ЖАҢА ОБЛЫСТЫҢ ЖАҢА МЕЖЕСІ ЖОҒАРЫ

Билік Қоғам
720 Views

Түркістан облысында ауыз толтырып айтарлықтай толымды жұмыстар атқарылуда.Оны жұрт күнделікті естіп, көріп, біліп те жүр. Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеевтің 2019 жылы атқарған жұмыстары туралы есепті жиыны да былтыр атқарылғанжұмыстарды тағы бір ой елегінен өткізуге мүмкіндік берді деген ойдамыз.Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрікуниверситетінің мәжіліс залында халық көп жиналды.

Биылғы қазан айында Түркістан қаласында Түркі елдері басшыларының жиыны өтеді. Бұл шара – күллі Түркі халықтарының рухани-мәдени орталығы – Түркістан қаласының туризм саласын жаңа бағытта дамытуға, туристердің көптеп келуіне ықпал етеді.

– Елбасының тапсырмасына сәйкес өткізілетін халықаралық деңгейдегі облыстың барлық тұрғындарын бұл іс-шараға атсалысуға шақырамыз. Бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұйымшылдықтың үлгісін танытуға тиіспіз. Өздеріңізге белгілі, биыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, композитор Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына, Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойына арналған ауқымды іс-шаралар өткізу жоспарда бар. Бұл өз кезегінде облыстың рухани өміріне айтарлықтай үлес қосады деп сенеміз, – деген Өмірзақ Естайұлы өңір тұрғындарын жұмыла жұмыс істеуге шақырды.

Өңір басшысының айтуынша әсіресе облыс экономикасының басты драйвері саналатын – ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Былтыр осы салада 629,8 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 104,7 пайызды құраған. Бұл көрсеткіш бойынша облысымыз республикада үздік үміткер. Тағы бір жаңалық, биылдан бастап ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік қызметтің барлық түрі толығымен электрондық форматқа көшірілмек. Бұған қоса ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамыту мақсатында Түркістан қаласының төңірегінен көлемі 11 мың гектарды құрайтын азық-түлік белдеуі құрылды. Өткен жылы ауыл шаруашылығын қолдау үшін мемлекет тарапынан бөлінген 28 млрд. теңге субсидияға 27,5 мыңға жуық шаруаға ие болды. Қарқынды бау, жылыжай кешені көлемін ұлғайту арқылы өнім көлемін одан әрі арттыру мақсаты көзделуде. Қайта өңдеу кәсіпорындарын ашу бойынша алты ет өңдеу, бес сүт өңдеу, бес жеміс-көкөніс өңдеу кәсіпорындарын ашу жоспарланды. Өңірдегі құрылыс саласында да біршама ілгерілеушіліктер байқалады. Былтыр 5 846 отбасы баспаналы болды. Сонымен қатар Түркістан қаласында алты нысан пайдалануға берілді. Бұдан бөлек облыс әкімі туризм, спорт және жастарды қолдау бағытындағы жұмыстармен де бөлісті. Облыстың туристік әлеуеті де қарқынды дамып келеді. Өйткені, Түркістан облысы – тарихи және мәдени нысандарға бай өлке.

Бүгінде еліміздің рухани астанасына айналған Түркістан қаласын ғана емес, өңірдің барлық аймақтарын көтеру бойынша ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда. Есепті жиында жұрт осыған көз жеткізді. Кентау қаласының келешегі туралы сұраған Маржан Кривенцоваға облыс басшысы қаланы көріктендіру мақсатында жұмыстар істеліп жатқанын, былтыр кезекте тұрған тұрғындар үшін 64 пәтер берілгенін атап өтті. «Қалада өзекті бес мәселе бар, соларды шешу жолында жұмыс істейміз, – деді.

Әкім есебіне құлағдар болған жұртшылық көкейде жүрген сан түрлі сауалдарына нақты жауап алды. Мәселен, Қазығұрт аудандағы, Жаңабазар ауылдық округіне қарасты Қазақстанның 20 жылдығы атындағы ауылдың тұрғыны Ерболат Дайрабаев: «Ауылдағы Кенен Әзірбаев атындағы жалпы орта мектепті тиісті мамандар апатты деп тапты. Содан бері биыл екінші жыл, ал, мектеп сол күйінде тұр. Жаңа мектеп салынады деп естиміз. Сол мектеп құрылысы қашан басталады екен?», – деген сауалын жолдады.

Бұл сұраққа Қазығұрт ауданының әкімі Т.Телғараев жауап берді. Ол аталған мектепке облыстық бюджеттен қаржы бөлінгенін, жақында мердігер компания анықталғанын, құрылысы биыл басталатынын айтты.

Келесі сөз алған Жетісай аудандық фермерлер одағының төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Оспан Асанов жергілікті шаруалардың негізгі күнкөрісі мақта өсіру екенін, былтыр мақта бағасы тым төмен, небәрі 130 теңге болғанын айта келіп, биыл мемлекеттен шаруаларға субсидия төлене ме? – деген сауалын қойды.

– Мақта тек Оңтүстікте ғана егіледі. Субсидия жағынан көмектесуге әрекет жасаймыз. Бұл өте күрделі сала болғандықтан «Мақта туралы заңның» кемшіліктері көп. Бұл заңды өзгертуге Парламентпен бірге жұмыс істеудеміз, – деді Өмірзақ Естайұлы.

Ал, Келес ауданының орталығы – Абай ауылының биі Лесбек Нұртаев:

– Біздің Абай ауылында көлік кептелісін болдырмау үшін Тұрар Рысқұлов көшесін республикалық автожолға қосуға жәрдем берсеңіз», – деген өтінішін жеткізді. Әкім жаңадан құрылған Келес, Мақтарал аудандарына үлкен мән беріліп жатқанын айта келе былтыр Келес ауданына 2 млрд. теңге қарастырылғанын мәлімдеді. Мәселен, кез келген қаланың, ауданның, елді мекеннің бір орталығы болады ғой. Ол орталық бір елді мекенде әкімшілік үйі ғимаратының төңірегі болса, бір елді мекенде Мәдениет үйінің төңірегі болады. Бір қызығы, Абай ауылында орталық жоқ. Қиындықтардың содан туындап отырғанына байланысты Тұрар Рысқұлов көшесі Халықаралық магистраль болғандықтан, көшені басқа жаққа бұрып әкетіп орталық жасалуы керек. Мұның жобасы дайындалды. Қаржы бөлінді. Биыл бітеді, – деді өңір басшысы.

Осы және өзге өткір де өзекті мәселелер облыс әкімінің есептік кездесуінде жан-жақты айтылды. Жеткен жетістіктер сараланып, алда атқарылатын жұмыс жария етілді. Жаңа облыстың жаңа межесі жоғары.

«Әділет-ақпарат»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *