ЖАҢА ЖІБЕК ЖОЛЫНДАҒЫ ЖІБЕРІЛГЕН ЖАЙСЫЗДЫҚТАР

Мәселе
1 536 Views

Темірлан ауылын қақ жарып өтетін Шымкент-Самара тас жолының үстімен Халықаралық дәрежедегі жол түсетін болыпты деген қаңқу сөздің шыға бастағанына да бірер айдың жүзі болған еді. «Құлақ естігенді көз көреді» дегендей, 2010 жылдың ортасынан ауғанда аудан әкімінің мәжіліс залында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» Халықаралық дәлізі күре жолы жобасымен аудан орталығындағы тұрғындарды таныстыру үшін Астанадан,облыс орталығынан арнайы өкілдер келіп алғашқы кездесуін өткізді. Сол кездесуде әлігі жол Арыс өзенінің үстімен, ЖМК (жылжымалы механикаландырылған колонна) аймағына дейінгі аралыққа жалпы ұзындығы 2700 метр жерге аспалы көпір салынады, Темірландағы үйлердің кейбіреулері қойылатын діңгектерге сәйкес келіп қалса, сол үйлер, дүкендер сырылып тасталып, қалған үйлер аспа көпірдің жанында тұра береді деп, осы жобаны жасауға пәленбай миллион теңге жұмсалғанын айтып таныстырды.

Келесі кездесуде аспа көпірдің нақты нобайы салынған суретін әкеліп көрсетеміз дегенді естіген тұрғындар күре жолдың Темірлан арқылы түсуіне үдере қарсылық білдірді. Ары-бері шапқылаған тұрғындар ҚР Парламентінің Сенат, Мәжіліс депутаттарына барып жолығып, хат жазып жүріп дүниежүзілік мәні бар жолдың жобасын жүзеге асыртпай қойды.

Дегенмен, Темірландықтар қарсы екен деп Халықаралық жоба тоқтап қалмайды ғой. Жолдың жаңа жобасын жасау үшін мамандар Темірланның күншығыс жағындағы Қажымұқан ауылына қарай ойысады. Алғашқыда Боралдай өзенінің батыс жағындағы ескі «Жібек жолын» таңдамақ болады (бұл жол ХVІІ-ХІХ ғасырларда Шығыстан Тараз, Сайрам, Шымкент қалалары арқылы Отырарға, Түркістанға баратын керуеншілер жүретін жол болған). 1892 жылы сызылып, 1894 жылы бекітілген Шұбар ауылы мен Темірлан ауылының картасында сол Жібек жолы Шұбарға қарай бұрылады («Қарауылтөбеге» және Темірланға қарай жол түспеген), бірақ сол ескі «Жібек Жолының» ізімен қазір «Павлодар-Шымкент» мұнай құбыры төселгендіктен және «Шыршық-Ащысай» жоғары кернеулі электр қуатының желілері тартылғандықтан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» Халықаралық дәлізі күрежолының салынуына қолайсыздық тудыратынын түсінген жобалаушылар Қажымұқан ауылының ортасынан ойып тұрып 22 үйді орнынан қозғауға мәжбүр болады.

Аэрофототүсірілімді қарап, қазіргі салынған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» Халықаралық дәлізі күре жолын осы тұстан салудың тиімділігін зерттеп, тиянақтаған жобалаушылар 2011 жылы Қажымұқан ауылындағы «С.Ысмайылов атындағы жалпы орта мектебі» мемлекеттік коммуналдық мекемесінде тұрғындарды жолдың жобасымен таныстырды. Алғашқы жоба бойынша облыстық дәрежедегі мәні бар «Темірлан – Көктөбе» тас жолының екі жағына орналасқан үйлердің түстігінен 11 үй, теріскейінен12 үй сырылып, қазіргі жол түседі деп таныстырған еді, араға көп уақыт өтпей әлігі жоба бұрынғы орнынан ауыстырылып, шығысқа қарай ығыстырылады. Себебі 1959 жылға дейін Садық ата Ыбыраев (бұл үйді Алтынбек Шорабаев деген азамат сатып алып, жаңа жобамен үй тұрғызып алған болатын) мен Қыстаубай Жансейітов аталардың үйінің жанынан құлақарықпен шамалы үйіргелік жерді суаратын арық бар еді, оны 1959 жылы жолды жөндегенде көміп жіберіп, орнын шығысқа қарай шамада екі жүз метрдей жылжытқан болатын.

Жол салушылар қолдарындағы картамен әлігі ескі кішкентай арықты ары іздеп, бері іздеп таба алмай жүргенінде оларға жұмысынан келе жатқан бір жас келін кездеседі. Әлігілер ескі арықты сұрайды, жас келін ауылдың тарихын қайдан білсін. Сонымен осы арықтан басқа арық жоқ дегеннен кейін, жол салушылар шығысқа қарай жылжып, күрежолдың орнына қазық қағады. Нәтижесінде ауылды қақ жарып өтіп жатқан «Темірлан — Көктөбе» тасжолының теріскейінен 10 үй, түстігінен 12 үйдің тұрғындары мемлекеттен өтемақы алып бабаларының кіндік қаны таған қасиетті орыннан үдере көшіп шықты.

Қош, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі күре жолының құрылысы басталды, қазір әртүрлі автокөліктер(жеңілі, ауыр жүк артқандары) ары-бері жүйткуде. Айтайын дегенім, біріншіден, сол күрежолдың батысы мен шығысында 10 үйдің алтауының орны қаңырап бос қалды. Алғашқыда сол үйлердің орнына Түркістан бағытынан келетін көліктер түсетін бұрылыс және сол Түркістан жаққа шығатын жол бұрылысы салынады деп тұрғындарды жылы орындарынан қозғаған болатын. Неге сол бұрылыс жолдар салынбай, қыруар ақша желге ұшты? Орындарынан қозғалған азаматтар өздеріне тиісті қаржыларын мемлекеттен алды, бірақ неге бұрылыс жол салынбады екен?

Екінші жағдай «Темірлан — Көктөбе» тасжолының үстінен өткен көпірдің және айналма бұрылыс жолда (көпірдің Шымкентке қарай шығатын бағытында үлкен жолға кіретін және үлкен жолдан түсетін екі айналма бар) түнде жолды жарықтандырып тұратын электр шамдары бар, олар қазіргі күнге дейін түнде жұмыс істемейді. «Шұбар-Бадам» бағытындағы Темірланға шығатын жолға бір де бір электр діңгегі қойылмаған, себебін кім түсіндірер екен? Сондай-ақ мемлекеттік шекарасы, ауыл деген мәртебесі сонау 1930 жылдан бері бар болса да күрежолда Қажымұқан ауылы деген белгі не Шымкент бағытынан Түркістан бағытына қарай жүргенде не керісінше келгенде жол белгісі қойылмаған. Сондықтан бұл өңірді жақсы білмейтіндер көліктерімен ауылдың шығыс жағына қарай «Темірлан – Көктөбе» тас жолымен жаңы-лыс кетіп барады, кейбіреулер Темірланға қалай қарай жүретінін арнайы тоқтап сұрап біледі. Себебі Темірлан бағытын көрсететін жол белгісі дұрыс сызылмаған.

Тағы бір кемшілік күш атасы – Қажымұқан Мұңайтпасұлының кесенесі деп көрсетілген жол белгісі өте майда әріптермен жазылған. Оны көлігін арнайы тоқтатып оқымаса, зуылдатып кететін жүргізуші де, оның салонында отырған жолаушы да байқай бермейді.

Түркістан бағытымен кетіп баратын бағытта «Найманарық» су арнасынан өткеннен кейін жолдың батыс жағында Қажекеңнің кесенесі анық көрініп тұрады. Міне, осы тұсқа да Қажымұқан Мұңайтпасұлының кесенесі 300 метр жерде деген үлкен әріптермен жазылған жол белгісі қойылса, кейбір жолаушылар көлігін тоқтатып, шетке шығып құран бағыштап кетер еді.

Пәлсапашы Фредрих Энгельстің «Тарих дөңгелегі айналып қалпына келеді» дегеніндей, ертеректегі «Ұлы Жібек жолы» ауылымыздың шығыс жағымен өтсе, енді жаңа «Ұлы Жібек жолы» ауылымыздың арасын қақ жарып өтуде.

Қыдырбай ЖҰМӘДІЛҰЛЫ,

ұстаз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *