ЖОЛДАУ ЖАҢА МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕЙДІ

Саясат
785 Views

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған тұңғыш Жолдауында ел өміріндегі түйткілді мәселелердің түрлі шешімдерін нұсқаған еді. Сонымен қатар Президент Үкіметке, салалық министрліктерге, әкімдерге және жауапты тұлғаларға ел экономикасын серпінді дамыту бойынша зор міндеттер жүктеп, нақты нәтижеге қол жеткізуді тапсырды. Бұл бағытта Сыр өңірінде де ауқымды жұмыстар атқарылатыны бүгінгі облыс активінде айтылды. Облыс әкімі Қуанышбек Досмайылұлы Ысқақов облыс активін жинап, өңірде алғашқы кезекте орындалатын басты міндеттерді талқылады.

Актив отырысына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Ұлан Серікұлы Сарқұлов, жергілікті мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекеме басшылары, ардагерлер, қоғамдық кеңес мүшелері, саяси партиялар мен азаматтық қоғам институттарының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Айта кету керек, әлеуметтік саланы кеңінен қамтыған, мәні мен маңызы айрықша бұл Жолдауды ел ерекше ықыласпен қабылдауда.

«Өз кезегінде әрбір отандасымыздың әл-ауқатын жақсарту мен елімізді әлемдік көшбасшы мемлекеттер қатарына қосу – Қасым-Жомарт Кемелұлының басты назарындағы мәселе екеніне тағы бір көзіміз жетті. Сондықтан сәт сайын құбылып, геосаяси жағдайдың жылдам өзгерістерге ұшырап жатқан кезінде Президенттің тапсырмалары мен бастамаларын бұлжытпай орындап, Сыр елінің ауызбірлігі мен сын сағатта сыр бермейтін игі қасиетін көрсетуіміз қажет. Бұл орайда, біздің ендігі міндет – әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту арқылы тұрақтылық пен татулықты нығайту», – деді аймақ басшысы.

Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткізуге болатынын, сондай-ақ Елбасы ұсынған 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясына және Ұлт жоспарына сәйкес бірқатар құрылымдық міндеттерді іске асыруды тапсырды.

Жергілікті атқарушы органдарға қойылған міндеттердің бірі – шетелден тікелей инвестиция тарту. Осы орайда, облыста инвестиция тартуды жетілдіру жөнінде іс-шаралар жоспары жүзеге асырылып, 2016 жылдан бастап инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес жұмыс жүргізіп жатқанын атап өткен жөн.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауда әлеуметтік жаңғыруға ерекше маңызды мәселе тұрғысынан тоқталды. Білім саласы бойынша мамандар даярлау жүйесінің нақты еңбек нарығынан тыс қалып, еңбек ресурстарының балансын есепке алмаудың тиімді әдістемесі қалыптаспағанын атады. Ендігі жерде оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беруді міндеттеді.

«Өздеріңізге белгілі, үш жыл қатарынан қызылордалық түлектердің университеттер мен колледждерге түсу көрсеткіші 97 пайызға жетті. Қазіргі кезде облыстың экономикасын білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік білім беру тапсырысы аймақтың мамандарға деген сұранысы негізінде орналастырылуда. Нәтижесінде 2019-2020 оқу жылында 22 жаңа мамандық ашылды. Облыстың еңбек ресурстары балансына сәйкес колледждерде «жаңа мамандықтар атласын» зерделей отырып, өңірге қажетті жаңа мамандықтарды ашуды және бітірушілерді тұрақты жұмысқа орналастыру бойынша жұмыстар жүргізуді жандандыруымыз қажет», – деп атап өтті аймақ басшысы.

Нұрбибі ЖҰМАН.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *