БҰЛ ЖӘЙ ҒАНА АЛШАҚТЫҚ ЕМЕС, ӘЛЕУМЕТТІК ТЕҢСІЗДІК

Ақорда
1 029 Views

Қазақстан Президенті кеңеске дейін «Smart Data Ukimet» жобасы аясында Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қаржы министрліктері мен «Ұлттық ақпараттық технология» акционерлік қоғамы атқарған жұмыстарының нәтижесімен танысты. Сонымен қатар Мемлекет басшысына «Smart Bridge» және Интернет ресурстардың бірыңғай платформасы жайында мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру дегеніміз бір ғана саланы немесе бір бағытты дамыту емес екеніне тоқталып, оның ең алдымен экономиканың, өнеркәсіптің және қоғамның дамуына түбегейлі өзгерістер әкелуі қажеттігін баса айтты. Сондықтан барлық мемлекеттік органдар мен ведомствоға қарасты мекемелерге ортақ мониторинг жүйесін құрудың маңыздылығын ескертті.

Қазақстан Президенті Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі озық, заманауи жүйелердің қозғаушы күші болуы тиіс екенін, әзірге бұл мақсатқа толық қол жеткізбегенімізді атап өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл жұмыста біртұтас көзқарас, нақты жүйе жоқ. Соның салдарынан цифрландыру түрлі ведомстволарға шашырап, жайылып кеткен.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Индустрия 4.0 аясында аталған жобаны кеңейту үшін реттеудің және ынталандырудың кешенді шараларын әзірлеуді тапсырды.

– Мемлекеттік басқару жүйесінде цифрлық технологияны қолдану – бүкіл бағдарламаның табысты болуының басты кілті. Бұл істе түбегейлі өзгерістер қажет. Барлық құжат айналымын толықтай электронды форматқа көшіру керек. Қазіргі кезде талап ететіндей, құжаттарды қағаз жүзінде де, электронды түрде де дайындап, тапсыру дұрыс емес. Құжаттардың қағаз нұсқаларына біртіндеп тыйым салынуы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы интернеттің жоқтығын немесе оның баяу жұмыс істейтінін айта келіп, қала мен ауыл тұрғындары арасында «цифрландыру алшақтығы» бар екенін атап өтті.

– Бұл жәй ғана алшақтық емес, әлеуметтік теңсіздік. Сондықтан Үкімет «цифрлық алшақтықты» реттеу жұмыстарын жандандыруы қажет, – деді Президент.

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мемлекеттік маңызды іс, ел экономикасының дамуы аталған салаға тікелей байланысты екенін баса айтты.

Кеңесте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев, Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев баяндама жасады.

Akorda.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *