«ДВА ВОПРОСТЫ ЕЛБАСЫ ҚАЗАҚША АЙТТЫ…»

Билік
1 012 Views

«ДВА ВОПРОСТЫ ЕЛБАСЫ ҚАЗАҚША АЙТТЫ…»

Шымкенттегі Қазақстан халқы ассамблеясы ғимаратында қаланың су жаңа әкімі Нұрлан Ермекұлы Сауранбаев 2017 жылы атқарылған жұмыстары жөнінде тұрғындар алдында есеп берді. Оған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Мұрат Имандосов қатысты.

Қала әкімі есебінің тезистері алдын ала «2017 жыл қорытындысы: өндіріс өрледі, қала көркейді» деген тақырыппен баспасөз бетінде жарияланғандықтан, оған толыққанды тоқталмастан, алдымен жалпақ жұртқа жағымды деген кейбір дерек-дәйектерді ғана тілге тиек еткенді жөн көрдік. Шымкенттегі өнеркәсіп өнімінің көлемі 411 миллиард теңгеге жеткен. «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында 4310 отбасы баспаналы болған. Алты мектеп пен төрт қосымша ғимарат пайдалануға берілген. Биыл тағы бес мектеп пен төрт қосымша ғимарат салынатын болады.

Алдын ала жазылып жарыссөзге шыққан Қазақстанның Құрметті журналисі Байдулла Қонысбек, «Береке-А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Рәшкүл Оспанәлиева, қалалық мәслихаттың депутаты Еркін Сатқанбаев Шымкент қаласы әкімінің есебіне қанағаттанарлық деген баға берді. Кездесу барысында ғимарат залына, онлайн жүйесі орнатылған № 37 және 66 жалпы орта мектептеріне жиналған жұртшылық тарапынан қойылған сауалдар, талап-тілектер мен ұсыныстарға тиісінше, қала және облыс әкімдері жауап қайтарды. Осы орайда сауалдардың басым бөлігі коммуналдық сала бойынша, жер, тұрғын үй, су, газ, жарық, құрылыс, жол, қоғамдық көлік мәселелеріне қатысты болғанын айтып өтейік. Тіпті, «Тұран» тәрізді шағынауданның тұрғындары құрттаған су ішіп отырған жиіркенішті жанайқайын да жеткізді. Ауызсудан азап көрген олар бір цистерна суды 3000 теңгеден сатып алатынын ашына айтты. Шымқалада жолдың сапасыздығынан мектепке батпақ кешіп баратын оқушылар да кезігеді екен. Бұлардың бәріне Нұрлан Ермекұлының берген жауабы: «Жедел түрде шешілетін шаруа жоқ. Барлық мәселе кезең-кезеңімен шешіледі» дегенге саяды. Қос әкімнің баяндауынша, биыл Shymkent City, «Арбат», «Цитадель», жобаларын жүзеге асыру, әуежайды қайта құру, Фосфоршылар және Металлургтер сарайларын мемлекет меншігіне қайтару, Қошқарата өзенінің бойын көріктендіріп, абаттандыру бағытында, жалпы алғанда 20 негізгі жоба бойынша жүйелі жұмыс жүргізілмек.

Енді кезінде облыс әкімі Ж. Қ. Түймебаев: «Қазақстан Республикасы Президентінің әкімшілігі мен Шымкент қалалық мәслихатының келісімімен кәсіби деңгейі жоғары, мемлекеттік қызметтің түрлі салаларынан өткен тәжірибелі маман», – деп әсіре дәріптеп қала әкімінің орынтағына отырғызған Н. Е. Сауранбаевтың ел алдындағы есебінен өзіміздің не түйіп қайтқанымызды ортаға салып көрелік. Біріншіден, бұл қала басшылығына келгеніне бар болғаны үш ай ғана болған жаңа әкімінің есебі емес, бұрынғы әкім Ғабидолла Әбдірахымовтың есебі дер едік. Өйткені, өткен жылдың алдыңғы он айында атқарылған жұмысқа жаңа әкімнің ешқандай қатысы жоқ. Тым құрығанда өзінен бұрынғы «әсірежаңашыл, реформатор» әкімнің Шымкентті төрткүл әлемдегі ең көрікті қалаға айналдыру мақсатында Shymkent City мегажобасын жүзеге асыруды ойластырғанын, өзі бас болып өнеге көрсетіп, шымкенттіктерді шетінен шайтанарбаға отырғызу ниетінде Астанадан арнайы белесебеттер алдырғанын, әріптестерін қызметтік жеңіл автокөліктерден түсіріп, бір ай бойы автобусқа отырғызғанын, Тәуке хан даңғылының бойындағы ағаштарды «кісендеп, тұсаулап» тастағанын, Ахмет Байтұрсынов көшесін кеңейтуді көздегенін, ақыр соңында Шымкентті «зың қала» деп атап, тіпті кейіннен осындай әннің де дүниеге келгенін тілге тиек етіп кетсе болар еді ғой. Бірақ, ол өзінен бұрынғы әкімнің атқарған жұмысы былай тұрсын, оның аты-жөнін тілге алуды да жөн көрмеді. Екіншіден, Жамбыл (Қазіргі Тараз) қаласында жарық дүниеге келгенімен, Алматыдағы № 30 орта мектепте оқып, тәлім-тәрбие алғандықтан болар, Астана көріп, орыстілді ортада өзінің ой-пікірін емін-еркін білдіріп үйренген, мемлекеттік тілді менсінбейтін қазіргі қалабасы қазақша көсіле сөйлей алмайды екен. Бейнебір бастауыш сыныптың оқушысындай қағаз бетіндегі дайын тұрған мәтіндердің өзін оқу кезінде қайта-қайта кібіртіктеп қала берді. Тілінің күрмелгендігі айқын аңғарылды. Үшіншіден, оның осыдан біраз уақыт бұрын қалаға қарасты әл-Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжановтан есепті баяндаманы қазақ, орыс тілдерінде қатар жасауды талап еткенін де түсіне алмадық.

– «Елбасы бізге пример де көрсетіп жатыр. Везде во всех мероприятиях должны вестись на двух языках. Вот Вы, Послание, Жолдауды соңғы естідіңіз ғой? Два вопросты Елбасы қазақша айтты, екі вопросты орысша айтты. Поэтому в этом отношений доступность информации и Конституционная права они должны всегда соблюдаться. Поэтому Бауыржан 10 балный система, саған … Сізге бәрі солай деді. Бірақ, мына жағынан я думаю есть вопросы которые… Баяндама жасағанда тағы да ішінде или дополнение обязательно нетіп неғылыңдар. Ол жағынан я думаю правильное замечание от жителя города была. Поэтому эти вопросы я думаю что надо обязательно соблюдать». (Осылайша қойыртпақтап былдырайтын «тұлғалардың» Шымкенттейін шоң қалаға әкім болып отырғанына таңымыз бар).

«Адам қай тілде сөйлесе – сол ұлттың өкілі» деген екен бір ғалым. Ендеше, Шымқаланың орыстілді әкімі кімнің өкілі екенін өздеріңіз болжай беріңіздер. Сонда мемлекеттік тілді меңгермеген    Н. Е. Сауранбаев енді қашан қазақ тілінде сөйлейді екен? Тым болмаса өзінің әріптестері, Алматы қаласы мен Ақтөбе облысының әкімдері – Бауыржан Байбек пен Бердібек Сапарбаевтан неге үлгі-өнеге алмайды? Оның біріншісі ел алдында орысша сөйлеген қазақ қызына, ал екіншісі орысша сөйлеген қытай кәсіпкеріне мемлекеттік тілде сөйлеуді талап еткені бар. Осы орайда тілі бұралған Шымқаланың жаңа әкімін қазақша ликбезге жіберу керек шығар, бәлкім, деген ойда қалдық.

Бір миллионға жуық тұрғыны бар ірі мегаполис қалада миллион проблема бар десек, артық айтқанымыз болмас. Әсіресе әлеуметтік мәселелердің оң шешімін таппай отырғаны қатты қынжылтады. Солардың ең бастысы – жер және тұрғын үй мәселесі дер едік. Қалада 120 мыңнан астам адам жер алу, 34 мыңнан астам адам тұрғын үй алу кезегінде тұр. «Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүйелерін жүргізудің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалуда» деген әңгіменің шыққаны қашан. Мұның үстіне еліміздің Жер кодексіне байланысты 2009 жылдан 2021 жылға дейін мемлекет есебінен он сотық тегін жер беруге мораторий жарияланғанын бәріңіз жақсы білесіздер. Үлкенді-кішілі әкімқаралар мен шенді-шекпенділерден сұрасаңыздар олардың бәрі бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай: «Қалада жер жоқ!» – деседі. Қарапайым халық арасында облыс пен қала тізгінін ұстаған бұрынғы басшылар мемлекет иелігіндегі жерді оңды-солды үлестірген деген әңгімелер желдей еседі. Сатылатын ең арзан жердің бағасы біржарым миллион теңге тұрады. Соған қарамастан олардың құжаттарында шикілік басым. «Қайтпас» шағынауданындағы жердің бағасы аспандап кеткені соншалық, оны он миллион теңгеден төмен түсіріп ала алмайсыздар. Керісінше, базарлар мен сауда кешендерін, мейманханалар мен мейрамханаларды, продюсерлік және букмекерлік орталықтарды, фитнес және түнгі клубтарды, моншалар мен сауналарды салуға қашанда жер табылады. Былайша айтқанда, қарапайым халыққа жер жоқ. Қала бюджетінің 114,9 миллиард теңгеден 122,1 миллиард теңгеге ұлғайғаны дұрыс-ақ. Алайда, қарапайым халықтың күнкөріс деңгейі тым төмен екені жасырын емес. Мәселен, шымкенттіктердің орташа жалақысы – 108901 теңгені құрайды дегенге кімді сендіре аласыздар.

Шымкент бір миллион тұрғыны бар ірі мегаполиске, дамыған өркениетті елдердегідей заманауи «ақылды қалаға», «қауіпсіз қалаға», бұған қоса-қабат 2020 жылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің мәдени астанасына айналғалы отыр. Осы орайда айтарымыз, Абай атындағы саябаққа сыра зауыты, мейрамханалар, футбол алаңдары мен теннис кортын жайғастырудың орнына Хакім Абай музейіне сыңар етіп ұлы ақын атындағы заманауи кітапхана салса болмас па еді. Өйткені, егемен еліміздегі үшінші ірі мегаполиске жеке-дара ғимаратқа орналасқан қалалық құтхана ауадай қажет. Сан алуан шығармашылық саласындағы зиялы қауым өкілдерінің басыбүтін ғимараты, кинотеатр, заманауи жабық стадион, муниципиальды автобус паркі, наубайханасы да жоқ қала екені де кейде есімізден шығып кететін сыңайлы. Сан алуан сауда орындары мен мейрамхана атауларындағы тіл мүкістігінен аяқ алып жүре алмайсың. Қазақстанда 296 шақырым топырақ жолы бар өзге қала бар ма екен?

Ресми түрде тіркелген 20 мың жұмыссыздары бар қаладағы тұрғын үйлердің қабырғалары, темір қорғандар, аялдамалар, ағаштар мен бағаналарға, былайша айтқанда кез келген жерге шамамен алғанда 20 мың адамды жұмысқа шақырған жалбырап тұрған жабайы жарнамалардан көз сүрінеді. Оларды жинап, сүртіп-тазалап жүрген көше сыпырушыларын аяп кетесің. Былай қарасаңыздар, жапсырған біреу, ал жинап, тазалап, ретке келтіретін оған ешқандай қатысы жоқ басқа біреулер болып шығады. Осы орайда жекелей және коммерциялық мақсатта жарнама жапсырушылардың бәріне қатаң тыйым, ірі көлемде айыппұл салмаса бұл жағдаят тыйылмайтын тәрізді. Концерттердің афишалары, сан түрлі хабарландырулар мен жарнамаларды жайғастыратын арнайы ақылы орындар ажыратқан жөн. Соның арқасында тазалықты тәртіпке келтірумен қоса-қабат қала бюджетіне де қомақты қаржы түсіруге болады. Бұл үшін осыған тиісті салалардың жүйелі жұмыс істегені жөн. Ал бұлардың бәрін қаланың қожайыны болып табылатын әкімдік қызметкелері қадағалап, бақыламағанда кімдер қадағалап, бақылайды?!

Ішкі саясат және жастармен жұмыс жүргізуде де кемшін тұстар көп. Мемлекет есебінен жылына 50 миллион теңге қаржы бөлінетін қалалық газет жұмысы сын көтерместей дәрежеде тым қожырап кеткен. Мұнда кадр тапшылығы айқын сезіледі. Қызметкерлердің кәсіби деңгейі төмен. Редакцияда басқа саланың мамандары мен зейнет жасындағылар жұмыс істейді. Электрондық пошталарына түскен материалдарды оқып көріп, сараптау дегенді білмейді. Соған қарамастан Баспасөз және ақпарат қызметкерлерінің күні мерекесінде, сан алуан конкурстар мен шығармашылық байқауларда талай қызметкері сыйлық алып жүр. Қалалық ресми газеттердің басшылығына жаңадан бөлек-бөлек бас редактор тағайындалуы тиіс. Олардың қала әкімінің алдында облыстағы барлық бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін қатыстыра отырып өтетін басқосуда есеп беруін дәстүрге айналдырған мақұл. Үйсіз-күйсіз жүрген журналистердің есебін алып, олардың тұрғын үймен, тым құрығанда тегін он сотық жер телімімен қамтамасыз ету шараларын шұғыл түрде қарастыру қажет. Жалпы алғанда, әдебиет, мәдениет, өнер саласының өкілдеріне қолдан келгенше қамқорлық, қолдау көрсету керек. Жоғары білімді жас мамандарды жұмыспен қамтудың тиімді жолдарын қарастыру қажет. Тек сонда ғана біз өзімізді шынайы Шымкенттің шынайы патриоты екенімізді айқын көрсете аламыз.

Халық пен билік арасындағы алтын көпір болып саналатын бұқаралық ақпарат құралының өкілі ретінде қазақтың қаймағы бұзылмаған қалың ортасы болып саналатын Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы – Шымкент қаласының жаңа басшысына өзіміздің осындай базынамызды жеткізуді жөн көрдік. Әкім мырза осыларды оқып көріп, ойланар, толғанар деген үміттеміз.

Әбдісаттар ӘЛІП,

Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *