ЖАСАНЫНА ЖОЛЫҚСА, ЖАЗЫЛМАЙТЫН ЖАН БОЛМАС

Денсаулық
1 247 Views

Жасан Зекейұлының қасиеті, ол – тұқым қуған емші. Көп оқып, тәжірибе жинап, дәрігер болуға әбден болады. Дәрігердің көпшілігі солай. Тегінде емшілік қасиеті барлар кемде-кем. Бұлар – нағыз емшілер, нағыз дәрігерлер. Емшілік адамның табиғатында болғанда керемет. Бірақ бұл емшілікке деген алғашқы, табиғи саты. Құдай берген қасиетті ендігі жерде бағалап, арнайы медициналық білім алып, емші өзін-өзі осы қиын жолға тәрбиелеуі керек. Табиғи дарын, арнайы білім және өзін осы кәсіпке баулып, сенім қалыптастыру, осы қасиеттің үшеуі де бір Жасанның тұлғасынан табылады.

Жасанның ауруға төкпелеп сұрақ жаудырып отырғанын көргенім жоқ. Ол келген адамның дертін өзі анықтап береді. Тамыр ұстайды. Бар мәселе таныста, қанның тамырларды қуалап айналуында. Тамыр соғуы Жасанға бәрін айтып береді. Тамыр ұстау арқылы диагноз қойып, ем жасау – Жасанның тәсілі. Оның оқуы да, ұстазы да өзге. Тамырын ұстап, адамның дертінің себебін айтқанда кісі бір жеңілдеп қалады. Ол ішінен «Дертімнің себебін білді, енді емі де табылады» – деп ризашылық сезімге өтіп, дәрігерге сенеді.

Адам дәрігерге сенсе жазылады. Дертіне шипа табылады. Жасанға келіп оның емін қабылдағаннан кейін осындай халге түскендер, құдай қуат беріп сауығып шығып жатады. Жасанның дертті адамға сөзі әсерлі. Бұл да психология. Ауырып келген адамның көңіл-күйі алай-дүлей болатыны шындық. Оның дәрігерге деген сенімі мен күдігі аралас. Жасан – осы күдікті сөйлетуші, адамның тәніне ғана емес, жанына жағымды әсер қалдыратын сөзді тауып айтушы дәрігер. Бұл қасиет ата-бабамыздан қалған асыл қазына. Жасан сондай қазынаға ие.

Ғарифолла ЕСІМ,

академик, философия ғылымының докторы.

 

«Жас-Ай» халықаралық медицина орталығы жұртқа белгілі. Елдің ықыласына құрметіне ие болған мекеме. Орта-лықтың қалыптасу, ем жасау, науқастар пікірі, алғысы сияқты нақты деректерді жинақтап, өз жұмысын халыққа шынайы көрсетіп жүр. Бұл медициналық орталық туралы бірнеше кітап елге тарады. Жүйелі түрде «Жас-Ай» медициналық ғылыми-ақпараттық журналы шығып тұрады. Республика жұртшылығы алдында «Жас-Ай» еңбегімен еленген ұжым. Бұл менің ғана пікірім емес, көпшілік пікірі. Ұжым еңбегі бағаланып, «Халықаралық үздік клиника» деген дәрежеге жетті. Мұның бәрі қажырлы әрі жүйелі еңбектің нәтижесі.

– Жасан Зекейұлы, «Жас-Ай» тибеттік медицина орталығының 15 жылдық еңбегін бүкіл ел біліп, куә болып отыр. Осы медицина орталығының жұмысы туралы айтып өтсеңіз.

– Бұл медицина орталығы осыдан 15 жыл бұрын екі адамнан ғана құралған шағын орталық болатын. Көшіп келген кезде халыққа не береміз, қандай көмек көрсете аламыз дегенбіз. Міне, бүгін бірінші Алла тағаланың арқасында 200-ден аса адамды жұмыспен қамтып отырмыз. 90 мыңнан аса адамға ем көрсететін үш үлкен мегаполис орталығында орналасқан үш үлкен клиникаға айналды. Өткен жылы Халықаралық «Жас-Ай» клиникасы деген мәртебе берілді. Біздің медициналық орталығымызда әр жылғы жасаған жұмыстарымыздың, атқарған еңбегіміздің есебі шығарылып тұрады. Келген науқастармен ғана емес, «Нұр Отан» секілді қоғамдық ұйымдармен де етене жұмыс жасаймыз. Біз өз қаржымызбен және инвесторларды тарта отырып партия өкілдерінен келген, әлеуметтік жағынан қорғалмаған, мүгедек, ардагерлер және қорғансыз отбасылар, көпбалалы отбасылар секілді 15 мың адамға көмек қолын создық. Осы еңбегімізді бағалай отырып 2016 жылы денсаулық саласының үздігі, зерттеуші ғалым-маман атақтарымен және «Ерен еңбегі үшін» деген медальмен марапатталдым. Ал бұл еңбек біріншіден, халықтың денсаулығына жасалған көмек.

Біздің ұранымыз – «Менің байлығым – халқымның денсаулығы». Бұл – медицина орталықтарымыздың маңдайшасында жазулы тұр. Келген әр науқасты дер кезінде емдеп, сауықтыру – біздің басты міндетіміз және осыны барлық дәрігерлерімізге үнемі айтып отырамыз. Мұның бәрі ең алдымен тәуелсіздігіміздің арқасы, Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасы. Шетелдерден мамандарды шақырып, «құйылсын көшің, жиылсын елің» деп Елбасының әр жылғы Жолдауларында тарыдай шашылған әлем қазақтарын туған елге жинаудың нәтижесінде біз сияқты сан мыңдаған азаматтар Атамекенге келді. Олар сол шетелдің білімін, ғылымын, техникасын, өнерін алып келді. Сөйтіп клиника, зауыттар ашылды. Еліміздің тәуелсіздігіне елеулі үлес қосудамыз. Көптеген сұхбаттарда, сайттарда олардың айқын дәлелі кездеседі. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай «Тәуелсіздік – тағдыр сыйы» атты кітап шығарған болатынмын. Онда бүкіл оралман қазақтардың жасаған еңбегі қамтылған. Бұл осы тәуелсіздігіміздің арқасында дүниеге келген және тәуелсіздігімізбен бірге өсіп-дамып жатқан орталық деп айтуымызға болады.

Қандай жұмыстар атқарылғанын, қандай еңбектер барлығын Халықаралық ұйымдар да назардан тыс қалдырған жоқ. Шетелде отырып әлемдік университеттерде ғылыми сараптамаларды талқыға салып, зерттеп, бізге біраз аса мәртебелі атақтар берген болатын. Олардың ішінде Венаның профессор атағы, Халықаралық Сократ ордені, сондай-ақ 193 мемлекеттің бірлесуімен Біріккен Ұлттар Ұйымынан берілетін «Құрмет белгісі» ордені. Әсіресе ғылыми жаңалықтарымызға, жазылмас дерттерге шипа берген, жүре алмайтын мешелдер, бел омыртқа оталары, инсульттарды жазу, қазіргі жастардың нәресте сүйе алмау жағдайы бойынша бес мыңға жуық отбасыға көмек көрсеттік. Ғасыр дертіне айналған семіздік, қан қысымы, отадан кейінгі науқастарды да қалпына келтіруге көмек қолымызды создық. Сол бойынша Оксфорд университеті үздік дәрігер атағын да берген болатын. Алайда, біздің ең басты алған бағамыз – халықтың сенімі, халықтың бағасы. Халықтың берген атағынан артық баға жоқ деп есептейміз.

– Сіздерде қандай науқастар шипасын тауып, өмір сүруін жалғастырып келеді? Сол аурулар жайлы айтып өтсеңіз.

– Біз «Жас-Ай» атты журнал шығарамыз. Екі айда бір рет шығады. Таралымы бес мың дана. Сонда емделетін ауруларды толықтай жазып қойғанбыз. Біршама халық одан хабардар. Бір нәрсені ашу бар да оны ары қарай алып жүру бар. Біз Шымкенттегі орталықты биыл сәуірде аштық. Міне, халық сенімінің арқасында бір мыңға жуық адам емделіп болды. Оның екі-үшеуін тегін қабылдап, қолдан келгенше көмектестік. Шымкентте халық тығыз орналасқандықтан, жұмыстарында бәсекелестік көп, адамдардың жүйке жүйесі шаршайды. Осы жағдаймен науқастар көп келеді. Кейбір адамдар спортпен айналысып, ауруының алдын алуға уақыт таппайды. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар ғой. Шегіне жеткен кезде ғана келеді. Біріншіден, бұл халқымызда қалыптасқан мәдениетке байланысты. Шетелдерде ауруханаға сырқаттанып келген адамды ең мәдениетсіз адам деп есептейді. Ұйқысыздық, остехондроз, невроз, нервтік жүйемен байланысты аурулар, аяқ-қол тамырларының тартылып қалуы, жалқаулықтан артық салмақ жинап, қуаттың төмендеп кетуі, стресстен жүректің шаншуы, қабырғааралық шаншу, қан қысымы жоғары адамдар көп келеді. Қан тамыры ауруы біріншіден, генге, екіншіден, тұрып жатқан жердің ауасына, ішкен тамағымызға байланысты болмақ. Сондықтан тұрмыс салтымызда көп қимылдап, спортпен айналысып, мәдениетке көп көңіл бөлуіміз керек.

Асқазанымыздың өзі үш бөліктен тұрады. Жоғарғы бөлігі газдан, екінші бөлігі тамақтан, қалған бөлігі судан тұру керек. Адам мөлшерімен тамақтану керек. Мөлшерден тыс тойып алып жүретін болса, асқазаны кеңейіп, келесі күні одан да көп қарны ашып, содан семіздік ауруы, қант диабеті, қан қысымы ауруы, тамырлары қысылып жүрек ауруы, көз көрмей қалу да қаупі бар. Осы өңірде қан тамырлары және де буын аурулары көп кездеседі. Қай жерге барсаң да буын ауруымен емделіп жүрген ата-апалар. Бұның бірден-бір себебі буындарын сақтамау дер едік. Бұл үшін дұрыс тамақтану керек. Басқа елдерде де бар, бірақ біздің елде көптеп кездеседі. Тағы да көп кездесетіні терідегі, ағзадағы өзгерістер әсерінен, бауыр ауруы салдарынан тері түрінің өзгеруі. Өтін тазаламайды, жақсы сақтамау салдарынан туындайды. Адам ағзасы 70 пайыз судан тұрады. Ал қалған 30 пайызы басқа заттардан, бұлшық еттерден, қан тамырлардан тұрады. Ал бізде керісінше 70 пайыз тамаққа толтырып, суды қолданбаймыз. Адам күніне үш литр су ішу керек. Таңертең ұйқыдан тұрған кезде шамасы келгенше су ішіп, сыртқа шығып, ары-бері жүріп, жүгіріп, таза ауамен демалып, спортпен шұғылданып барып, таңғы асқа отыруы керек. Қан тамырларының кеуіп қалмауы, қан тамырлардағы холестериннің кеуіп кетпеуі, тұздың көбеймеуі, қан тамырдың қатаймауы үшін керек зат. Су осы мәселелердің алдын алады. Тамақпен бірге қою шәй ішеміз. Бұл деген ағзаға кальций, мырыш элементтерін жібермейді. Ағзаға кальций, мырыш жетіспеуінен омыртқалары майысқан балалар, аяқтары қисайған қарт ата-апалар көп. Жапония еліне барсаңыз, аяғы қисайған қарттарды көрмейсің. Себебі олар теңіз өнімдерін қолданады. Көп қимылдайды, қозғалады, әрекет етеді. Тамақты тәртіппен ішеді. Шәйді тамақтан кейін жарты, бір сағаттан кейін өрік, мейіз қосып отырып ішуге ғана болады.

Көзі ашық халыққа айтарымыз кезінде Ахмет Байтұрсынов «Қазақ – қазақ болам десе қандай ақпарат болмасын 30 пайызын медициналық ақпаратқа беруі қажет» деп бекер айтпаған. Медициналық ақпаратпен біз өзімізді қорғаймыз. Қазір қатерлі ісік аурулары, инсульт, белсіздік жасарып бара жатыр. Бұл деген біздің гендік жағынан әлсіздікке ұшырауымыз. Шетелден келген азыққа қызығып, ағзамызды химиямен улаудамыз. Ойланатын кез келді. Бізге берілген мүмкіндіктерді пайдалануымыз керек. Табиғи өнімдерді ғана пайдалануымыз керек.

– Енді орталықтың емдейтін ауру түрлері туралы қосымша айта кетсеңіз.

– «Жас-Ай» орталығы ем барысында шығыстық емдеу әдісіне сәйкес аурудың себебін адамның тұла бойындағы қанды үздіксіз айналысқа түсіріп, іс-әрекетін реттеп отыратын қос-қостан 12 жұп жан арнасынан іздейді.

Тибет медицинасын игерген дәрігерлерге ғана белгілі адам денесіндегі 706 жан нүктесі сол арналар арқылы адамның түрлі ағзаларымен жалғасып тұрады. Тибет медицинасының басты тәсілі ағзаға тікелей емес, сол нүктелер арқылы әсер етіп ауруды жазады. Шығыс медицинасы сол маңызды нүктелерге алтын ине қою арқылы дерттің ошағына тікелей әсер етеді. Бір сөзбен айтқанда, ауруды ағзаға химиялық дәрі жіберу немесе ота жасау арқылы емес, сырқат адамның табиғи энергия көзін ашу арқылы емдейді. Табиғи энергия науқас адамның иммунитетін күшейтеді. Иммунитет дегеніміз – рух күші. Рух бәрін де жеңеді. Жаңа клетка туғызады.

Орталықтың емдеу тәжірибесінде науқастарды инемен сауықтырудың заманауи әдістері мен амалдары жиі қолданылады. Бұларды қолданудың өзіндік әдістемелері бар. Орталықтағы ине терапиясының озық тәсілдері Ресей, Қытай, Жапония сияқты алпауыт мемлекеттердегі жетекші мамандардың да қолдауына ие болды. Қазіргі таңда олармен диагностика және емдеу ісі бойынша әріптестік қарым-қатынас орнаған.

Батыс медицинасында қолданылатын химиялық дәрі-дәрмектер ауырған ағзаны сауықтыруға бір жағынан әсер еткенімен, екінші бір сау ағзаға зиян тигізеді. Шығыс медицинасының басты ерекшелігі толығымен табиғи ем негізінде жүретіндіктен кері әсері болмайды. Химиясыз емдеу – бір ауруды емдесе, екіншісі тумайтын, қиянатсыз емдеу. Тағы бір ерекшелігі – көп ауруға диагнозды тамыр ұстау арқылы қояды.

Емдеу тамыр соғуы бойынша ауруды анықтау, нүктелі және жалпылама уқалау, ине салу, инені шөппен қыздыру, хассы, зывишин, каудиян, бел омыртқа аралық дискі жарығын емдеуге арналған ТМ-400 аппаратымен қытай-тибеттік медицина әдістерін қолдана отырып кешенді түрде жүргізіледі.

– «Жас-Ай» медицина орталығының ғылыми жаңалықтары туралы естіп жүрміз. Сол туралы айтып өтсеңіз.

– «Жас-Ай» орталығы тек ауруды сәтті емдейтін клиника ғана емес, үлкен ғылыми-зерттеу орталығы. Республикалық академиялық ғылыми басылымдарда дәрігерлердің ғылыми ізденістерінің нәтижелері жарық көріп тұрады.

«Ғылым шыңына жету – инемен құдық қазғандай» дейді даналар. «Жас-Айдың» Астанадағы филиалын адамдарды емдеумен ғана шектемей, ғылыми-зерттеу жүргізетін орталыққа айналдырмақ. Ғылыми-зерттеу орталығына қажетті жабдықтардың біразын қазірдің өзінде шетелдерден алдырып қойған. Орталық ғылыми-теориялық кітаптар жазып, оны баспадан шығаруда. Сөйтіп, түркі тектес мұсылман халықтарында қолданылған көне медициналық терминдерді әлемдік деңгейде қолданысқа енгізуге күш салмақ.

Қай уақытта болмасын «ұзақ ғұмыр кешу», «денсаулықты қалыпты деңгейде сақтап қалу» мәселесі өзектілігін жойған емес. Қазіргі уақытта да «адамды жасартуға бола ма?», «жастықты қалай ұзақ сақтап тұруға болады?» деген тақырып кез келген адамды елең еткізбей қоймайды.

Әлемдегі ғалымдар тереңдей айна-лысып жатқан өзекті мәселеге қатысты ұзақ жылдардағы тәжірибе мен ізденістер арқасында «Жас-Ай» орталығы тарапынан ашылған екі ғылыми жаңалық ол: «ARBAT және AIBAT», «Жас-Ай» өмір нәрі тұндырмасы».

– «JAS-AI» шипалы суы бар екенін білеміз.

– 2017 жылы маусымда «Жас-Ай» орталығында «Jas-Ai» шипалы суы шығарыла бастады. Адам ағзасының тіршілік әрекетінде маңызды рөл атқаратын және минералды заттардың тепе-теңдігі сақталған, пайдасы зор, табиғи суы ультракүлгін сәулелермен өңделген.

Адам баласы өмір жасын ұзақ сақтағысы келсе өзге сұйықтықтардан бөлек таза суды күніне 2-3 литр мөлшерінде тұтынуы керек. Өйткені таза су ағзада зат алмасу процесін атқаруға өте қажет.

– Шымкент қалалық әкімдігі мегаполис ретінде денсаулық сақтау басқармасы жаңадан құрылып жатыр. Осы мекемелермен қарым-қатынастарыңыз қалай?

– Мына сөзіңіз өте орынды. Біз олармен өте тығыз байланыстамыз. Өйткені, Шымкент мегаполис мәртебесін алмай тұрған кезде келгенмін. Төрт айдай жөндеу жұмыстарын жасап, сәуір айында аштық. Сонда облыс әкімі өзі келе алмаса де бірінші орынбасарын жіберіп, қала әкімі өзінің орынбасарымен, «Нұр Отан» партиясының төрағасы, ардагерлер ұлттық төрағасы, облыстық денсаулық сақтау басқармасынан, Астанадан сенаторлар келді. Осында 300-400-дей адамға Наурыз көже бердік. Алматыдан біраз өнер жұлдыздары келіп, медицина орталығының ашылу салтанатына ән арнады. Мына ғылыми жұмыстарда көп ақша түспеуі мүмкін. Бірақ бұның абырой-атағы қанша жұмыс істеп тапқан ақшадан мың есе жоғары. Әлемге ғылыммен, біліммен таныламыз. 18 мемлекеттен келген 350 делегатты қосып Астанада конференция өткіздік. «Назарымызда – Қазақстан», «Қазіргі Қазақстанның дамуы» деген атаумен жиын өткізіп, комплементарлық, классикалық медицина мамандарының басын қостық. Бүкіл әлемнен медицина өкілдері келді. Астанадай қала бар екенін көрмеген адамдар бар арасында. Біз соларға елімізді таныттық. Қазақта «Елдің атын ер шығарады, ердің атын еңбек шығарады» деген сөз бар.

– Жасан Зекейұлы, медицина орталығының материалдық-техникалық жағдайы мемлекет тарапынан қандай қолдау табуда, банк саласының Сіздерге деген қолайлығы қалай болып жатыр? Осы жөнінде айта кетсеңіз.

– Негізі адам денсаулығының маңызы зор екенін айтып отырмыз. Үкімет тарапынан мемлекеттік мекемелерге бөлініп жатқан қаржы өз алдына, бірақ жекеменшік орталықтарға бөлініп отырған қаржыны байқаған жоқпын. Тіпті, одан бөлек біздің орталықтарды жаңарту, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, кадрларды шетелдерде оқыту жолында жеңілдетілген несие де ала алмаймыз және берілмейді де. Өйткені «Жалғыздың үні шықпас» демекші, болашақта жекеменшік орталықтар бірігіп, ассоциация құруы керек. Сол ассосацияның жауапты адамы жасалған жұмыстары жөнінде мәлімет беріп отыруы керек. Мемлекет бөлмейді емес бөледі, бірақ сол бізге жетпей отыр. Сол себепті уақтылы аппараттарды ала алмай қаламыз. Бір жерден бір жаңа идея туып, жүзеге асырайық десек, соған несие ала алмаймыз. Осындай медициналық ғылыми орталықтарға мүмкіндік берсе, өз алдына мәртебе берсе, халыққа көмек көрсетуге жағдай жасаса, бұл сала қарқынды дамитын еді. Өркениетті елдерде жеке секторға жақсы жағдай жасайды. Олар өздерінің абыройы үшін жұмыс істейді. Халықтың денсаулығы жақсарады. Медицина дамиды. Сол себепті озық елдердің жақсы жақтарын өзімізге өнеге етіп алуымыз керек.

Қаламқас Қорабекқызы ТӨЛЕУОВА:

– Мақтаарал ауданынан осы тамыз айында ем алуға келдім. Содан 21 күн демалып, екінші курс терапиясына ем алуға келдім. Жасым 67-де. Осыдан жеті жыл бұрын жол-көлік апатына ұшырап, содан аяғым, қолым ауырады. Соны емдетуге келіп отырмын. Инемен ем алудамын, массаж, банка қояды, шөп дәрілерін ішіп отырмыз. Жаман емес. Пайдасы тиюде. Үш мезгіл тамағын береді. Мейірбикелер жақсы қарайды. Түнде де келіп, қан қысымымызды өлшеп тұрады. Кейбір мемлекеттік емханаларға қарағанда мұнда ем көрсету сапасы едәуір жақсы. Өзгерістер бар. Жәймен жазылып кетеміз деген үміттеміз. Бас дәрігер де жақсы, диагноздарымның барлығын тура айтып отыр. Ол кісіге де алғыс айтамын. Денсаулық тілеймін!

Біз 100 шақырым жерден келіп ем алып жатырмыз. Өз жерлестеріме де айтып жүремін. Біраз адамдар келіп емделуде. Шымкенттен ашылғаны қолайлы болды. Алдында Алматы алыс еді. Жетуіміз қиын болатын. Қазір жақсы.

Сұхбаттасқан Әділ ҚЫРАН.

 

«ЖАС-АЙ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МЕДИЦИНА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МЕКЕН-ЖАЙЛАРЫ:

Астана қаласы, Күйші Дина көшесі, 37/1

Телефондар: 8(7172) 42 20 42, 8777 277 85 99

Электронды пошта: jasai.astana@mail.ru

*   *   *

Алматы қаласы, Әл-Фараби даңғылы, Витебский көшесі, 42 Розыбакиев.

Телефондар: 8(727) 390 19 19, 8777 232 18 71

Электронды пошта: zhasai_67@mail.ru

*   *   *

Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы, Бәйдібек би даңғылы, 47/1.

Телефондар: 8(7252) 42 81 15, 8778 000 57 38

Электронды пошта: Jasai.shymkent@mail.ru

 

«ЖАС-АЙЫ» БАР ХАЛЫҚТЫҢ

 

Ол Қытайда туылыпты, жырақта.

Малданбапты «емші» деген құр атқа.

Оқу орнын бітірсе де жоғары,

Iзденуін тоқтатпапты бірақ та.

 

Медицина дамыған ел қашаннан.

Дәстүрі бар шыңыраудан бас алған.

Ұстаздар көп білімді де білікті,

Үміт күткен жас қазақтан – Жасаннан.

 

Тибет-Қытай емшілігін меңгерді,

Өтейбойдақ баянын да жөн көрді.

Шығыс-Батыс арасына шек қоймай,

Қазақ емін соларменен теңгерді.

 

Мақсат қойды алдына ол тым биік,

Медицина мұхит екен тұңғиық.

Дәрігердің ісі деген жауапты.

Қойды бұны көңіліне мың түйіп.

 

Жатса-тұрса мазалайды сан сұрақ,

Жауап іздер маңдай тері тамшылап.

Тәуелсіздік алған елге оралып,

Болсам дейді шипагері – шамшырақ.

 

Тағдыр оны Алматыға ап келді,

 Дәреметін көрсететін шақ келді.

«Жас-Ай» деген орталықты ашқан соң.

Алла оған бір ерекше бақ берді.

 

Таланты да барынша кең ашылды,

Ем шуағы көпшілікке шашылды.

Елмен бірге шырқады биіктерге,

Жылдарменен теңгеріп сан ғасырды.

 

Елге келді, елмен бірге көктеді.

Бос өтпеді қысы, жазы, көктемі.

Бос өтпеді бір күні де еңбексіз,

Босқа өткен сағаты да жоқ, тегі.

 

Елін сүйген ер десеңіз жарасар.

Қиын-қыстау жолдан өтті нар асар.

Қазақ енді бой бермейді науқасқа.

Жасан сынды ұлдары бар қарасар.

 

Жасан қолы тиген жерде гүл өнер.

 Шипагерлік шынында да дүр өнер.

Мың-сан адам ем қабылдап жүр одан,

Шапағатын осыдан-ақ біле бер.

 

Бағы шығар бұл қазақтың Жасаны,

Саулығы ғой емдеу орны – «Жас-Айы».

Жасаны мен «Жас-Айы» бар халықтың,

Азаймайды жарық күні – жасары.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *