БАСТЫ МАҚСАТ – ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУ

Құқық
1 037 Views

Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізген 27 жылда барлық салада жетістікке жетті. Соның ішінде құқықтық сала дамудың даңғыл жолына түсіп, тәуелсіздік туын көтерген сәттен күні бүгінгі дейін жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Бүгінде халқымыздың құқықтық сауаты жоғарылап, азаматтарымыздың құқығын қорғау жүйесі де жетілген. Түрлі реформаларды бастан кешкен құқықтық жүйе жылдан-жылға жетілді әрі заман ағымына қарай дами түсті. Нәтижесінде елімізде халықаралық стандарттарға сай заң базасы құрылды, әділет органдарының өкілеттігі кеңейіп, құлаш жайып, алға қойылған міндеттерді өз деңгейінде жүзеге асыруға мейлінше үлес қосты.

Осындай құқықтық жүйенің бір тармағы – «Республикалық құқықтық ақпарат орталығының» құрылғанына биыл 25 жыл толды. Кәсіпорынның тарихына көз жүгіртсек, 1993 жылы 16 маусымда Мемлекет басшысы Н. Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы құқықтық реформаның тиімділігін арттыру жөніндегі шаралары туралы» №1228 Жарлыққа қол қойып, ҚР Әділет министрлігінің жанынан «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» құрылды. Халыққа заңнамалардың қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында ашылған орталыққа міндеттелген жауапкершілікте оңай болмады. Өйткені, бұл еліміздің аяққа тұрып, барлық құрылымдардың іргетасы қаланып, ел игіліне қызмет етуде жүйелі жұмыстарды енді қолға алған жылдар болатын.

Республикалық құқықтық ақпараттық орталыққа бес қызметті үйлестіру міндеттелді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімі және Эталондық бақылау банкін жүргізеді. Сондай-ақ еліміздегі алғашқы нормативтік құқықтық актілердің электрондық «Заң» деректер базасын қалыптастырды және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесін іске қосты. Соңғысы заңды және жеке тұлғаларға ақпараттық-құқықтық қызмет көрсетеді.

Орталық25 жыл ішінде ақпараттық-құқықтық қызмет көрсетуде жетекші орынға ие болғанын атап өткім келеді. Мәселен, 1995 жылға дейін «Заңнама» деректер базасының ақпараттық кеңістігі сырттағы сатып алынған DOS ақпараттық жүйесімен іске асырылатын бағдарламаны қамтамасыз етумен жұмыс жасады. Ал құрылғанына екі жыл толғанда РҚАО-ның инженер-бағдарламашылары «Windows» операциялық жүйесінде өздерінің жеке «Заңнама» деректер базасы бағдарламалық қоршамын жасап, ДБ ведомстволық нормативтік құқықтық актілермен толықтырды. 2011 жылы Қазақстанның ұлттық заңнамасымен онлайн режимде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін маңызды жоба – «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесін іске қосты. Іздестіру мүмкіндіктері мен ыңғайлы заманауи интерфейсі бар технологиялық бұл кешенді бүгінде пайдаланушылар ауқымы кеңейген. Бұл орталық қол жеткізген үлкен жетістіктердің бірі ғана.

Жаһанданудағы технологияның қарыштап дамыған заманында электрондық базалар ылғи жаңартылып, жетілдіріліп, пысықталып отырады. Бұл – уақыттың талабы. Уақыттың талабы демекші, орталықтың қызмет көрсету аясы жыл сайын кеңеюде. Оның дәлелі – базасы жасақталған Республикалық құқықтық ақпарат орталығы өзекті заңнамаларды тарату мақсатында республиканың маңызды қалаларынан филиалдарын(17 филиалы бар) ашты. Солардың бірі – Оңтүстік Қазақстан облысының аймақтық құқықтық ақпарат орталығы жұмысын 1995 жылы бастады. Мекемені Булатова Роза Ғазизқызы басқарып, бір жетекші маманмен жұмыстарын тәуекелмен бастаған. Оңтүстіктен ашылған филиалдың бүгінге дейінгі атқарған жұмыстары ауқымды. Өңірдегі жеке, заңды тұлғалар, мекемелер және коммерциялық ұйымдарға құқықтық насихат жұмыстарын алғаш жүргізген кәсіпорын – Республикалық құқықтық ақпарат орталығының ОҚО филиалы екендігін мақтанышпен айта аламыз. Яғни, аймақтық орталық Шымкент, Түркістан, Кентау, Арыс қалаларында және 10 аудан мен 181 ауылдық округты «Заң» деректер базасымен қамтамасыз етеді. Барлық кодекстер, заңдар, заңнамалық актілер, сот тәжірибесі, сондай-ақ құқықтық терминдердің сөздігі, орысша-қазақша сөздіктермен қамтып, аудан-қалалардағы барлық базалар толығымен диск арқылы апта сайын жаңартылып отырады.

2017 жылдың өзінде Бюджеттік кодекске – 14, Жер кодексіне – 6, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне 13 өзгеріс пен толықтырулар енгізілді. Осы өзгерістерді кәсіпорын базаға ендіріп, электрондық портал пайдаланушыларының дер кезінде ақпарат алуына мүмкіндік берілді.

Біздің филиалдың ең маңызды міндеті ақпараттық технологиялар жүйесін жетілдірумен тығыз байланысты. Бұл бағдарламалық қамсыздандыруды жетілдіру және дамыту мәселелерін шешу, құжаттарды іздестіру және одан әрі жеңілдетуге, сұранысты өңдеу мерзімін қысқартуға, нормативтік құқықтық актілерді нәтижелі талдауға мүмкіндік туғызады. 2009 жылдың қыркүйек айында «Заң» ДБ 6.0 нұсқасы қолданысқа берілді. Қазіргі таңда «Заң» ДБ 7.0 нұсқасымен жұмыс атқарып келеміз. Ол мемлекеттік және орыс тілдерінде, құрамында басқарудың жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың, кент, ауыл деңгейіне дейін, нормативтік құқықтық актілері бар, сонымен қатар «Тіркелмеген» ДБ, құрамында әділет органдарында міндетті тіркелуге жатпайтын, мемлекеттік тілдегі нормативтік құқықтық актілер, нұсқаулық сипаттағы хаттар, құжат үлгілерімен толықтырылған. Іздеу қабықшасының мүмкіндіктері кеңейтілген, барлық анықтамалардың құрылымы өзгертілген, мемлекеттік және орыс тілдерінде тақырып бойынша іздеу толықтырылған, «іссапар туралы» нормативтік құқықтық актілерді сауалдан алып тастау мүмкіндігі енгізілген.

«Заң» деректер базасының мынадай сөздіктері бар:

џ Заң терминдерінің сөздігі

џ Орысша-қазақша терминологиялық сөзді,

џ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінен осы заңдарға «Заң» деректер базасында сілтеме жасалған заң терминдерінің сөздігі (орыс тілінде)

џ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінен осы заңдарға «Заң» деректер базасында сілтеме жасалған заң терминдерінің сөздігі (қазақ тілінде)

џ Орысша-қазақша заң терминдері мен ұғымдарының сөздігі.

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы кәсіпорнының құрылғанына 25 жыл толуына орай «Заң» деректер базасының жаңартылған нұсқасы іске қосылды. Жаңалықтың негізгі артықшылығы онлайн-режимде электронды түрдегі заңнамамен жұмыс істеу мүмкіндігі болып табылады. Жүйе www.zan.kz мекен жайы бойынша қолжетімді.

Деректер базасының жаңа нұсқасында құжаттармен жұмыс істеу үшін функционалдық мүмкіндіктер кеңейтілген. Пайдаланушылар редакцияларды салыстыруға, нормативтік актілердің мәтіндерін басқа тілдерге аударуға, қазақ тіліндегі құжат мәтінін латын алфавитінің көмегімен көруге және құжаттың кез-келген абзацына белгі қоюға мүмкіндік алады. Сонымен қатар «Онлайн кеңесші» және «Құқықтық кеңес» сияқты интерактивті қызметтерді енгізу пайдаланушылармен өзара тиімді әрекеттесуді қамтамасыз етеді. «Жеке кабинетті» пайдалану қажетті құжаттарға дер кезінде қолжеткізуге, сондай-ақ олар өзгерген жағдайда жеке хабарландырулар алуға мүмкіндік береді.

Жаңа нұсқада «Форум», «Жиі қойылатын сұрақтар», «Соңғы жаңартулар», сондай-ақ статистикалық деректер, кестелер, графиктер және тағы басқа бөлімдер бар.

«Заң/Закон» деректер базасының жаңа нұсқасына қатысты барлық сұрақтар мен түсіндірмелер үшін форумда арнайы тақырып ашылған http://zan.kz/kk/forum/index

Заң деректер базасының видео презентациясы http://www.rkao.kz/kk/video/onlayn-rezhimdegi-zan-derekter-bazasy

Республикалық құқықтық ақпарат орталығы еліміздің ақпараттық-құқықтық саясатын жүзеге асырып келеді деп сеніммен айта аламыз.Өйткені Орталықтың көрсететін қызмет түрлері мемлекеттік стандарттарға және халықаралық стандарттың барлық ережелеріне сәйкес келетіндіктен базадағы ақпараттар сенімді және нақтылығымен ресми дереккөздерге жеткізіледі.Орталық жұмысы заман ағымына қарай қызмет түрлерін жаңартып, жаңа белестерді бағындыруда үздіксіз жұмыс істеуде. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасындағы барлық заңнамалар, нормативтік-құқықтық актілерді және өзге де құқықтық қызметтерді, яғни «Заң» базасындағы жаңартылған үлгілерді мобильді телефонға жүктеп, уақыт үнемдеуге мүмкіндік берді. «Заң» деректер базасы ақпараттар жиынтығын электрондық пошта, DVD, интернет желісі арқылы жаңартуға толық жағдай қарастырылған.

Орталықтың өз миссиясы және құндылықтары бекітілгенін ескерсек, біздің басты міндетіміз – мемлекеттің құқықтық мәдениеті мен халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру. Халықты құқықтық ақпараттандыру және қызмет көрсетудің сапалы жүйесін құру да құзыретімізге кіреді. Сондықтан клиенттің артқан сенімін ақтай отырып, құқықтық ақпаратқа деген қажеттілігін қанағаттандыруда – сапалы қызмет көрсетуге әрқашан дайынбыз.Құқықтық ақпарат берілгенде ешқандай қиындық туғызбау – біздегі әр маманның міндеті. Ал кәсіби ізденіс үстіндегі мамандарымыздың біліктілігін жетілдіріп отыру назардан тыс қалған емес. Сол себепті кәсіби қызмет көрсетудің нәтижесінде 2011 жылы Республикалық құқықтық ақпараттық орталықтың ОҚО филиалы республикада алғаш болып «Ең үздік филиал» атағына ие болды. Мамандарымыз ҚР ӘМ ведомстволық наградалары, ОҚО әкімі мен Мәслихатының грамоталары, ОҚО Әділет департаментінің Алғыс хаттарымен марапатталған.

Елбасы Н. Назарбаев биылғы Жолдауында әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басып келе жатқандығын атап өтті. Жаңа технологиялар барлық салаға керек екендігін ескерсек, құқықтық ақпараттық саясат үздіксіз жаңа инновацияны қажет етеді. Сондықтан орталықты алдағы уақытта жаңа жобалар, тың идеялар күтіп тұр. Біз осы бағытта жұмыс істеуге әрдайым дайынбыз.

Ә. БАЙЖІГІТОВ,

«РҚАО» РМК филиалы – Оңтүстік Қазақстан аймақтық құқықтық ақпарат орталығының директоры

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *