БІЗ ДЕ БІР ҰЛЫЛАРДЫҢ ҰРПАҒЫМЫЗ

Тарих
1 415 Views

«Тұлпарда да тұлпар бар, Қазанаты бір бөлек» демекші, ғалымдардың да бәрі бірдей ғұлама, бәрі бірдей ғылым-білімге жүйрік болмаса керек. Әсіресе сонау 1937 жылдың қуғын-сүргінінен кейін білікті, батыл, ұлтжанды тарихшылар қатары барынша селдіреді. Ал кешегі дамыған социализм кезеңінің түлектері болса Коммунисттік партияның жетекші рөлін дәлелдеп, орыс жазбалары мен жылнамаларының ізінен шыға алмады. Шетел архивтері тарс жабық болды.

Тәуелсіздік алған тұста Елбасы Н.Назарбаев ел тарихын толықтыру, тарихи шындықты қалпына келтіру бағытында кең көлемді жұмыстың жүргізілуіне барынша жағдай туғызды. Әсіресе Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ұлттық жадымызды жаңғырту, тарихи ақтаңдақтар мен бұрмалаушылықтарды жою жолында қалам тербеп жүрген тарихшыларға үлкен серпін берді. Бұл бүкілхалықтық қозғалыстан Оңтүстік тарихшылары да шет қалып отырған жоқ. Солардың бірі – «Қазақтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарихшы-этнолог, түркітанушы Мұхитхан Үмбетұлы (суретте). Біз онымен сұхбат құрып, біраз мәселелердің мәніне қанығып, әсіресе Төле би туралы пайымдауларына ерекше ден қойдық.

– Қазақ тарихында ақтаңдақтар көп екені белгілі. Сондай кемшін тұстар қалай толықтырылып, қалай қалпына келтіріліп жатыр?

– Бабалардың ғасырлар бойы арманы орындалып, азаттықтың ақ таңы атып, төбемізде тәуелсіздіктің көк туы желбіреді. Егемен ел болып, еңсемізді тіктедік. Бай тарихымыздың барын бағамдап, жоғын түгендеп, келмеске кеткен кер заманның кесірінен ақтаңдаққа айналған тұстарын жадымызда қайта жаңғыртып жатырмыз.

Иә, жасыратыны жоқ, кешеге дейін, тіліміз бен дінімізге, өз тарихымызға мән бермей, киелі кісілеріміздің ұлылығын ашып айта алмай келдік емес пе? Тіптен «нағыз діншіл, ұлтшыл, панисламист, сопы» деп ат қойып, айдар тағып, талай-талай арысымызды абақтыға қамап, жер аударғанымыз да ешкімге құпия емес.

Өткен өмір сырларына тереңірек назар аударсақ, қилы-қилы кезеңдерде ғұмыр кешіп, таңғажайып қасиеттерімен дүйім жұртшылықты тамсандырған небір ұлы тұлғалардың тағдырына тап боламыз. Тәнті болып, таң қаламыз. Халықтың тарихынан асқан қандай шежіре, қандай қазына, қандай байлық болуы мүмкін. Тарихын біле алмаған елдің ертеңін болжай алмайтыны да анық. Тарих деректілік пен нақтылықты, адалдық пен әділдікті ғана таниды, мойындайды. Тарих тереңіне үңілер болсақ, нақтылық пен деректілікке зәру екенімізді де айтқан жөн.

Кезінде хатталып қалған төл тарихың болмаған соң, сырт жұрт өкілінің жазып қалдырған дерегі де шынтуайтқа келгенде, халық ғұмырнамасының ақиқатты болмысын айна-қатесіз бере алмасы хақ. Бірақ, қалай болғанда да осылардан халықтың ғұмырнамасы құралмақ, қазақ тарихы жазылмақ. Бүгінге дейінгі ғалымдарымыздың талдауына талшық еткені – осы деректер мен мәліметтер.

Мен зерттеп жүрген XVII – XVIII ғасырлардың ашылмаған беттері әлі де толып жатыр. Ең қуаныштысы мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы Қазақ тарихына қатысты мыңдаған құнды құжаттар мен қолжазбалар шет елдердің мұрағат, кітапханаларынан елге жеткізілді. Ендігі міндет сол асыл мұраларды елеп-ескеріп ғылыми айналымға салу, оқу бағдарламаларына енгізу. Осынау мұралардың қазақ хан-сұлтандары, би-қазылары, батырларының өмірі мен қызметін, сол дәуір шындығын ашуда мәні зор.

Қазақ тарихын зерделеуде қайшылықтар мен шатасулар өте көп. Мәселен, 2013 жылы республикалық деңгейде Төле бабаның 350 жылдығын атап өттік. Баба әруағын құрметтеген жақсы, бірақ ақиқат одан да қымбат. Шын мәнінде бұл жылы бабаның 338 жылдығы аталып өтуі тиіс еді. 2025 жылы Төленің туылғанына 350 жыл толады. 2017 жылы Қазыбек бидің 350 жылдығы тойланды. Бұл билерге ғана қатысты мәселе емес, бұл Қазақ тарихына, мемлекеттігіне қатысты өзекті мәселе емес пе? Тарихты парақтасаң шалағайлықтардан көз сүрінеді. Мемлекет қайраткері, жазушы, марқұм Әбіш Кекілбаев: «Туған жылы белгісіз, өлген жылы белгісіз, жатқан жері белгісіз» («Әйтеке би», Алматы, 2014. 17-б.) деп сөз қалдырған Әйтеке бабамызды дерек-дәйексіз Нұрата төріне жерлеп қойдық. Абылайлап жауға шапқан атақты ханымызға Әбілмансұр деген атты таңып бердік. «Қарт Әбілқайырды» танымай, барлық жақсы, жаманды Кіші жүзге хан болған Әбілқайыр Қажыұлына таңып қойдық. Біз әлі де бір мәселеге назар салып, мойын бұрмай келеміз. Ол үшін журналист Захардин Қыстаубайұлының «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінде жарияланған «Қазақ империясы» мақаласына көз жүгіртіңіз:

« … Жалпы қазаққа қарсы іс-әрекеттерге қатысушы орыс елшілерінің бірі «Жәңгір сұлтанның алты жүз әскері бар екен» – деп жазыпты. Болды. Бітті. Әр мақалада, әр кітапта алдымызды орағыта беретін сиқырлы санның бастауы, міне осы! Автор Жәңгір ханның ылғи да жанынан табылатын тұрақты әскері жайында айтып отыр емес пе. Олар, шамасы, сол кезде ел ішінде қазіргі милиция-полиция қызметін атқарса керек. Зерде, пайым мен қисынға салмастан-ақ көзге түскенді осылайша көшіре салу әдеті Орбұлақ шындығын едәуір бұлдыратып, сенімсіздеу аңыз әңгімелердің қоздауына себеп болған сыңайлы. Қалай дегенде де Орбұлақ бар, алапат шайқастың ізі де өше қоймаған. Тек ол тарихшылардан ендігі жерде жан-жақты зерттеп, талдауды, дәнді қауыз бен сабаннан ажыратып алуды қажет етеді».

Осындайда тоқтам білдіріп, салиқалы ой айтуы тиіс ғылым докторлары мен әшейінде сөз бермейтін дардай-дардай «білгіштердің» үнсіз қалатынына жаның ауырады. Кеңестің құлдық психологиясынан арылмаған ағаларды түсінемін, ал кейінгі толқынның жасықтығына күйінемін…

– Тарих шындығына анық көз жеткізу үшін жазба деректерді де, қағазға түскен естеліктерді де, аңыз әңгімелерді де, ауыз әдебиетіндегі мәліметтерді де салыстыра зерттеу керек шығар.

– Бір нәрсенің шындығын дәлелдеу үшін бұрынғы жазба деректерге, беделді кісілердің айтқанына жүгіну дәстүрі – ежелден келе жатқан үрдіс. Мұны жазу мәдениетінің, іс-тәжірибелерді зерделеп, ғылымға, тарихқа, әдебиетке, тұтастай мәдени мұраға айналдырудың бір қағидасы десе де болады. Алайда, өзіңнен бұрынғының айтқанының бәрі бірдей ақиқат, бұлжымас заң деп қарауға да болмайды ғой. Тіпті заң екеш заң да уақытына қарай өзгеріп тұрады емес пе? Келесі қолданыста, сол бұрын айтылған сөздің дұрыс-бұрысын бір қарап барып, неге, неліктен айтылғанына зер салып, қосымша зерттеп, сол пікірдің растығына сендіре отырып, байлам жасалса рәуа да. Жоқ, пәленше-түгенше сөйдеген деп көшіре береміз. Оған не аларымыз, не қосарымыз жоқ. Беделден асып ой тастамау – тарихқа, ғылымға қасірет, жасандылыққа жол беру болады. Қандай оқиға теріс баяндалса, одан жалған мазмұн шығады. Төле би мен ұрпақтарының ғұмырына бару үшін, олардың өмірін анық тану үшін ата-текке, яғни шежіретану ғылымына тереңдеп барғанды жөн санап отырмын. Себебі «… Қазақ халқының әрбір жекелеген руының генеалогиясын алдын-ала зерттемейінше, сондай-ақ оның кімдермен және қандай уақытта тоқайласқанын анықтамайынша, қазақ халқының тарихи тағдырының жалпы көрінісін елестету мүмкін емес» – деген екен тарихтың білгірі, Алаштың абзал азаматы Мұхамеджан Тынышбаев. Сұрағыңызға жауап беру үшін әңгімені арыдан бастауға тура келеді. Шатасулар болмас үшін бағзы заманға бармай-ақ, дәлел-дәйектерге сүйеніп, сұхбатты XVI ғасырдың соңынан тарқатқанды оң санадым. Неге дерсіз. Бұл ғасырдың екінші жартысында өмірге Төле бидің атасы Құдайберді (1573 жыл) келген екен. Құдайбердіден тоғыз ұл дүниеге келіп ат жалын тартып, мініпті. Олар Түгелбай, Данай, Ақтай,Бақытбек, Қарашбек, Әжібек, Құдаймеңді, Тоқпанбет, Әлібек. Қайсібір шежіретанушылар Қарашбекті Қарашәуке атандырып, Әжібектің орнына Тасыбекті атап жүр. Құдайберді еліне белгілі би болған. Ол Еңсегей бойлы ер Есімнің замандасы, жорықтас серігі. Оған мынадай мәліметтер арқылы көз жеткіземіз.

Арынды ақын Қазанғап Байболұлы (1891-1945) өзінің «Еңсегей бойлы ер Есім» дастанында былай деп толғайды:

Ынтымақпен сайлады,

Құдайберді жаныстан,

Ең әуелі болғаны.

Орта жүздер сайлады,

Арғын Шаншар мырзаны

Қаз дауысты Қазыбек

Осыдан тарап шығады.

Кіші жүз алшын Жидебай (Жиембет – М.Ү.)

Баласы мұның Әйтеке

Шежіреде шығады…

Бұдан Құдайбердінің би болғанын анық білеміз. Оны мына дерек те нақтылай түседі.

«… 1620 жылы Есімхан Алтын ханмен, Ноғай ордасымен бірігіп, отыз мың қолмен ойратқа шабуыл жасағанда Қара Ертіс бойында өткен осы соғысқа арғын Ағынтай, алшын Жиембет, қоңырат Алатау, шапырашты Қарасай, бөгежілі Жақсығұл, найман Көкесерек, суан Елтінді батырлармен бірге Құдайберді би де қатысады…» (Қазыбек би Тауасарұлы. Түп-тұқияннан өзіме шейін. Алматы, 1993 жыл).

Тұрсын хан мен Есім хан арасындағы сұрапыл шайқас Сайрамсу өзені мен Сайрам шаһары өңірінде болғаны да көп нәрседен хабар береді. Құдайбердінің жастық шағы осы тамаша аймақпен астасып жатыр. Қазанғап ақын «Төле бидің тарихы» жыр-дастанында былайша еске алады:

«Құдайберді би болған,

Қазақ жаулап қалмақты,

Есімханмен барыста.

Алтай мен ұлы Ертісте,

Жеті жыл жүрді алыста».

Жазушы, филология ғылымының кандидаты Мамытбек Қалдыбаев әзірлеген «Төле би», филология ғылымдарының докторы, профессор Сәрсенбі Дәуітұлы құрастырған «Еңсегей бойлы ер Есім», М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты ұсынған «Бабалар сөзі» (57 том), Қазанғап ақынның қолжазбасын «Есім хан мен Барыста» деп оқып, барыс жылын меңзеген сөзді адам есіміне айналдырып, өрескел қате жіберген. Осындай қателіктер тарих ғылымы мен шежіретануда түсінбеушілікті тудыруда.

Бұл шайқас туралы жазушы-тарихшы Мұхтар Мағауин Мәшһүр-Жүсіпке сілтеме жасай отырып былай дейді: «… Бірі қорқаулықтан, бірі кектен көздерін қан басқан екі әмірші Сайрам қамалының түбінде беттеседі. Бір жақта екі арыс қатаған және оған ерген қаншама қауым; екінші жақта үш арыс алаш және оған қосылған қаншама жұрт. Бәрі де қазақ. Жан түршігерлік мейірімсіз ұрыс, сол заман тарихшысының сөзімен айтқанда, өрттей қаулайды. Есім ханның тепкісіне шыдай алмаған Тұрсын хан жеңіліске ұшырап, Ташкентке шегінеді.

Есім хан Тұрсын ханның басын алып, найзаға шаншып, өзінің бітіспес жауы – Бұқар ханы Имамқұлыға сәлемдемеге жібереді.

Есім хан мұнымен де тоқтамай, бүлікшіге тірек болған, мейманасы тасып, қазаққа қарсы қылыш көтерген Қатаған руын өлім жазасына кеседі. Құдіретті қатаған қауымының арбаның күпшегінен бойы асқан еркек кіндіктісі түгел найзаға ілінеді, әйел заты түгел үлес олжаға беріледі.

Қатаған қырғыны – Есім ханның жеңісі емес, бүкіл Қазақ ордасының жеңілісі болды.» («Қазақ тарихының әліппесі» Алматы, 1995 жыл. 50-бет.).

Ал Қазанғап шайқас кезінде Есім хан ставкасының солтүстігі Түлкібас, Дәу баба, батысы Қазығұрт, Шымкентке дейінгі жер алақандағыдай анық көрінетін Мыңбайыр жотасында (қазіргі Керегетас, Диқанкөл ауылдарының желкесіндегі биік жота), ал Тұрсынның шатыры кейін Шатыртөбе (қазіргі Алатау ауылдық округі, Төлеби ауданы) аталып кеткен жерде тұрғанын анық көрсетеді. Қазыбек би Тауасарұлы мен Қазанғап Байболұлы шығармаларында осында өткен шайқас эпизодтарының суреттелуі өте ұқсас, басты қаһармандардың есімдері де бірдей.

Құдайберді шамамен 1573 жылы дүниеге келіп, қалмақтармен болған соғыста алған жарақаттан 1627 жылы қаза тапқан екен. Оны Есім ханның би балаларына көңіл айтқанынан аңғаруға болды. Онда:

«… Құдайберді баласы –

Әлібек деген жанысқа

Әкеңнің берсін иманын,

Аман еді барыста.

… Хан Тұрсынмен мінекей,

Тағы түстім жарысқа,

Ер өледі намысқа

Барларыңды қарышта» – дейді Есім хан. («Төле би тарихы». Алматы, 1991 жыл).

«… Аман еді барыста … яғни осында айтылған барыс – 1626 жылы Құдайберді әлі өмірден өтпеген екен».

Есім ханның билік етуінің алғашқы кезеңінде, ішкі саяси жағдай қолайсыз болды. Есім ханға қарсы бірінші болып Түркістан өңіріндегі қарақалпақтар бас көтереді. 1603 жылы олар шайбанилық бір сұлтанды хан көтеріп, бөлектене бастайды. 1605 жылы елдің тұтастығын сақтауда Есім ханмен бірге Құдайберді жауларына қарсы жасындай тиеді. Ол жаугершілік кезінде Есім ханмен бірге шығыс Түркістанда үш жыл болады.

1607 жылы болған Ташкент түбіндегі қазақ – бұхар соғысында Құдайберді ересен ерлік көрсетеді. Бұл кезде Ташкент қаласы Қажы-Тархан әулетінен шыққан екінші хан Уәли-Мұхаммедтің дәргейіне өтеді. Бұл соғысқа Есім хан қазақ әскерін өзі бастап барып, Бұқар әскерін қирата жеңеді. Ал Есім хан мен Тұрсын хан арасындағы сұрапыл шайқастың Сайрамсу аймағында өткені тарихшылар тарапынан ескерусіз қалуда. Сондықтан бұл тарихи оқиғаны мәңгілік ұрпақтар жадында қалдыру үшін Сайрамсу өңіріне ескерткіш белгі қою керек.

(Жалғасы бар).

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *