ЖЕР ЖҮРЕГІ

Әдебиет
594 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

– Мынау жаңа сойылған тананың бауыры, осыны Варвара шоққа ыстап пісіреді. Міне, бар витамин осында. Ал, енді өзім дайындаған самагоннан енді бір-бір стакан ішуге болады. Бұл тап-таза – первач! Аз ғана ішсең – бұл ем, ал құнығып жұтсаң – у. Әр нәрсенің шегі болады. «Балды татуға болады, белшеден батуға болмайды» демей ме.

Сол түні Ғалымжан қатып ұйықтап, ертеңгісін ерте сергек тұрды.

Жандүниесі құлпырып, жаңғырып тұр. Ың-шусыз таңғы дүние уыз мұнарға бөленіп, ну орман қалың ұйқыдан оянған рақат шақ. Шығыс тұстан ақсаумал нұр төгіліп, күн кірпігінен жылт-жылт еткен алтын шашақ жалау төгіледі. Көл бетінде бозғылт перде тұман тұтынып, іле шуаққа шымырлап бой-бой сөгіліп, әлдебір көкке ізім-қайым сіңіп кетті.

Ақырын аяндап көкпеңбек барқыт көмкерген орманға қарай жүргенде көк құрақ балауса балғын шөп аяғын орап, жапырақ қуысында тұнған моншақ көз шық кілкіп, балағын сулады. Табиғат ақжарылқап уыз тіршілікке бөленіп, күншуақ күй кешіп тұр.

– Ғалеке, қайдасың? – Үйге шұғыл кел! – деген Вася ағайдың дауысын естіп, қалың жыныс тоғай ішіне кірмей кейін бұрылды.

– Бүгінгі күн – демалыс күнің болады, – деп алдымен Вася ағай екеуі орман аралады. Сырттай тым-тырыс тыныштыққа бөгіп, ұйып тұр деген орман іші нағыз дүрия-дүрмек; сан түрлі құстар үні құйқылжып тұр.

Көптен жаяу жүрмегеннен бе, Ғалымжан аздап терлеп те кетті.

– Адам – көп жаяу жүруі керек, біз ала таңнан кешке дейін тынбай бар жұмысты өзіміз істейміз. Мұнда бау-бақшаны өзіміз өсіріп, өнімін жинап аламыз. Малымыз семіз, үйіміз жылы, жарым қасымда – жан рахаты осы емес пе? Кеудеңдегі жүрегің не болса соған аласұрмайды, жүйкең тыныш. Жүр көлге барып балық аулайық. Мына мылтықты атпаған соң неге алдық деп ойлап тұрсың ғой. Тарс-тарс еткізіп, бар аң-құсты үркітуге болмайды, жаратылыс тіршілік иелері өз қалыбымен өмір заңымен өсіп көбеймек… Мына қара орманда кейде алдыңнан аю, ессіз қабан, үйірлі қасқыр кездесіп, өзіңе шауып жүре ме деп мылтық ала шығамын. Аңшылыққа аңсарым ауса алысқа атпен барып, қажеттісін ғана атып әкеп тастаймын.

Көл бетіндегі кілегейленген мұнар сейіліп, айнадай жарқырап жатыр.

– Ғалеке, сенің шаруаңды білемін. Уран іздеп жүрсің. Ол бағың да, сорың да. Әлемдегі бар атом бомбасы осы ураннан жасалады. Егер солар жарылып жүріп берсе қара жер қарс-қарс айрылып, қақырап, тоз-тозы шығып, тіршілік біткен түгел жойылып, тұқымы тұздай құрып, жанып кетерін білесің бе? Дима ағай да кейін түсініп, өзі жасаған ажал бомбасынан бас тартып, қамауға алынды емес пе? Академик Дмитрий Сахаровты айтамын. Қандай білімдар, ұлы оқымысты, ғұлама атомщик.

– Қазақта қонақтың шаруасын қайтар кезде ғана сұрайды. Ертең ертеңгісін сенің арнайы келген нәрсең жөнінде жан-жақты ақылдасармыз. Бүгін қонағым бол, менің де ішім толып қалыпты. Өз ғұмырым жайлы саған сыр айтайын, – деп Вася ағай көл жағасына келіп бұған да қармақ беріп, әңгіме жібін ары жалғады.

– Мен осы Новгород облысындағы кешегі ауғандық-десантшы тұратын аудан орталығында туып, өскенмін. Қалай геолог болып кеттіңіз деп ойлап тұрсың ғой. Керемет білімдар физикадан беретін мұғалімім болды, сол мені еліктіріп, желіктіріп геолог боласың деп дайындай бастады. Мәскеуге таныстарына жіберіп, оқуға түсірді. Кейін білдім, ол он алты жыл халық жауы болып түрмеде отырып келіп, жер аударылған профессор екен. Ұяда жаңа туылған жұмыртқа ертең аспандап ұшқан құс болады. Мәскеуге мен көп сия алмадым, ылғи экспедиция партияларда жүрдім. Мені басқарған экспедицияға үкімет ерекше тапсырма берді – атом бомбасы үшін көп уран қоры қажет. Іздеп, кен орнын тап деді. Ол кезде КГБ-ның құдіреті өте күшті, сол органның адамдары жұмысымды қадағалап, бір-екі жансызды экспедицияма кіргізіп қойды. Бүкіл Совет Одағын ары-бері шарладым, маған бар жағдайды жасап, айтқандарым болып тұрды. Ну орман, биік таулар, шөл дала, қалың құм, су асты, көл, қиян өлкенің бәрін адақтап тексеріп шықтым. Еш жерден таба алмай қапаланып, қатты қиналдым. Мына жақтан үкімет қысады, мына шеттен органның тақылдаған адамдары «Ештеңе таппасаң өкімет қаржысын құртқаның үшін жауапқа тартып, қалған өмірің тундрада қамауда өтеді» – деп қорқытып бітті. Совет Одағының мен бармаған түкпірі қалмаған шығар. Қазақ ауылында бір шал:

– Мынау жақта Сасықтөбе деген құм тау бар. Соған жайған қойың семіздіктен мамырлап жүре алмай қалады, қыста үстіне қар тұрмайды, – деп бір әңгіменің басын қылтитты. Дереу жолға шықтым, құм сапырған әлгі Сасықтөбенің баурайында радиация ұрып тұр. Дереу бұрғылап қазып кеп жіберіп ек уран кені шыға келді.

Мәскеуге телеграмма жібердім, әлгі жерді қоршатып, жан-жақты зерттеуге кірістік. Белгілі бір ендікте уранның қалың жыныс кенін таптым. Бұл құпия ісім – үлкен құбылыс болды. Маған бірден мемлекеттік сыйлық, ғылыми атақ, Бас хатшының қолынан орден алдым. Созақтан өрлеп, Қаратау, одан Алатау бөктерлеп ұңғылап қазып, осы бір зәру-қат кен орнын бірінен соң бірін таба бердім. Өте құпия карта жасап, КГБ өзі бұл жайлы жан адам білмеуін қатаң бақылауға алды. Қарапайым геолог Бобров Ғылым академиясының академигі, өзінің бөлек ғылыми-зерттеу институты бар үлкен шенді директор, бірнеше экспедициясы бар үлкен өндіріс жетекшісі болып, дәуренім дүрілдеп жүріп берді. Сарыарқаны түгел тінтіп, Батыс пен Шығысты шарлап қазақ елінен уран кенінің орасан қорын таптық. Әзірше Созақ өңірінің кенінің өзі елу жылға жетеді, қалғанын болашақта қазып алып, ел байлығының үстінде шалқып жүруге болады. Жаңадан тапқан кен орнын құдық секілді үңгіп, топырақ – тасын алып зерттеп, мұнда жер астында қанша тереңдікте, қаншалық кен барын анықтап біткен соң, әлгі құдықты шымдап, қайта аша алмастай цементтеп, үстіне топырақ үйіп, немесе тас төгіп, жан адам білместей бекітіп тастап жүрдік.

СССР шайқалып, қайта құру деген індет кіріп, жұмысымның берекесі қашып, өнеркәсіп тоқтап қалды. Ұйқамақтан академик Сахаров босап, Мәскеуге келіп, мені шақырып алып әбден сөкті.

– Адамзат алдында атом бомбасын жасап мен қарабет болдым. Үш мәрте Совет Одағының Еңбек Ері атағын берді, ол мені ақтай ма? Мен тажал, құбыжық, дүниені құртатын, адамзатты жоятын бәле ойлап таптым. Кейін ақылым жетіп ойлап қарасам мен нағыз ақымақ болыппын. Егер қажет деп тапсам мен бұдан да мың есе күшті атом бомбаларын жасар едім, бірақ мен бас тарттым, біржола қойдым. Сол үшін мені қамады, соттады, бәрінен айырды. Бірақ адами ой – жаңа бағытымнан айыра алмады.

Вася сен өлім себетін кенді тауып, көбейтіп жатқаныңа мәз болып жүрсің. Райыңнан қайт, тоқтат бұл ісіңді, – деп бір емес бірнеше мәрте ескертіп, дәлелдеп, дәйектеп санама сіңіріп тұрып айтты, сөкті, ұрысты.

Осы тұста маған үлкен қасірет келді: әйелім мен кенже ұлым бір айда дүние салды. Отыз жыл отасқан жарымның жүрегі тоқтап қалды, оның қайғысынан ес жия алмай жүрген шақта ұлым жол апатынан қайтыс болып, тіпті жүдеп кеттім. Өстіп мәңгіріп жүргенде Варвара жаныма демеу болды. Варвара тура осы деревняның қызы, әкесімен таныс едім, сол қарт кісі: «Осы қызымды оқытшы» деп он жасында маған аманаттап тапсырған еді. Оны интернатқа орналастырып, кейін университетке түсіріп, әйеліммен екеуміз үйге, жанымызға алғанбыз. Үлкен қыз күйеуде, кенже бала Ленинградта қызметінде, туған жерімнің қызы үйімде тұрып, мәре-сәре болып қалғанбыз.

Әйелім өлген соң Варвараны көмекші етіп алып, оқуын сырттайға ауыстырдым. Ауыр қайғыны қалай ұмытасың деп қазақ даласын шарлап кеттім. Енді іздегенім уран емес, басқа бағалы кен-қазына қайда жасырынып жатыр деп жыл бойы сенің еліңде жүрдім. Қасымда Варвара ас-суымды әзірлейді, қағаздарымды тиянақтайды. Талай кен орындарын бағамдап, белгілеп кеттім, жер астында қаншама асыл қазына толып жатыр десеңші!..

Сақал-мұртты қаулатып, шашым поптардікіндей желкемді басып, Мәскеуге келгенімде көбісі танымай қалды. Ел іші дүрбелең, әбден кедейленген жұрт. Көбік ауыз тақырбас қалды Бас хатшыны ел келемеждеп, көкмылжыңынан мезі болып кетіпті. Бүкіл жиған-терген жинағанын шашқан алып ел опырылып қирап түсердей тақсірет шақ жақындап қалғанын ұқтым. Басым әңкі-тәңкі болып, бұрынғы құндылықтардың бәрі құрдымға кетіп бара жатқанын көріп қатты шошындым. Жүйкем сыр беріп, қиялиланып, түн баласы ұйықтай алмай шөгіп, азып-тозып кеттім. Ғалымдар арасында «Бобров жынданып кетіпті» деген қауесет тарады. Тіпті әбден божырап асылып өлгім келді. Саған өтірік, маған шын мені өмірге қайта алып келген – Варвара.

– Вася ағай, – деді бірде төтесінен көшіп – Вася ағай, Сіз күңіреніп жүріп күйіп кетесіз. Сіз мені әйелдікке алыңыз, екеуміз туған жерге кетейік. Сіз сонда ғана тынышталып, жүйкеңіз орнына келеді!

Жарым түн болатын, ол өз бөлмесінен ішкөйлегімен келіп, төсегімде мелшиіп тас болып қатып отырған мені сылап-сипап:

– Вася ағай, сіз екеуміз деревняға барып тұрамыз. Жан адамға айтпай кетіп қалайық. Мен сізге жақсы адал әйел боламын, балпанақтай бала тауып беремін. Екеуміз еш алаңсыз ұзақ өмір сүреміз, – деді. Көз жасына көміліп жылап жүріп, мені шешіндіріп сылап-сыйпады. Сол сағаттағы бақытты сәтімді ешкімге айтып жеткізе алмаймын.

Ертеңгісін екеуміз бір төсекте бір жастықты жастанып ерлі-зайыпты болып ояндық. Мен алпыстамын, ол менен қырық жастай кіші жиырманың ішіндегі, уыздай жаңа піскен бүлдіргендей қыз. Шұғыл шешімге келіп, ауруына байланысты деп қызметімді өткізіп, үй-жайымды қызыма қалдырып, Новгород қайдасың деп тартып кеттік. Екеуміз екі шабаданмен ғана келдік. Варвараның қайтыс болған әке-шешесінің бос тұрған үйін жөндеп, кіріп алдық.

– Вася ағай, сіз менің жарымсыз, сақал-мұрт, шашыңызды алдырыңыз, мен айтқан ас-су, шөптен жасалған тұнбаларды ішіп, енді екеуміз бір-біріміз үшін өмір сүреміз, – деп шарт қойды. Деревняда небары он шақты ғана үй, бәрі арақ ішпейді, өтірік айтпайды, сенбі күні жұмыс істемейтін өз қағидасын берік ұстайтын діндарлар. Балалары ауданда интернатта оқиды. Одан әрмен үйлі-баранды болып, мұнда қайтып оралмайды.

Мына мүлгіген тыныштық, Варвараның жайдарман жадыраңқы мінезі, ертеден кешке дейін бітпейтін шаруалар – жан рахатына бөледі.

Бұрынғы у-шу, дуылдаған қалың жиналыс, талқы-тартыс, ұрыс-керіс, қызғаныш, лаулаған өсек, дау-даумай дегеннің бәрін-бәрін ұмытып, жаңа өмір есігін аштым. Өзіміз өсірген бау-бақшаның таза өнімін жейміз, теледидар көрмейміз, өз рахатымыз өзімізде. Варвара бір ұл тапты, жеті жастан кейін интернатқа бердік, оқуға түсіп, қазір Новосибирдегі университетте, кандидаттық қорғады. Жиырма жетіге келсе де үйленбей жүр. Шешесінің фамилиясына жаздырттық, Каширин Константин Васильевич.

Вася ағай күні бойы балық аулап одан уха, көктал пісіргенде де, көлге шомылып, қыздырынып жатқанда да өз өмірі жайлы айта берді. Ішінде қордаланып қалған оқиғаларды тізбектеп айтқан сайын қабағы кіржиіп, кейде үндемей ойға шомып отырып қалады.

– Отыз жыл болды осында келгенімізге. Ел, таныс-білістер бізді ұмытты.

Ешкіммен, жан адаммен хабарласпаймыз, анау афганец керек-жарағымды айына бір-екі мәрте қатынап әкеп береді. Онда да жазға төрт-бес айда, ал қалай қар жауып, қыс түсті болды қар шалшық суға кептеледі, белуардан мұз аралас батпақ. Ешкім қатынай алмайды. Бұл деревня жайлы көп жұрт біле де бермейді. Кезінде Шыңғысхан, Напалеон да, Гитлер жендеттері де бұл деревня тұрғындарын таба алмай, айналып өткен. Варвараға рақмет мені қайта туғызды. Өмірге құштарлығымды оятты. Әр таңда жүрегімді шаттық кернеп қуантып оянтып, шат-шадыман көңіл-күймен шүкіршілікте жүреміз. Мен сол алпыс жасымда өліп кететін едім, міне тоқсаннан астым жүрегім тыныш, еш жерім ауырмайды. Варвара елудің үстіне шықты, емші-тәуіпшілдігі бар, әкесі, әкесінің аталары үлкен емші, оташы, саналуан сансыз шөптің қасиетін біліп, тіпті құс-жануардың тілін ұққан деген аңыз бар. Жаз бойы Варвара түрлі шөптерді, оның тамырларын жинап, шишаларға тұндырып, неше түрлі дәрілер жасайды. Осында біреу-міреу ауырып-сырқаса жүгіріп келіп ем-домын алып кетеді. Сенің мені іздеп келе жатқаныңды да Варвара күні бұрын маған айтып, ескертіп қойған, дедім ғой.

Күні бойы Вася ағайдың айтқан әңгімесін тыңдап, қилы-қилы, иір-қиыр тағдырына таң қалып, таңдай қақты.

Ертеңгісін шәй үстінде Варвара дәмдеуіштермен тұзын татыта тіл үйіретін етіп қуырған үндік етін жеп болғаннан кейін Вася ағай:

– Ғалеке, енді келген шаруаңды айт. Түске таман көлік келеді, қайтып кетесің ғой, – деп жөн-жосығын сұрады. Өтінішін толық тыңдап алғаннан кейін:

– Мен өзімдегі бар картаны өртеп жібергенмін. Тапқан уран-кендерін жасырын түрде жапқанымда талай-талай құзіретті адамдар келіп Мәскеудегі үй-жайымды, кеңсемді астаң-кестең тексергенде де түк таба алмай қайтты. Адамзатқа ажал тажалын тілегім келмеді.

– Вася ағай, сонда ештеңе жоқ па? – деп Ғалымжанның өкініштен ышқына опынған дауысы қатты шығып кетті. – Қап-ай, қап!

Үміті өшіп, іздегені ізім-қайым жоғалғанына жер болып, шөгіп құнжиып отырып қалды.

Бобров асықпай барып төргі үйдегі шкафтан мөлдір қара костюмін киіп келді. Костюмінің екі омырауы қаптаған орден-медальдар, ең үстінде Социалистік Еңбек Ері Алтын жұлдызы жарқырайды. Соғыстағы алған саудыраған ордендері қаншама.

– Академик Василий Бобровтан қалған асыл мұра осы ғана. Міне, отыз жыл өтті, бірінші рет киіп отырмын.

Қонағы жаңағы өкінішін сәт үсті ұмыта тұрып:

– Өткен өміріңізді сағынасыз ғой? – деген.

– Жоқ, мүлде ойлағым келмейді. Алпыс жыл арман қиялмен өмір сүрдім, енді міне жаным мен тәнімнің рахаты үшін қалған ғұмырымды өзім үшін, мына бір жан, бір тән болып кеткен Варвара үшін сабырмен өткізудемін. Бұл шын сөзім. Сенерсің, сенбессің осымнан артық ештеңе керегі жоқ.

Сандалып келіп құр қол қайтатын болдым-ау деп өзегін өкініш өртеп, орнынан тұрып, сыртқа шықпақ болып еді:

– Ғалеке, өмірдің екінші аты – сабыр. Сәл шыдап тізе бүгіп, отыра тұр, – деп төргі бөлмесіне кіріп кетіп, костюмін шешіп, қайта оралды.

– Міне, күткен нәрсең! – деп қолындағы орамның орауын жазып ағаш стол үстіне жайып тастады. Жүрегі лүпілдеп Ғалымжан көз сала кетіп Қазақстан картасын бірден таныды. Бірақ еш жерінде белгі, ноқат, жазу жоқ.

– Бұл карта шүмектеген менің маңдай терім, бар білімім, зерттеуімнің құны. Бірақ бәрі рәсуа, шашылып қалды ғой. СССР тарады, ғылымнан қадір қашты, сіздер тәуелсіз ел атандыңыздар. Мен қаншама уран кенін таптым, бірақ оны жан баласы білмейді. Экспедицияда бірге болғандардан ешкім қалмады, көбісі қара шаруаны ғана атқарды. Ал, Ғалеке, тыңдап ал. Мына картада қай жерде біз көміп, аузын тас қып бекітіп кеткен уран кендері бар жерлер белгіленген. Бұл тек бір ғана дана, бұдан басқа мұндай карта жоқ. Мені жасырын тінтіп, іздей бастағанда осы жалғыз нұсқадан өзге бар картаны өртеп жібергенмін. Тек мынаған ондағылардың бәрін көшіріп самородок алтын орнында алып қалдым. Қазір ештеңе көрінбейді, мен химический сия қарындашпен белгіледім. Сәл нәмдеп суласаң шыға келеді. Көңілің орнына түсті ме? Ал, сен жазып, өзің белгілеп ал. Әзірге Алатау мен Қаратау үстірттері мен қойнауларынан табылған урандық қазба байлықтың нүктелерін көрсетемін, – деп дымқылданған сүлгіні карта үстіне басып тұрып жұлып алып еді, сан ноқаттар самсап шыға келді. Вася ағайдың мына әрекетін көріп таң қалды.

Дереу жалма-жан қағаз-қаламына жармасып өзіне жаза бастады.

– Сен мұны әрине менен алдым демейтініңді өзің де жақсы ұғып отырсың. Баяғыда «өлген» Бобров жиырмасыншы ғасырда өз дәуірін сүріп, өз құдіретін көрсетті. Ал бұл Ғалымжан Жартыбаев деген геолог-ғалымның тапқандары де. Бұл мен көрген қазақ елінің жақсылығы үшін. Өзгесін өртегенде осы нұсқаны көзім қимай алып қалғаным саған бұйырған екен. Мені көрдім, білдім деп жан пендеге аузыңнан шығарма. Академик Бобров бұдан отыз жыл бұрын «дүниеден өткен». Осы аманатымды орындасаң ғана – мына еңбегімді тұтас кейін саған табыстаймын. Сен әзірше осыларды зерттей бер. Кейін өзім тіршілік болса жасырын түрде сені іздеп барып Арқа жеріндегі, басқа тұстардағы кен орындарын көзбе-көз аралатып, көрсетіп қайтармын, – деп шал уһ деп шалқайып отырды. Әйелі сөмкесіне бал, тосап-варенье банкілерін салып берді.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері, «Әділет. Рухани жаңғыру»

газеті редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *