КӨЗІНЕ – НҰР, ЖҮРЕГІНЕ ЖЫР ТҰНҒАН

Мерей
1 358 Views

Қыз да болса тең келетін мың ұлға,

Тым-тым ерте қош айтысты бір тұлға.

Алтын тойдың орынына қырқына

Келіп тұрмын, жүректі шер жұлқуда!

 

Есіміңді естуші едім сыртыңнан,

Арман қуып Алматыға ұмтылған.

Мырзашөлдің маралындай ерке едің,

Көзіне – нұр, жүрегіне жыр тұнған.

 

Естуші едім жазушының жары деп,

Қаламының қуаты мол, нәрі көп.

Қос қаламгер салған жылы ұяның,

Ойлап тұрсам елден ерек мәні көп.

 

«Бір журналист қарындасым бар екен,

Мен сыйлайтын жазушының жары екен.

Сол қызды іздеп барсақ төркін болып біз…»

Деп жүруші ек… Әттең, дүние тар екен…

 

«Әне-міне…» біз ырғалып жүргенде,

Бұл пәниден бақиға өтті ол демде.

Әттең-әттең ерте іздеп барар ек,

Жұлдызы ерте сөнерін біз білгенде.

 

Бірақ өмір – «Бір кем дүние» осындай,

Ғұмыр-дария жұлқына ағып жосылды-ай.

Кімге тастап кеттің екен, бауырым,

Мұңлық-Зарлық сияқтанған қос ұлды-ай.

 

Жалған дүние – тәтті талқан, бұл тірлік,

Мағынасын мансұқ ету – күпірлік.

«Тас түскен жеріне ауыр» деп жатамыз,

Қайғы жұтып және айтам: Шүкірлік!

 

Тағдыр сынын жүгіртпейік сан-саққа,

Қайғы жұтып, бата берме батпаққа.

Аманшылық тілеп келдік, уа, Заха,

Гүлзаданың ұлдарына – ұрпаққа!

 

Жан-жарыңмен бірге ашылған жүрек – гүл,

Сынбас үшін қаламыңды ал, білек түр,

Жүнжи берме, еңсе көтер, Гүлзадаң,

Елмен бірге Сенен соны тілеп тұр!

Боранбай ҚҰДИЯРОВ,

журналист, ақын.

Мақтаарал ауданы.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *