КОНСТИТУЦИЯ – ЕЛІМІЗДІҢ БАҚЫТТЫ БОЛАШАҒЫ

Сұхбат
1 243 Views

30 тамызда елімізде Конституция күні дәстүрлі түрде жылда атап өтіледі. Конституциямен адамның құқықтары мен бостандықтары, сондай-ақ оларды іске асыру кепілдігі бекітіледі. Бұл қоғам мен мемлекеттің жоғары құндылығы мен мақсаты болып табылады. Халық негізгі құжатқа сәйкес мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі және елдегі егемендіктің иесі болып есептеледі. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік билік оны заңнамалық, атқарушылық және сот билігіне бөлу негізінде жүзеге асырылады. Оның біздің тәуелсіз елде маңыздылығы зор. Бұл Негізгі құжатқа неге мән беру керектігін әркім түсіне бермейтіні анық. Қазіргі таңда мемлекетке Конституция не үшін маңызды, біздің еліміз оны алуда қандай жолмен өткендігі және еліміздің азаматтарына Негізгі Заң не беретіні тұрғысында біз Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ербол Әмірғалиұлы ЖАНҒАЗИННЕН сұрап білген едік.

– Қазақстан Республикасының Негізгі Заңы – Конституциясы туралы жалпы ойыңыз қандай?

– Айтып отырғаныңыз өте орынды. Бұл біздің мемлекетіміздің Негізгі Заңы, ол еліміздің тұрғындарының құқықтары мен міндеттерін, мемлекеттің мәртебесін анықтайды, оның тәуелсіздігін растайды. Әдетте, Конституцияда мынадай үш түрлі мәселе бекітіледі: мемлекеттік және қоғамдық құрылыс, адамның немесе азаматтың құқықтық мәртебесі, сондай-ақ мемлекеттік органдардың қызметтік жүйесі. Бұлар қоғам үшін ерекше маңызға ие. Сондықтан да Конституцияны мемлекеттің Негізгі Заңы деп атайды. Мәніне, реттейтін мәселелердің маңызына қарай ол құқықтық жүйеде шешуші рөл атқарады. Конституция тәуелсіздікке дейінгі кезеңде де болды. Бірақ Конституцияда орын алған көптеген қағидаттар, мәселелер бүгінгі таңда заманның ағымына сай толықтырылып, өзгертілген.

– Өзіңіз айтып өткендей, Конституция бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Осыған орай, 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жайлы айтып өтсеңіз?

– Қазақстанда тұңғыш рет Конституция 1924, одан кейінгілері 1937, 1978, 1993, 1995 жылдары қабылданды. Оған дейін қазақ қоғамында конституциялық идеялар Қасым ханның – қасқа, Есім ханның – ескі жолы, Тәуке ханның «Жеті Жарғысында» өз көрінісін тапты. Ал қазіргі қолданылып жүрген Конституция 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған. Оған дейін, яғни Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 28 қаңтарда өзінің алғашқы Ата Заңын қабылдаған болатын. Бірақ 1993 жылғы Конституция ескі әкімшілік, әміршілдік қоғам ережелеріне, көбінесе кеңестік демократия қағидаларына негізделгендіктен, жаңа қоғам өмірінің талабына жауап бере алмады. Онда адам құқықтары мен бостандықтары, оларды жүзеге асыру қағидалары, мемлекеттік өкімет билігін жүзеге асыру нысандары, басқару саласындағы демократиялық институттардың қызметі жете көрсетілмеген еді. Міне, осыған орай өмірдің өзі 1995 жылғы Конституцияны қабылдауды қажетсінді. Бұл жаңа Конституцияның ерекшеліктері мен артықшылықтары мынадай: біріншіден, заң шығарушы, атқарушы сот билігін белгілеп, олардың құзыретін, жұмыс істеу тетігін, өзара іс-қимыл бірлігін заң тұрғысынан айқындап берді. Екіншіден, өкімет билігінің аталған тармақтарға бөлінуі – мемлекеттік лауазымды адамдардың, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзуға жол бермейді. Үшіншіден, мұнда құқық пен жауапкер­шілік ұғымдары пара-пар көрсетілген. Сондай-ақ, бұрынғы Конституцияда шешімін таппаған мемлекеттіліктің мәні, жер, тіл, азаматтық, Парламенттің қос палаталы жүйесі, Президенттің құзыры, сот төрелігінің қызметі, Конституциялық Кеңестің өкілеттілігі сияқты күрделі мәселелер заңдылық тұрғысынан өз шешімін тапқан. Жаңа Конституцияның жобасы жұртшылық арасында кеңінен талқыланды. Азаматтар 30 мыңға жуық ұсыныстар енгізді, ал Қазақстан Республикасы Президентінің басшылығымен құрылған арнаулы сарапшылық-консультациялық кеңес оларды зерделеді. Мәтінді пысықтау кезінде мыңнан астам түзету ескерілді, осының нәтижесінде Конституция жобасының 99 бабының 55-і елеулі өзгерістерге ұшырады.

1995 жылғы 30 тамызда референдумға қатысқан халықтың 81,9 пайызы жаңа Негізгі Заңды қабылдауды жақтады. Республика Конституциясы заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарының тұрақтылығын, тиімді жұмыс істеуін және өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін билікті бөлу принципін жай ғана жариялап қойған жоқ – онда тежемелілік пен тепе-теңдіктің нақты жүйесі баянды етілді. Негізгі Заң адамның жоғары құндылықтары ретінде оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын бекітті. Мемлекеттік билікті бөлудің принциптері оның бірлігіне қайшы келмейді, оның тармақтарының келісілген өзара іс-қимылын, бүкіл биліктің олардың біреуінде толық шоғырлану мүмкіндігі болмауын көздейді. Бірыңғай мемлекеттік билік тармақтарының диалектикалық өзара іс-қимылы осыдан көрінеді. Ал биліктің тежемелілігі мен тепе-теңдік тетігі елдегі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді. Қазақстанды Президенттік Республика деп жариялаған 1995 жылғы Конституция, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы», «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңдар биліктің әрбір тармағының мәртебесі мен функциясын реттеді. 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясында Парламенттің заң шығару функциясын жүзеге асыратын республиканың жоғары өкілді органы болып табылатыны бекітілген. Парламент тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн екi Палатадан: Сенаттан және Мәжiлiстен тұрады.

– Біздің республикамыздың Конституциясының өзге өркениетті елдердің Ата Заңынан қандай ерекшеліктері бар?

– Ең алдымен еліміздің Конституциясы жалпы құндылықтарды анықтайды және бекітеді. Өркениетті елдердің барлық жетістіктері: өмір сүру құқығы, еркін діни сенім, тұрғылықты жерін анықтау, тағы басқа. Басқаша айтқанда, адамның құқықтары мен бостандықтарын сақтау тұрғысынан жеткеннің барлығы осы құжатта бекітілген. Осы негіз қалаушы қағидаттарға сүйене отырып, қалған барлық заңнамалық актілер Конституцияға сәйкес келтіріледі. Егер біздің негізгі құжатымызды өзге мемлекеттер мен елдердің Конституцияларымен салыстырсақ, онда негізінен аз ғана айырмашылық бар. Ең басты ерекшелік – бұл көп жағдайда мемлекет адамдарға негізгі бағыт бойынша қамқорлық жасайды. Бүкілхалықтық референдумда қабылданған осы Негізгі Заң шын мәнінде қоғамдық келісімге айналды, сол бойынша өкімет Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетке айналдыруды өзіне басты міндет етіп, ал азаматтар Конституцияны және еліміздің заңдарын бұлжытпай орындауға жауапкершілікті өз мойындарына алды. Осындай өзара міндеткерлік қоғам мен мемлекеттің одан әрі нәтижелі дамуына тиянақты негіз қалыптастырады және біздің болашаққа сеніммен қарауымызға мүмкіндік береді. Біздің Конституция өзін-өзі билеудің ажырамас құқығына негізделеді. Ол Қазақстан мемлекеттілігінің көпғасырлық даму тарихына сүйенеді, республикамыздың әрбір азаматының құқықтары мен бостандықтарын бекітеді, азаматтық келісімді, халық билігінің және құқықтық мемлекеттің мызғымас ұстанымдарын қамтамасыз етеді.

– Еліміздің Конституциясында құқық қорғау органдарына, соның ішінде сот саласына қандай міндеттер мен жауапкершіліктер жүктелген?

– Әрине, Конституция талаптарын сақтау міндетін ешкім жоққа шығармайды. Құқық қорғау органдарына, сот саласына заң талаптарын жақсы білуді, елдегі қылмыс санының азаюына өзіндік тың үлестер қосып, тек әділдік пен шындықты қолдауды міндеттейді. Сондықтан біз кез келген істі заңның шеңберінде қарастырамыз. Сонымен қатар Конституция жеке тұлға мен қоғамның құқықтарын қамтамасыз етеді. Негізгі Заңмен елдегі сайлау жүйесі мен референдум белгіленген. Құжат Президенттің, Парламенттің, Үкіметтің және соттың өкілеттігін, билік құрылымын айқындайды, сондай-ақ прокуратура мен мемлекеттік бақылау комитетінің мемлекеттік органдары жүйесінде орын көрсетеді. Қазіргі кезде басты міндет – жеке тұлғалардың, қоғамдық ұйымдардың және мемлекеттік органдардың республика Конституциясына деген дәстүрлі құрметін дамыту. Егер біз осы міндетті орындасақ, алдыңғы қатарлы Қазақстан мемлекетінің қалыптасқаны.

– Сотталғандарға қатысты ізгілендіру, рақымшылық жасау шаралары туралы не айтасыз?

– Елімізде рақымшылық шаралары жылда көрініс табады. Гуманистік тұрғыда Конституция шеңберінде былтыр шілде айында біздің қылмыстық кодекске 262 өзгерістер енгізілді. Алайда менің ойымша, кез келген азаматтың өз ісі үшін жауапкершілікке тартылғаны, лайықты жазасын өтегені абзал. Себебі, ретсіз жауапкершіліктен босатып, рақымшылық жасалып, жазасы жеңілдетілген сайын қылмыс иесі еркінсіп, өздерінің құйтырқы істерін әдетке айналдырып жіберу қаупі бар. Сондықтан түрмедегі қылмыскерлерді босатып, санын азайтамыз деп жүргенде сырттағы халықтың қауіпсіздігіне қатер төндіріп алмауымыз қажет.

Ал енді биылғы Конституция мерекесіне орай рақымшылық жасау немесе жасамау туралы шешімді шығару Мемлекет басшысының құзырындағы іс.

– Шымкенттің мегаполиске айналуына байланысты Сіздердің де жұмыстарыңыз күрделене түскен болар. Жылына орта есеппен қанша сот ісін қарайсыздар? Жастар арасындағы қылмыс деңгейі қандай?

Шымкент қаласы мегаполис мәртебесін алғалы жұмыстың одан әрі күрделене түскені рас. Бізде қазіргі таңда қылмыстық істердің ішінде алаяқтық қылмыстар өршіп тұр. Бір судья жылына орта есеппен кемінде 64 іс қарайды. Бұл аз емес. Адам тағдырын таразылау қашан да оңай болмаған. Қаралатын әрбір іс ерекше жауапкершілікті талап етеді. Соған орай жүктеме де ауыр. Жастар арасындағы қылмыс аз деп айтуға келмейді. Алайда қылмыстың басым көпшілігін жасайтын, өкінішке орай, осы – жастар.

– Бос уақытыңызды қалай өткізесіз? Әдеби көркем кітаптарды оқуға уақыт таба аласыз ба?                                                                                                   

– Бізде уақыт деген тапшы. Алайда қолым қалт еткенде спортпен шұғылданып, кітаптар оқып тұруға әрекет жасаймын және өзгелерге де кеңес беремін. Бұл біріншіден, сөздік қорды байытады, екіншіден, санамызды кеңейтеді.

– Конституция күніне деген мерекелік ыстық лебізіңізді білсек дейміз.

– Сіздерді шын жүректен Конституция күнімен құттықтаймын! Қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді.

Қазақстан халықаралық қоғамдастықта лайықты орын алып, биік белеске көтерілгені осының айғағы. Әрбір қазақстандық келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, өзінің жеке басы мен отбасы үшін де маңыздылығын терең сезінеді. Жылдан-жылға біздің басты құндылықтарымыз – Тәуелсіздігіміз, Келісім мен Бірлігіміз нығая берсін. Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін! Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын!

– Сындарлы да сүбелі, ашық та айқын сұхбатыңыз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан Аягөз ДҮЙСЕНБАЕВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *