«БІЗДІ МЕМЛЕКЕТІМІЗ ДАЛАҒА ТАСТАМАДЫ»

Қоғам Құқық
864 Views

«Жусан» операциясы алғаш 2019 жылы қаңтарда қолға алынды. Сол жылы қатарынан бес рет ұйымдастырылған мемлекеттік нақты іс-қимыл бағдарламасы бойынша 600-ден аса адам елге оралу сәтін бастан кешті. Оның 400-ден астамы бейкүнә балалар, 150-ден аса әйелдер болды.

Ал алтыншы «Жусан» операциясы араға екі жыл салып биыл 2021 жылдың ақпан айында іске асты. Бұл жылы 12 адам құтқарылған.

Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі, саясаттанушы Ерлан Қарин «Жусан» операциясының әлі де жалғасатынын айтты. «Сирияда біздің азаматтарымыздың аз бөлігі ғана қалса да, қолайлы жағдайлар мен қосымша ақпарат болғаннан кейін тиісті жұмыстар жалғасын табады», – деді Е.Қарин мырза жақында әлемнің 57 ел басшыларына. «Әл-Хол» қоныс аударушылар лагерінде әлі күнге дейін адам төзгісіз жағдайда жатқан азаматтарын қайтару үшін шаралар қабылдау қажеттігі туралы БҰҰ сарапшыларының үндеуіне осылай түсініктеме берді. Сарапшылардың пікірінше, бұл лагерьде әлі 64 мыңға жуық адам бар, олардың басым бөлігі әйелдер мен балалар дейді.

Сириядағы әскери лаңкестіктің басталғанына он жыл толыпты. «Біздің қазақстандық арнайы қызметтер операцияның толық аяқталғанын бұрын хабарлаған болатын, бірақ соған қарамастан, бұл шара елге оралған азаматтар қауіпсіздігі үшін жасалатынын ескеру қажет. Демек, ИГИЛ осы «Жусан» операциясы туралы біле тұра, біздің азаматтарды жұмысқа жіберуге немесе оларды жібермес бұрын, агенттерін таныстыруға тырысуда. Оған қоса, бұған дейін ел билігі бұл операцияның орындылығын талдауға тырысқан кезде ұзақ талқылау болды. Пікірталас ұзаққа созылды, өйткені қолдаушылар мен қарсы тараптар болды», – деп түсіндірді саясаттанушы.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметтері бойынша, барлығы «Жусан» операциясының алты кезеңі жүзеге асырылды, оның аясында 2019 жылдан бастап 607 адам өз Отанына оралды, олардың 37-сі ерлер, 157-сі әйелдер және 413 бала, оның 34-і жетім балалар. Оралғандардың ішіндегі 31 ер-азамат пен 18 әйел адам ДАИШ қызметіне қатысқаны үшін сотталды. Биыл қаңтарда қайтып келген тағы төрт ер адам тергелуде.

* * *

«Жусан» операциясы — бұл толық гуманитарлық сарынмен ұйымдастырылған шара. Мұның сәтті өтуіне еліміздің бірқатар құзырлы мекемелері, өзге де шет елдер және әлемдік деңгейдегі ұйымдар атсалысқан. Бұл бастаманы Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған және 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.

Жалпы, «Жусан» операциясы аясында елге оралғандар мен елге жеткізілген өзге азаматтар экстремистік іс-қимылдар тұрғысынан жан-жақты тексерілу үстінде. Елге оралғандарды біріктіретін ортақ нәрсе елге деген сағыныш және істеген әрекеттері үшін өкініш сезімі. Қақтығыс аймақтарына шыққан Қазақстан азаматтары мұндай ойсыз қадамға террористердің теріс, шындығында, жалған үгіт-насихатының ықпалымен барғанын естен шығармау қажет.

Әйел азаматтар Сирия жерінде жақсы өмір армандап барып, соңы қайғылы соғыстармен аяқталғанын, ауылдың лебі ескен «Жусан» иісін армандап елге оралған азаматтар өткенді өкінішпен еске алады.

Осы тұста, өзінің есімін көрсетпеуді өтінген «Б» деген азаматшаның өкініші мен сағынышын айта кетсек.

Ол 2019 жылы «Жусан» операциясымен елге оралған. Алғаш Атырау қаласында оңалту орталығында болған. Мұнан соң Шымкент қаласына келіп, «Шанс» оңалту орталығының көмегімен құжаттарының барлығын қайта жасатқан. Балаларын мектепке беріп, кішкентайларын бала бақша мен мектепке орналастырған.

Бұл азаматшаның ұлты қазақ. Үш қыздың анасы. 2007 жылы Шымкент қаласына Түркістан облысы, Жетісай ауданынан көшіп келген. Саудамен айналысқан. Дін жолына ағасы арқылы келіп, солардың айтуымен діни жоралғыларды үйренген. 2011 жылы Әбілхайыр атты азаматпен некелесіп, 2012 жылы Каир қаласына оқуға бірге кеткен. 2013 жылы Сирияға жолдасының үгіттеуімен кеткен. Сирияға барғаннан кейін екі айдан соң жолдасы қақтығыс аймағында қайтыс болған. 2015 жылы Алмаз атты жігітпен екінші рет тұрмыс құрған. 2019 жылдың соңында «Жусан» операциясы арқылы отбасымен елге оралған.

«Б» есімді азаматша қазіргі таңда азық-түлік сататын дүкен ашып өз ісін дөңгелетуде. Көзсіз сәләфизмнің өмірін ойран еткен салдарын айтып, тәубеге келіп бұл жолдың теріс және адасушы жол екенін шындап түсінді. «Мен енді қайта қателескім келмейді», — дейді ол көзіне жас алып. Сирия жеріндегі қиыншылықтарды еске алсам жаным түршігеді».

«Жусан» операциясымен елге оралған отандасымыз тілшілерге сұхбат берген кезде: «Мен Қазақстан мемлекетінің, өз Президентімнің, өз халқымның алдында қарыздармын. Елімнің маған жасаған жақсылығын қайтаратын, ризашылығымды жеткiзетiн күн де туар. Біз Отанымызды сатып кеттік. «Өзiң кеттiң, ендi не істесең де, өзiң бiл» деп бiздi Сирияда қалдыруға да болатын еді. Бірақ далаға тастамады. Біз Сириядан кетіп бара жатқанда өзге мемлекеттердің боданда қалған азаматтары: «Президенттеріңе айтып барыңдаршы, Қазақстанға бiздi де алып кетсiн!» деп жылап қалды. Себебi басқа мемлекеттер ДАИШ халықаралық террористік ұйымының құрамында болған өз азаматтарын елге қайтарудан бас тартып отыр» деп істеген ісі үшін қатты өкінетінін, туған топыраққа жететін жер жоқ екенін айтып өткенге өкінумен болды.

«Қазақстанға келгелі көп нәрсенің қадірін білдім. Тіпті, қарапайым ғана еркіндік, тыныш ұйқы мен бір тілім нанның өзі қандай қадірлі. Сондықтан жастарды адаспауға, өз елінің қадірін білуге шақырамын. Қайда жүрсең де, кім болсаң да сен тек өз еліңе ғана керексің.

Туған жердей жер болмас,

Туған елдей ел болмас, — демекші, өз елімнің қадірін ұқтым», — деді ол тағы да тебіреніп.

Тыныштық БАЙМАНОВА,

Шымкент қаласы

Дін мәселелерін зерттеу орталығының дін танушы маманы, ақпараттық түсіндіру

тобының мүшесі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *