ЖЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ДАУЛЫ МӘСЕЛЕ ӨРШІП ТҰР

Мәселе
741 Views

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы ШӨКЕЕВТІҢ,

Түркістан облысының прокуроры Марат Тілеуқабылұлы АЛИХАНОВТЫҢ,

ҚР ҰҚК Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы Әбілсейіт Оразахынұлы ДҮЙСЕБАЕВТЫҢ,

Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Қайрат Сұлтанбайұлы ДӘЛБЕКОВТІҢ назарларына!

ЖЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ДАУЛЫ МӘСЕЛЕ ӨРШІП ТҰР

Жер … Жер – өмір, халық, тарихпен қат-қабат араласып жатқан ұғым. Жер тарихы – халық тарихы, өмір тарихы. Жер – Тәңірдің адамзатқа енші қылып тартқан ұясы, болашақ ұрпаққа бөлген мұрасы. Жер – ұлт болмысының түп-төркіні. Жер – бассаң тірегің, өмір сүрсең – тұрағың, жесең, ішсең – сусындар бұлағың. Жер – өлсең өзіне өзіңді қосып алар жұмағың. Жер – аялар анаң, дауылды күнде қорғар панаң, шуақты күнде жаныңды жадыратар бау-бақша саяң. Ендеше, жер бүгінгі нарыққа қарық, сағанасы сарық болғысы келгендердің түсінігінен әлдеқайда кең ұғым.

Осы жер мәселесі қашан да өзекті тақырыптардың бірі болып табылады. Қазақтың жері кең-байтақ дегенмен кейде соған байланысты түйткілдер тарқатылмай, тұрғындар арасында түсінбеушілік орын алып жатады. Соның салдарынан жең ұшынан жалғасу оқиғалары орын алып, қоғамға жат әдеттері үшін жазаға тартылып жүрген атқамінерлер де бар.Әсіресе, жер мәселесіне байланысты жұртшылық арасында түсінбеушілік жиі орын алып жатады. Кезінде жер дауына қатысты төрелігін айтып, шешім шығарған Құнанбай қажы «Адам өседі, мал өседі. Жер өспейді» деген екен. Иә, Боралдайда жер, оның ішінде егістік алқап бүгінде әлеуметтік өзекті мәселенің біріне айналып отыр.

Мемлекет басшысы атап өткеніндей, жер – экономикалық және әлеуметтік дамудың негізгі факторы саналады. Жер өзекті мәселенің бірі болғандықтан, жер ресурстарын пайдалану бағытында мемлекет тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізуге көңіл бөлінуі тиіс. Осы орайда, қарапайым адамдардың мүдделерін қорғау негізгі міндет екені белгілі. Өкінішке орай, бүгінгі күндері тұрғындар арасында жер мәселесіне байланысты көптеген түйткілдер туындап отыр. Мұндай жағдайда жер туралы заңдылықтардың сақтала бермеуі, жер учаскелерін табыстауда оралымсыздықтар орын алып жататынын айта кеткен жөн.

Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы Боралдай ауылдық округіне қарасты Ақжар ауылында ұйымдастырылған «Заречный» өндірістік кооперативінен «Әділет» редакциясына арыз келді. Өндірістік кооператив мүшелері атынан азамат Ахмедов Наиф Жумаевич 144-тен астам мүшелердің құқығын қорғап, жер мәселесі бойынша Түркістан облысы прокуратурасы мен Түркістан облысы Ұлттық Қауіпсіздік департаментіне өз арыздарын түсірген болатын. Арыз мәтінінде 1-2 шенді азаматтың, яғни «Заречный» өндірістік кооперативінің бұрынғы төрағасы Алиханов Сулхадин мен оның орынбасары болып қызмет атқарған, қазіргі таңдағы кооперативтегі төрағалық қызметте отырған Қасқабаев Алихан өз білгенін істеп, «Заречный» өндірістік кооперативіне тиесілі жер дауы мәселесімен ұялы телефон арқылы әртүрлі дөрекі сөздермен балағаттап қорқытқанын көрсеткен және халықтың ақысын жегені, қорқыту барысында қоқан-лоққы жасағаны да келтірілген. Бүгінгі таңда аталған жайтқа байланысты Түркістан облысы Полиция департаменті арнайы іс қозғап, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.

О бастан халқымызда жер дауы мен жесір дауы бірінші кезекте тұрған. Бүгінде Боралдайдағы осынау жер дауы ауыл, аудан ғана емес облысқа да жетті. Қолдарында заңды шешімдері бола тұра 144-тен аса тұрғын әлі күнге жерге қолдары жетпей, жүйкелеп жүр. Не үшін? «Бақсақ бақа екен» демекші, жүзден аса адамның қолдарына үлестері тимеген.

«Ақжар» ауылында ұйымдастырылған «Заречный» өндірістік кооперативіне жауапты лауазым иелері жер туралы заңнамалардың талаптарын өрескел бұзып, қаншама тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтіріп, шешімдер әзірлеу мен қабылдау кезінде заңды және жеке тұлғаларға заңсыз артықшылық көрсету, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қараудың және өз құзіретіне кіретін өзге де мәселелерді шешудің заңда белгіленген тәртібін бұзып, құқықбұзушылықтарға жол берген.

Осыған байланысты, «Әділет» газеті журналистік зерттеу мақсатында «Заречный» өндірістік кооперативі орналасқан жерге барып, тұрғындармен арнайы тілдесіп қайтқан еді. Иә, айтса, айтқандай жағдай айтарлықтай мәз емес. Дәл осы жер телімін алу мәселесі бойынша әбден жүйкелері тозғанын айтқан сол баяғы – шырылдаған халық. Үміт оттары көздерінде. Сөнген емес. Әрбір істің екі жағы болатыны анық. Біздің мақсат – әділдікке сүйенгендіктен, бір ғана жақты тыңдап қоя салғанымыз өрескелдік болар деген оймен айтар уәждерін тыңдамақ ниетте екінші тараптан, яғни бұрынғы төраға Сулхадин Алихановпен кездесуге ниеттендік. Алайда, жолығудың реті келмеді. Жұбайы ол кісінің Шымкент қаласында ауруханада ем қабылдап жатқанын алға тартып, «Ол кісі жоқ» деген жауаппен шығарып салды. Бұған дейін де тұрғындар бірнеше хат жолдап, хабарласып шақырта алмаған көрінеді. «Жоқ» деген жәй желеу ма, әлде халықтың сұрауына жауап беруден жалтару ма оны біз біле алмадық.

Нәтижесінде, бізге анық болғаны – қазіргі таңда кооперативтегі жер мәселесіне қатысты проблема аудандағы өте өзекті мәселенің бірі екендігі, сондай-ақ тұрғындар арасындағы наразылық көріністері кез келген сәтте өршіп кету мүмкіндігі жасырын емес. «Осыған қарамастан, ауыл әкімдігінің жауапты лауазым иелері қалыптасқан жағдайды түпкілікті шешуге жете көңіл бөлмей отырғандығы байқалады», – деп бізге тұрғындар өз алаңдаушылығын білдірген болатын.

Қызық. Жер телімін оңды-солды қолданып жүрген жауаптылар бүгінде сергелдеңге түсіп жүрген 144 тұрғынның обал-сауаптарынан қорықпағандары ма? Әйтеуір түсініксіз түйткілді жәйт. Ал құқық қорғау органдары мен ауыл, аудан әкімдері жүзден аса тұрғынның үдесінен шығып, мүдделерін қорғай ала ма, жоқ даулы мәселені «жабулы қазан жабулы» күйінде қалдыра ма? Бұл енді алдағы күндердің еншісіндегі тірлік. Сондықтан жер туралы заң талаптарын жəне құқықтық құжаттардың қажеттілігін еліміздің барлық азаматтары жетік білуі керек. Сонда ғана жерді өз меншігіне алуда заңсыздыққа жол берілмей, басы дауға түспей пайдалануына мүмкіндік болады.

Ал енді осы аталған даулы мәселеге байланысты «Заречный» өндірістік кооператив тұрғындарының бізге берген пікірлерін назарларыңызға ұсынып отырмыз:

Надиров Садық Амирович: Ауыл төрағасының бізге ешқандай жәрдемі тиіп жатқан жоқ. Ұжым болғалы бері осы соңғы үш жыл көлемінде ғана 500 кіләдай бидай берілді. Қалған жерлерге 1-2 тоннадан беріледі. Жақында өзіміздің жергілікті әкім келіп жиналыс жасады. Ауыл тұрғындары түгел қатысты. Алайда, төраға жоқ. Неліктен қашады? Елдің, халықтың алдында таза адам солай жасайды ма? Қаржы, субсидия алғандарын естіп жүрміз. Бірақ біз оның бірін де көрген емеспіз. Біршама егілетін бидайлы алқаптарымыз бар. Одан биыл алғаш рет беріліп жатыр. Ұжым болғалы ол жерден бір түйір дән алған емеспін. Елге тиесілі затты жиналыс жасап, тапсырсын. Тұрғындарға есебін берсін. Облыстан, ауданнан әкімдер келіп, жиын өткізсе, ол кісі мүлде қатыспайды, белгісіз күйде әрдайым жоқ болады. Осы болып жатқан мәселе денсаулыққа зиян болып тиді. Оны өз көздеріңізбен көріп тұрсыздар. Заң бойынша тұрғындарға тиесілі жерді олардың рұқсаты мен келісімінсіз жалға беруге, сатуға құқығы жоқ. Алайда ол өз білгенін жасап жүр. Ұжым мүшелері бейхабар. Барлығымыз шаруа адамы боламыз. Көзімізді ашқалы сол кәсіппен күн кешіп, отбасын асырап жүрген адамбыз. Сондықтан осы істен нәтиже шығуын күтеміз.

Исмаилов Надо Исаевич: Мен денсаулығым жарамды адам едім. Қазіргі халіме қараңыз. Мұның бәрі жүйке тыныштығының бұзылуынан болып отыр. Өзге адам Сіздің атыңыздан шот ашып, сырттай хатшы ретінде сайлап қойса қандай күйде боласыз? Ойлап көріңізші. Мені ешкім хатшы қызметіне сайлаған жоқ. Нақтырақ айтар болсам, осыдан 2-3 жыл алдын мектепке мені прокурор (есімі естен шығып қалыпты) шақырды. Маған «Қанша қаржы шотыңа түсті ол қайда кетіп жатыр?» деген сауал қойды. Мен оны төрағадан немесе оның орынбасарынан сұрауын, менің одан бейхабар екенімді айттым. Ал ол кісіден өзімнің хатшы екендігімді, сондықтан сұрап жатқаны туралы жауап естідім. Одан кейін мен ашуланып, жиналысқа қатыспақ болдым. Алайда, төраға жоқ. Осы жағдайды білмей тұрып менің денсаулығым жақсы еді. Ал енді сол күйзелістің салдарынан орнымнан тұра алмайтын күйге түстім.

Надиров Наби Асанович: Мұнда 53 гектар жерім бар. Сол жердің үлесін сұрап төраға СулхадинАлихановқа барғанымда, ол марқұм болған әкемді тірілтіп әкелуімді, оған сенім хат жазып бергізуімді, содан кейін ғана жерді ала алатынымды айтып, орынбасары А.Қасқабаевпен сөйлесуімді меңзеді. Мен мешіттен жұма намазынан шыққанымда төраға орынбасары А.Қасқабаевтың өзі ірі денелі, бұзақыға ұқсайтын екі жігітпен алдымнан шықты. Ол маған «Сен кімсің жерді сұрайтын?» деп дөрекі сөздермен қорқытқандай болды. Ал мен бұл жағдайда ұрысып, қақтығысқым келмей, барлығын заң бойынша жасап жатқанымды, өз үлесімді ғана талап еткенімді айттым. А.Қасқабаев «Саған бір гектар да жер берілмейді» деген соң мен телеарна, басылым журналистерін шақыратынымды жеткіздім. Сол оқиғадан кейін ғана маған берілуі қажет 5 тонна бидайдың 3 тоннасын берді. Онда да айқай-шудың әсерінен. Биыл да солай. Оған дейін 20 жылдан астам уақыт болды біз ешқандай бір дән алған емеспіз. Менің білгенім, мұндай жағдай менімен ғана орын алмаған. Барша ауыл тұрғындарымен солай болған екен. Алғашқы жиында басқосуға келген халықтың тең жартысы келмей, қашып отыр. Неліктен деп ойлайсыздар? Менің ойымша мүмкін, оларды да қорқытқан болуы керек. Ол кісілердің төрағаның және оның орынбасарының әрекеттеріне қатысты өткен жиынның видео нұсқасы бар. Сол сәтте оларға қарсы бас көтеріп сөйлеген тұрғындардың, қазіргі таңда үндемей қалуы соған саяды. Оны дәлелдеме ретінде көрсете аламыз.

Найф Жумаевич: «Жердің кімнің қолында екені бізге беймәлім. 20 жылдан бері ол жөнінде төраға тарапынан мүлдем есеп берілмеген. Халықты жинап субсидия алдық, техника алдық, егістікке су жүргізейік деген сөз мүлдем айтылмаған. Ондай затты ешкім көрмеген. Маған ол кісілердің тарапынан өз жеріңнің үлесін ал да, тыныш жөніңе кет деген ұсыныс та айтылды. Алайда, мен шырылдаған ауыл тұрғындарының да мүддесін қорғағым келді. Өзімді ғана ойлай алмадым. Сондықтан әділдікке қол жеткіземін деп шешім қабылдап, осы іске кірістім.

Алдағы уақытта көпшілік арызданып отырған, өндірістік кооперативтің қазіргі төрағасы Алихан Қасқабаевтың кінәсі орынды не орынсыз екенін өзінен арнайы сұрайтын боламыз.

Түркістан облысы әкімі Шөкеев Өмірзақ Естайұлы, Түркістан облысының прокуроры Алиханов Марат Тілеуқабылұлы, ҚР ҰҚК Түркістан облысы бойынша департаменті Дүйсебаев Әбілсейіт Оразахынұлы, Түркістан облысының Полиция департаменті бастығы Дәлбеков Қайрат Сұлтанбайұлының назарларына ұсына отырып, аталған істі, яғни «Заречный» өндірістік кооперативтің бұрынғы және қазіргі төрағаларының жұмысын түбегейлі тексеріп, орын алып отырған жағдаяттардың анық-қанығын анықтауға ықпал етулерін сұранамыз.

Осы іске байланысты құқық қорғау органы тарапынан әділ, заңды шешімін табады деген сенімдеміз.

Алдағы уақытта бұл тақырыпқа объективті түрде қайта оралып, көтерілген мәселеге қандай нүкте қойылғандығына арнайы тоқталатын боламыз.

Әділ ҚЫРАН.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *