түрлі буындарының арасында қақтығыс болмауын қадағалайды. Президент Парламент қабылдайтын заңдарға қол қояды, егер заңдар Конституцияға сәйкес келмесе, қайта қарау үшін кері қайтарады.

Адамның жеке басының қоғамдағы жағдайы – мемлекеттің даму деңгейін білдіретін көрсеткіш. Қазақстан Республикасының Конституциясында, тағы басқа заңдарында азаматтардың бас бостандығын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылған. Егер өзінің өміріне, денсаулығына, қадіріне нұқсан келетін жағдай болса, адам мемлекеттік органдардан қорғаныс іздеуге, заң бойынша көмек сұрауға, Президенттің өзіне шағым етуіне құқылы. Мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар азаматтың құқығына заңсыз қол сұғылуына жол бермеу шараларын қарастыруға міндетті.

Тәуелсіз де егемен елімізде жыл сайын 30 тамызда Конституция күні атап өтіледі. Сіздерді осы айтулы мерекемен шынайы құттықтай отырып, байтағымыздың Басты Заңының талаптарын мүлтіксіз орындауға шақырған болар едім.

Мақсат ҚОЖАБАЕВ,

Шымкент қаласының прокуроры,

аға әділет кеңесшісі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *