БЫЖЫЗЫҚЫДА ДА БЫЛЫҚ-ШЫЛЫҚ БАР ЕКЕН

Мәселе
896 Views

Қазақстан тәуелсіздік алған соң әр жылы, әр айда десе де артық емес-ау еді, ғасырларға пара-пар келетін тірліктер тындырды. Бұрынғы Кремльге тәуелді республиканың орнына мүлде жаңа, биікке, жарқын болашаққа ұмтылған тәуелсіз мемлекет пайда болды. Оның аз жылда қол жеткізген табыстарын айтып тауысу қиын. Мысал үшін бір ғана зейнетке шығару және зейнетақы төлеу саласында біз көп елдерден, көршілерден, тіпті бағзыдан егемен мемлекеттердің өзінен көш ілгері озып кеттік. Бірақ…

ҚР қолданыстағы заңдарын дұрыс түсінбеуден бе, әлде тәуелсіз, бағынышсыз жұмыс істеуге үйренбегендіктен бе, бәлкім, уақыт көшіне ілесе алмаушылықтан шығар, осы зейнетақы саласының біраз жауапты басшы қызметкерлері өздеріне тапсырылған биік сенімді ақтай алмады. Осыны дер кезінде байқаған билік пен Үкімет бұл салаға түбегейлі реформа жасауды қолға алды. Көптеген жекеменшік зейнетақы қорлары бір арнаға, яғни Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорына біріктірілді. Дегенмен жоғарыда айтылған жауапсыз әрі біліктілігі төмен қызметкерлер біраз нәрсені бүлдіріп үлгерген екен. Оны баспасөз беттерінен оқып та жатырмыз. Бұның үстіне саладағы бірқатар түсініксіз жайларға өзімнің де куә болуыма тура келді. Бүгін сол туралы айтып берсем деймін. Өйткені Үкіметтік органдардың бақылауына қоса әр азамат өзінің зейнетақы қорында жинақталып жатқан қаржысының жай-жапсарын оқтын-оқтын біліп тұрғаны дұрыс екен. Әрине әркімнің жұмыс (қызмет) орнынан, түрлі табыстарынан айма-ай аударылатын жарнаның ешқайда кете қоймасы белгілі. Алайда қорға түскен мол қаржы бос жатқан жоқ қой, ол «жұмысқа жегілген», яғни түрлі тиімді деген жобаларға жұмсалуда. Олай болса, қордағы сіз бен біздің қаржымыздың да өсімі (табысы) болуы тиіс. Әңгіме, міне, осы өсімнің мәліметтері туралы ақпараттың жалпы көпшілікке берілмейтіні туралы өрбіп отыр. Біле білген адамға бұл үлкен кемшілік.

Мен 2016 жылғы қаңтар айында зейнетке шығатындықтан, ол күнді күтпей-ақ алдын ала 2015 жылдың қараша айында БЖЗҚ акционерлік қоғамына хабарласып, жинақталған қаржы туралы мәлімет сұрадым. Бірақ, өкінішке орай, жинақтаушы қордың маған берген мәліметі мені қанағаттандырмады. Себебі онда жинақталған қаржының мөлшері бар да, оның өскені туралы ештеңе болмай шықты. Менің негізінен білгім келгені де осы – өсімнің мөлшері еді. Қайта сұрау салдым. Тағы да сол жартыкеш жауап алдым. Енді амал жоқ прокуратураның көмегіне жүгіндім… Дәл осы арадан ай-жылдарға созылған тоқтаусыз жүгіру басталды.

Жоғарыда айтып өткенімдей, прокуратурадан қайран болмаған соң Қаратау аудандық сотына талап арыз түсірдім. Аудандық сот арызымды үш ай қарап, мен сұраған мәліметті беру туралы жартыкеш шешім шығарды. Оған қанағаттанбай облыстық сотқа жүгіндім. Облсоттың шешімімен ақыры өзім күткендей мәліметке қол жеткіздім.

Ендігі кезекте алынған мәліметтің дұрыс-бұрыстығын тексерту қажеттігі туындады. Тағы да қолыма қалам алдым. Бұл жолы облыстық прокуратураның табалдырығынан аттадым…

Облпрокуратура Әлеуметтік қамсыздандыру және көші-қон департаментіне қарай сырғытты.

Ал ол мекеме өз кезегінде ОҚО бойынша салық комитетіне жол сілтеді.

Салық комитеті арызымды өзіме қайтарып берді. Бұнымен келіспей, облпрокуратураны тағы да «мазалауға» тура келді.

Бұл жолы да арызым аш сиырдай мөңіреп, өзіме қайта оралды.

Бастаған істі орта жолдан тастау әдетімде жоқ, қаржы полициясына шағым түсірдім.

Қаржы полициясы шағым-арызымды ОҚО бойынша Кірістер департаментіне асырды.

Одан соң менің жанайқайым Еңбек инспекциясын жаңғыртты.

Олар құлақтарын дереу жаба қойса керек, жаңғырық айдап отырып ескі орынға – БыЖыЗыҚы акционерлік қоғамына, одан даусы бәсеңсіп, шаршап, өзіме қайтып келді.

Осымен қоя қойсам да болар еді. Енді мен өзім үшін емес, мен сияқты басқа да болашақ зейнеткерлердің мүддесі үшін алған беттен қайтпауды ойландым. Сөйтіп Әл-Фараби ауданының, одан облыс прокуратурасының қабылдауына барып, бірақ кіре алмадым. Амал жоқ, Астанаға, Бас прокурордың атына хат жолдауға тура келді. Жоғарғы орган араласқан соң ғана жергілікті прокурор мені қабылдап, тексеру туралы шешімге тоқталды.

Сонымен Шымкент қаласындағы Әл-Фараби аудандық ішкі істер бөлімі биылғы жылдың 22-ақпанында қылмыстық іс қозғап, тексеруші органды белгіледі.

Сең қозғалды-ау әйтеуір.

«Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген осы. Шындығында маған дау-дамайдың керегі жоқ, шаң шығаруды да мақсат еткен емеспін. Маған өзіме қатысты қарапайым ғана ақпарат керек. Қанша әуре-сарсаңға түсіп жүріп бір байқағаным – осы қарапайым мәлімет үшін шындықты көрсетер саңылау сияқты екен, жіптің ұшы десе де болады бұны.

Тілеулес ДҮЙСЕНҰЛЫ.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *