ЕЛ МЕРЕЙІ ҮШІН ЕҢБЕК ЕТКЕН

Тұлға
971 Views

Тәуелсіздікпен бірге қазақ халқының сана-сезімі, ұлттық намысы мен құндылықтары қалпына келе бастады. Тарихымыздағы ұлы тұлғалардың озық идеяларын ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде қарап, бүгінгі ұрпақты жан-жақты дамыған тұлға ретінде қалыптастыру алдымыздағы міндет болып қалыптасты. Ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға, кәсіптік шыңдауға үлгі-өнеге боларлық тұлғаларымыз да жетерлік. Олардың ерен еңбектері, қажымас қайраттары мен көрегенділіктері жас ұрпақты өз Отанын сүюге, халық дәстүрлерін қастерлеуге тәрбиелейді. Мұндай тұлғаларымыздың өмірінің тағылымдық мәні зор.

Жас ұрпақты отандық жəне əлемдік мəдениеттің жетістіктеріне баули отырып, қазақ халқының тарихын, əдет-ғұрпын, дəстүрін құрметтеуге лайықты тұлғаларымыздың өмірлерін өнеге етіп алу арқылы ертеңгі болашағымызды жарқын етпекпіз. Жалпы «Тұлға, ұлттық тұлға деген кім?» дегенге, біз кезінде «Алаш қайраткерлерінің мұралары негізінде ұлттық тұлға қалыптастыру» атты еңбегімізде мынадай анықтама берген едік. Ұлттық тұлға дегеніміз – ұлтының рухани қажетін өтейтін, соған өзінің саналы ғұмырын арнайтын адам. Халық ойының, өркениет құндылықтарының иесі болған ұлттық тұлғалар əрқашан да халық, өз ұлты алдындағы рухани көсемдік қызметін адал атқарған жəне тарихи тұлғалар осындай қасиеттері арқылы ерекшеленген. Ұлтты басқарушы зиялы қауым рулық-жүздік танымнан жалпы ұлттық санаға, дүниетанымға өтуге, ұлт ретінде əлемдік кеңістіктегі өз орнын анықтап алуға, барлық рухани дағдарыс түрлерінен арылуға қызмет еткен тұлғалар. Біз осындай тұлғаларымыздың өмірін жас ұрпаққа үлгі етуге тиіспіз.

Мəселен, Бекет Тұрғараұлы – жеке адами ерекшелік қасиеттерді бойына сіңірген, ешкімді қайталамайтын өзіне ғана тəн қасиеттері бар адам. Өзі өмір сүріп отырған қоғамына бейімделген, ұлтының рухани құндылықтары мен ерекшеліктерін жете меңгерген жəне оны ұрпаққа үлгі ету мақсатында толағай теңіз еңбек етіп отыр. Біздің пікірімізше, халықтық сана мен дəстүрді бойына қалыптастыра отырып, өз ұлтының рухани құндылықтарын ұрпағына үлгі етіп отырған тұлға. Бұл еліміздің биіктерге өрлеуіне ықпал жасайтын əрекет. Қазіргі кезеңде халық руханиятының жəне даналығының бастауларын бойына қалыптастырған ұрпақ тəрбиелеуде Бекет Тұрғараұлының еңбегі баға жетпес байлық деп айтуға тұрарлық.

Бекет Тұрғараұлының еңбектерін, өмір жолын, халқына, туған еліне жасаған игі істерін естігенім болмаса, өзін көрмеп едім. Осының сəті түскендей. Телефонның арғы жағынан саңқылдаған, құлаққа жағымды дауыс естілді. Бұл Мұхтар Əуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры, академик Дария Қожамжарова еді. Бойында күш-қуаты тасып жүретін, жақсы істің басында болуға асығатын, өмірінде ешқандай майда-шүйде болмайтын, кез келген істі үлкен жауапкершілікпен, ыждаһатпен атқаратын Дария Пернешқызы маған керемет ұсыныс айтты. «Қасиетті Қазығұртқа барып қайтайық, онда ата-бабамыздың рухына тағзым етейік, жастарға да өз көзімізбен көргенімізді айтып, ұлттық рухымызды мəңгілік өркендетуге əсер ететіндей ой-пікірімізбен бөлісейік», – дегенде қуанып кеттім.

Ауыл арасы жақын болғанымен, қасиетті Қазығұрт жеріне жұмысбасты болғандықтан ба бара алмай жүретінмін. Бұл хабар мені қуантып тастады… Шымқалада ауа райы қолайлы ғой. Дегенмен, биыл қарашаның өзі қақаған қысқа айналып кетті. Қар жауып, бұрқасын боран соғып елді əбігерге түсірген кез болды. Таңертең сағат алтыда Шымқалаға келдім. Таңғы уақыттың өзінде көшелерде кептеліс, халық асығыс жұмыстарына бара жатқанын көріп бір жағы таңғалып, бір жағы қуанып тұрдым. Себебі мұндай асығыстық пен кептеліс бұрын-соңды Алматы мен Нұр-Сұлтаннан байқалатын. Үшінші мегаполис деген осы екен ғой, деп ойландым, əрі еліміздің қалалары осындай деңгейде дамып, өркендеп жатқанына қуандым жəне мақтандым…

Мұхтар Əуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне кіре бере ерекше толқыдым. Аз уақыттың ішінде бұл жоғары оқу орнының да соншалықты танымастай өзгергеніне қайран қалдым. Іші мен сырты бірдей жарқырап тұр. Заманның талабына сай жабдықталған, көздің жауын алатын интерьерлер шет елде жүргендей əсер қалдырды. Білікті де білімді, іскер басшының бойындағы күш-жігері, талғампаздығы көзге бірден көрініп тұр. Оңтүстік өңірдегі бұл университетке бұрын-соңды келгенімде қарным ашып, жабырқап қайтатынмын, бүгін көңілім тасып қуанып тұрмын. Иə, университеттің басшысы болып осыдан екі жылдан сəл ғана аса уақыт басқарып отырған Дария Қожамжарованың қолтаңбасын бірден байқадым. Бірнеше жыл бірге қызмет атқарған, ғылыми мектептен бірге өткен Дария Пернешқызының біліктілігі, ақыл-парасаты, батылдығы мен батырлығы, жігер-қайраты университеттің көркеюіне ықпал еткендігі ап-анық.

«Қайдасың қасиетті жер кіндігі Қазығұрт» – деп жолға шықтық. Қаладан онша алыс емес екен, тез-ақ келіп қалдық. Алдымыздан Бекет Тұрғараұлы өзі, жұбайы Ұлдықыз ханым күтіп алды. Бұрқасын боран да, ысқырық жел де, ызғарлы суық та, бір сəт сап тыйылды. Тап-таза ауада есеңгіреп қалғандаймыз. Күн сəулесі жарқырап тұр. Мұндай керемет тылсым дүниені көптен байқамаған едім. Айнала аппақ қар, биік күмбездер, ұлы тұлғаларға қойылған ескерткіштер, олардың нақыл сөздері, тарихи оқиғаларға арналған суреттер адамның жан жүрегіне əсер етеді. Қасиетті қазағымның кең байтақ даласы, халқымның дархан көңілі, ақ пейілі, ағаларымыздың ақылды көздерінен төгілген мейірімі…

Жолдан шаршаңқырап келген маған бұл бір керемет құбылыс пен көрініс болды. Көңілім көтеріліп, кеудемді туған елге деген махаббат, ардақты ағалар мен жылы жүзді жеңгелерге деген ыстық ықылас, жылы сезім бойымды биледі. Əсіресе Бекет Тұрғараұлының əлеуметтік тіршілік ету əдісі, дара болмысы, өзіндік ұстанымы, ұлтының алдындағы жауапкершілігі, адамдармен қарым-қатынасы ерекше əсер етті. Сонда «адам тұлға болып тумайды, əлеуметтену процесінде тұлға болып қалыптасады», – деген пікір ойыма оралды. Бойындағы жанкештілік, ел үшін жасаған еңбегі, оған алаңсыз берілуі, біліктілігі, мықты рухы Бекет Тұрғараұлының бойындағы тұлғалық қасиетін аңғартты.

Біз Халықаралық «Жеті жарғы» жəне Қожаберген жырау» қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері — құрметті судьясы, заң ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының құрметті мүшесі Бекет Тұрғараұлының халықтық сана мен дəстүрді бойына қалыптастыра білген, адамзаттық рухани биіктерге өрлей алған Қазақстанның болашағының жарқын болуына еңбек етіп келе жатқан ұлттың тұлғасы қасында оның жігерлі дауыспен айтқан келелі əңгімесін ұйып тыңдадық.. Тəуелсіздік алғалы халық руханиятының жəне даналығының бастауларын бойына қалыптастырған, «Жеті атасын білетін ер мен жеті ғасыр тарихын білетін елді», мəдениеті жоғары деңгейде дамыған ұлттық мемлекетті басқаратын, оның дамып, қалыптасуына өз ерік-жігерін қосатын ұрпақ тəрбиелеу, ұлттық тұлға қалыптастыру күннен-күнге беки түсіп, қажеттілік туғызып отырғандығын ескерсек, Бекет Тұрғараұлының жас ұрпаққа үлгі болары анық екендігін құрметпен мойындадық.

Себебі, Бекет Тұрғараұлы қазақтың асыл қасиеттерін, тарихи жəдігерлерін құрметтеп, сақтап бүгінгі ұрпаққа сол қалпында қалдыруға əрекет етіп жүр. Бұл халқының мəдениеті мен дəстүрін оның өзіндік ерекшелігін сүйгендіктен болар. Атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын тарихи жəдігерлері арқылы ұрпаққа өнеге боларлық іс-əрекет. Міне, осынау мол рухани байлық ұрпақ тəрбиелеуге орасан зор үлес қосары ақиқат. Сондықтан, елін сүйген əрбір адам, ұрпақ ұлтының ұлттық қасиетін, салт-дəстүрін, табиғи мінез-болмысын қадірлеп өскені жөн екендігі заман талабынан да туындап отырған болар… Бекет Тұрғараұлының бар өмірі осы жолда өтіп келеді. Оның істеген əрбір ісі, айталық судьялық қызметте жүрген кездері небір ауыр қылмыстарды қараудағы қара қылды қақ жарған шешімдері, небір қиын істерді шешудегі əділ іс-əрекеттері, қоғамдық істерге араласып жақсы жақтарынан көрінген ұйымдастырушылық қарым-қабілеті, қызметіне адалдығы өмірінің шешуші кезеңдеріндегі талапшылдығы арқасында құрметке ие. Сондықтан оның қызметі бағаланды, халқы құрметтеді.

Бекет Тұрғараұлының ұйымдастыруымен 2018 жылы «Мəңгілік ел» саябағының алдына Салхам Жəңгір хан мен Жалаңтөс Баһадүрге арнап ескерткіш, «Отан қорғау шайқасы», «Елім-айлап» көшкен ел мемориалдық кешенін, «Батыр бабалар» жайлы стендтер орнатылған. Бұл тарихи алаң өткенімізге тағзым етуге, болашағымызға нық сеніммен қарауға ықпал етері анық. Ал бұл игі істер мақтан етуге тұрарлық ұлтын сүйген ұлт тұлғасының ерекше қасиеттерін айғақтап тұр. Ал мен, шіркін осындай тау тұлғалы ағаларымыз туған жерім Таразда да осылайша еңбек етсе ғой, деп армандап кеттім…

Тұрсынай ƏБДІҚАДЫРОВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, қазақ тілі мен əдебиеті кафедрасының меңгерушісі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *