КІТАПХАНАДАҒЫ ИГІ ІСТЕР

Білім
877 Views

Нұр-Сұлтан қаласы, Абылайхан даңғылы, 2-а ғимаратында «Мұхтар Әуезов атындағы Орталық қалалық кітапхана» орналасқан. Бұл кітапхана 1974 жылы ашылып,содан бері оқырман қауымға қызмет көрсетіп келеді. «Естігенімді айтсам өтірік болар, көргенімді айтайын», — деп Мұхтар Әуезов атамыз айтқандай, көргенімдіжазайын.

Бұрын-соңды бұл кітапханаға қанша жерден қасынан өтсем де кіре бермейтін едім. Оны мойындаймын. Бірақ, студент болғандықтан бізге жан-жақты ізденіс керек. Осы тұрғыда бұл кітапхананың көмегі көп тиюде. Мұнда қалаған кітаптарыңызды таба аласыз. Бір ұнайтыны – кітапханаға кіре бергенде, оқу залында атамыздың үлкен суреті портретке салынып ілулі тұр. Оны көріп тұрып атамыздың атына берілген кітапханаға кірген кезде бойыңызды ерекше бір сезім билеп, үлкен ойдың жетегінде басқа әлемде жүргендей күй кешесіз. Себебі, мұнда салиқалы, сабырлы, білімді әрі ізденімпаз жандарды жолықтырасыз. Жаныма әрі оқуыма жақын бұл кітапхана мен үшін аса маңызды. Биыл бұл кітапхананың жұмыс істеп тұрғанына 45 жыл толды. Кітапхананың осы уақытта бағындырған белестері мен кезіктірген қиыншылықтары қаншама. Қырық бес жылдың жүгін арқалаған құнды білімге толы, кітапхана дәуір дәптерлері тілін шешіп жіберсең, сайрағалы тұр. Әсерлі ойларды әдемі өрнектеген авторлар жиынтығын бүкпесіз әрі тегін түрде ұсынып келген кітапхана туралы айтар сыр да, жазар жыр да көп.

Кітапхана – сапалы білімнің сенімді кепілі. Ол қашанда және қай уақытта болмасын ең ғажайып керемет кітаптар мекендейтін, адам ақыл-ой парасатының қоймасы болып табылады. Қазіргі кітапханалар ол тек қана кітаптар емес, ол міндетті түрде газет-журналдар, аудио және бейнетаспалар, CD-дискілер, электронды оқулықтар. Білім сапасына қатаң талаптар қойылып, оқу үрдісін ұйымдастырудың жаңа әдістері пайда болса да, оқытудың жаңа технологиялары кең көлемде тәжірибелік қолданысқа ие болса да ғылыми – техникалық процесс арқасында өзгерістер енгізіліп, электронды ақпарат құралдары, информатикалық даму күннен-күнге жетілгенімен кітаптың алар орны бір бөлек. Себебі, прогресті жасау үшін де адамзат баласы міндетті түрде кітапқа жүгінеді. Кітап – біздің рухани құндылығымыз, теңдессіз байлығымыз. Өткен замандардың туының тереңінен сыр шертетін тарихты да, әдебиетті де, тағы басқа ғылым кереметтерін де осы кітапханадан табамыз.

Мұхтар Әуезов атындағы Орталық қалалық кітапхана бүгінгі таңда барлық жағдаймен қамтамасыз етілген. Заман ағымындағы талабы күшті, талғамы жоғары аудиторияның көңілінен шығып, көкейіндегісін табу үшін кітапхана жан-жақты оқулықтарды жинастырған. Кітапхананың әрбір кітабын оқырманға насихаттауда кітап көрмесінің маңызы зор. Қазіргі таңда онда компьютерлер орналастырылған. Оқырмандар қажетті әдебиеттерін компьютермен тегін әрі тез арада жүктеп қолдана алады. Бұл орын оқырмандардың шығармашылық жұмыстарымен шұғылдануына онымен қоса қажетті ақпараттарын алуға көп ықпалын тигізеді. Кітапхананың тұрақты оқырмандары: ЕҰУ, ЕАГИГУ, МГУ филиалы мен ЕАГИ колледжі, медициналық және оқытушылар колледжі. Кітапханашылар жылдық жоспарға сай кітапханаға келіп түскен жаңа, қызықты, ғылыми және әдеби кітаптар әлеміне саяхат жасай отырып, «Ақпарат күндерін», «Жас маман», «Ақпарат» сағаттарын ұйымдастырып отырады. Осындай іс-шара арқылы кітап сөрелерінде тұрған құнды кітаптар және әмбебап кітаптармен және әртүрлі саладағы, әртүрлі жастағы оқырмандарға арналған кітаптармен таныстырып отырады. Кітап қорына көмек ретінде әр түрлі тақырыптарды қамтитын тақырыптық папкалар безендіріліп, олар күнделікті жаңа ақпаратпен толықтырылып отырады. Сонымен қатар Қазақстанның ірі білім ордаларында жазылған авторефераттар қорын да мұнда кезіктіруге болады.

Француз философ жазушысы Дени Дидро: «Егер адамдар оқуды тоқтатса, ойлауды да тоқтатады» деген болатын. Ендеше, ұшқыр ойлы, терең білімді жаңа ұрпақты қалыптастырғымыз келсе кітап оқуды ешқашан тоқтатпайық.

Аяулым БИТАЙ,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *