БЕС ҚЫЗ (Ертегі)

Әдебиет
1 182 Views

Біреудің үйелмелі-сүйелмелі бес қызы болыпты. Тұңғышы – Жанары Диюбекке ұзатылыпты. Жанар титтейінен жанып тұрған от, жайнап тұрған шоқ, өткір де алғыр болып өсіпті.

Екіншісі Панар – Жалқаубекке тиіпті. Панар – еңбекқор, ұқыпты, қолынан келмейтіні жоқ, кесте тігіп, шілтер тоқитын пысық екен.

Үшінші қызы – Анардың күйеуі — Милаубек деген екен. Анар – тәтті қиялға берілгіш, сенгіш, биік-биік мақсатты көздейтін арманшыл екен.

Төртініші – қызы Жадыра қолынан кітап түспейтін, білмейтіні жоқ ақылды, ақындар өлеңін жатқа оқитын оқымысты, үлкен ғалым не ақын боламын деп жүрген білімдар. Осы қызды Дойырбек деген ауылдың бұзық жігіті алып қашып кетіпті.

Кенжесі – Кенжекүл жүріп-жүріп жиырмадан асқанда барып Мақсатқа әзер тиіпті. Мақсат – тұттай жетім, ешкімі жоқ, бір атадан жалғыз тұяқ, барар жер, басар тауы жоқ, өз еңбегімен күн көріп жүрген жалғызбасты, үй-күйсіз жігіт екен.

Кенжекүл ұзатылғанда төрт әпкесі төрт жағынан алып, ұлардай шулапты.

– Құдай-ау, әке-шешесі бар біреуді таппадың ба?

– Не тіреуі жоқ, не мінезі жоқ, не түк дүниесі жоқ мына сүмірейгенді не етесің?

– Үйі жоқ, барар жер, басар тауы жоқ тентіреген жетімді жеткізгенше желкең үзілер, қар-ау.

– Сүйем-күйем, ғашық-асықпын деген құр әңгіме, ойдан шығарған ертегі. Сүю дегенміз – дүние болмайды. Қаңғып қалмасаң енді, Кенжеш-ау, сорың қайнап!

Төрт әпкесі күйеулерін мақтап, Мақсатты даттап, оны адам қатарына ілмей, менсінбей қойыпты.

Арада зымырап он жыл өтіпті.

Айтқанына қайтпайтын Жанар өзім билеп, өзім шешем деп омыраулап Диюбектің жынына тиіп, күнде үйінен ұрыс-керіс үзілмейді. Ақыры ұрма-перме күйеуі таяқтап, тепкілеп тастайтын болды. Жанар да тілін тартпай қасарысса Диюбек те долданып, дойырланып соққыға жығатын, күн құрғатпай көкала қойдай, көк шымшықтай етіп ұратын болыпты. Дойырбектің добалдай жұдырығынан құлағы шыңылдап, басы дыңылдайды, көзі оқырайып, қабырғасы сынып, белі бүкірейіп, өзі шүңірейіп үш баласын жетектеп үйіне қайтып келіпті. Кеудесі сырылдап, тамағы қырылдап, мың-сан дерт-кесел жабысқан мүгедек те мүсәпір Анар кәужіреген кемпірдей аузында тісі жоқ, төңірекпен ісі жоқ милау, сөзі жоқ мылқау жан болыпты.

Панардың күйеуі – жолда жатқан шыбықты көтермейтін кер жалқау, ұйқы басқан нас, кешке дейін өлген доңыздай сұлап жатып алатын еріншектің еріншегі екен. Не ісі жоқ, не сөзі жоқ, не ойы жоқ, кептеліп тоя тамақ ішіп алады да үйді басына көтере қорылға басып, ұйықтай береді, ұйықтай береді. Көзін анда-санда ашып, сиырдың желініндей ісініп-кеуіп кеткен бет-аузын уқалап, «Тамақ, тамақ!» – деп айқай салады. Өзі ас талғамайды, ашқарақ, өлердей тамақсау. Асығып-аптығып, біреу қуып келе жатқандай алдына қойған асты жайпап қатар ішіп алады да қайта қисая кетіп, қорылға басады. Өзі ересен жалпайып, қарны шеңбірек атып, балпиған құбыжыққа айналды. Жуыну-шайыну деген жоқ, шашы өскен, кірлеген Жалқаубектен шыққан қоламса иіс үйді алып кетеді. Панар зыр жүгіріп күйеуі мен балаларын асыраймын деп елдің жұмысын істейді. Аз жылда жүдеп-жадап, қылдырықтай боп, азып-тозып, сіңіріне ілініп, ақыры дертке ұшырап, мәңгіріп қалады. Ішер ас, киер киімі болмай порша-поршасы шыққан Панар ауыр науқас арқалап, үш баласын жетектеп, төркініне қайтып келіпті.

«Милаубекке тимесем, өлемін», – деген Анарды алған есалаң күйеуі мұны адам құрлы көрмей, кекетіп-мұқатып, әп-әдемі арман-қиялының быт-шытын шығарыпты. Әп-әдемі, топ-толық Анарды менсінбей, отырса опақ, тұрса сопақ етіп, өзі айлап, апталып қаңғып кететін әдеті бар екен. Анардың үстінен өстіп жүріп көрші ауылдан қос қатын алып, қос жесірге бала таптырып, үйге тұрмайды. Сәл бірдеңе десе басқа басы бос келіншектерге кетіп қалады. Айлап жоғалып бір күні түк болмағандай беті жылтырап қайтып келеді. Өзінде шылп еткен ұят-намыс болсашы. «Жаздым, жаңылдым. Кешір, жаным! Сенен артық ешкім жоқ, енді сенің босағаңда өлемін, құлың боп кетейін» деп қайта кіріп алады да шіреніп жатып алады. Құдай Милаубекке сала құлаш тіл берген, аузы-басы жыбырлап, сөйлемесе отыра алмайды. Өзі барып тұрған көкмылжың, қырсық, кекеткіш. Өзге қатындарын мақтайды, басқалардың келіншегінің жүріс-тұрысына таңқалады. Ал, Анарды қара жер етіп, табалап, келген-кеткен жұртқа жамандап, мазақ еткенге мәз. Өзінен аумайтын жарымес бес бала тапса да жақпайды, аузына келгенді оттайды. Ақыры басқа қатындарының қолына біржола кіріп алады. Арманшыл Анар байын іздеп барып көріп еді, ит қосып, ұрып-соғып қуып шықты. «Сені алам деген жоқпын, өзің ай қарап, жұлдыз санап, армандап, өлең, хат жазып, бой бермей тиіп алғансың. Жоғал көзіме көрінбей, маған қатын жетеді. Аттап кетсем бай келіншек, әдемі қыздар толып жатыр. Қатқан қара ағаштың томарындай енді қайтып көзіме көрінбей жоғал», – деп қуып шығады.

Өзі айы-күні жетіп отырған екіқабат бес баласымен ішерге ас, киерге киімі жоқ болған соң әке-шешесіне жылап-сықтап қайтып келеді.

«Іштен шыққан шұбар жылан» – демекші, әке-шешесі байғұс өрім-өрімі шыққан Анар қызы мен әкесіне тартқан есерсоқтау жиендеріне кет дей алмайды.

Жадыра алғаш келін болып түскенде күйеуі асты-үстіне түсіп әлпештепті. Бара сала бала көтеріп, соны тапқанша Дойырбек мәпелеп күтіп, еркелетіпті.

Жадыра байдан жолы болмаған әпкелеріне: «Дойырбегімдей асыл жан жоқ. Нағыз кітаптардағы махаббатымды таптым. Мен дегенде шығарға жаны бөлек, үзіліп, үздігіп тұрады. Қандай ғажап жігітке тап болдым, мұндай ғашықтық деген Ләйлі-Мәжнүнде де болмаған шығар!?» – деп жер-көкке сыйғызбай күйеуін мақтайды екен. Бір баладан кейін Дойырбектен жаман мінез шыға бастайды. Көрінген бөріктіден өлердей қызғанып, ешкімге көрсетпейді, ешқайда апармайды. Әлдекім еркек бұған қараса, күлсе, сөйлессе бітті, ұлы майдан ашылып, ұрыс-керіс шығады. Үстіне әдемі киім кисе де, шашын төбесіне түйсе де «Қай байыңа дайындалып жатырсың?» – деп өкіреңдеп, келе-келе жұдырық жұмсап, тепкілейтін әдет тапты. Қайындары әзілдесе де, біреу бұрылып қараса да үйге келген соң әй-шәй жоқ сілейтіп сойып, соғып тастайтын болды. Іштен тепкен соққыдан екі мәрте бала тастап, қан-қан болып, қансырап жатып қалатын, кейде көгеріп талып қалатын науқас тапты. Бір баладан кейін бала көтере алмай, әбден сансырады.

– Сен көкбет қатын, басқа еркектерге қырындау үшін бала таппай жүрсің қылмыңдап, – деп Дойырбек дойырланып, теуіп-теуіп алатын, қолына не түссе сонымен періп жіберетінді шығарды. Қызғаныштан көзі қанталап құтырып, өзі дімкәс әйелін қылқындырып, қос бүйрегінен түйгіштейтін болды.

– «Титтей де кінәм жоқ қой, Дойырбек. Сүттей ақпын ғой»,- деп жалынса да, көздің жасын көл детіп жылап жалынса да қоймайды тіпті еліріп.

– Сен көп кітап оқыған жарымессің. Көп оқығандар жүргіш келеді, кітап сөзіне сенеді. Оқымысты боламын дейсің, оңған қылығың жоқ, не бала таппайсың, ішің толған арамдық, іздегенің басқа еркек. Өз қолымнан өлтіремін сені, – деп тамағынан көгергенше қылқындырып-қылқындырып алады. Ақыры бір боранды күні Дойырбек өзіне тартқан дойыр баласын алып қалып, Жадыраны жалаңаяқ, жалаңбас үйінен қуып шығады. «Сендей қубас әйелмен тұрмаймын, бала табатын басқа қатын аламын», – деп ел-жұртқа күлкі, таба етіп, қайыршыдай қаңғытып жіберді.

Жадыра анда-мұнда, таныс-құрбыларына барып жүріп Дойырбекке қайта келсе, тіпті маңайлдатпайды.

– Әй, жарымес, кітап кеміргіш, оқымысты. Жоғал көзіме көрінбей. Басқа қатын алдым. Әне қара, – деп үйінде жүрген шермиген екіқабат қатынды көрсетеді.

Жадыра өлімші күйде ілініп-салынып, барар жер, басар тауы жоқ болғандықтан, әке-шешесіне жылап-сықтап қайтып келіпті. Өзі аурушаң, баласынан тірідей айырылған, баяғы балпанақтай қызы қылдырықтай сіңіріне ілінген дімкәс әжім-әжім мыжырайған, қажыған әйелді көріп, әке-шешесі қатты қамығады.

Кенжекүл алғашында әпкелерінің сөзіне еріп, қу жетім деп Мақсатты менсінбей жүріпті. Елпілдеген Мақсаты үлпілдетіп күтіпті, сырттай оқытып, диплом әперіпті. Дүрілдетіп шаруасын дөңгелетіп, бірер жылда күйленіп, үйден-үй салып, Кенжекүлдің ақ дегенін алғыс етіп қабылдап, ақылдасып алақанына салып еркелетіпті. Келе-келе Кенжекүл де Мақсаттың адамгершілігіне тәнті болып, жақсы көріп, үш ұл, үш қыз тауып беріпті.

Төрт әпкесі бір қора балаларымен байдан қайтып келіп, қартайған әке-шешесін шаршатып, жағдайлары күйзеліп кеткенін көрген Мақсат азық-түлік, соғым, киім-кешек апарып береді екен.

– Жетімдіктің зарын көп көріп едім, өңкей жетімдерді бағып отыр ғой,-деп көмегін аямайды.

Жасына жетпей қыздардың әкесі қайғы-қасіреттен төсек тартып жатып қалады. Бес қызын оңаша шақырып алып әкесінің айтқаны екен:

– Ау, үйімде жүргенде алтын құндыз, аспандағы жарқыраған жұлдыз, жайнаң қаққан қыздарым едіңдер! Қатар құрбыларыңмен бірдей етіп өсірдім. Ешкімнен кем етпей қызғалдақтай құлпыртып тәрбие бердім. Бәріңе: «Бай іздемеңдер – бақ іздеңдер. Күйеуге тимеңдер – тіреуге тиіңдер. Сүйгенің – сүйенішің болсын. Барар жер, кірер есіктеріңді абайлаңдар», – деп Құдайдың құтты күні айтушы едім.

Бір қызы – күйеуден ажырасып келсе – бір өлім, Ал, сен төртеуің – төрт рет өлтірдіңдер. Төсекте емес, төрт рет өліп, көрде жатырмын. Ел-жұртқа қарар бет, сөйлер сөз жоқ. Қара жер етіп тірідей көмдіңдер. Жасымызға жетпей шешелерің екеуіміз үзіліп барамыз.

Бағы ашылған қыз – Кенжешіме ризамын. Мақсаттың балағынан сүйіп, ұлтарағы болғайсың, қадіріне жетіп, қасиетін білгейсің. Жетім деп Мақсатты кемсітуші едіңдер, әне сол күйеу балам бәрінен озды. Кенжешім енді өміріміз Мақсат екеуіңе аманат. Ер жігітттің алтын басын кемсітпеңдер. Мақсаттай күйеу бала бергеніне шүкір.

Қайта келген қыс – құрысын.

Қайта шапқан жау — құрысын.

Қайтып келген қыз – құрысын! –

деп үзіліп кетіпті. Шалының қырқын берген күні кемпірі қайтыс болыпты.

Мақсат пен Кенжекүл ұзақ та бақытты өмір сүріпті, бала-шағалары елге үлгі болыпты.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері,

«Әділет. Рухани жаңғыру» газеті

редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *