ЕУРОКУБОК ЖАРЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Спорт
781 Views

Кәрі құрлықта дәстүрлі Еурокубок бәсекелері бастау алды. Қазақстандық клубтар оның бірінші іріктеу кезеңінен жарыс жолына шығады. Чемпиондар лигасында бақ сынайтын «Астана» 9 маусымда өз алаңында Румынияның Клуж-Напока қаласындағы «ЧФР Клуж» командасын қабылдады. Бұл ойында «астаналықтар» 1:0 есебімен жеңіске жетті. Ойын тағдырын шешкен жалғыз голды 68 минутта Евгений Постников соқты. Ол 90+5 минутта бельгиялық бас төреші Л. Виссер тарапынан ескерту алды. Қарымта кездесу 17 шілдеде сырт алаңда өтті. Клуж-Напока қаласындағы «Радулеску» стадионында өткен ойынның төртінші минутында Роман Муртазаев жылдам гол соғып, қонақтарды алға шығарды. Араға алты минут салып Билен Омрани таразы басын теңестіріп үлгерді. 26 минутта Евгений Постников автогол авторы атанды. 73 минутта тағы да сол Билен Омрани доп соғып, есепті 3:1-ге жеткізді. Осылайша қос кездесудің қорытындысы бойынша «Астана» чемпиондар лигасының жарысынан шеттеп қалды.

Еуропа лигасы бәсекесінің екінші кезеңінде олар андорралық «Санта-Колома» клубымен күш сынасты. Алғашқы кездесу 25 шілдеде Андорра-ла-Велья қаласындағы «Комуналь» стадионында өтті. Бұл ойында есеп ашылған жоқ. Ал қарымта кездесу 1 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.

Андорралық клубты айналып өткен жағдайда жарыстың үшінші кезеңінде «Астананы» Мальтаның «Валлета» – Венгрияның «Ференцварош» жұбының жеңімпазы күтіп тұр.

Еуропа лигасының бәсекелеріне қатысатын Қостанайдың «Тобылы» 10 маусымда Люксембургтағы Эш-сюр-Альзетт қаласының өкілі – «Женесс» клубына қонаққа барды. «Де Ла Фронтьер» стадионында өткен кездесуде есеп ашылған жоқ. Осылайша «тобылдықтар» кәрі құрлықтағы әлсіз клубтардың бірін жеңе алмады. 18 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана-Арена» стадионында өткен жауап ойында 1:1 есебі тіркелді. Сырт алаңда соғылған голдың есебінен «Женесс» жарысты одан әрі жалғастыратын болды. Сәтсіздікке ұшыраған қостанайлық клубтың бас бапкері Владимир Валерьевич Газзаев доғарысқа кетті.

11 маусымда Алматының «Қайраты» Босния және Герцеговинаның Широки-Бриег қаласындағы «Печара» стадионында осы аттас клубпен күш сынасты. Кездесудің 29 минутында қонақтардың құрамындағы легионер Адеринсола Эсеола есеп ашты. Арадан бес минут өткенде Иван Енин таразы басын теңестірді. 58 минутта тағы да сол Адеринсола Эсеола қарсыластар қақпасынан саңылау тауып, дубль жасады. Осылайша есеп 2:1 болып «Қайраттың» пайдасына шешілді. 18 шілдеде Алматыдағы Орталық стадионда өткен қарымта кездесуде де дәл сол есеп қайталанды. Әсіресе ойын соңы тартысқа толы болды. 90 минутта қонақтардың ойыншысы Дражен Багарич пенальтиден есеп ашты. Қосымша уақытта «Қайрат» қарқынға мінді. 90+2 минутта Рамазан Оразов, 90+3 минутта Исламбек Қуат гол соғып, жеңісті жұлып әкетті.

Екінші кезеңде олар Израильдің Беэр-Шева қаласындағы «Тото Тернер» стадионында жергілікті «Хапоэл» клубымен сынға түсті. 10 минутта Рамзи Сафури пенальтиді сәтті орындап, алаң иелерін алға шығарды. 63 минутта Эден Шамир есепті еселеді. Екінші таймның соңында испаниялық бас төреші Де Бургос Рикардо «қайраттық» Елдос Ахметов соққан допты есепке алмады. Ол Елдос Ахметов (50), Раде Дугалич (77), Исламбек Қуатты (90) сары қағазбен жазалады.

Жарыстың екінші кезеңінде шымкенттік «Ордабасы» Чехияның Млада-Болеслав қаласында осы аттас клубпен кездесті. 1902 жылы құрылған бұл клуб Гамбринус лигасында бір рет күміс, екі мәрте қола медаль жеңіп алған. Екі рет ел кубогын иеленіп, бір рет шешуші ақтық финалдық сайыста қарсыласына жол беріп қойған.

25 шілде күні сырт алаңдағы «Адидас-Арена-Местски» стадионында өткен алғашқы ойында 1:1есебі тіркелді. 21 минутта Мирзад Механович гол соғып, қонақтарды алға шығарды. 45+2 минутта ресейлік легионер Николай Комличенко таразы басын теңестіріп кетті. Бұл есеп ойын аяқталғанша өзгермей қалды. Беларусьтық бас төреші Сергей Цинкевич тарапынан босниялық легионер Мирзад Механович (45), Алексей Щёткин (63), Дмитрий Непогодов (66), Сергей Малый (88) ескерту алды. Қарымта кездесу 1 тамызда Шымкентте өтеді.

Егер чехиялық клубты айналып өтетін болса жарыстың үшінші кезеңінде «Ордабасыны» Арменияның «Алашкерт» – Румынияның ФКСБ (сот клубтың «Стяуа» атауын қолдануына тыйым салған) жұбының жеңімпазы күтіп тұр. Бұл ойындарды 8 және 15 тамызда өткізу жоспарланған.

Егер израильдік клубты айналып өтетін болса, жарыстың үшінші кезеңінде «Қайрат» Швецияның «Норрчепинг» – Латвияның «Лиепая» жұбының жеңімпазымен жолығатын болады.

Біз Еуропа лигасының бәсекелерінде жарысты одан ары қарай жалғастыратын қазақстандық үздік үш клубқа сәттілік тілейміз! Жеңісті күндерде жолыққанша!

Әбдісаттар ӘЛІП,

Спорт журналистері арасындағы республикалық шығармашылық конкурстың лауреаты.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *