БАЛАЛАР ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛУДА МА немесе “Отбасылық сот” деген не?

Құқық
1 133 Views

Соңғы жылдары отбасылардың ажырасу оқиғалары көбейіп, арадағы бала тағдыры тәлкекке түскені жиі айтылып жүр. Қоғамдағы осы сарындас түйткілді жанжалдар, отбасы құндылығының төмендеуі, алимент берешегінің көбеюі секілді мәселелердің алдын алу мақсатында заң шеңберінде “Отбасылық сот” қанатқақты жобасы іске қосылған болатын. Бұл туралы сот өкілдерінің студент жастармен өткен тренингінде кеңінен сөз болды.

Шымкент қаласы сотының бастамасымен Қаратау аудандық соты мен Қаратау аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен Қазақстан Халқы Ассамблеясының ғимаратында 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай отбасының қадір-қасиетін, отбасындағы ана мен әкенің орнын, адами құндылықтарды ұмытпауды түсіндіріп, шаңырақтың шайқалмауы мен ерлі-зайыптылар арасындағы дау-дамайдың алдын алу мақсатында ұрпаққа тәрбие, өнеге беру үшін “Отбасы – қоғамның тірегі, бала – қазынасы” тақырыбында студент жастармен тренинг өткізілді.

Маңызды шараға Шымкент қаласы мен аудандық сотының судьялары, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар, “Жастар” ресурстық орталығы, студент жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, өзара пікір алмасты.

Жиында алғашқы сөз алған Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотының төрағасы Ермахан Рахманберді:

“Отбасын сақтау – қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі де бірегейі. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Адамның жеке басының қалыптасуы отбасынан басталады. Отбасы – қоғамның ажырамас бөлігі. Сондықтан қоғамды өзгерткің келсе, алдымен өзіңді өзгерт. ҚР Конституцияның 24 бабы, 1-бөлігінде Неке және отбасы, ана және әке, бала мемлекеттің қорғауында болады. Осы баптың 3-бөлігінде балалар құқына қамқорлық жасау, оларды тәрбиелеу – ата-ананың міндеті болып саналады. Қазақтың кемеңгер жазушысы Мұхтар Әуезов: «Ел боламын десең – бесігіңді түзе, оны түзеймін десең әйеліңді түзе» деген екен. Бұл – жазушының туған халқының келешегіне алаңдаушылық білдіргеннен туындаған сөзі. Сондай-ақ, әйел – отбасы мен қоғамда құрметке ие болғанда ел үшін алаңдамауға болады, – деген Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөзі де айнымас қағида екені даусыз. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда заңды тіркелген үшінші және төртінші неке бұзылады екен. Қаншама жасөспірім балалардың тәрбиесі әкесіз қалуда. Қазақта «Балаңды тәрбиелегің келсе – өзіңді тәрбиеле, себебі балаң саған қарап өседі» деген тәрбиелік мәні зор нақыл бар. Сондықтан баланың құқығын қорғап, оның өсіп, жетілуіне бар мүмкіндікті пайдаланып, қамқорлық жасау – барлығымыздың негізгі міндетіміз. 2018 жылдың 28 қаңтарынан бастап ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Қажманұлы Асанов еліміздегі сот жүйесін одан әрі дамыту бойынша 7 басым міндетті саралап, алдағы уақытта орындалуы тиіс міндеттерді жариялаған болатын. 7 түйіннің бірі – «Татуластыру: сотқа дейін, сотта». Маңыздылығы мақсат келіссөздер жүргізудің тиімді жолдарын, екі жаққа қолайлы жұмыс істеу және түсіндіру. Дауды шешудің ең тиімді әдісі – татуласу. Қазіргі таңда «Отбасылық сот» жобасы қолға алынып, жүзеге асырылуда. Басты мақсаты: ажырасулар санын азайту, жанжалдасып жүрген ерлі-зайыптылардың татуласуына септігін тигізу. Отбасылық сотта неке бұзу, отбасы қарым-қатынасында туындайтын тағы да басқа даулар қаралады. Соның ішінде ең көп таралғаны – ерлі-зайыптылар арасындағы неке бұзу даулары. Қаратау аудандық сотының 2019 жылғы 1 тоқсанында қаралған 724 азаматтық істің 228-і, яғни 31 пайызы отбасылық қатынастан туындайтын, оның ішінде 184 азаматтық іс неке бұзу туралы даулар. Осы жөнінде Жоғарғы Сот төрағасының бітімгершілік туралы баяндамасынан мысал келтірейін «20 жылдан астам уақыт отандасқан ерлі-зайыптылардың күйеуі ажыраспақ болған әйел өзіне тиісті мүлікті алу үшін сотқа барайын десе мемлекеттік баж салығын төлейді. Заңгерді жалдау қаражат тұрады. Қатты қиналып, хат жазайын деп шешеді. Хатқа өмірде бастан кешкен жақсылықтарды, қиыншылықтарды, отбасы, балалар үшін тынбай еңбектенгендерін жазады. Енді 52 жасқа келгенде далада қалғанына күйінеді. Балаларына да абырой әкелмесі анық екенін ойланып, дұрыс шешім қабылдауын өтінеді. Хатты оқыған күйеуі ойланып-толғанып, ақылға салып даулы қатынастарын сотсыз реттейді». Бұл мысалдан ұққанымыз қазақ қашан да аталы сөзге тоқтаған халықпыз ғой. Тек өзара тіл таба алуымыз, сотқа жеткізбей даудың алдын ала білуіміз қажет, – деп сөзін қорытындылады.

Бұл іс-шарада Ләззат Әуелбекованың «Отбасы – қоғамның тірегі», “Қазақстан кәсіби медиаторлар мен құқықтық кеңесшілердің қауымдастығы” заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Дана Кенжеқұлованың “Отбасы құндылықтарын сақтау – отбасының негізін сақтау”, Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының “Отбасы, рухани – адамгершілік даму” бөлімінің басшысы Айнұр Сансызбайдың қанатқақты жоба аясындағы атқарылған істері жөніндегі толыққанды баяндамалары тыңдалды.

Қоғамымыздағы неке және отбасына қатысты даулардың өршіп бара жатуы – ар-ұят пен әдепті бойына ана сүтімен сіңіріп өскен қазақ халқы үшін өте өзекті мәселе екені даусыз. Неке бұзудың салдарынан қоғамда жетімдер мен жесірлер саны артып, Қарттар үйі қарияларға толып жатыр.

Баяндама легінде 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап “Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан” қанатқақты жобасы бойынша қалада тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресудің Жол картасы әзірленгені айтылды.

Тұрмыстағы зомбылықтың басым бөлігі масаң күйде жасалатыны белгілі. Осыған орай қалалық денсаулық сақтау басқармасы жанынан 20 төсек орынды “Медициналық-психологиялық оңалту орталығы” мемлекеттік коммуналдық мекемесі жұмыс жүргізуде. Тәулік бойы жұмыс жүргізетін стационарлық мекеме құзырлы органдардың жолдамасы арқылы келушілерді қабылдайды. Осы бойынша 2017 жылы – 276, 2018 жылы – 658, 2019 жылы – 180 адамға көмек көрсетілді.

Қала әкімінің бастамасымен ” Сен – жалғыз емессің” қайырымдылық акциясы жүзеге асырылуда. Акция аясында демеушілер есебінен әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға тұрғын үй мәселесін шешуге қолдау көрсетіледі. Бүгінгі күнге төрт пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталды.

2019 жылдың ақпан айында қала әкімінің қаулысымен отбасы, балалар жастар істері басқармасына бұған дейін білім басқармасына қарасты қамқоршылық және қорғаншылық бөлімі ауыстырылды. Өмірлік қиын жағдайға душар болған және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қамқоршылық және қорғаншылық белгілеу бойынша бүгінге дейін 250 өтініш қаралды. Қала аумағындағы балалар үйлерін отбасы үлгісіндегі үйлерге трансфомациялау мәселесі де қолға алынып отыр. Бұл бағытта арнайы құжаттар әзірленуде, – деді Айнұр Қуатжанқызы.

Қоғамда ел бірлігі мен татулығын нығайтуға білікті де білімді медиаторлар өз үлесін қосып келеді. Медиация – бұл әлемде белгілі жанжалдарды реттеудің төтенше перспективалық әдісі.

Дана Кенжеқұлова медиаторлардың араласуымен жыл басынан бері Шымкент қаласы бойынша 91 неке сақталып қалып, соның ішінде 20 неке сотқа дейін бітімгерлікпен татуласқандығын айтты.

Студент жастар шараға қатысушы мамандарға өз сауалдарын жаудырды.

Заң мамандығының III курс студенті Асылхан Нұрасыл:

Оңтүстік өңірінде ажырасу оқиғаларының белең алуының себебі не? Қазіргі жастар отбасын сақтап қалу, шаңырақты берік етуі үшін нені басты назарға алғаны дұрыс? – деп ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасының бұзылу себептерін сұрады.

Бұл сауалға жауап берген Қаратау аудандық сотының төрағасы Ермахан Еркінұлы өз сөзін “Қоғамды өзгерткің келсе, отбасыңды түзе, ал отбасыңды түзегің келсе, алдымен өзіңді түзе”, – деп бастады.

Қуаныш Шонбайдың “Екінші болма” деген кітабын оқуға кеңес беремін. Ол кітапта адам кінәні өзінен іздейді. Адам әр нәрсені алдымен ақылға салуы керек. Ене мен келін бәсекеге түспеуі, қыз баласының өз үйіне әңгіме тасымауы және ерлі-зайыптылардың арасына өзге адамдардың түспегені, әрбір адамның бойында жауапкершілік сезімі болғаны абзал. Әдептіліктен, ар-ұяттан аттамай, аяулы ана, ардақты әке, бақытты бала болуды жазсын, – деп жауабын ақылмен, тілекпен жалғады.

Жиын айтылған мәселелер бойынша еңбегі еленген мамандарды марапаттаумен ұласты. Мадақтама дипломдарды төраға арнайы өзі табыстады.

Осы орайда айта кетеріміз, Мұхаметжан Тазабек ағамыз айтқандай, “Әйелді тәрбиелегенің – әлемді тәрбиелегенің, еркегіңді бағалағаның – ертеңіңді бағалағаның”. Отбасында әйелдеріміз тәрбиеге, ер азаматтарымыз ұрпағына жауапкершілікпен қараса, баланың бақытты болашағына кепіл, ал медиация отбасының құндылықтарын нығайтып, шаңырақты шайқалтпай сақтап қалуда тиімді тәсіл екені анық. Қоғамдық мәселенің алдын аларлық сот жүйесіндегі мұндай игі бастамалар жалғасын тауып, болашақта оң нәтижесін берсе құба-құп.

Аягөз ДҮЙСЕНБАЕВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *