ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС ТОЛАСТАМАЙДЫ

Мәселе
924 Views

5 қазан күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына өзінің кезекті Жолдауын арнады. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп аталатын еліміздің бұл бас құжатында жүзеге асырылған ізгілікті де игілікті істер жан-жақты баяндалған. Шынтуайтында, халықтың әл-ауқатының өсуі олардың табысы мен тұрмысына  тікелей байланысты екені даусыз. Осы орайда не істедік, не істей алмадық? Міне, осылардың бәрі Елбасы Жолдауында  сараланып, сарапталып, жан-жақты түсіндіріліп берілген.  Сонымен қатар алда атқарылар міндеттер  айқындалған.

Бұл Жолдауында Елбасы басты-басты алты міндет қойып отыр. Сол міндеттердің төртіншісінің үшінші бөлімі  сыбайлас жемқорлықпен белсенді күреске бағытталған. Ең алдымен көрсетілетін мемлекеттік қызметтер аясында мемлекеттік қызметшілердің тұрғындармен тікелей қарым-қатынасын азайтуға  қол жеткізгеніміз жөн. Тұрғын халықты, әсіресе жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократтық рәсімдер жұртшылықты қатты мазалауда. Бұл салада ашықтық болмағандықтан, халық пен бизнес өкілдері толыққанды  ақпаратқа қол жеткізе алмай отырғаны  жасырын емес.

Елбасы жер қоры мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы мәліметтердің бірыңғай ақпараттық базасын жасауды тапсырып отыр. «Осы мәселе бойынша тәртіп орнатып, жерді нақты инвесторларға беру керек!» – деді. Жұрттың және бизнес қоғамдастығының наразылығын туғызатын тағы басқа да бағыттар бойынша тиісті реттеу жұмыстарын жүргізу керектігі айтылды.  2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 пайызын, ал 2020 жылы 90 пайызын электронды форматқа көшіру міндеті тұр.

Екіншіден, қарамағындағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жасаған жағдайда бірінші басшылардың жеке тәртіптік  жауапкершілігін күшейту мәселесін пысықтау қажеттігі көтеріліп отыр. Өйткені қоластындағы қызметкерлері пара алған, тағы басқа да сыбайластық жағдаяттарға салынған  кейбір басшылар әлі күнге дейін мізбақпастан орынтағында отырғанына не айтуға болады? Түптеп келгенде, адал жұмыс істейтін қызметкерлер ешқандай тексерушілерден қорықпауы қажет.

Үшіншіден, «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобалары аясында елорданың жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру жөніндегі тәжірибесін кеңінен тарату керек. Халқымызда «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген даналық сөз бар. Өзіңнің білмегеніңді өзгеден үйренудің ешқандай сөкеттігі жоқ. Бұның  сайып келгенде жұмыстың алға басып, табыстың артуына септігі тимек.

Төрткүл әлемдегі аса дамыған өркениетті отыз елдің қатарына қосылуды мақсат-мұрат тұтқан Қазақстан экономикасы тұрақты  дамып келеді. Егемен еліміздегі шағын және орта бизнес өкілдерінің жүйелі жұмыстары жөнінде ауыз толтырып айтуға болады. Бұл игілікті іске шетелдік инвесторлар да қомақты үлес қосып отырғаны жасырын емес. Елбасының Жарлығымен Түркістан қаласы жаңадан құрылған осы аттас облыстың орталығына айналды. Шымкентке республикамыздағы үшінші ірі мегаполис қала мәртебесі берілген. Жаңадан құрылған облыс пен мегаполистің алдында тұрған міндет-межелер ауқымды. Олардың екеуінде де экономика, мәдениет, туризм тәрізді аса маңызды салаларды барынша дамыту керек.  Осы мақсатта мұнда жергілікті кәсіпкерлермен бірге шетелдік инвесторлар мен бизнесмендер жұмыс істеуде.

Біздің басты міндетіміз – елімізде еңбек етіп жүрген өз отандастарымыз бен шетелдік компаниялар мен инвесторларды барынша қорғау және  қолдау көрсету  болып табылады. Осы орайда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қарсы тұру, қажет болған жағдайда құрықтау шараларын жүйелі жүргізуге тиіспіз. «Халыққа қызмет – абыройлы міндет» екені бесенеден белгілі. Сол себепті біз де бірқатар  профилактикалық шаралар атқарудамыз. Облыстық, қалалық, аудандық деңгейде өтетін сан түрлі жиындар, басқосулар, «дөңгелек үстел» мәжілістерінде сөз сөйлеп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, болдырмау жөнінде ескертулер жасаймыз. Өзіміз де барлық салалар бойынша сыбайлас жемқорлықа қарсы күрес мәдениетін қалыптастыруға бағытталған сан түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, келелі кеңестер өткізудеміз.  Облыс көлемінде дайындалған сыбайлас жемқорлықтың адамзат  баласына тигізетін зардабы жайында арнайы бейнеролик көрсетеміз. Жемқорлық пен құқық бұзушылықты туғызатын небір себептер мен жағдайлардың алдын алып,  оларды жою, мемлекеттік қызметшілердің  білімін көтеру, жемқорлықа қарсы саясатты насихаттап келеміз. Сонымен қатар  жемқорлыққа қарсы  жүргізілетін шаралардың  жариялылығы мен ашықтығын үйлестіру туралы халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын да белгілі бір жүйеге қойғанбыз.

Өкінішке орай, күнгей өңірде сыбайлас жемқорлыққа салыну оқиғалары  тыйылмай келеді.  Мектептердегі пара беру мен пара алу оқиғаларының тоқтайтын түрі жоқ. Мұғалімдерді былай қойғанда техникалық қызметкерлердің өзінен пара сұрау деген не масқара! Бұл өткір де өзекті мәселе жөнінде Елбасының тарапынан айтылған қатаң сыннан қорытынды шығаратын уақыт жетті деп ойлаймыз.

Сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының көпшілігі жергілікті атқарушы органдардың, ішкі істер органдарының, квазимемлекеттік сектор, білім беру, денсаулық сақтау саласы  қызметкерлерінің тарапынан  жасалған. Лауазымды тұлғалардың кәсіпкерлік қызметіне заңсыз араласу жолын кесу бойынша күшейтілген жұмыстар жүйелі жүргізілу керек деген ойдамыз.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қылмыстық процестің репрессивтілігін төмендету бойынша бірқатар шаралар қабылдануда. Нәтижесінде  ұсталған және қамауға алынған тұлғалардың саны екі  есеге дерлік азайып отыр.

Біздің агенттік тарапынан сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының алдын алу бойынша жұмыс белсенді жүргізілуде. Әр қылмыстық істің тергелу қорытындысымен мемлекеттік органдардың еңбек ұжымдарында сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою және оны болдырмау мақсатында ұсыныстар қаралады. Мұндай кездесулер біздің агенттіктің, жұртшылық және бұқаралық ақпарат құралдары  өкілдерінің қатысуымен тұрақты түрде әрі жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Қорыта айтқанда, көпшілік өкілдері мен біз – мемлекеттік қызметкерлер күнделікті жұмыс барысында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, ұйымдасқан түрде еңбек ете білуіміз керек. Ынтымақ-бірлікте болсақ, алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайды.

Нұрлан ҚАМБАТЫРОВ,

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *