Зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі таза инвестициялық табыстың үлесі 36,1% құрады

Уақыт Экономика
406 Views

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының зейнетақы жинақтары 2021 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша 12,8 триллион теңгеге жетті. Бұл сома зейнетақы жарналары мен инвестициялық табысты қамтиды.

2021 жылдың 7 айында салымшылардың шоттарына 798,3 млрд. теңге мөлшерінде таза инвестициялық кіріс есептелді. Ол шарттардың барлық түрлері бойынша түсетін жарналардың көлемінен асып түсті. Салыстыратын болсақ, өткен жылдың осы кезеңінде ол 752, 9 млрд. болды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша кірістілік жыл басынан бері 6,48%, ал инфляция 5,3% болды. Соңғы 12 айда ҚРҰБ басқаруындағы зейнетақы активтерінің кірістілігі 10,56%, ал инфляция 8,4% көрсетті.

Естеріңізге сала кетейік, жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) түсетін, есебін БЖЗҚ жүргізетін зейнетақы жарналарын зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқарушы – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі түрлі қаржы құралдарына инвестициялайды.

Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы активтерін инвестициялау нәтижелеріне сәйкес апта сайын қайта есептеледі және қайта бағаланады. Инвестициялық табыстың құрамына бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау, валюталық қайта бағалау түріндегі кірістер, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер және т. б. кіреді.

Жалпы, барлық зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілген сәттен бастап Ұлттық банк қамтамасыз еткен инвестициялық табыс 5,5 трлн. теңгеден асты. 2021 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі таза инвестициялық табыстың үлесі 36,1% болды.

Егер Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған 1998 жылдан бергі кезеңді алсақ, таза инвестициялық табыс 6,3 триллион теңгені құрады.

2021 жылдың 1 тамызындағы инвестициялық кірістілік өсу қорытындысымен 648,44% болды. Ал инфляция – 528,27%. Осылайша жинақтаушы зейнетақы жүйесі қолданысқа енгізілген сәттен бастап 2021 жылғы 1 тамызға дейінгі кезеңде зейнетақы активтерінің нақты кірістілігі 120,17% көрсетті.

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *