ЖАСТАР – БІЗДІҢ ТІРЕГІМІЗ

Жастар Құқық
815 Views

Қазіргі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандарарасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе бүгінде көкейтестімәселелердің біріне айналып отыр. Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстыңауыр түрлерін жасауға бейімі арта беретінін ескерсек, бұл аса өткір мәселеекенін мойындауға мәжбүрміз. Бүгінгі сұхбатта ұлағатты ұстазбен қазіргі жастармәселесін, олардың мінезіндегі ерекшеліктер мен «Z» буынның айшық белгілері,сонымен қатар жастар арасындағы қадағалаусыздық пен құқықбұзушылықтың алдын алужайлы әңгіме өрбіттік.

Нағыз ұстаз болу – бақыт әрі абырой. Шындығында мұғалім болу оңай болып көрінгенмен, ал нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Білім беру кеңістігінде тәжірибелі де білімді, өз мамандығының хас шебері кәсіби ұстаздар жетерлік. Солардың бірі – № 80 мектеп-лицейдің ағылшын пәні мұғалімі, бірнеше жылдар бойы өз сыныбымен тығыз жұмыс жасап, бала психологиясын жетік меңгерген ұстаз – Құралай ТӨЛЕНДИЕВА.

– Сіз ұзақ уақыт бойы сынып жетекші болып жұмыс атқарып келесіз. Демек, оқушыларға екінші ана да, ұлағатты ұстаз да, тәрбиеші психолог та болудасыз. Жалпы, қазіргі балалармен жұмыс жасау қиын ба?

– Иә, дұрыс айтасыз ұстаз болудың өзі өте жауапты іс. Ал енді сынып жетекшісі болу ол өзіңді өз балаларыңнан бөлек 25 баланың анасы сияқты сезіну десе де болады. Оқушыларыңды әркез уайымдап отырасың. Бір нәрсеге ұрынып қалмаса екен, теріс қадам баспаса екен деп. Біреуінің басына бір қиын жағдай болса, ол шешілгенше уайымдап өтетін кездерің де болады.

Қазіргі жастармен жұмыс жасау мәселесіне келер болсақ, олар – өте ақылды, өздерін айрықша көрсете алатын жалынды жандар деп айтар едім. «Z» буын дейді ғой. Сол сияқты бұл буынның да өзіндік ерекшелігі бар, әлемге айтар сөзі бар. Жастайынан тұлға болып қалыптасуға бейім балалар. Дегенмен, осы жеткіншектермен жұмыс барысында әсіресе өтпелі кезеңде қарым-қатынас жасауда әсте абай болу керек. Олардың жан қалауларын түсініп, дұрыс бағыт көрсете білу керек. Жоғарыда айтқанымдай бұл жастар қазір өте ерекше буын. Жаңа әлем жастары. Оларды кейде біз түсіне алмай жатамыз. Жан қалауларын ұқпай, оларға қатаң түрде жаза қолдансақ, ол балалар әлемге жабылып қалады. Саған деген сенімі де қалмайды. Сосын сенімен ашық диалогқа келмейді. Сондықтан, жаңа әлем жастарымен жұмыс жасағанда оларды тыңдай білу, оларға өз ойлары мен көзқарастарын жеткізуге, өздерін көрсетуге, ашылуға мүмкіндік беру ата-ана тарапынан да, ұстаз тарапынан да аса жауапты міндет дер едім.

Ал қазіргі жастарды ойландыратын, ең көп таралған мәселелер: жоғары немесе орта білім ала алмау; өз отбасын материалдық жағынан қамсыздандыру қиындықтары; ата-анамен түсініспеушілік; қоғамнан оқшаулану деп айта аламын. Бұл мәселелерді анықтап, осындай қиындыққа тап болған жағдайда жас жеткіншек қолдау мен ақыл-кеңеске мұқтаж болады. Ондай жылылықты отбасынан не қоршаған ортасынан таппағанда өкінішке қарай теріс мінез-құлық көрсетіп, өзіне назар аудартуға әрекет жасайды. Өмір тәжірибесі көрсетіп отырғандай, дәл осы қиын шешілетін мәселелер жиынтығы отбасыішілік келіспеушіліктердің пайда болуына, олардың тұрақсыздығына алып келеді.

Қазақ халқы ежелден-ақ ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген. Тәрбие құралдарын таба білген. Батырлық та, даналық та осы тәрбиеден бастау алады. Өйткені, тәрбиенің өзі нағыз ұлттық құндылық. Дана халқымыз аз да болса мәнді, мағыналы сөзбен ұрпағын тәрбиелеп, психологиялық ерекшелігін сақтап, бірлігін қорғап, нығайтып, дамытып отырған. Сондықтан жастар тәрбиесінде халқымыздың ертеден қалап кеткен негізгі тәрбие жүйесіне де көшуге болады. Балаға бір ауыз сөзбен, мақал-мәтелмен тоқтау айтқан. Қазаққа жақын адам руханиятқа жақын болады. Руханиятқа жақын адам ешқашанда ар ісінен аттамайды. Бөтен қылық көрсетпейді. Қазіргі қазақ жастары — елдің ертеңгі болашағы. Сондықтан да жастар мәселесіне, олармен жұмыс барысында аса сақтықпен, жауапкершілікпен келу керек. Оларға құлақ асып, тыңдай білу керек. Сонда ғана екі буын арасында көпір қалыптасады. Сол кезде ата-анамен бала, ұстаз бен бала ортақ түсінікке келіп, арадағы кикілжіңдер шешіледі. Жас ұрпақ алып ғаламнан өз орнын ойып алатын, өзіне сенімді тұлға болып қалыптасады.

Біз өзіміз жүргізіліп отырған қайта құруларда, қазақстандық қоғамдағы әлеуметтік серіктестіктерінің белсенділіктерін дамыту жолында, біздің бозбалалар мен бойжеткендеріміздің мүмкіндіктері мен энергиясын жүзеге асыру үшін жағдай жасай отырып, жас ұрпақтың рөлін бекітуді қажет етеміз.

Барлық келешек ұрпақтың күшін біріктіру біздің өмірімізді демократияландырудың негізгі факторы, азаматтары, әсіресе жастары өзін, өз отбасын, өзінің ата – аналарын игілікті өмірмен қамтамасыз етуді жүзеге асыруға болатын гүлденген мемлекетті құрудың басты шарты.

– Балалар неге теріс қылық көрсетіп, құқықбұзушылыққа барып жатады деп ойлайсыз?

– Бұған әрине әртүрлі себеп бар. Балаға сырттан және іштен әсер ететін сан түрлі фактор бар. Алайда өзімнің бақылағанымша баланың мұндай іс-әрекетке баруына толықтай ересектер жауапты. Себебі бала енді қалыптасып келе жатқанда оның ақ пен қараны ажыратуға қауқары жетпейді. Осы кезде ол балаға дұрыс бағыт бағар көрсетіп, тура жолдан тайдырмауға септігін тигізетін тағы да сол ата-ана мен қоғам. Олар балалар үшін жауапкершілік алу керек. Оның осындай өтпелі кезеңде өмірді қалай сезінетінін, қандай қиыншылықтардан өтіп жүргенін дер кезінде түсіну керек.

Айта кететін бір жағдай – қолайсыз отбасында өскен кәмелетке толмағандардың бұзақы болу мүмкіндігінің жоғары болуы соншалықты, осындай отбасыдан шыққан кәмелетке толмағанның қоғамға қарсы немесе аморалды бағдар алмай, иә болмаса құқық бұзушылық жолына түспеуі өте сирек кездесетін жағдай. Отбасы кәмелетке толмағандар тұлғасының қалыптасуына жас ұрпақ тәрбиесіне қатысатын басқа әлеуметтік институттардан гөрі көбірек белсенді ықпал етеді.

Бүгінде кәмелетке толмағандарды тәрбиелеуде оң нәтижеге жету үшін қолайсыз отбасыларына ықпал ету жүйесін өзгерту қажет, мұндай бұзушылықтар үшін тек қана ата-аналық құқынан ғана айырып қоймай, бас бостандығынан айыруды қарастыратын ата-аналардың кәмелетке толмағандарды тәрбиелеудегі жауапкершіліктің тиімді институттарын құру керек. Бұндай институтты құрмайынша кәмелетке толмағандардың оң бағыттағы құқықтық санасын қалыптастыру туралы айту мүмкін емес. Себебі балаларға тәрбие және бұл өмірде дұрыс бағыт беру үшін жауапкершіліктің мүлде жоқтығын айтуға болады. Ата-аналарының балаларды тәрбиелеуге құқығы ата-аналық құқықтарының ішіндегі ең маңыздыларының бірі.

Отбасындағы тұрақтылық пен береке болмаса, осыған байланысты қоғам тарапынан көмек көрсету әрекеттері сәтсіз болған жағдайда тіршілік етудің балама орындарын пайдалану мүмкіндігін қарастыру қажет деп ойлаймын. Балаларды тұрақты әрі берекелі отбасы жағдайына мейлінше жақындатылған мекемелерде тәрбиелеу керек. Баланың келешегіне кері әсер ететін жағдайларды айтпағанда, олардың ата-анасынан айыруға жол бермейтін ұлттық бағдарлама жасаудың және оны іске асыру қажеттігілігі тууы мүмкін.

Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алудың ең маңызды алғышарты, отбасындағы берекені сақтаудың негізінде, субъективтік себептерден басқа өтпелі кезеңнің әлеуметтік-экономикалық жағымсыз құбылыстары әсер етеді. Ата-анасының материалдық жағдайының нашар болуына байланысты балабақша мен мектептерге бара алмай қараусыз қалған, тастанды, үй-жайы жоқ, сөйтіп, құқық бұзушылық жасауға баратын балалар санының өсуі осы жағдайдың бір себеп-салдары ғана. Демек, балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстылық деңгейінің артуына ықпал ететін факторлардың бірі ата-аналардың төлем қабілеттілігінің төмендеуі және бос уақытты өткізудің барлық түрлерінің коммерциялануы.

Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеуде бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы зор екені де рас. Демек, бұл шараларда айтарлықтай бір қатар кемшіліктер бар. Мысалы, теледидар арқылы адам өлтіру, қатыгездік, қанқұйлы оқиғалар, алдап-арбау, эротикалық мағынадағы журналдар, фотосуреттер, жарнамалар шектеусіз көрсетіледі. Мұның өзі келешек ұрпақтың мінез-құлқының қалыптасуы мен даму процестеріне зиян келтіруі мүмкін. Себебі жасөспірім ақпараттана отырып құқық бұзу әрекеттерінің жазаға тартылмау жолдарын қарастыруы немесе ішкі істер органдарының қызметіне қарсы әрекеттер жасау пікірі қалыптасады. Қоғам мүлкін немесе жеке тұлғалардың меншігін қылмыстық жолмен иелену арқылы материалдық қажеттілігін арттыру мақсатында табыс табу жолдарын үйренуге талпынады. Осы жағдайға байланысты бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңда жастарға арналған тиісті қызметтер мен мүмкіндіктерді ашып көрсету қажеттігі туындайды.

Сол себепті жасөспірімдер арасындағы заңға қайшы мінез-құлықтың алдын алудың неғұрлым тиімді шарасы девиантты мінез-құлқымен ерекшеленетін кәмелетке толмағандарды, әсіресе қоғамға қарсы бағдарланған жасөспірімдер топтарының басшыларын дер кезінде анықтауға және олардың айналадағы адамдарға теріс ықпал жасауына жол бермеу амалдарын қолдану. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, осындай жасөспірімдерді арнайы оқу-тәрбие мекемелеріне орналастыру мүмкіндігі болғанда бұл жұмыстың пәрменділігі артады. Осының өзі құқық бұзушылықтың қайталануын болдырмауға, сондай-ақ оларды ересек адамдардың тарапынан болатын теріс әсерден оқшаулауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жастар қылмысының негізінде бос уақыттың тиімсіз пайдаланылуы тұр дер едім. Егер жастарды жақсы істерге баулыса көкірек көзі оянып, әлемге көзқарасы кеңейіп, ешқашанда жиіркенішті әрекеттерге бармас еді.

Сондықтан жастарды түрлі үйірмелерге баулыған құқықбұзушылықтың алдын алуда атқарылған оң әрі нәтижелі шара болар еді.

– Осындай қиын мінез-құлықты балалармен жұмыс қалай жүргізіледі? Ата-анасымен ше?

– Құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында оқу жылының басынан бері біздің мектепте атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып кетсем деймін. Оқу жылының басында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында жүргізілетін іс-шаралар жоспары жасалып, бекітілген болатын. Жоспарға сәйкес бекітілген іс-шаралар өткізіліп тұрады.

Қылмыстың алдын алудың бірден-бір жолы – оқушылардың мектептен тыс уақытта қосымша біліммен қамтылуын дұрыс ұйымдастыру. Бүгінгі күні мектептегі мектептен тыс оқушы қосымша біліммен қамтылып отыр.

Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны азая түскен.

Мектептегі тәрбиесі қиын және құқық бұзуға бейім оқушылармен мектеп директоры, оның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, инспектор, психолог, сынып жетекшісі айналысады. Осындай жағдай тіркелген сәттен біз баламен диалог құрып, мұндай мінез-құлық көрсетуінің себебін анықтауға әрекет жасаймыз. Ең алдымен ата-анасымен байланысқа түсеміз. Одан ары қарай психолог тарапынан тәрбиелеу жұмыстары жүргізіледі. Баланың неге мұндай жағдайға тап болғанын анықтаймыз.

Балалармен жұмыста психологтың атқаратын жұмысы орасан деуге болады. Себебі олар балалардан әртүрлі сауалнамалар алу және түрлі тренингтер мен кездесулер өткізіп, құқық бұзуға бейім баланы анықтауға, не оның мәселесін шешуге зор ықпал етеді.

Дегенмен, біз баламен тәрбие жұмыстарын жүргізу барысында оның психикалық жай-күйін бұзбауға, оған барынша моральді қысым түсірмей жұмыс жасауға әрекеттенеміз. Себебі жоғарыда айтқанымдай, бала – өте нәзік және тым әлсіз тұлға. Оның қателесуінің негізгі жауапкершілігі ересектерде.

– Жастар арасындағы қадағалаусыздық пен заңбұзушылықтың алын алу үшін не істей аламыз?

– Әрине, қай қылмыстың алдын алуда әуелі жалпы тәрбие, соның ішінде құқықтық тәрбие негізгі құрал болып есептеледі. Сондықтан да Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1995 жылғы 14 маусымда шыққан «Жалпыға бірдей құқықтық білім мен тәрбие беру туралы» қаулысының негізгі талаптарын іске асырып, жастарға өз дәрежесінде жеткілікті құқықтық тәрбие беруді дұрыс жолға қою – үлкен жұмыс. Өйткені, құқықтық тәрбие жастар мен жасөспірімдердің бойында құқықтық талаптар құрметтеу сезімін қалыптастырып, азаматтардың санасына құқық пен міндеттің бірлігін сезіндіреді, олардың өздерін дұрыс ұстап, әсіресе кәмелетке жасы толмағандар арасындағы қылмыстық әрекеттерінің алдын алуға мүмкіндік туғызады.

Жастардың мәселесі қашанда, қандай қиын-қыстау заман болмасын кез келген халықты алаңдататын мәселе. Қылмыстың алдын алу олардың негізгі көрсеткіштеріне байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Алайда, басты шара – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көрсеткендей, «Өтпелі кезеңдерді бастан кешіп жатқан қоғамда мемлекеттік экономика әлі сақталып тұрған тұста, жекеменшік институттары әлі қалыптасып біте қоймаған кезде, мемлекетіміздің қызметінің орасан зор маңызға ие болатыны мемлекет тарапынан қалыптасқан шаралардың бәрінің мәні де, ықпалы да қоғамдағы тәртіп бұзушылық пен қылмыстың әуелі алдын алуға бағытталған».

Мемлекеттік өкімет және басқару органдарының қызметін одан әрі жетілдіруді, елімізде құқықтық мемлекет құру ісінде сапалы заңдарды қабылдауды өрістету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда мемлекеттік билік органдарын әділеттілік, заңдылық, жариялылық, ізгілік принциптерін басшылыққа алған мінсіз қызметі өте қажет.

Кәмелетке толмағандардың қылмысын ерте алдын алудың негізгі құралы құқықтық сананы дұрыс тәрбиелеу және қолайсыз отбасын декриминализациялау, бұған құқықтық нормаларды жетілдіру және балаларды тәрбиелеудегі азаматтардың жауапкершілігін арттыру шаралары енеді.

Сонымен бірге қазіргі жағдайда білім беру мен тәрбиелеу деңгейіне жалпы әлемдік талаптың күшею тенденциясы ата-аналарға балаларға қатысты көп міндет пен көп жауапкершілік жүктейді.

Кәмелетке толмағандардың қылмысын алдын алудың жалпы әлеуметтік шараларының жүйесінде кәмелетке толмағандарды еңбекпен қамтамасыз етуге жетекші, басты орын беру қажет. Әлемдік тәжрибе көрсеткендей, нарықтық қатынастар адал және әділ еңбекті қажет етеді. Ал, еңбекке адамгершілік қатынасты бала жасынан тәрбиелеу керек. Осыған орай жұмыссыздықтың ұдайы көбеюіне байланысты еңбекке орналасу саласының жаңа жағдайында басты міндет – кәмелетке толмағандар мен жастарды жұмысқа орналастыруда, кәсіби қайта бағыттауда, даярлауда және қайта даярлауда көмектесу. Кәмелетке толмағандардың бос уақытын ұйымдастыру мәселесі – экономикалық тұрақсыздық пен әлеуметтік-мәдени дағдарыс жағдайында кешенді көзқарасты қажет ететін ең күрделі және қиын шешілетін мәселе дер едік.

Кәмелетке толмағандардың ауытқуларына қарсы бағытталған жалпы әлеуметтік шаралар көбінесе құқық қорғау қызметі арқылы арнайы және жеке-дара қарсы іс-қимылмен жүзеге асырылуға тиіс деп ойлаймын.

Қорыта айтқанда, жас ұрпақ тәрбиесі біздің қоғамға, әсіресе ол балалармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайтын ата мен ұстазға үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұдан кейінгі кезекте басқа да мекемелер тарапынан өткізілетін іс-шаралармен жалғасын табады. Айта кететіні, біздің мектепте ювеналды полиция, жергілікті прокуратура және білім басқармасы тарапынан әртүрлі профилактикалық шаралар да өткізіліп тұрады. Мұндай кездесулерде оқушыларға сан түрлі тақырыпта түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Өздері сияқты жас, бірақ шалыс басып мәңгілік өкініш азабына оранған балалардың өмірбаяны туралы баяндайды. Өз құқықтарын білуге, алаяқтар мен өзге ойлы адамдардан аулақ болуға үндейді. Мұндай ақпараттандыру жұмыстары жастарға оң әсерін тигізіп жатады. Жалпы, біздің мектеп ұжымының атқарған сүбелі жұмысының әсерінен оқушылар да мұндай оғаш қылық көрсетуден барынша оқшауланып отыр деп айта аламын.

Көздерiнде от ойнар,

Сөздерiнде жалын бар,

Жаннан қымбат оларға ар,

Мен жастарға сенемiн! – деп Мағжан Жұмабаев айтқаны бар ғой. Автор бұл жерде жастарға сене білудің күшін алға тартып отыр. Сол сияқты оларға менде көзсіз, риясыз бар жан-тәніммен сенгім келеді. Сенемін де! Алла қаласа біздің жастардың алар белесі биік болады. Себебі оларға сенетін Сіз бен біз бар, қоғам бар! Бүгінгі жас қауымға жасалған жағдай туралы да ерекше айта кету керек.Барлығымызға белгілі өткен жыл Жастар жылы болып жарияланды.Ал биыл Еріктілер жылы. Бұл мемлекет саясатында жастар рөлінің маңызын айқындайды. Оларға білім алуға, дамуға, өздерін көрсетуге толықтай жағдай жасалуда. Ынталы балаларға барлық мектептер үйірмелер мен әртүрлі секциялармен қамтылған. Олардың тәрбиелесі де басты назарға алынып отыр. Сан ғасыр арман болған бабалар арманын орындайтын да осы жастар.

– Келелі сұхбатыңызға рахмет!

Гүлнұр БАЙДУЛЛАЕВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *