БІЗДІҢ ЖҮЙЕ АДАМ ШЫҒЫНЫ БОЛМАЙ ЕШТЕҢЕ ӨЗГЕРТЕ АЛМАЙ МА?

Мәселе Қоғам
659 Views

Мойнында жүз миллиондап қарызы бар, құтылудың жолын білмей дағдарған алматылық кәсіпкердіңбес адамды атып өлтіруі қоғамды дүр сілкіндірді. Қара халықтың дені бұғанқоғамдық жүйені өзгерте алмаған билікті кінәлады. Жұрт жазғырса оның жөні бар,қазақстандықтардың екінің бірі жаппай банкке иттен сүйек қарыз. Үйді де,көлікті те, тұрмыстық техниканы да өте жоғары үстемақымен алады. Біздегі қарызберуші банктердің пайыздық үстемақысы өте жоғары екенін қанша рет жағы талғаншаайтты мамандар.

Алдына келген сот орындаушыны да, полицейді де сөзге келтірместен атып тастаған кісінің қылмысы ешбір ақтауға келмейді, әрине, бірақ бұл қоғамның ашуы сияқты көрінді бізге. Қазақстандағы банктік жүйенің және ондағы пайыздық мөлшерлемелердің тым аспандауы, нарықтағы баға саясатының тұрақсыздығы, жылжымайтын мүлік, тұтынатын тауар мен азық-түлік құнының жыл сайын шарықтауы… халықты қажытты.

Бұл мәселе айтылған жерде бос күбір-сыбыр болып қалмаса дейміз. Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бұл мәселеге тіл қатты.

«Адам өлтіруді оның қандай да бір себебі болса да ақтауға болмайды. Өркениетті қоғамды мұндай сипаттағы кез келген дау мен проблема тек қана құқықтық алаңда шешілуі тиіс. Бұған қоса, орын алған қайғылы жайттың мән-жайын тыңғылықты ашу керек. Мұндай жайт неліктен орын алғанын анықтау қажет. Кредиторлар мен проблемалы заемщылар арасындағы әсіресе тұрғын үйге қатысты қарым-қатынас өте нәзік. Мұны білеміз әрі заңдық жетілдіруді талап етеді», — деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті мұның банктердің кепіл саясатына, бағалау қызметін жетілдіруге, жеке сот орындаушылардың жұмысына және өзге де аспектілерге қатысты екендігін атап өтті. Бұл мәселеде ашық және бірыңғай сот тәжірибесін қамтамасыз ету маңызды екендігіне баса назар аудартты. «Үкіметке, Ұлттық банкке және Қаржылық реттеу агенттігіне бір ай мерзімнің ішінде заңнамалық және нормативтік түзетулер топтамасын дайындау тиіс. Тағы да қайталап айтамын, егер оған қажеттілік болса. Дегенмен, мен мұнда қажеттілік туындап отыр деп санаймын. Бірақ, мамандар бұл проблеманы тағы да бір мәрте тыңғылықты зерделеуі тиіс»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бір жаманы, біздегі жүйеге өзгерістер енуі үшін міндетті түрде адам құрбан болуы керек. Қайбір жылдары анасы түнгі ауысымда болып, үйлерінде өздері қалған бес бала отқа оранып өртеніп кетіп еді ғой, сол қайғылы оқиға ешкімнің есінен кете қоймаған болар. Артынша үкімет іске кірісіп, көп балалы аналарға жәрдемақы тағайындады. Міне, бұл жолы да адам құрбан болды. Тағы да өзгеріс керек деген сөз!

«Қарыз алдың қайғы алдың» деген. Қарыз кұліп кіріп, жылап шығады. Бес бірдей отбасының арқа тұтар азаматтарын жалмаған бұл қарыз ендігі жерде тағы да қаншама әулеттің опат болуына себеп болмасына кім кепіл?!

«Әділет — ақпарат»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *