ЖАҢҒЫРҒАН ЖАМБЫЛ ЖЕРІНДЕ

Мерей
2 186 Views

Жамбыл облысының 80 жылдығы дәулетіне сәулеті сай болып, жасампаздықпен атап өтілді

«Тараз – тарихымыздың темірқазығы». Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осылай деп бағалаған Ұлы даланың Рухани орталығы – Жібек жолы бойындағы жасампаз қала. Жамбыл облысы арқылы өтетін жол бағыттарында көптеген тарихи және мәдени ескерткіштер орналасқан. Жамбыл облысы соңғы екі жылда қайта түледі. Мәдени, рухани, тарихи нысандар бірінен соң бірі бой көтере бастады. Уақыт керуенімен бірге көшкен көне қаланың келбеті сәт санап, сағат санап ажарлана түсіп, дүр сілкініп, қайта түрленуде. Шаһарға шын шеберлер келді. Шағын қала алып құрылыс алаңына айналды. 24 айда адам танымастай өзгерген Тараз – жаңғыру дәуіріне қадам басты. Көпшілік өңірдегі оң өзгерістерді облысты басқарып отырған Асқар Мырзахметовтың есімімен тікелей байланыстырады. Асқар Исабекұлы облыс әкімі болып 2018 жылы 10 қаңтар күні тағайындалған еді. Осыған орай, өңірдің өркендеуі мен көркеюіне зор үлесін қосқан А.Мырзахметовтың екі жыл ішінде көкейімізге қонып, жанарымызды жадыратқан көңіл қуантарлық істері, нақты атқарған және атқарылатын жұмыстары туралы еңселі еңбегін оқырмандардың назарына ұсынуды жөн санадық.

Киелі өңірдің екі тізгін, бір шылбырын қолға алған азамат Жамбыл облысын өзге қырынан танытты. Ең бастысы, аймақтың иесі бар, қамқорлық көріп отырғаны анық байқалды. Нәтиже көңіл қуантты, рухты асқақтатты. Өткен жылы Жамбыл облысына – 80 жыл толды. Бұл айтулы датаны жамбылдықтар жаңа форматта атап өтті. Аста-төк той-думанмен емес, өңірдің 80 жылдығына орай әлеуметтік, тарихи, мәдени, рухани 80 нысан ел игілігіне берілді. Оның ішінде шоқтығы биік, тағылымы бөлек – «Тектұрмас» этно-тарихи кешені. Мерейтой Орта Азияда теңдесі жоқ осындай киелі кешеннің ашылуымен ерекшеленді. Бұл аумақ – киелі аумақ. Сол себепті қасиетті жерде шылым шегуге, ішімдік ішуге, ластауға, қоқыс тастауға, балағат сөздерді айтуға тыйым салынатыны ескертілген.

Кешенге кіреберістен басталатын баспалдақтар мен кешен ішіндегі жолдардың барлығы жергілікті табиғи қызыл тастан жасалған, яғни құрылысқа қажетті материалдар киелі жердің өзінен алынған. Алып кешенді аралауда қолайсыздық болмас үшін, мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы жол қарастырылған. Баспалдақтың екі жағындағы ежелгі петроглифтермен әшекейленген арнайы ақ тастардан жасалған ескерткіштерге Тараз өңірінен шыққан Тараз тарихының тұлғалары – он төрт қаған мен ойшыл ғұламалардың есімдері, билік еткен ғасырлары қашалып таңбаланған.

Жамбыл облысы әкімі Асқар Мырзахметовтің идеясымен салынған алып архитектуралық құрылыс мұнымен тоқтап қалмайды. Жоспарда екінші-үшінші кезеңдері бар. «Тектұрмас» этно-тарихи кешені қосымша тарихи және танымдық нысандармен кеңейтіледі.

Жоспар бойынша ежелгі қалалар мен қамалдар қабырғаларының үлгісіне сәйкес, ортағасырлық қорғандар мен дуалдардың көрінісі салынады деп күтілуде. «Көне Тараз» қорғаны ежелгі керуен-сарайлар мен цитадельдердің дәстүрлі архитектуралық бейнесі бойынша жасалады. «Көне Тараз» қорғанынан Әулиеата ескерткішіне дейін және әрі қарай жағалай созылып демалыс аллеясы бой көтереді. Оның екі жағында Тараз қаласы мен Жамбыл облысының әртүрлі аудандарында орналасқан 26 қасиетті тарихи орындарының кішірейтілген үлгідегі макеттері жайғасады.

Әулиеата ескерткішінен «Көне Тараз» қорғанына жалғасып жатқан жол бойында қазақ жері тарихын түбегейлі өзгерткен ең ірі ұлы шайқастар – «Атлах шайқасы» мен «Аңырақай шайқасының» тасқа қашалған тарихи бейнесі монументалдық қабырға бетінде көрініс алады.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», – деді. Сондықтан бүгінгі жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беру – басты міндет. Қоғамның санасына сілкініс тудыру – баршаның парызы. Бұл тұрғыда ата-ананың рөлі зор. Қарапайым ғана мысал келтірейін. Әрбір ата-ана балаларымен демалыс күндері тарихи-мәдени орындарға барып тұрса. Ондағы ұлттық ерекшелігіміз бен тарихымыздан сыр шертетін жәдігерлермен танысып, мән-мағынасын түсіндірсе – бұл да рухани жаңғыру. Алысқа ұзамай-ақ, Таразда қала ішінде тамашалайтын орындар жетерлік. Бұл тұрғыда мемлекет және жергілікті билік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен, 2019 жылы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы толықтай жаңғыртылды. Облыс тұрғындарының мақтанышына айналған «Ерлік» мемориалдық кешені бой көтерді. Саябаққа қаланың әр аумағында жатқан «Бауыржан Момышұлы», «Ауған соғысы жауынгерлеріне» арналған ескерткіштер көшірілді. Осы күнге дейін Ұлы Отан соғысына қатысқан жамбылдықтар саны 68 мыңдай болса, архив материалдары қайта зерделеніп, олардың саны 106 мыңға толықтырылды және есімдері мәрмәр тасқа жазылды. Бұл нысандар жас ұрпақтың ата-баба ерлігіне тағзым етіп, еске алатын қасиетті орынға айналды. Қаншама жеткіншек өз ата-бабаларының аты-жөндерін сол жерден тауып, көріп, бойларын мақтаныш сезімі кернеді.

Ел тарихы үшін маңызды оқиғаның мазмұнын аша түсу мақсатында 1,5 миллион фотосуреттер жиналған «Даңқ» залы ашылды. Баукеңнің ерлігі мен шығармаларын халыққа терең жеткізуде аталған орталықтың маңызы зор болмақ.

Бұдан өзге, сол саябақ аумағына Чернобыль апатына қатысқандар мен тыл еңбеккерлеріне арналған ескерткіштер, Б.Момышұлының ұрпақ тәрбиесіне қатысты айтқан нақыл сөздері жазылған тақтайшалар да орнатылды.

Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақ та қайта жаңғыртудан өтті. Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың ескерткішінен басталатын саябақта жастар жалынымен үндес «Желтоқсан – 86» орталығы, «Тәуелсіздік ұшқыны» ескерткіші, ұзындығы 220 метр «Желтоқсан толқыны» атты әуезді субұрқақ, тағы басқа да жастар үшін түрлі спорт алаңдары ашылды. Саябақта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Бөлтірік Шешен, Жамбыл Жабаев, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза сынды әйгілі тұлғалардың тәрбиелік маңызы зор даналық сөздері жазылған архитектуралық көрнекі тақтайшалар орнатылды. «Желтоқсан – 86» орталығына Желтоқсан оқиғасына қатысқан жерлестеріміз туралы электрондық база жасақталып, патриоттық рух беретін тың материалдар жинақталды. Міне, осылайша жастарымыз жүз естігенше, бір рет көру арқылы өткен тарихпен танысып, ғибрат алуда.

Теміржол вокзалы – қаланың төлқұжаты десек, сол теміржол вокзалының алдындағы скверді қайта жаңғырту жұмыстарының жүргізілуі де игілікті іс болды. Бүгінгі күнге дейін бұл аймақта қала қонақтарына ежелгі Тараз тарихынан түсінік беріп тұратын көркем де көрнекі белгі болмаған. Онда «Көне Тараз» стеласы қойылып, айналасы абаттандырылды. Сан алуан заманаларды өткерген Тараз шаһарының тарихынан сыр шертетін бұл стелада Көк Тәңірін ұлықтаған ежелгі дәуірлердегі Түркі бабаларымызды еске салып тұратын «Тәңір» сөзі жазылып, өңірден ғұламалардың шыққанын меңзейтін белгілер бейнеленген. Сондай-ақ, Жамбыл бабамыздың қасиетті домбырасы, Ықылас күйшінің киелі қобызы көрініс тапты. Тараз қаласының Талас, Тараз, Әулиеата, Жамбыл аталған тарихи кезеңдерін айшықтайтын балбал тастар, ұлттық құндылығы жоғары басқа да дүниелер орналасқан.

Ы.Сүлейменов көшесінің бойындағы бұрынғы «Атшабар» аумағы толықтай жаңғыртылып «Жастар» аллеясына айналды. Мұнда 600 орындық ашық аспан астындағы амфитеатр мен «Білім» алаңы, «Жастар» қабілет орталығы, жас ұрпақты кітап оқуға, кітапты құрметтеуге, білім-ғылымға үндеу мақсатында «Кітап», «Ұлы дала ұландары» стелалары және осы жерде өтетін тәрбиелік іс-шараларға арналған арнайы LED-экран-мен жабдықталған «Сахна» орнатылды. Бұл «Жастар» жылына арналған лайықты тарту болды.

Сондай-ақ, Елбасының бағдарламалық мақаласында «Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі» делінген. Осы орайда 5-7 сыныптар үшін туған өлкенің тарихын оқытатын «Өлкетану», Жамбыл облысы» оқулығы әзірленіп, 2019 жылдың басынан бастап оқу үрдісіне енгізілді. Облыста 5-7 сыныптарда оқитын 75 144 оқушының барлығы «Өлкетану» оқулығымен толық қамтамасыз етілген. Жалпы орта білім беретін 392 мектептің 7, 8 сыныптарына «Өлкетану», «Туған өлке тарихы» курстары енгізіліп, 48 716 оқушы білім алуда. Сонымен қатар, екі жыл қатарынан мектеп оқушыларына арналған, ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізді насихаттайтын «BILIM анимация», оқушыларды кітап оқуға тартудың инновациялық әдістері мен тәсілдерін қолдануға ынталандыру мақсатында «Оқы, тап!», оқушылардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуын, рухани деңгейін көтеру мақ-сатында «BILIM FM мектеп радиосы», туған өлкенің тарихи, мәдени құндылықтарын ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы оқу-тәрбие үрдісіне енгізу мақсатында #Bestвидео «Туған Өлке» онлайн байқауы жобалары іске асырылып келеді.

Оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында республика бойын-ша алғаш рет Жамбыл облысында Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» ЖШС директоры Мұқаш Ескендіровтің демеушілігімен «Кітап оқып, миллионер бол!» байқауы өткізілді. Мыңға жуық оқушы қатысқан, жастар арасында кітап оқуға деген ғаламат құлшыныс туғызған бұл іс-шара ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан қолдау тауып, биылдан бастап республика көлемінде өткізіле бастады.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында рухани мәдениетіміздің жауһарлары қатарында Жамбылдың жырлары, халқымыздың ұлт­тық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайтын тарихи жәдігерлері, Тараздың ежелгі ескерткіштері­ аталған. Өйткені, Жамбыл жері, Тараз топырағы, Әулиеата өңірі – әр тасынан тарих сыр шертетін қасиетті мекен.

Көне Тараз шаһарының екі мың жылдан астам даңқты тарихы бар. Талас өзенінің бойындағы Бөріқазған, Тәңірқазған үңгірлерін Қазақстандағы ең алғашқы адамдар мекен еткенін ғалымдар дәлелдеді. Облыстың әр қиырында түрлі тарихи кезеңдерге байланысты мол құпиясын ішіне бүккен орындар жетерлік. Қазақстанның киелі жерлері картасының тізіміне жалпыұлттық деңгейдегі сегіз тарихи-мәдени нысан, ал микросакралды картаны жасау үшін жинақталып жатқан республикадағы 500 ескерткіштің тізіміне өңірдің 27 тарихи ескерткішінің енгізілуі осының дәлелі.

Бұл тарихи-мәдени мұраларымызды кеңінен насихаттау мақсатында барлық 35 нысанның GPS координаттары жасалып, нысандарға қолжетімділік толықтай қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, 44 туристік мекеменің маршруттарына енгізіліп, отандастарымыз бен алыс-жақын шетелдерден келген туристерге таныстырылуда. Киелі жерлердің картасына енген сегіз жалпыұлттық нысан туралы арнайы деректі фильмдер түсіріліп, көпшілік назарына ұсынылды. Бұл деректі фильмдерді әлеуметтік желілерден де көруге болады. Биыл жыл басында өңірдің туристік әлеуетін арттыру, туристер мен қонақтарға облыстағы негізгі 35 тарихи-мәдени нысандар мен қонақ үйлер, тамақтану орындары, шипажайлар мен демалыс орындары туралы қазақ, орыс, ағылшын, түрік, қытай тілдерінде ақпарат беру мақсатында «iOS», «Android» бағдарламаларына арналған «Taraz Tour» мобильдік қосымшасы іске қосылды. Шет елден келген туристердің қосымшадағы сөздік пен экскурсиялық маршруттарды құрып беретін интерактивті картаны қолданып, әр нысанда орнатылған арнайы QR-кодтардың көмегімен толық ақпарат алуға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі 211 жәдігерге цифрлы код енгізілсе, елімізде алғаш рет «Тараз-Алматы» және «Тараз-Шымкент» тас жолдарының кіреберіс қақпаларында орналастырылған 88,8 FM радио толқынында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде туристік ақпараттық аудиороликтер трансляциясы іске қосылды.

Осы бағытта баспадан «Әулиеатаның қа-сиетті орындары» атты кітап-альбом мен карта шығарылып, 53 қасиетті орынның 3D моделі жасалды. Олармен «Qasietti-taraz.kz» сайты мен әлеуметтік желілерде танысуға болады. Сонымен қатар, архивтік деректер негізінде «Әулиеата негіздері» атты тарихи-танымдық кітабы, «Қазақ хандығы ту тіккен өңір» монографиясы мен өңірдегі тарихи-мәдени орындар туралы сыр шертетін «Әулиеата жауһарлары» жинағы жарық көрді.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде орнатылған «Жамбыл облысының архитектуралық ескерткіштері» голограммасындағы Айша бибі, Қарахан, Бабаджа-Хатун кесенелері мен Ақыртас сарай-кешеніне қосымша 15 қасиетті орын енгізіліп, келушілердің өңірдегі тарихи-мәдени нысандарды жан-жақты тамашалауына толық мүмкіндік жасалып отыр. Ал, «Төрткүл» орта ғасырлық керуен-сарайында «Көне Тараз шеберлері» жобасы жүзеге асырылды. Ол бүгінде ашық аспан астындағы туристік этно-мәдени демалыс орнына айналып отыр. Облыс тұрғындары мен туристер мұнда қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалап, сатып алумен қатар, түрлі бұйымдарды өз қолдарымен жасап көре алады. Жобаға елдің қызығушылығы жоғары. Биылдың өзінде «Төрткүлде» шетелдік туристерді қосқанда бес мыңнан астам адам болды.

Ағымдағы жылы жазда туристер мен жергілікті тұрғындарға қолайлы жағдай тудыру мақсатында облыс аумағындағы тарихи-мәдени нысандарды таныстыру үшін тегін екі туристік автобус іске қосылды. Бұл көліктің қызметін бүгінгі күнге он мыңдай мектеп оқушысы, колледж және университет студенттері пайдалануда.

Осы алып кешеннен орын алған ғимараттың бірі – Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі. Мәдени ошақ – Қазақстан Республикасындағы ең көне музейлердің бірі. Ауданы 4015 шаршы метрді құрайды. Оның ішіндегі 1184 шаршы метр экспозициялық ауданға ерте темір дәуірінен қазіргі заманға дейінгі уақыт аралығын қамтитын Жамбыл облысының тарихын төрт экспозициялық залда көрсеткен. Залдар әртүрлі тақырыптарға бөлінген: табиғат, палеонтология, тас, қола, ерте темір дәуірлері, сақтар, түркілер, Тараз қаласының тарихы, қазақ этнографиясы, Әулиеата кезеңі, Кеңес үкіметі дәуірінің кезеңдері және Тәуелсіздік жылдары. Мұражай қоры өте бай. 65 мыңнан аса мазмұнды, бірегей әрі құнды жәдігерлерді құрап отыр. Сондай-ақ, жылдан-жылға толығып келеді. Олардың қатарында тарихи, археологиялық, тарихи-тұрмыстық бұйымдар, нумизматика, қолжазбалар және құжаттар, көркемсурет туындылары мен сәнді-қолданбалы өнер бұйымдары және тағы басқалар бар. Музейге заманауи инновациялық технология, лазер арқылы жасалған суреттерді көрсететін голо-грамма және LiteBox-та мұражайға келуші-лерге 3D форматтағы «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасы аясында Жамбыл облысының қасиетті жерлері тізіміне енген 27 ескерткіштің тарихы мен макеті көрсетілген. Қазіргі уақытта музейдің құнды жәдігерлеріне келушілердің өз беттерінше ақпарат алуға, мектеп аудиторияларына интеллектуалды сайыстар өткізуге мүмкіндік беретін QR-код орнатылған.

«Көркемсурет галереясы» – тараздықтар мен қала қонақтарына қазіргі заманғы бейнелеу өнерін жаңа бағытта таныстыруға мүмкіндік береді. Жаңа ғимарат өңірдегі бейнелеу өнерін дамытуға, насихаттауға және қылқалам иелерінің шығармашылықтарын дамытуға негізделген. Қазақ және шетелдік суретшілердің кескіндемелерін және шығармашылық туындылары орналасқан галереяда белгілі суретшілердің жеке көрмелері шығармашылық және балалар көрмелері сынды іс-шаралар өтіп отырады.

Нысанның ашылу салтанатына орай бірінші қабаттағы көрме залында ҚР Суретшілер одағының кескіндемеші – суретшілерінің туындыларынан жасақталған «Қазақстанның бейнелеу өнері» атты көрме көпшілік назарына ұсынылды. Онда Ө.Жұбаниязовтың, А.Казгуловтың, С.Альжановтың, Ж.Кайрамбаевтың, Т.Кожагуловтың, О.Есен-баевтың тамаша туындылары қойылған. Сондай-ақ Жамбыл жерінен шыққан ҚР Суретшілер Одағының мүшелері: Қ.Аманқосовтың, С.Азизовтың, Г.Тянның, Р.Сапаралиеваның, К.Темірханның, А.Назарқұлдың, Н.Денисовтің және тағы басқа бейнелеу өнері шеберлерінің туындылары және жас дарынды суретшілердің шығармалары да көрмеден орын алды. Ал Л.Брюммер залында әлем суретшілерінің каталогіне енген Леонид Брюммердің қыл қаламынан шыққан туындылары орын алды. Өмірі қиын-қыстау, жоқшылықпен өткеніне қарамастан, өнер иесі суреттерін сатып, баюды ойламады. Өмірінің соңы қайғылы, қасіретті болғанына қарамастан өмір бойы салған туындыларын кеңпейіл, өзіне құшағын ашқан қазақ халқына шашпай-төкпей қалдыруға ұмтылды. Талантына бас иіп, әлем бағалаған суреттерін тегін, сыйға тартқан азаматты Тараздың сөнбес жұлдыздарының бірі деп айтпасқа болмайды.

Брюммердің қордағы 1200-ге жуық еңбегі арқылы Тараздың бұрынғы көріністерін көресіз, өзіңізге таныс жерлерді көзіңіз шалады. Оның өз өмірінің соңғы жылдарын өткізген қаласына деген ерекше сүйіспеншілігін 1971 жылы біздің мұражайға сыйға тартқан мұраларынан білесіз. Ал екінші қабатында қалпына келтіру шеберханасы, жұмыс бөлмелері орын алған. Онда болашақта балаларды бейнелеу өнеріне баулитын бейнелеу өнері үйірмесін ашу жоспарлануда. Бейнелеу өнері үйірмесінде балалар шығармашылығын дамытып, сурет салу өнерін үйренсе, қалпына келтіру шеберханасында түрлі жәдігерлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

Келесі бір құнды нысан – Руханият және тарихтану орталығы. Бұл орын тарихымызды тереңнен танып білуге, өнеріміз бен мәдениетімізді, әдебиетіміз бен салт-дәстүрімізді жаңғыртар, рухымыздың өзегі болар бірден-бір мекеме.

Жамбыл облысы әкімінің бастамасымен жаңадан бой көтерген облыстық Руханият және тарихтану орталығының негізгі қызметін атқаратын Тарихтану және Шерхантану атты екі бөлімі бар.

Тарихтану бөлімі – негізінен Жамбыл облысы өңіріндегі ежелгі дәуірден қазіргі күнге дейінгі өткен тарихымызды зерттеп, зерделеп, архив құжаттары және тарихи жазба дерек көздері арқылы нақты фактілерді жинақтайды.

Шерхантану бөлімі – келешекте ұлттық рухты көтерер мәдени мұраны, әдебиетті, тарихты, этнографияны, аңыз-әңгімелерді, жыр-дастандарды және ақын-жыраулардың еңбектерін жүйелі түрде зерделеп, ақын, жазушы, айтыскер, сазгер, тарихшы және өлкетанушылардың еңбектерінен алтын қор қалыптастыруды қолға алады. Бұл бөлімде салт-дәстүр, халық ауыз әдебиеті және әдеби шығармалар, дәстүрлі музыка, Шерхантану шығармашылық зерттеу бөлмелері біріктірілген. Сонымен қатар «Тараз мұралары» сериясымен облыстың тарихы мен рухани мұраларына арналған көп томдық кітаптар жинағын шығару жұмыстары қолға алынды. Аталған жобаның мақсаты Әулиеата өңірінен шыққан рухани дүниелерді, олардың авторларын, яғни ұлт перзенттері мен ақын-жыршы, батырлардың есімін ұрпақ жадында жаң-ғырту, ғылыми еңбектерде, газет-журналдарда, архивтерде сақталған әдеби құндылықтарды қайта парақтап, ұмыт қалып бара жатқан мәдени мұраларды кітапқа енгізу. Облыстың 80 жылдығына орай көптомдықтың 80 томы жарық көрді. Бұл тарихи жылнама жалғасатын болады деген сенімдеміз.

«Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі ірі нысандардың бірі – Көрме павильоны. Ол тек шығармашылық адамдарының ғана емес, ауыл шаруашылығы, құрылыс тағы басқа да салалардың үздік жұмыстары мен өнімдерінің көрмесі өтіп тұратын үлкен нысанға айналмақ. Ол үшін залда барлық қолайлы жағдай жасалынған. Мәдениет саласында көрмелер өткізуді қамтамасыз ету, халық-шаруашылық жетістіктері туралы білім мен ақпаратты насихаттау, тарату және жария ету, халық шаруашылығы жетістіктері көрмелерін өткізуге мүмкіндік береді.

Шеберлер және туризм орталығы – өңірдегі қолөнер шеберлері бас қосып, тың идеяларымен ой бөлісетін, тәжірибе алмасатын бірден-бір орын. Шеберлерге өздерінің шеберліктерін жетілдіруге тиісті жағдай жасалған. Олардың қолынан шыққан ғажайып бұйымдарды сатуға да мүмкіндік молынан. Ғимараттың бірінші қабатында қолөнер шеберлерінің бұйымдары, туристерге арналған кеңес беру залы немесе анықтама орталығы орналасқан. Ал екінші қабатта жеті шеберхана, жас қолөнершілерді оқыту сыныбы, «Тараз – Туризм» туристік ақпараттық орталығы орналасқан. Сонымен қатар жергілікті студенттер мен оқушыларға шеберлік сағаттарын өткізу арқылы жасөспірімдердің бойында өнерге, еңбекке, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігін ояту. Ол ұлттық мәдени мұрамыз қолөнер шеберлерінің өнерін жаңғыртатын және көпшілікке таратуға ықпал ететін орталық болатыны кәміл дүние.

Ашылған рухани нысандардың тағы бірі – Асқар Тоқпановтың ескерткіші. Облыстық қазақ драма театрының негізін қалап, ондағы шығармашылық ұжымының кәсіби біліктілігін жетілдіруге өз өшпес қолтаңбасын қалдырған режиссердің мүсіні өнер ордасының алдына қойылды. Айта кетейік, бүгінде Жамбыл облыстық қазақ драма театрына қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, халық әртісі Асқар Тоқпановтың есімін беру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Республикалық ономастикалық комиссиядан қолдау тапқан бұл ұсыныс бойынша қазір Үкімет қаулысының жобасы дайындалуда.

Қазақ айтыс өнері мен дастан жанрының насихатшысы Кенен Әзірбаевтың есімі облыстық филармонияға өткен жылы берілген болатын. 150-дей ән толғап, мәңгілік рухани қазынаға айналған жыр дүлділінің ескерткіші «Баласағұн» орталық концерт залы ғимаратының алдына орнатылды. Демеушілер қаражаты есебінен салынған тас мүсінді мүсінші Көлжігіт Темірхан әзірлеген еді.

Жамбыл жері – талай өнер тарландары түлеп ұшқан өңір. Бүгінде қазақ өнері мен мәдениетінің дамуына өзіндік үлестерін қосып жүрген таланттар да жетерлік. Міне, сол өнерпаздардың өнегелі өмір жолдарын бүгінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында «Әуендер әлемі» алаңы ашылды. Мұнда өнер иелерінің құрметіне арналған стела қойылып, айналасына отыз тұғыр тас орнатылды. Бетіндегі алпыс жұлдыз белгісінде өнер жұлдыздары мен тұлғалардың есімдері бар. Стеланың тұғырына Ж.Жабаев, Б.Шолақ, Ы.Дүкенұлы, К.Әзірбаевтың өнер туралы қанатты сөздері қашалып жазылды.

Республикалық және әлемдік ареналарда Жамбыл жерінің мерейін асырып жүрген спортшылардың құрметіне – «Даңқты спортшылар алаңы» ашылды. Мұндағы мақсат – Қазақ Елінің намысын қорғап, көк байрағын жеңіс тұғырында желбіреткен азаматтардың есімдерін ұлықтау екені даусыз. Аталған алаңның ортасында биіктігі 6,5 метрді құрайтын факел орнатылды. Оның екі шетінде травертин және гранит материалынан дайындалған, биіктігі үш, ұзындығы тоғыз метр болатын екі құрмет тақтасы қойылды. Құрмет тақтасында Жамбыл өңірінен шыққан даңқты 145 спортшының және 96 еңбегі сіңген жаттықтырушының есімі жазылды. Міне, өзіңіз байқағандай бір ғана жылдың ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» жобасы аясында қыруар жұмыс атқарылған. Ендігі міндет – сол тарихи-мәдени нысандардың мәнін көпшілікке жеткізу, жас ұрпаққа ұғындыру. Өміршеңдігін сақтау болып табылады.

Елбасы өзінің мақаласында «Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек», – деді. Осы жоба аясында облыстың мәдениет қайраткерлері мен өнер саласы майталмандары бүгінгі күнге дейін ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізді әлемнің 14 елінде таныстырып келді. Атап айтқанда, облыстық филармонияның «Ақкербез» ұлттық би ансамблі Үндістанның Нью-Дели қаласындағы «Камани» концерт залында Үнді Кеңесінің ұйымдастыруымен өткен Халықаралық халық биі мен әні фестиваліне қатысып, осы елдің Портблэр аралында, Мувахати, Шиллонг, Нью-Дели қалаларында қазақ елінің мәдениеті мен өнерін танытып қайтты. Ал, облыстық орыс драма театры – Сербия Республикасында, қазақ драма театры Румынияда өткен халықаралық фестивальдерге қатысса, Т.Рысқұлов ауданының «Әдемі-ау» бишілер ұжымы, Меркілік «Меркі әуендері» ансамблі гастрольдік сапармен Түркия мемлекетіне барып, көрермендердің ерекше ықыласына бөленіп қайтты. Өткен жылы облыстық филармонияның «Балауса» циркінің әртістері Араб мемлекетінің Доха қаласында өткен «MAGIC FESTIVAL — 2018» фестиваліне қатысып, жүлделі екінші орынды иеленсе, облыстық орыс драма театры Велес қаласында (Македония) өткен «Стоби-2018» Халықаралық антика драмасының театралдық фестиваліне қатысып, театр әртісі Бекназар Ізбасаров «Ең үздік ер адам рөлі» номинациясында жеңімпаз атанды.

Өзбекстан Республикасындағы Қазақстан жылы аясында Өзбекстанның Жизақ облысында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония ұжымы, Сарысу аудандық «Айжан қыз» би ансамблі және Жуалы аудандық халық театры өнер көрсетіп, көрермен ризашылығына бөленсе, облыстық кино орталығы Ташкент қаласында кино күндерін өткізіп, «Жаужүрек мың бала», «Біздің қаланың ханзадасы» т.б. көркем фильмдері көрермен назарына ұсынылған. Нәтижесінде «Өзбеккино» Ұлттық агенттігімен меморандум аясында екіжақты бірлестік арқылы жобалар жасау келісілген. Ал, 15-18 мамыр күндері өнер майталмандарының Жизақ қаласы тұрғындарына арнап «Жамбылдан Жизаққа тарту» атты мәдени іс-шаралары өткізіп, 1-8 маусым күндері облыстық қазақ драма театрының ұжымы Халықаралық театр фестиваліне қатысып, Татарстанның астанасы Қазан қаласына барды. Ал, 18-20 қыркүйек күндері облыстық орыс драма театры Қырғызстандағы Бішкек қаласында түрлі жанрлардағы сахналық қойылымдарын ұсынды.

Бүгінде К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның «Айша бибі» этнографиялық ансамблі мен бірқатар өнерпаздарымыз Абу-Даби қаласында өтіп жатқан Халықаралық шейх Заид атындағы мәдени фестивальға қатысып жатыр. Аталған шараға филармония өнерпаздарының қатысуы еліміздің мәдениетін халықаралық дәрежеде жан-жақты дәріптеуге мүмкіндік беретіні сөзсіз деп ойлаймын.

Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында: «Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады», – деген еді. Осы орайда Жамбыл жерінің, Тараз топырағының, Әулиеата өңірінің даңқты тарихы бар екенін тарихшы-ғалымдар көне құжаттар мен археологиялық жәдігерлер негізінде әлдеқашан дәлелдеген. Қасиетті өлкеден шыққан ұлы тұлғалар аз емес. Шығыстың білімі мен ғылымына Қараханидтер заманында Таразды қуатты мемлекеттің астанасына айналдырған Қарахан Әулие ата-бабамыз, махаббаттың символына айналған – Айша бибі анамыз, қазақтың бас биі – Төле би, қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы, облысқа есімі берілген – Жамбыл Жабаев, қазақтың халық композиторы, жауырыны жерге тимеген балуан – Балуан Шолақ секілді даңқты, атақты бабаларымыз жалпы Қазақ елінің мақтаныштары екені ақиқат. Осы даңқты бабаларымыздың ерлік, батырлық, елдік рухтары, өнегелері жалғасын табуда. Қазақтың әйгілі халық ақыны, композитор, еліміздің еңбек сіңірген өнер қайраткері – Кенен Әзірбаев, Қазақ халқының қаһарман ұлы – Батыр Бауыржан Момышұлы, Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза, қазақ халқынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, классикалық күрестен спорт шебері – Жақсылық Үшкемпіров, Тұңғыш паралимпиада чемпионы – Зүлфия Ғабидулина да – өңірдің мақтаныштары. Бейбіт халықты лаңкестен қорғау жолында ерлікпен қаза тапқан «Халық қаһарманы» Ғазиз Байтасов – Қазақ елінің бүгінгі батыры, мақтанышы.

Алаш арысы Халел Досмұхамедұлы «Өз жұртына жұмыс қылып, еңбек сіңірген адамдарды қадірлеу – елдіктің белгісі», – деген екен. Осы орайда елінің мүддесі, бірлігі мен болашағы жолында қанын да, жанын да аямаған ұлы тұлғаларымызды ұлықтау бағытында облыста ауқымды шаралар жалғасын табатын болады деген үмітімізді жасырмаймыз.

Халықтың әл-ауқатын арттыру, өңір экономикасын көтеруде тынымсыз, нәтижелі жұмыс істеген Асқар Исабекұлының өз мінез-құлқы, ұстанымдарымен де облыс тұрғындарына үлгі бола алды.

Сөзі мен ісі бір жерден шыққан, ісі көрнекті басшыға облыс тұрғындарының алғысы шексіз. Бүгінде Жамбыл облысының әкімі қызметінде жүрген Асқар Мырзахметовтың алда да жасампаз Жамбыл өңірінің дамуын басты назарда ұстайтынына сенім мол.

Аягөз ДҮЙСЕНБАЕВА.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

– Жамбыл облысының 80 жылдығы – біз үшін бөлекше мереке, ерекше қуаныш. Жүрек көзімен өткені мен бүгініне тебірене қараймыз. Осы айтулы жылы Тараз қаласы жаңаөмірдің келбетімен жайнай түсті. Көне Тараз тарихи-мәдени кешені мен Тектұрмасэтнографиялық кешені ғажап өрнектерімен және Шығыс үлгісіндегі сәулетіменкеремет әсер қалдыруда. Оны көру үшін көз керек. Бұрын-соңды да, қазір демұндай ғимарат болмаған. Тараз да ғана бар. Ерекше! Халық игілігі! Руханижаңғырудың Әулиеатадағы үлгісі деп мақтанышпен айтамыз.

Сауран ҚАЛИЕВ, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Руханият және тарихтану орталығының» директоры:

– Тағылымдытарихы мен өрелі мәдениеті ерте кезеңдерден-ақ талайлардың таңдайын қақтырып,тамсандырған Жамбыл өңірінің тарихы кімді болса да бей-жай қалдырмасы анық. Бұлқасиетті өлкенің өзіндік ерекшелігі мен тарихы туралы көптеген ғалымдарзерттеулер жүргізіп, жыршылар мен ақындар өз шығармаларына арқау еткен.

Талай оқиғалармен кезеңдерді бастан кешірген ел мен жер тағдырында, ұлттық құндылықтарымыздыңөзіндік ерекшеліктеріне қатысты ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасып отырған аса құндыдеректер еліміздің қай қиырын алсақ та, теңдесі жоқ асыл қазына болып қатталыпжатыр.

Қазіргі кездеөңірдің тарихы мен мәдениетін әлемге танытуға мүмкіндік жетерлік. Соның бірайғағы міне, барша халық игілігі үшін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтыңқолдауымен және басшылығымен іске асқан Тараз қаласындағы Тектұрмас этно-тарихижәне «Көне Тараз» этно-мәдени кешендерінің Жамбыл облысының 80 жылдығымерейтойына орай ашылғаны куә бола алады. Аталған тарихи кешендері — негізінен Тараз өңіріндегі ортағасырлық түркі елдерінің қасиетті мекені ретінде жәнетүркі тарихынан сыр шертетін тарихнама әрі демалыс орны негізінде руханижан-дүниені байыту мақсатында салынған. Міне, осылайша тамыры терең, тарихытылсым қасиетті Тараз қаласы – өзінің екі мың жылдық даму барысында гүлденудіңүш сатысын бастан өткізді. Оның алғашқысы 6-7 ғасырларда болса, екіншісіҚарахандар дәуірінде 10-12 ғасырларда болды. Ал, үшінші кезеңі – 21 ғасырда,яғни, Асқар Мырзахметовтың Жамбыл облысына басшы болып келген осы екі жылдыңішінде іске асырылып отыр. Тіптен, қазіргі Тараз қаласы сәулет өнерінің ерекшеүлгілерімен гүлденудің жаңаша биігінен көрінді. Бұл өңірімізге келетін туристермен қонақтардың қызығушылығы мен әлеуетін арттырып отырғаны ақиқат.

Осымен қатар,облыстың тарихы жазылған «Тараз мұралары» атты көптомдық кітаптар сериясыкөпшілік қауымға жол тартып отыр. Бұл көптомдық энциклопедиялық жинақ – Жамбылоблысының тарихы мен рухани мұраларынан сыр шертетін құнды мәліметтерге сүйеніпқұрастырылған еңбек болып табылады. Осындай өзіндік ой, өзіндік идеясымен Таразжұртшылығын таң қалдырып отырған аймақ басшысына халқы риза десем артықайтпаған болар едім.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *