БІЛІКТІЛІГІ БЕРЕКЕ БАСТАУЫНА АЙНАЛҒАН

Тұлға
716 Views

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ҚАРЖЫ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК АКТИВТЕРБАСҚАРМАСЫ БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫН ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ТАЛДАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ БЕКЕНКЕРІМҚҰЛОВ ТУРАЛЫ СЫР-ТОЛҒАУ

Қарт Қаратаудың бөктеріндегі жұмақ мекен атанған Түлкібас ауданында, қарапайым ғана қоңыр тіршілік кешіп отырған Әбілдабек пен Махираның шаңырағында мың тоғыз жүз жетпісінші жылдың мамыр айында бір қыздан кейін ұл бала өмірге келеді. Әдетте, адамның тағдыры атына сай қалыптасады деген тәмсіл бар екенін ескерген ата-анасы жас сәбидің есімін «Буыны бекем, бағы үстем, көңілі көктем болсын» деген ниетпен Бекен деп қояды. Кішкентайынан шымыр да икемді болып өскен бала өз қатарластары ортасында ширақтау болды, әсіресе асық ойнағанында дәлдік пен шапшаңдықтан ешкімге дес бермей алдына қара салдырмайтын. Кейін Бекеннің есепке жүйріктігін байқаған балалар бақшасындағы тәрбиешілері мен мектептегі ұстаздары да оны алдыңғы қатарға шығарып, өзгелерге үлгі ете, әрдайым мерейін асырып отырды.

Барлық баланың қабілеті бастапқыда бір деңгейлес болады дегенімен оны ашып, әрі қарай ұштауда үйдегі ата-анамен қоса мектептегі ұстаздарға жүктелетін міндет ерекше екені өзінен-өзі түсінікті. Бұл орайда сол кездегі үрдіс бойынша орыс мектебіне барған Бекен баланың жолы болып, математика пәнінің білгірі Иван Ионович Шмунк ағайынан дәріс алады. Сол Иван Ионұлының ықпалынан шығар-ау, сол тұста өзімен қатар оқыған әріптестерінің басым көпшілігі есеп-қисаптан мүдірмейтін үздіктер қатарында болыпты.

«Арманың қандай болса, өмірің де солай өріледі» деп жатады. Бекен үнемі Алатаудай асқақтықты қалады, қалауынан жаңылмауға ұмтылып, таңдауын толық та анық жасайтын. Мектепке барғаннан үздік оқушы атанған баланың ең сүйікті пәні – математика болуынан шығар, өмірде дәлдікті һәм туралықты қалайтыны сол кезде-ақ тайға таңба басқандай анық байқала бастапты. Бертін келе бос сөзді, асыра мақтауды жақтырмай, оған жаны қас болыпты, адами бекзада болмысы мұндай жасандылыққа шыдай алмай бетке айтып тастайтын мінез қалыптасыпты. Мұндай бірбеттілік қасиетінің мына аумалы-төкпелі, құбылмалы заманда өзіне тигізер кесірі көп болса да бұл Бекен алған бағытына бекем болып, тағдырына туа бітті мінезінен айныған емес. Тазалығының тылсым қуатынан нәр алған қара нардай биіктерді бетке алып келеді.

Анасы – денсаулық сақшысы саналатын медбике болса, әкесі – саналы ғұмырын ел өміріндегі ең қажетті салалар: ауылшаруашылығы мен білім саласына арнады, халық үшін қалтқысыз тер төкті. Содан да болар-ау, халықпен жұмыс істеудің қандай болатынын Бекен ерте жастан ұғынып, түсінді. Елдің ішінде жақсы да, жаманның да кезігетінін сезініп білді, өз көзімен көрді. Қазақ мемлекеттік басқару Академиясының «қаржы және несие» факультетіне оқуға түсіп, Алматыға оқуға аттанарында, «Білімді ұяттан биік қойған адам қанша кітап ақтарса да білімді болып жарытпайды» деген әкесінің сөзі өмірде нағыз адам әрі мықты кәсібіне адал маман болуына негіз болды. Өзінің жүрек қалауымен таңдаған мамандығы қаржыгерлікті аяқтағандағы мақсаты да адамдардың нарықтық замандағы сауаттылығын арттыру болды.

«Бақ талғап жүріп, таңдаулы ғана адамның басына қонады» дейтін болсақ, Бекеннің бақыт баспалдақтары ешкімге ұқсамайтын өзінің таза еңбегімен өзгеше өрілген өрлеу жолы дер едік. Өз еңбек жолын еліміз тәуелсіздік алып, мемлекетіміздің іргесі енді қаланып жатқан тұста, «Казагропромбанк» АҚ ОҚО филиалында бухгалтерлік есеп және есептілік бөлімінің аға бухгалтері болып бастайды. Кейіннен осы мекемеде экономист, аға экономист, жетекші экономист, бас бухгалтердің орынбасары, бас бухгалтер болып жемісті қызмет атқарды.

1997 жылы Республикалық бюджет банкінің ОҚО басқармасында бас бухгалтердің міндетін атқарушы, ал 1998 жылы ОҚО қазынашылық басқармасында республикалық бюджеттің атқарылуын есептеу және есеп беру бөлімінің бастығы қызметінде де мемлекеттің қаржысына асқан ыждағаттылықпен есеп жүргізе білді. «Мемлекеттің тиыны – халық ырысы» дегенді жиі айтып жүретін Бекен Әбілдабекұлын облыстық қаржы басқармасының басшысы Исмайлбек Ыбырайұлы Шалабаев басқарманың жергілікті бюджетті және қаржы органдарының сметаларын есептеу, есеп беру және талдау бөлімі бастығының орынбасары – жергілікті бюджетті атқару жөніндегі секторының меңгерушісі қызметіне шақырады.

Ел Тәуелсіздігінің бастапқы кезеңі саналған ол тұста облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайы өте ауыр күйде болды. Бюджеттік сала қызметкерлеріне еңбекақы, көпбалалы отбасыларға тиесілі жәрдемақылар бірнеше айлап төленбей, қарыздары миллиардтап жинақталып жатты.. Сондай-ақ, халықтың күнделікті тұтынатын электр, газ, судың тапшылығы баршаны жаппай әбігерге салған кез болатын. Мұндай тығырықтан шығу үшін күн-түн демей әрбір теңгені тиімді жұмсалуына талдау жүргізу, содан сабақ алып түйін жасау үлкен сауаттылық пен байыптылықты қажет етті. Осы тұста қаржы саласындағы қызметіне бағыт-бағдар беріп, үнемі қолдау көрсеткен алғашқы ұстазы әрі кілең мықтыларды жанына топтастырған білікті қаржыгер, ұйымдастырушы – Исмайлбек Ыбырайұлы Шалабаевтың тынымсыз еңбегі мен нәтижелі жұмыстары күні бүгінге дейін жадында сайрап тұр. Бұдан бөлек, Жанзақ Жылқышыұлы Жылқышиев, Күмісбек Боранбекұлы Дүйсембиев, Роза Әбдірқызы Исаева, Мадания Сүлейменқызы Рахымбаева, Ирина Ивановна Двинина және т.б. көптеген өз ісінің білгірлерімен қызметтес болып, тағдыры тоғысқанына қашанда қуанады.

«Халықтың қаржылық сауаттылығын арттырсам, елге пайдам тисе», – деп білім алған азаматтың мемлекеттің қаржысының дұрыс жұмсалуына бел шешіп, еңбек етуі – өз таңдауы, жүрек әмірі. Жүрек қалауынан ешкім де ешқашан асып кете алмайтыны тағы бар.

2000 жылдан бастап ОҚО қаржы басқармасы қаржы департаменті болып қайта құрылуына байланысты жергілікті бюджеттің атқарылуын есептеу және есеп беру бөлімінің бас маманы болып қызмет атқарып, көптің алғысына бөленді. Қаржыны есептеуде үлкен табандылық танытып, жергілікті жерлердегі мамандар кемшіліктерін анықтап, оны жөндеуге өзі де бір адамдай атсалысты. Кемшілік кеткен аудандарға өзі арнайы барып, қаржының дұрыс жұмсалмаған фактілері анықталса, оны жою үшін дер кезінде қатаң шаралар қабылдай білді.

2007 жылдың 28 қазанынан бастап, алдымен, ОҚО қаржы басқармасының, ал 2018 жылдың 23 шілдесінен Түркістан облысы қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының бюджеттің атқарылуын үйлестіру және талдау бөлімінің басшысы қызметін он төрт жылға жуық үзіліссіз атқарумен келеді.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, саналы ғұмырында біліктілігі мен білгір білімімен еліне адал қызмет етіп келе жатқан азаматқа қандай мадақ айтсаң да жарасады. Абырой-беделді Бекен еңбегімен, өзін қоршаған ортаға танытқан бол­мыс-бітімінің шынайылығымен лайықты құрметке ие болған. Оның Саққұлақ бидің: «Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – та­лап, шолушысы – ой, жолдасы – кәсіп, қорғаны – сабыр, қорғау­шысы – мінез, сыншысы – халық» деген ұлағаты бар өнегеден өрбіген өсиет сөзін берік ұстанымына айналдырып алуы тегін болмаса керек.

Қызметімен мақтанбайтын Бекен Әбілдабекұлы – тапсырмаларды уақтылы әрі сапалы орындайтын өз ісіне жауапты әрі ұқыпты азамат. Қандай қызметке бармасын, халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы атамыздың «Терлеп еңбек етпегеннің тілегіне жеткенін көргенім жоқ», – деп айтқанындай қаржы саласындағы қордаланған мәселелерді шешуге бар күш-жігерін салды. Сөзден гөрі іске басымдық береді. Ұзақ жылдар бойы облыстың экономикалық және әлеуметтік дамуына, қаржы саласының өркендеуіне зор үлес қосып қана қоймай, талай жас қаржы мамандарын даярлауда.

Әсіресе, облыс бойынша қаржыландыру жоспарларын қалыптастыру және нақтылау, қаржылық және бюджеттік есептіліктерді шоғырландыру, «е-минфин», «қазынашылық-клиент» жобаларын цифрландыруда атқарған еңбегі орасан. Атап айтсақ, облыстық және аудандық, қалалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне арнайы қаржыландыру бағдарламасы орнатылып, бюджет кірістерінің орындалуына және қаржының жұмсалуына күнделікті мониторинг жасауға толықтай жағдай туды.

Өзіне де, өзге де талапты тең қоя білетін жанның үйретері көп. Саннан сыр танитын, өз кәсібінің корифейі атанған жанның мақтан тұтар шәкірттері де көп. Өзі қанатын қатайтқан азаматтар бүгінде белді қызметтер атқарып жүр. Солардың бірі Ербол Жанғазиев – бүгінде Сауран ауданы әкімінің орынбасары, ал Ғалымжан Төлепов облыс әкімдігінде бөлім меңгерушісі, Шымкент қаласындағы Абай ауданының әкімі болған. «Абыройды азамат ісінен табады» деген әке сөзін үнемі әріптес жігіттермен бас қосқанда айтып отыратынын айтқанда, өзі істің көзін табуды үйреткен шәкірттерінің мерейлерінің үстем болып, биіктерден көрінуінен сезінесің…

Қазір де бір қатарда бірге қызмет етіп жүрген Абзал Пернебек, Айдана Бекебай сияқты жас шәкірттерінің болашағына үлкен үмітпен қарайды. Сондықтан болар, қолға алған жұмыстарының бәрі көңілінен шығып, әріптестерінің ықыласына бөленетіні. Содан да шығар, жұмыс барысында талапшылдығы мен жаңашылдығы өзін тек жақсы жақтарымен көрсетуіне мүмкіндік беріп қана қоймай, жүктелген биік міндеттерге адалдығын паш етіп, мемлекеттік қызметкерге тән үлкен жауапкершілік жүгін қара нардай қайыспай көтеріп, тек биікке, өрге тартып келе жатқаны. Бала кезінен бойына қалыптасқан үлкенге құрмет, кішіге өнеге, көпшілікпен ортақ тіл табыса алатын қасиетімен ерекшеленген азамат бүгінгі түркі дүниесінің астанасы – Түркістанның гүлденіп, өркендеуіне көппен бірге атсалысып келе жатқандығын үлкен мәртебе санайды.

Бүгінгі алмағайып заманда ұлтқа қажеті – көркем мінез десек, оның үлгісі ретінде мемлекеттік қызметтегі білікті қаржыгер Бекеннің болмысына зер салыңыз. Көп сөйлемейді. Мінезінің құтысын сабырға тол­тырып, соның өзін тұндырып қой­ған ба дерсің. Тұнық ойы, терең толғамы кім-кімді де бірден баурайды.

«Еңбекші ердің аты шығар» дегендей тәуелсіз елдің қаржы саласында отыз жылдай еңбек етіп келе жатқан өз ісінің білгірі – Бекен Әбілдабекұлы Керімқұловтың жеткен жетістіктері аз емес. Бірақ өзі: «Басты жетістігім – әкем айтқан абырой биігінен көрінуім» дегеннен ары сөз қозғамайды. Десе де, жетістіктерін айтып өтер болсақ, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медальдарын кеудесіне тақты. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісіне ие болып, облыс әкімінің грамотасымен, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының Құрмет грамотасымен марапатталған. 2018 жылдың қорытындысымен облыс бойынша «Үздік қаржыгер» номинациясының иегері.

Сөйлескен адамын бірден баурап алатын жанның тәуелсіздік пен өз кәсібі қақындағы ойы кемел рухқа толы және шынайы екен. «Тәуелсіздік менің өз кәсібім бойынша еңбекке шындап араласқан жылдармен тұспа-тұс келген соң болар, өзімді тәуелсіз елдің қаржыгері санаймын. Мен үшін мемлекеттің әрбір тиыны – елдің несібесі. Сол несібенің арта түсуі үшін елдегі барша жұмыскер жұмыла еңбек етуде. Ал, олардың еңбегінің жемісін қазынада қадағалау, еселеп байыту – қаржыгердің үлесінде. Менің қызмет бабындағы ұстанымым – жүйелі жұмыс, дұрыс есеп, ақ пейіл» дейді ол. Дәл осылай адалдық пен тазалықты пір тұтқан, еліміздің өркендеуінің басты негізі болып табылатын қаржы қоржынының толықтығын қамтамасыз ету тетігін сауатты меңгерген Бекендей оғландар көп бола берсе екен деп тіледік.

Слам НҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *