КӘШКЕ БАТЫР

Тұлға
1 950 Views

Ұлы жүз Орта Азияға, тіпті сонау Памирге дейін барды. Орта жүз Өр, Үй өзендерінің бойына тығылды. Кіші жүз Ембі, Жайыққа көшті.

Осы шайқастардың бел ортасында Дәулет, Қаумен, Жәпек секілді Қарасай батырдың батыл ұрпақтары жүрді. Аңырақай шайқасы қазақтың қазақ болып қалуындағы ұлы жеңісі болды! Міне, бала Кәшке осы тарихи жерлерді көріп, шайқас жайлы Бұқар жырау, Үмбетей ақындардың әйгілі жырларын, соғысқа қатысқан сарбаздардың әңгімелерін естіп өсті. Солар секілді ержүрек батыр болсам деп өз-өзін дайындай бастады. Әкесі мен батыр аға-бауырларымен бірге түрлі жиын, мәжілістерге қатыса бастады.

Аға, бауырлары оны әскери өнерге баулыды. Мылтық атқызды, садақ тартқызды, аңға бірге алып шығатын болды. Кәшке жас күнінен құралайды көзге атқан мергендігімен және зеректігімен көзге түсті. Ат құлағында ойнаған бапкер, тақымды көкпаршы, әдіскер, сайыскер, алымды балуан болып өсті. Әсіресе Шапырашты Наурызбай батыр мен Дәненұлы Сәмен батырдың қасында көп жүрді, көпті көрді, көп нәрсені үйренді.

Сәмен батыр қазіргі Алматы облысының Жамбыл ауданындағы өңірде Ақсеңгір деген жерде дүниеге келген. Дулат – Ботбай, Ботбайдың ішінде Шағатай. Ол зор денелі, ірі кісі болыпты. Атқа мінгенде екі аяғы жер сызып жүретіндіктен, өзіне лайықты ірі тұрпатты жылқы мінеді екен. Елімізді азат ету жолындағы ересен ерлігін, ұйымдастырушылық әскери қолбасшылығын көрген Төле би: «Атың Ботбай еліне ұран болсын, ұрпақтарың өзіңдей қыран болсын!» деп бата берген екен. Содан бері Ботбай елінің ұраны «Ботбай және Сәмен!» болған. Әсіресе, «Аңырақай шайқасында» Сәмен батыр соғыс өнерін жетік білетін қолбасшы, жекпе-жекте қаймықпайтын нағыз батыр екенін көрсетті.

Өжет те алғыр Кәшкені ерте танып, өзіне көмекші етіп, қайда жүрсе де қасына ертіп жүреді. Кейін түменбасы болып тұрған баһадүр Шапырашты Наурызбай батырға апарып таныстырады.

Алғашқы шайқастарда-ақ көзге түскен Кәшкені жастығына қарамай, он басы, жүзбасы, кейін мыңбасы етіп тағайындайды.

 

*   *   *

 

Міне, ат жалын тартып мінген бозбала Кәшке өмірінің соңына дейін осындай сан түрлі майдандарға қатысты. Енді Кәшке батырға қатысты кейбір жайттарды ортаға салмақпыз. Кәшкені он беске қараған бозбала шағында әкесі мен ағалары алғаш рет алысқа алып шығады. Бұл үш жүздің игі жақсылары бас қосқан ұлан-асыр той еді. Ел-жұртына қайта қайтарып алып қоныстанып, ата жауларын жеңгендерінің құрметіне алты алашқа сауын айтып дүбірлеткен той өткізілді.

Жазық далаға ұшы-қиыры жоқ киіз үйлер тігілді, жан-жақтан келіп жатқан қонақтарда шек жоқ. Күтіп алушылар ауыл-ауыл болған үйлерге орналастырып жүр. Елдер бір-бірімен осылай көрісіп жатыр. Қуанып, мәре-сәре болып жүргендер алтыбақан теуіп, арқан тартып, оның қызығына беріліп кеткен.

Жан-жақтан өзендей ағылған жұрт жиналып бітті-ау деген күні той мәжілісі басталды.

Алдымен шейіт болғандарға арналып Құран оқылды. Биік тақ үстіндегі Әбілхайыр хан сөз бастады:

– Уа, халайық! Айналайын асыл жұртым! Еңбектеген баладан еңкейген қартымызға дейін ақжарылқап күн туды. Жан-жаққа жөңкіп, ауып кеткен, тентіреп кеткен ел-жұртым ата-баба жеріне қайта оралды. Біздің қасиетті жерімізді тартып алып, халқымызды ашаршылық пен күйзеліске ұшыратқан «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген қасіретті кер заман кері кетті. Жоңғарларды жер жастандырып, қайта тұрмастай етіп, тас-талқанын шығарып қуып шықтық. Осынау жылдары елімнің біржарым миллион қаһармандары опат болды. Еліміз үшін, жеріміз үшін асыл ерлер жан қиды. Ашаршылықта қаншама жұртым қынадай қырылып кетті. Әруақтардың жатқан жерлері жарық болсын! Біз Сіздердің кектеріңізді алдық, құрбан болған ағайындарым! Басымызды иеміз! – деп хан басындағы алтын зерленген бөрігін шешіп, басын иіп, иіліп еді бүкіл ел бір тізерлеп жапырлай отырған қалпы бас киімдерін алып, үн-түнсіз қалды. Тек даланың сары желі ғана ертерек ағарып, бозарып кеткен жауынгерлердің бастарын сипай сылайды.

Кәшке жан-жағына қараса бүкіл жұрт еңкілдеп жылап тұр екен. Бұл ауыр кезеңде бүкіл қазақтың үштен бірі опат болды, қайғы жамылмаған шаңырақ жоқ. Қасында тұрған дәу Сәмен батыр да, бауырлары да, әкесі де көз жастарын тия алар емес.

Бүгілген жұрт ұзақ тұрып қалды.

– Уа, асыл текті жұртым! Шейіт болғандарды о дүниеде алдарынан жарылқасын! Енді Алла тек бейбіт заман берсін! Бүгін – Жеңіс тойы! Енді осы ұлы шайқаста көзсіз ерлік көрсеткен қолбасыларымыз бен батырларымызға құрмет көрсетеміз.

– Сұлтан Әбілмансұр! – дегенде бүкіл дала:

– Абылай! Абылай! Абылай! .. десіп жаңғырып кетті.

– Аңырақай шайқасында Абылай хан атасының атын ұран ғып «Абылайлап» шапқан әйгілі сұлтан ғой!

– Төле би атамыз тәрбиелеп, бағыпты.

– Атадан ұл туса осындай болсын! – десіп бүкіл ел жапатармағай ортаға шыққан жас Абылай сұлтанды көруге ынтығып, дәріптей бастады.

Хан Абылайға сабы алтын алмас қылыш сыйлап, оң жақ тізесінен орын ұсынды.

Кәшке даңқын сыртынан сан мәрте естіген қазақ елінің марқасқа, біртуар перзенттеріне деген хан сыйлығын, халық қошеметін көріп таңдай қақты.

– Ақылдасқан азбайды, келіскен кем болмайды. Қиын-қыстау кезеңде дұрыс жол таңдауда өлшеусіз үлес қосқан қазақтың дана үш биі: Әз Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Алшын Әйтеке биді жаныма шақырамын, – деп хан әрқайсысына алтынмен зерленген жібек шапан жауып, сол жағынан орын берді.

– Жеңіс туын желбіреткен қаһарман қолбасшылар, баһадүр батырлар жасасын! Ортаға түменбасылар: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбайды шақырамын, – дегенде сарбаздар ұран шақырып, даланы жаңғырықтырды.

Оларды алтын ер-тұрманды мойындары қаздай тізілген арғымақтарға мінгізіп, бүкіл жиналғандар алдына салтанатпен жүргізді.

Екі көзі шоқтай жайнаған Кәшке бәріне таңдана қарайды. Ерекше көзге түскен батырларды жеке-жеке шақырып, сый-сияпат тапсыра бастады.

Жолбарыс Қайдарұлы, Қарақұл Тағаұлы, Қонақай Жанкісіұлы, Көкжал Бара Шөрекұлы, Өтеген Өтеғұлұлы, Саңырақ Тоқтыбайұлы, Қонақай Жақсылықұлы, Хангелді Сырымбетұлы, тағы басқа да батырлар Аңырақай шайқасында жеке дара ерлік көрсеткен билер, сұлтандарға да айрықша ілтипат білдіріп жатты. Үш жүздің ардақтылары мен салмақтыларына жан-жанымен, рет-ретімен орын ұсынды.

Әсіресе, Кәшкенің есінде мәңгілік қалғаны әз Төле бидің айтқаны болды:

– Жылқыдан асқан текті жануар жоқ. Жылқыны алғаш ауыздықтап, жуасытқан елміз.

Біз атқа мінбейік, қарымызға қылыш ілмейік, ешкімге босқа тимейік деп жүрдік, тып-тыныш боп көп жүрдік. Жоңғар деген оған болмады, жерімізге сұғын қадап оңбады. Іргемізден жау шықты. Қазақ біткен атқа қонды, қолына бес қаруын алды, – деп термелеп кетті дейсің. Әз Төле би сөзінің соңында елді Жеңісімен құттықтап, әрдайым бірлікте, ынтымақта болуға шақырды.

Той жұмадан жұмаға созылды. Көптен көрмеген, қиын-қыстау күндері ажырап қалған ағайындар бірін-бірі іздеп, табысып, мәре-сәре болып жатты.

Бұхар жырау, Үмбетей Қожаберген жыраулар бастаған ақын-жыршылар Ұлы Жеңіске жеткізгендерге өлең-жырларын арнады.

Түменбасылар – мыңбасы, жүзбасыларға жаудан түскен мал-жаннан бөліс беріп қайтарды. Бойдақ жігіттер мен батырларға жоңғардың әдемі қыздары ұсынылды.

Байтақ далада қайтып келе жатқанда Дәулет әкесі:

– Балам, біз Қарасай бабамыздан бері батырлық пен батылдық кетпеген киелі әулеттенбіз. Жаудан қайтпаған батыр болады. Батыр мың сан айлалы, әдіскер, шайқас жағын жете білетін, әділ шешім қабылдай алатын білгір болуы керек. Әне тойда сен балуандармен күресіп, бесеуін жықтың, біреуінен жығылдың, әдісің жетпеді, бұғанаң қатып, сүйегің жетілмеді. Әлі-ақ талай сайыс-күреске қатысып, бас бәйгені алатын боласың, – деді.

Оңтүстіктегі ел-жұртын жоңғарлардан азат етілген Қаратал мен Лепсі өзендерінің жағасына көшіріп әкелген соң Қарасай батыр ұрпақтары үлкен ас берді.

Сол астың үстінде әкесі өзінің үзеңгілес, қарулас досы Ботбай Сәмен батырға Кәшкенің өкіл әкесі болыңыз деп қолқа салды. Бұрыннан қарасып жүретін Сәмен батыр мен Кәшке әкелі-баладай бірге жүрді, өрісі де, қонысы да қатар болды. «Жау келіп қалды!» десе шайқасқа бірге аттанды.

Келер жылы Самарқандағы кіреші-керуендерден шеберлер шақыртып, Кәшкеге сауыт, бес қаруын жасатты. Олар келер жазда сәл үлкенірек демесеңіз, Кәшкеге арналған демесеңіз, бүкіл сауыт-сайманын, бес қаруын түгел әзірлеп әкелді.

Шайқасқа шығатын және көкпар, аңға шығатын екі ертоқымды Іле бойындағы ершілерге жасатты. Ер жігіттің астындағы тұлпары да, ертоқымы да берік, мықты болуы керек. Он жетіге толар-толмаста Кәшке алғашқы шайқасқа қатысты.

Абылай хан Кәшкеден жеті жас үлкен еді. Кәшкенің қалған ғұмыры Абылайдың жанында, Абылайдың ақ туының астында өтті. Ол жасынан жетім өсті, кемеңгер Төле би тәрбиелеп, қатарға қосты, аты Сабалақ болды.

Қазақтың бірде-бір ханы Абылайға дейін де, одан кейін де мұндай шексіз билікке ие болып, халық құрметіне бөленген емес.

Жоңғарияны жеңіп, 1743 жылы бейбіт келісімге келеді. Енді Цин империясы күшейіп, қытайлықтар қазақ жеріне қайта-қайта басып кіре берді. 1756, 1858, 1760 жылдары қытайлықтар шабуылы болды.

Бұл жорықтарда алдымен жүзбасы, кейін мыңбасы болған Кәшке батыр атанып, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты болып, қаһарланса қар жаудырардай өте ірі денелі, кесек бітімді, алғыр да өжет әрі әдісқой майдангер болып қалыптасты.

Оның әсіресе ерекше бір көзге түскені қазақтың ата жауы – жоңғарлардан кек алатын сәтте соғыс жағдайын ерекше жақсы білетін батылдығымен даңқы шықты.

Бұл 1771 жылы Поволжьедегі қоныстанып қалған 30909 немесе 180 мың қалмақ өздерінің ата жұртына көшті. Көшті мыңдаған мұздай қаруланған жауынгерлер күзетіп, қоршап жүрді. Қазақ даласынан жетісімен тез әрі білдірмей өтіп кетеміз деген дәмесінің рәсуасы шықты. Сан жылдаған қасірет-қайғы әкеліп, қаншама адамды қырғынға ұшыратқан ата жауына көкжал батырлар мен сарбаздар бүйірден бүйіден бүре түсті. Олар күтпеген жерден шабуыл жасап, көштің бір бөлегін бөлектеп, қырып тастап, қайта көрінбей кетіп жүрді. Әсіресе Кәшке бастаған қол жер жағдайын өте жақсы білгендіктен түнде шабуылға шығып жүрді. Әбден сілелері қатып шаршаған қалмақтар қалың ұйқыға кетті-ау дегенде есін жиғызбай ұрандап қолға түскен қыз-келіншек, бала-шаға демей тұтқындап алып кетіп жатты. Қапырық жазда қалың шаңға көмілген ұбақ-шұбақ қалмақ көші әбден есеңгіреп, тек 11198 түтін ғана атақоныстарына әзер жетті. Бұл көш «Шаңды жорық» деп атанып, аман жеткендерден бүгінгі қалмақтар тарады.

Ал, тұтқынға түскен қыз-келіншектерді сарбаз, сардарлар әйелдікке бөліп алды. Бала-шаға, тұтқындарды ру-руға бөліп жіберді. Олар сол руларға сіңіп, ассимляцияланып, қазақ болып кетті.

Осындай ұлан асыр шайқаста Қойгелді Сартұлы (1702-1795) батыр мен Кәшкедей ердің іс-қимылы елге аңыз болып тарады. Қойгелді батыр ағасының жанында Кәшке сан түрлі жорықтарға қатысты.

Кәшке батырдың айбыны асқан шайқастарының бірі Жетісу өңірін қырғыздардан азат ету соғысы болды. Қырғыздар Жетісуды жаулап, сонау Шу, Таласқа дейін қоныстанып алған.

Осы жеңістен кейін Кәшке батырды Қастек өзенінің бойындағы бекіністе мың сарбазымен шекарада ұстады. Қырғыздар осыдан кейін ғана Алатаудың теріскейіне көз салуды доғарды. Барымта-сыдырымта тыйылды, бері қарай аспайтын да, баспайтын да болды.

Бекініске Кәшке батыр өзі жасатқан сексен құрсаулы, тоқсан баулы байрағын іліп қояды екен. Туды ешкім де көтере алмайды, тек жау шапқанда Кәшке өзі көтеріп, Суықтөбенің үстіне шығып, «Қарасай! Қарасай! Қарасай!» деп айқайлап ұрандағанда талай майданда бірге болған мың сарбаз серігі шауып жетеді екен. Бұл туды кейін ұрпағы, ерлігімен даңқы шыққан Сұраншы батыр ұстаған. Сауыт-сайманын да Сұраншы батыр киіп, жауға қарсы шапқан.

1913 жылы Верныйда өткен Романовтар әулетінің 300 жылдық мерейтойында Мақыш балуан Райымбекұлы Кәшке батырдың сауыт-сайманын киіп, айбалтасын ұстап суретке түскен. Орыстар көрмеге қоямыз деп Петерборға алып кеткен деседі.

 

*   *   *

 

Малын қайтарып, барымташыларын босатып жіберіпті.

Біздің қой көгендеп келгенде бересің деп кесім жасайды. Екі баласы елде. Бұрындары біреудің әйелі ұл тапса «Е-е, Кәшкедей батыр туды дейсің бе?» – дейтіні бар.

Бір байдың адамдары барымтадан қолға түсіп, Кәшке 500 бас қой көгендеп, өңкей арық-тұрық, қозы-тоқтыларын айдатып жіберіпті. Кәшке шарт ашуланып өзі әлгі байға келсе, ол сөзге ұста, ділмар екен.

– Батыреке, аттан түсіп, сыбағаңызды жеңіз. Сіздей ірі адамға уақ жан үшін араласу кішілік емес пе! Кісілігіңіз мол, даңқыңыз алты алашқа кеткен хан Кәшке батыр емеспіз. «Оразаның отыз күннен кейін айты болады. Барымтаның басы қатты, қырық күннен кейін қайтымы болады» деген емес пе? – дегенде Кәшке сөзге жығылыпты.

Кәшке хан болыпты. «Хан Кәшке» деп атаулы бір қысқа жақын Абылай Әділ атты ұлын осы өңірді басқаруға жібермек болғанда ол ауырып Көкшетауда жүре алмай қалады. Одан қыраулы қыс түсіп кетеді. Сол кезде хан ақылдасып, Абылай Әділ келер жазға барғанша елді уақытша басқаруды Кәшке Дәулетұлына табыстайды. Әділ бір жылдан асқанда барып ханға Жетісуға келгенше Кәшке ел-жұртты басқарып тұрады.

Кейін үлкен мәжіліс, атақты адамдар бас қосқан алқалы жиындарға қатысты, дауды шешіп, келелі ой айтар ел ағасы атанады.

 

*   *   *

 

Тайторының Жарылғап атасынан Асан деген кісі бірде Қарақыстақтағы Кәшкенің көктеуіне рұқсатсыз көшіп отырып алады. Кәшке жерді босатып, оған өздері өтіп кетеді.

Кәшке мұны естіп қаһарланып ердің құны – 40 түйе, 40 жылқы, 40 сиыр, 500 қой. Бір аптада әкелмесе қанға-қан деп елші жібереді.

Асан елі сасып, бір түнде Текестегі Албан нағашыларына көшіп кетеді. Сонда жүріп Асанның елге сәлем айтқаны мынау екен:

 

Текесте көп өседі тал мен қайың,

Күн сайын еске аламын

елдің жайын.

Өлмеген күн көрісер деген сөз бар,

Көп ойлап жылай берем апатайым.

Хан Кәшкенің газасына

қалғаным-ай,

Қолыма долы құрық салғаным-ай.

Өксумен, сағынышпен

өтіп жатыр,

Елімді көрсем деген арманым-ай…

 

Бұл ұзақ өлеңнен үзінді ғана.

Асан балалары тек 1903 жылы ғана еліне көшіп келді.

 

*   *   *

 

Кәшке батыр 1793 жылы қайтыс болып, Есқожа бабасы жатқан жерге жерленген. Бұрынғы Сібір губернаторының нұсқауымен Жетісу жері, атақты адамдардың бейіт-қорымдары арнайы картаға түсірілген. Міне, сол арқылы «М.Кашка» деп көрсетілген бейіттен Кәшке батыр сүйегіне арнайы Мәскеу, Қазан қалаларында ДНК, ғылыми-зерттеу жүргізіліп, ол нақты Мырзабек Дәулетұлы Кәшке батыр екені анықталды. Бұл істе тарихшы-археолог Арнабай Нұржанов бастаған оқымыстылардың еңбегін ерекше атаған жөн.

«Тұлпардан тұлпар туады, сұңқардан сұңқар туады» демекші, Кәшке батырдың ұрпақтары арасынан елге құрметті, атақты адамдар көп шыққан. Сұраншы, Саурық, Сыпатай Саурықұлы секілді батырлар, Шапыраштының болысы болған Андас датқа есімдері елге аңыз боп тарап, ел-жұрты әрдайым мақтанышпен еске алады.

Кеңес Одағы кезінде Социалистік Еңбек Ері атанған педагог Құдыс Әпсеметов, генерал Сләм Әпсеметов, еңбек ардагері Амангелді Дымбаев, «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының президенті Қайрат Шәріпбаев, тағы басқа да елге белгілі тұлғалар көп.

 

*   *   *

 

Иә, биыл елі мен жері үшін қалмақтармен де, жоңғарлармен де, қоқандармен де, қытайлармен де, қырғыздармен де ғұмыр бойы шайқасқан Кәшке Дәулетұлының туғанына 300 жыл толып отыр. «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» демекші, батыр баба есімі мен ерлік ісін ұлтымыз ұлықтап, еліміз еске сақтай береді.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, Алматы облысының құрметті азаматы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *