КҮШ АТАСЫ ҚАЖЫМҰҚАННЫҢ 150 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ҮЛКЕН КЕШЕН САЛЫНАДЫ

Қоғам
639 Views

Күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығына орайбиыл өзі жерленген Түркістан облысы, Ордабасы ауданында үлкен кешен салынатынболды. Батыс Қытай – Батыс Еуропа халықаралық көлік дәлізі бойынан бойкөтеретін кешенге Темірлан ауылындағы музей көшіріліп, 5 гектарды құрайтынаумақ туристік орынға айналады. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтіңтөрағалығымен өткен лездемелік мәжілістің күн тәртібінде Түркістан қаласындамыту мен спорт және туризм салаларында атқарылған жұмыстар және 2021 жылғажоспары мен өзекті мәселелері ортаға салынды.

Қазақ даласы батырының атына салынатын мемориалдық кешен заманауи үлгідегі кітапхана, көрме залы, қонақ үй, асхана, конференц залы, спорт залы, спортшылардың киім ауыстыруға, жуынуға арналған және басқа да қажетті бөлмелермен қамтылмақ. Ғимарат аумағы жасыл-желекке оранып, демалыс орнына айналады. Спорттың бірнеше түрімен шұғылдануға лайықты кешен түрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге де ыңғайлы болмақ. Сондай-ақ, алдағы көктемде дәстүрлі қазақ күресінен халықаралық жарыстар ұйымдастырылады.

ПОЛИЦИЯ ЖЕТІМ БАЛАЛАРДЫ ҚАМҚОРЛЫҚҚА АЛДЫ

Жетісай ауданы полицейлерінің бастамасымен аудандағы сот, прокуратура, кірістер басқармасы мен білім бөлімінің қызметкерлері және діндарлармен бірге дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жетісай АПБ бастығының орынбасары Сәкен Жайлыбаев көпба-лалы отбасыларды қамқорлыққа алу туралы шешімді сақшылар бірауыздан қабылдағанын жеткізді.

«Ендігі уақытта ол балалардың қатарынан қалмай, ешнәрсеге мұқтаж болмай өсуі, болашақта қалаған оқу орнына түсіп, мамандық иесі атануы үшін жағдай жасаймыз. Олардың туған күндеріне арнайы сый-сияпаттарымызбен бірге барып, құттықтап, өзімізде ұйымдастырылған іс-шараларға шақырып, қатыстырып, көңілдеріне қаяу салып алмай, өз қамқорлығымызды біртіндеп іске асыратын боламыз», – деп мәлімдеді полиция полковнигі.

Жетісай ауданында барлығы 70-тен астам орта оқу орны, төрт колледж, университет және екі мектеп-интернат жұмыс істейді. Барлық оқу орындарына жергілікті ювеналды полициясының 20 қызметкері бекітілді. Есепте тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардан шыққан, денсаулық жағдайы бойынша жеке бақылауды қажет ететін 280 оқушы, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 89 бала тұр.

3800-ДЕН АСТАМ АЗ ҚАМТЫЛҒАН ОТБАСЫ БАЛАЛАРЫ ОҚУ ЖАБДЫҚТАРЫМЕН ҚАМТЫЛҒАН

Түлкібас ауданындағы 60 білім ошағында 23 256 оқушы білім алуда. Қазіргі таңда 24 жалпы орта білім беретін мектепте 2 239 (9,6%) оқушы штаттық режимде оқытылуда. Ал, 1-4, 5, 9, 11 сынып оқушылары ата-аналарының өтініштері негізінде 849 кезекші топта 9 559 (41,1%) оқушы білім алуда. Ауданда үш ауысымда оқытылатын мектеп жоқ.

Карантин режиміне байланысты қашықтықтан оқып жатқан мектеп оқушыларына ҚР Үкіметі резервінің қаражатынан 354 планшет, 410 компьютер, 3033 ноутбук құрылғылары сатып алынып, уақытша пайдалануға берілді. Сондай-ақ, аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен демеушілер есебінен 5 смартфон, 50 планшет құрылғысы тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың балаларына қайтарымсыз сыйға берілген.

Жалпыға міндетті білім қорының есебінен 1638 кәмелетке толмаған аз қамтамасыз етілген отбасы балалары ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп, 2647 аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына 25 000 теңгеден қаржылай көмек берілген.

«ТҮРКІСТАН: КӨНЕ МЕН КЕЛЕШЕК КӨПІРІ» ЖАҢА ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛДЫ

Түркістан қаласында «Түркістан: көне мен келешек көпірі» атты жаңа облыстық өнер фестивалінің қалалық кезеңі бастау алды. Аудан, қалалық іріктеу кезеңі жас өнерпаздардың шабытын шыңдап, үлкен сахнаға жол ашпақ. «Ақжайық» музыка мектебінде өткен кеште түркістандық талантты өрендер өнерлерін көрерменге жаудырды.

Өнер фестивалінде ұстаздар мен мектеп оқушыларының бірлескен Халық аспаптар оркестрі Құрманғазының «Адай» күйін орындап, «Мирас» оқушылар вокалды тобы «Ұлт көсемі» әнін шырқады. 9-сынып оқушысы Шұғыла Әбілқасы Шопеннің шығармасын рояльда шебер орындап шықты. Қазылар алқасының мүшесі, «Жігіттер» квартетінің әншісі Айдар Тұрғанбек жалынды жастарға тілегін арнап, өнерін паш етті. Жас өнерпаздарды қолдауға келген Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жастардың танылуына жол ашатын өнер додасының қатысушыларына сәттілік тіледі.

«Елдегі карантин шектеулеріне байланысты оқушылар өнерін көпшілік алдында кеңінен көрсетуге мүмкіндіктер болмауда. Дегенмен, Түркістан қаласында бастама алып отырған өнер фестивалі ары қарай аудан, қалаларда жалғасын табады. Қазақ эстрадасы жұлдыздарының жартысы біздің Түркістан облысынан шыққан. Осындай киелі өңірде дүниеге келген өнер сүйер қауымды қолдауымыз керек. Бүгінгі өнер додасына қатысқан барлық жас дарындарға сәттілік тілеймін. Шығармашылықта өнерлеріңіз шыңдалып, биік белестерден көрінуге тілектеспін. Түркістан облысының мерейі үстем болсын!», – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Жас таланттар фестивалінде «Сымбат» би тобы «Шашу» биін билеп, түркістандық оқушылар мен Түркістан саз мектебінің ұстаздары бірлесіп саксафон, флейта, рояль, барабанда ойнап, өз өнерін көрсетті. Сондай-ақ, «Шабыт» домбырашылар ансамблінің орындауында «Нәр ағашы» күйі көрермен назарына ұсынылды. Халық аспаптар оркестрінің квартеті күй тартып, «Болашақ» вокалды тобы, балалар мен жасөспірімдер орталығының квартеті әннен шашу шашты.

2020 жылы пандемия жағдайына қарамастан, Түркістан облысында онлайн режимінде өткізілген республикалық байқаулар мен фестивальдерге аудан деңгейінде 5 мыңнан астам оқушылар қатысып, облыстық байқауға 1045 оқушы іріктелді. Ереже талабының шектеуіне байланысты 133 оқушы республикалық деңгейге белсене қатысып, жүлделі 2-3-орындармен марапатталып өз шеберліктерімен таланттарын көрсетті. Алдағы уақытта да жүлделі орындар алған өнерлі және дарынды балаларды ары қарай республикалық, халықаралық деңгейге көтеру үшін барлық жағдай жасалатын болады.

Оқушыларға және өнерлі жастарға жағдай жасау мақсатында былтыр облыста қосымша 4 оқушылар үйі ашылып, жалпы саны 8-ге жетті. Соның бірегейі, республикамызда теңдесі жоқ ғимараттардың бірі Түркістан қаласында жаңадан құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілген «Оқушылар сарайы». Жалпы, өңірде 8 өнер мектебі, 13 саз мектебі жұмыс істейді. Оның ішінде «Ақ жайық» саз мектебін ерекше атап өтуге болады. Мектеп заманауи үлгідегі музыкалық аспаптармен жабдықталған.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БИЗНЕС ЖҮРГІЗУДЕН КӨШ БАСТАП ТҰР

Жыл сайын дүниежүзі мемлекеттерінің бизнеске қолайлылығы бойынша “The World Bank Doing Business” рейтингі жасалады. Онда Қазақстан 190мемлекеттің арасында 25-орында тұр. Кәсіпкерлік белсенділіктің жай-күйі туралыеліміздің облыстары мен мегаполистері арасында суб-рейтинг жүргізіліп,Түркістан облысы бизнес жүргізу үшін ең үздік өңір болып танылды.

Бұл рейтингте Қазақстан 10 критерий бойынша бағаланады. Өңірлерге реттеуші климат, инфрақұрылым, бизнес үшін қаржының қолжетімділігі, адами капитал және қабылданатын шешімдердің транспаренттілігі сияқты 5 фактор бойынша баға беріледі.

«Айта кетейін, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бизнес климатты жақсарту аясындағы тапсырмаларына сәйкес өңірде ауқымды жұмыс жүргізіліп, Түркістан облысы жоғары көрсеткішке ие болып отыр. Бұл бизнес саласын жақсарту аясында еңбектеніп жүрген әр азаматтың, сонымен қатар, отандық өнім шығарып, халықты жұмыспен қамтып отырған әрбір кәсіпкердің жетістігі екенін айта кету маңызды. Әрине, адал атқарылған еңбек еленбей қалмайды. Облысымыздың үздік аталуы әрқайсымызды ынталандырып, бұдан да биік белестерді бағындыруға бастары сөзсіз», – дейді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев.

The World Bank Doing Business – бұл дүниежүзілік банк тобы дамудың барлық негізгі салаларында жұмыс істейді. Олар қаржы өнімдерінің кең ауқымын және техникалық көмекті ұсынады, сондай-ақ елдерге инновациялық білімдермен және олардың алдында тұрған проблемаларды шешумен бөлісуге және қолдануға көмектеседі.

Түркістан облысында 150 мыңға жуық кәсіпкер тіркелген. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 246 жоба 24,4 млрд. теңгеге қаржыландырылған. Ал, 29 жоба 5 млрд. теңгеге мақұлданса, 27 жобаны 6,1 млрд. теңгеге қаржыландыру қаралуда. Саны бойынша ауылшаруашылық саласында 77,4 пайыз, тамақ өнеркәсібі және қызмет көрсету салалары белсенді.

17 ауылшаруашылығы, екі туризм және үш тамақ өнеркәсібі саласындағы жобалар іске асырылуда.

КАРАНТИН ТӘРТІБІН МОБИЛЬДІ ТОПТАР ҚАДАҒАЛАУДА

Түркістан облысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен мобильді топтардың жұмысы күшейтілген болатын. Карантин кезінде белгіленген жұмыс кестесі мен қауіпсіздік ережелерін сақтамау әлі де кездеседі. Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін мобильді топтар ұдайы рейд жүргізіп, карантин талаптарының сақталуын қадағалап жатыр.

Атап айтсақ, Келес ауданында мониторинг топтар мыңға жуық нысанды тексерген. Карантин шектеуін сақтамай, ережені бұзғандарға айыппұл салынуда. Ережелерді елемейтіндерді полиция қызметкерлері, еріктілер, тауарлар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы өкілдері, аудан әкімдіктері анықтайды. Жиналған материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін тиісті органдарға жіберілді.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР АРАСЫНДА ВОЛЕЙБОЛДАН ҚЫСҚЫ БІРІНШІЛІК БАСТАЛДЫ

Түркістанда волейболдан Түркістан облысының қысқы біріншілігі басталды. Алаңда кәсіби спортшылар емес, мемлекеттік қызметкерлер. Бас жүлде үшін 46 команда бақ сынаспақ. Екі ай бойы өтетін қысқы біріншілікте командалар төрт топқа біріккен. Оның 16-сы аудан намысын қорғауда. Тартысты жарыстың жүлдегерлері 25 қаңтар күні анықталады. Сайыс «Салауатты ұлт – салауатты ұрпақ!» атты ұранымен өтуде. Жарыстың ашылуына арнайы қатысқан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңыздылығын өзімізден бастайық. Дені мен тәні сау ұрпақ тәрбиелеуде тұрғындарға үлгі болып, спортты сенімді серік етуді үйретейік. Өздеріңізге белгілі, елімізде бұқаралық спортты дамытуға үлкен көңіл бөлінген. Бүгінгі біріншілікте баршаңызға сәттілік тілеймін. Іске сәт. Жеңістен жеңіске жете берейік», – деді облыс әкімі өз сөзінде.

Жарыс барысында карантин талаптары толық сақталады. Ойынға қатысушылардың дене қызуы өлшеніп, жарыста әлеуметтік арақашықтықты ұстайды. Ойын залында қолды дезинфекциялауға арналған антисептикалық құралдар орнатылған.

Волейболдан мемлекеттік қызметшілер арасындағы Түркістан облысының қысқы біріншілігінің жеңімпаздарынан республикалық жарыстарға қатысуға облыс құрамасы іріктеледі. Сайыста Түркістан облысы әкімдігінің басқармалары, аумақтық департаменттері, құқық қорғау органдары, аудандық әкімдіктері бағын сынайтын болады.

Тартысты ойында сайысқан мемлекеттік қызметшілер осал еместігін көрсете білді. Ерекше дәлдігімен көзге түсіп, командасына ұпай әкелгендерге арнайы марапат бар. Спартакиаданың қорытындысы бойынша үздік атанған команда өңір намысын республикалық деңгейде қорғайтын болады.

ШАРДАРАДА ҚҰРЫЛЫС КӨЛЕМІ АРТҚАН

Түркістан облысы Шардара қаласында жалпы 1394 пәтерді құрайтын 74 көпқабатты тұрғын үй бар. Аталған үйлерде 5600-ге жуық тұрғын тұрады. Бұл қала халқының 16 пайызына тең. Тұрғын үй қорын жаңғыртуға сәйкес, 2017 жылы Шардара қаласында 8, ал 2019 жылы 6 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткен.

Сонымен қатар, жол құрылысы саласы бойынша 2020 жылы Шардара ауданында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы – 18,04 шақырымды құрайтын 21 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бүгінгі таңда Көксу ауылдық округі мен Алатау батыр ауылдық округінде жалпы саны 16 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальтбетон төселген.

Былтыр Шардара ауданында есепті мерзімде құрылыс жұмыстарының көлемі 6 467,3 млн. теңгені құраған. 15 861 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 130,8 пайызға артқан. Бұдан бөлек өткен жылы 5 нысанның құрылысы жүргізіліп, оның 4-еуі пайдалануға берілсе, 1 нысанның құрылысы 2021 жылы пайдалануға беру жоспарлануда.

Бетті дайындаған

Аягөз ДҮЙСЕНБАЕВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *