«КІТАПХАНА. ІСКЕРЛІК. МҮМКІНДІК»

Әдебиет
1 045 Views

Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне қарасты және қала кітапханашыларының қатысуымен «Кітапхана. Іскерлік. Мүмкіндік» атты семинар өткізілді. Оған қатысушылар алдымен «Кітапхана. Іскерлік. Мүмкіндік», «Цифрлы Қазақстан – жаңғыру даңғылы» атты кітап көрмелерімен танысты. «Цифрландыру жүйесіндегі кітапханалар», «Кітапхана саласына жаңа технологияларды ендіру» тақырыптарын кеңінен талқылады.

ОККЖ директоры Гүлсім Әлкебайқызы Шатырбекова келген қонақтармен таныстырып, семинардың өзектілігіне тоқталды. 2018 жылғы 11-12 қыркүйек күндері ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен елордамыз – Астана қаласының 20 жылдығына орай «Заманауи әлемдегі оқу мәдениеті» тақырыбында ІІІ Халықаралық оқу конгресіне қатысып келгенін сөз етті. Онда оқуды насихаттаудың әлемдік тәжірибесін талқылау, кітап және кітап мәдениетінің мәртебесін көтеру, қоғамның барлық топтарын оқу мәселелеріне тарту, оқу феномені сауалдары, кітапханалық және ақпараттық технологияны пайдалану, кітапханалық менеджмент пен маркетинг, оқырмандардың мәдени құзіреттілігін жақсарту, интеллектуалды әлеуетті дамыту мәселелері қарастырылғанын айтып өтті.

Сонымен қатар Алматыдағы Ұлттық кітапханада екі күнге созылған республикалық съезд аясында кітап, кітапхана және кітапханашының қоғамдағы рөлі мен заманауи мүмкіндіктеріне қатысты келелі мәселелер Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мәдениет саласының өкілдері тарапынан жан-жақты талқыланғанын тілге тиек етті. Салада шешілуге тиісті көптеген мәселелер назарға алынып, кітапхана желісінің сапалы адами капиталды қалыптастырудағы және қоғамдық сананы жаңғыртудағы рөлі мен орны, кітапхана саласын дамыту, цифрландыру жүйесіндегі кітапханалар, заманауи форматта дамыту сияқты өзекті тақырыптар қозғалғанын да әңгімеледі.

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, педагогика ғылымының кандидаты Мира Күлшембаевна Көкеева цифрландыру жүйесіндегі кітапханалар жұмысы жайында сөз етті. Заманауи технологиялар ғасырында әдеби мұрамызды сақтап қалу, сирек басылымдарды қалпына келтіру және кітапхана мен кітапханашының қоғамдағы рөліне қатысты маңызды мәселелер туралы айтып өтті. Цифрлы кітапхана жасақталған кезде барлық кітаптар электрондық каталогқа енгізіледі. Күніне сайттардан қаншама адамдар қашықтан мәліметтер алып отыратынын әңгімеледі. Бірнеше кітапханалардың тәжірибелерінен мысалдар келтірді.

ОҚМУ Ақпараттық білім беру орталығының әдіскері Гүлбакира Хансапарқызы Мыңбаева өзі қызмет ететін жоғары оқу орнының жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Ондағы ақпараттық білім беру орталығының негізгі міндеті – ақпаратты қамтамасыз ететін компьютерлік және желілік технологиядан құрылған электронды ресурстар базасы негізінде жаңа сапалы білім беру ортасын қалыптастыру екеніне тоқталды.

Осы университеттің АББО кітапханашы-бағдарламашысы Ибрагим Cынабайұлы Сыпатаев кітапхана саласына жаңа технологияларды ендіру, автоматтандырылған кітапханалық ақпараттық жүйе – электрондық каталог «Web-ИРБИС 64», РМЭБ республикалық жоғары оқу орындары аралық электрондық кітапханасы туралы сөз етті. Кітаптар мен мерзімді басылымдарды сканерлейтін жаңа ЭЛА РоботР2, Эларскан, Элар План Скан А2В, тағы басқа техникалардың жұмыс істеу үрдісімен таныстырды.

Сөз кезегін алған осы жолдардың авторы кітапхана жұмыстарының түрлері, кітапханадағы клубтардың және үйірмелердің жұмыстары туралы айтып өтті.

ОККЖ директорының орынбасары Гүлнар Қамбарбекқызы Ендібаева семинарға қатысқан қонақтарға алғысын білдірді. Алдағы уақытта қала кітапханаларына қатысты маңызды мәселелерді шешуге қала әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы тарапынан тұрақты көңіл бөлінсе, бұл жайт оқырмандардың интеллектуалды деңгейінің артуына ықпал ететінін айтты.

Раушан СҰЛТАНБЕК,

Шымкент қаласындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі әдістеме бөлімінің меңгерушісі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *