КӨЗ (ШЫТЫРМАН ОҚИҒАЛЫ ҚЫЛМЫС ХИКАЯСЫ)

Әдебиет
497 Views


(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Әр айдың соңында проректор – прораб келгенде ағасының қабағы ашылып, көзі жыртиып күлмең қағып, жырқ-жырқ күліп, ол берген сөмкені ашып, ішінен ораулы буда-буда ақшаларды құшырлана, асқан сүйіспеншілікпен лыпылдап, саусағын тілімен жалап қойып санап алып жатады. Түгендеп алған соң жатын бөлмедегі шойын сейфке аюша қорбаңдап барып, есікті ішінен кілттеп жауып алып, жасырып салып қояды.

Аңқылдаған прораб-проректор бұған сүйене келіп, халатының қалтасына қызылала пұлды салып жатып:

– Бұл сіздің сыбаға! – деп алтын тісін жарқырата күледі. Бұл күні ректор ағасы жайнап, лепіре сөйлеп:

– Бізде шаруа шашетектен, бауырым. Төрт жатақхана, екі корпус, колледж бәрін жылда жөндейсің, енді клуб, кітапхана құрылысын бастаймыз. Облыстағы жігіттерге айтып, сенің фирмаңа жаңа микрорайон салуға тендер алып бермекшімін. Бауырым, екеуміз әлі ақшаның астында қаламыз, – деп алтын тіс орынбасарының арқасынан қағып, мәз болып шығарып салды.

Жалғыз столда қорбайып отырып, бір бөтелке коньякті таусылғанша ішіп, көпіріп, лепіріп сөйлеп жүріп береді.

– Білесің бе, мен жаңағы жігіт екеуміз шетелде үй сатып алып қойдық, екі су жаңа иномарка машина Алматыдағы үйде тұр. Онымен бірге Канар аралына барып он күнге демалып қайтпақшымын – деп бөсіп, бар сырын жайып салды.

Адам бәрі-бәрін байлығымен сатып аламын деп жүріп, өзін-өзі сатып жібергенін аңғармайды. Құлқын-құлдық ұрдырады. Дипломатына ақшасын сықай толтырып, Астанаға барып қайтқанда тіпті күмпілдеп: «Министрдің есігін теуіп ашам, мынаны көргенде көзі жайнап кетеді» – деп мақтанып қоймайды.

Тамыз айында қала әдеміленіп, түрленіп кетеді. Ыстық аптап та емес, ызғар суық та емес, қыздың назды күлкісіндей жаныңды жадыратар самал баяу ғана еседі де тұрады.

Ректорды алып алтын тіс проректоры Канар аралына ұшқанда, Гүлжан поезбен Алматыға бет алды. Әнеукүні сабақтан соң алтын тістің кабинетіне арнайы барып:

– Аға, әкем қатты ауырып жатыр, барып қайтуға жол пұлым болмай тұр. Қарыз бере аласыз ба? – деп еді сөзге келмей қолына айтқанынан артық санап беріп:

– Сендей асыл қарындастан аяғанды ит жесін. Гүлжан сенің дария түбіндегі гауһардай жарқыраған бейнең қандай десеңші! Бүкіл институтта саған пар келер сұлу жоқ, нағыз перизатсың ғой. Жақсы қолға түскен кептер тоты болады, жаман қолға түскен кептер қотыр болады – демекші ағаң көп жұмсап, мазаңды алатынын байқаймын. Жә, ауылыңа барып қайтшы, папаңды дәрігерге жақсы-лап қаратқың, – деп және пұл ұстатты.

Алматыға жетісімен Райханды іздеп, тауып алды. Ол мұның алым-салымы шыққан сұрын көріп шошып кетті.

– Гуля, бұл шын сенбісің? Не болған соншама жүдеп-жадап, бітіпсің ғой – деп киген олпы-солпы арзанқол киіміне, азып-тозған түріне қарап қатты таңқалды. Өзегін өртеген ішкі шерін ақтара алмай, ләм-мим айта алмай тістенді. Ең үлкен жаңалық: Райхан сырттай оқуға ауысып, күйеуге шығып жатқан той үстінен түсті.

– Шөпиіп азып кетіпсің. Тойымызға жүр, – деп Талғардағы ағасының үйінде өткізіп жатқан шығарып салуға арналған кешке шақырды.

Есік алдына палатка құрып, Райханның оншақты құрбы-достары, күйеубаласы жақтан физкультура институтынан жеті жігіт, құда-құдағилар, ағайындары бас қосып, думандатты.

Ә дегеннен Гүлжанды елең еткізгені күйеу бала жақтан келген студенттер жалпақ бет, құлағы жымырылған, қымбат костюм, қызыл сым киген жігітті «Барон!» деп бірінші сөйлетіп, алдында қоғадай жығылып, әспеттегені таңдандырды.

Ол маңғаздана қарап, бәрі секіре билеп жатқанына қарамай Гүлжанға келіп, қолынан тартып, белінен ұстап, танго ырғағымен әңгімеге тартты.

– Сені бұрын көрмеген едім – дегенде дауысы ерекше гүрілдеп шықты.

– Иә, мен де студентпін. Сені неге Барон дейді?

– Бокстан чемпион болғанымда сондай атақ берген.

– Кім берді?

– Мықты спортшы жігіттер жиналып, «Сен біздің көшбасшымыз боласың, мәселелер шешесің» – деп бірауыздан осылай атады.

– Әнебіреу неге билемейді? – деп радиола жанында тұрған бақакөз, төртбақ жігітті көрсетті.

– Ә-ә, анау ма, ол Боксшы ғой. Арақ ішпейді, би билемейді, мешітке баратын молдамыз.

Райханды түн жарымы ауа ірі денелі күйеубала машинаға дейін көтеріп апарып, отырғызып алып, дүр-дүр етіп алды да кетті.

Барон Гүлжанмен үш-төрт мәрте билеп, дастарханда жанына отырғызып, келісімен алып қойған, қайтарда бірден жап-жаңа иномаркасын алдына көлденең тартты.

Гүр-гүр еткен дауысына лайық өте қарулы екен, жолда тоқтап күректей қолымен өзіне тартып, қыса сүйгенде тұншығып қала жаздады. Баронның екі бөлмелі пәтерінде ақыры қонып қалды.

Дүрия дүрмек күндер қайта басталып, Барон мұны ертіп алып түнгі клуб, мейрамханаларды тамашалатты. Қайда барса да шаштарын кірпікшешенше тікірейтіп қысқа алдырған жігіттер қарсы алып, тік тұрып алдында құрдай жорғалайды. Топ-тобымен жүрген спортшылар бірі келіп, бірі кетіп жеке шығарып, сыбыр-күбір етіп әлденелерді айтып жатады. Барон сызданып, кейде сұрланып жауабын доқ еткізіп қысқа қайырады. Қолтығында жүріп түрленіп, гүл өңденіп Гүлжан оны жыланша арбап, қайта шықпастай қақпаныма түсірдім-ау деп ойлаған. Бірде түнгі клубқа барғанда сүрмені аямай беті-көзіне жаққан суреттей қыз келіп, мұны иығымен қаға сыртқа итеріп, Баронды құшақтай алып, екеуі дүйім жұрт алдында еріндері қадалып, сүйіскенде қара жерге кіріп кетердей болып сыртқа жүгіре шықты. Анандай жердегі долана ағашына сүйене шөкелей отырып, қорланып көз жасын төгіп-төгіп жіберді.

– Сіз ренжімеңіз, жаңағы алайын деп жүрген жары ғой, – деді біреу иығынан түртіп. Бажайлап қараса бақа көз Боксшы жігіт.

– Сізді апарып таста – деп машинасын берді, – деп тұр. «Ә-ә, енді мына Боксшыға өткізіп, осымен бүгін түн жатсын. Ертең тағы біреуіне салып берер» – деп қорлана, ызалана жол бойы долданғанда көз жасы бетін сулап, әптер-тәптері шықты. Бір зәуілім қонақүйге алып кіріп, тоғызыншы қабаттан люкс бөлмені ашып:

– Гүлжан ертең кешкі сағат алтыда мына жерге келіңіз. Барон сонда Сізді күтеді, – деп тілдей қағаз ұсынып – Сау болыңыз – деп қайтып кетті. Барар жер, басар тауы жоқ, мейлі мына шомбал қарамен де болып, Бароннан кек қайтарармын-ау деген арам ойынан қысылды. Боксшы артық бір ауыз сөз айтпады, ешқандай емеурін танытпай алып келіп, салмақты қалпымен қоштасқаны қандай ірілік. Көрінгенге көз салмайтын осындай ұстамды күйеуім болса ғой деп қиялына ерік берді.

Сырты айқыш-ұйқыш жазу, өрнекке толы «Казино» деп жазып қойған әлеміш биік ғимараттың алдынан ертеңіне Боксшы күтіп алды.

Терезелерін тұмшалап жауып тастап, самаладай хрусталь люстралары жарқыраған кең залда жиырма шақты адам дастарханды төңіректей отыр. Қақ төрде қып-қызыл сым костюм киген сәңқой Барон, екі шетінде езулері жиылмай ыржаңдаған екі қыз.

– О-о, Гуля кел! – деп қасына шақырып, біреуін ары ысырып отырғызды.

– Мынау Гуля менің досым, ал мынау аты айдай Мәскеуден келген атақты әнші – деп қасындағы шашын қып-қысқа қидырған арық қызды таныстырды. Ал мына «Мисс Алматы» атағын алған періштеміз, енді оған «Қазақстан аруы», «Әлем сұлуы» деген атақты алып беруіміз керек. Өзі ЖенПИ-дің бірінші курсында оқиды – деп жаңа бұған орын берген ұзын сирақ арық бойжеткенді орнынан тұрғызып таныстырды.

Гу-гу, ду-ду би, ән, дастархан, төменгі қабатта қыз-қыз қызу казино ойындары…

Барон бұған қарар емес тырна сирақ, жылтыр бет мисс сұлуға өліп-өшіп шампан ішкізіп, қайта-қайта биге шақырып, мұны көзіне де ілмеді.

Терлеп-тепшіп сонымен екеуі жеке кетейін деп жатқанда:

– Ертең мен қайтамын. Әкем хал үстінде жатыр, – деп еді, Барон төс қалтасынан бір бума ақша ұсынды.

– Боксшы, мына қызға билетін алып беріп, поезына салып жібер, – деді де мұның бетінен сүйіп, екі беті алаураған мисстің құмырсқа белін құшақтаған күйі теңселе басып шығып кетті.

Шомбал танау Боксшы поезға люкс вагонға орналастырып, жол-жөнекей қажет деп жеміс-жидек, ас-суын купеге толтырып тастады.

Екі адамдық купеде сұлу мұрт, әдеміше келген жігіт екеуі сол мінгеннен Астанаға келгенше арақ ішіп, құшақтары айқасып, таңға жуық қана әбден сілелеп, қатып ұйықтады. Бұл үлкен мекемеде үлкен қызмет істейтін бір дөкейдің үлпілдетіп өсіріп отырған жалғызы. Гүлжан бұрынғы декан қазіргі ректордың көрсеткен қиянат-қорлығына қапаланып, өштесіп, енді басқаша ғұмыр сүруге бекінді. Сұлу мұрт серіге де әкесінің хал үстінде жатқанын қоштастарда айтып, қиналып жүргенін сездіріп еді, беті қайтпаған мырза жігіт қомақты пұл тастап кетті.

Өзінің жалдамалы бір бөлмелі пәтеріне келіп, енді бағы ашылмаған сорлыға айналып, баяғы қара аспан қайғылы күндері қайта оралады-ау деген ой жанын жегідей жеді. Арыстандай ақырған қаһарлы бұл Тұрсын маскүнем-нақұрыстың қақпанынан құтылар күн бар ма екен?..

– Гуляжан, біз келдік. Сен ешқайда шықпай пәтеріңде мені күт! – деп прораб-проректордың телефон шалғанына таңырқай үй-ішін жинастыра бастады. Шәй қойып, нан турап, дастархан жасап үлгермей жатып күнге тотыққан, толықсып жүзі балбұл жайнаған Прораб-проректор емен-жарқын кіріп келді. Бұрындары тымпиып келіп, қасқабас ректордың көзі тайса ішіп-жеп сұқтана қарап, тиын-тебеннен аз-маз омырауына тығып тастап кететін. Жігіт ағасы алтын тісін жалт-жұлт көрсете күліп, үлкен сөмкесімен азық-түлік ала кепті.

– Гуля! Саған алдымен арнайы алған сыйлығымды берейін! – деп мойнына алтыннан алқа тақты.

– Аға, не үшін? Ыңғайсыз емес пе?! – деп айнаға қарап тұрғанда артынан келіп құшақтап:

– Сені Ректор ағаңнан біржола құтқардым. Ол кісіге басқа жан күтуші болады. Ал, сен енді ол үйге жоламайсың, – деді .

– Шын ба? Шын айтасыз ба ағажан, – деп қуанғанынан құшақтап, күн сіңген бүйрек бетінен сүйіп-сүйіп алды.

– Кел, осындай жағдайларды жуып жіберейік, Гуляжан! – деп екі жүз грамдық екі стаканға лекілдете коньякты құйып: – Кел будершаф етіп ішейік! – деп екеуі тік тұрған күйі тамшы қалдырмай ішіп салды. Алып келген шоколадты бұған ұсынып, ал өзі қара уылдырықты қасықпен қарбыта асады. Бір-бір кесе шәй ішіп болғанша заһар суы басына шауып, қызып, дүние жарқырап жайнап, балбырап сала берді. Екінші стакан коньякты алтын тістің тізесінде отырып ішкені еміс-еміс есінде. Ояна кетсе үй-іші тастай қараңғы, сағатқа қараса түнгі үш. Қасында иленген терідей денесі түгел қап-қара күнге күйген прораб-проректор жатыр. Басы лықылдап, краннан суық су ішті де, уһлеп келіп алтын тістің жанына қайта қисайды.

Сол күннен бастап сол жыпылдаған пысық алтын тіске басыбайлы өткенін де байқамай қалды. Ол қала орталығынан екі бөлмелі пәтер сатып әперіп, ішін сыңғырлатып толтырып қойды. Түсте, кешке келіп, кейде тіпті қонып қап жүрді.

Алтын тістің есейген балалары қалада бизнес жүргізеді, бірнеше сауда орындарын ашып тастаған кексе әйелі бар.

Үшінші курсты бітірерде көп сабаққа қарыз болғанын алтын тіс ағасына сылап-сипап жеткізіп еді:

– Сол да сөз болып па! – деп мақтанып қойды.

Ертеңгісін қалта телефонымен хабарласып:

– Түстен кейін бірінші проректорға бар да зачеткаңды беріп кет. Бәрін тастай қылады, жаңа табыстап қойдым, – деді.

Бірінші проректор бұйра-бұйра ақшулан шашын сілкіп тастап, мойнындағы қызыл галстугін қайта-қайта түзеп отырып:

– Біз бәрін бітіреміз-ау… Сабаққа түк қатыспапсың бірақ… – деп ыңыранып креслосына шалқая жұмбақтай сөйлеп, тесіле қарады.

– Аға, біз де сіздің көңіліңізден шығармыз, – деп емеурінін ұғып, жайтаңдай күлді.

– «Көке» де. Мен Оңтүстіктің қазағымын. Енді сіздің көкеңіз болайын онда.

– Көке, бәрі-бәріне келісеміз, – дегенде анау орнынан тұрып кетті.

– Бәрекелді! Өте дұрыс айтасың. Бәрекелді! Бүгін кешке, жоқ қазір анау қарсы көшенің бұрышындағы «Гауһар» дүкенінің жанында күте тұр, алып кетемін, – деп қуанып, шашынан иіскеді.

– Көке, күтемін. Сізді күтпегенде кімді күтемін – деп зачеткасын тастап, бұлаң қағып, бірінші проректордың көз құртын жеп шығып кетті.

Балпиған ректор шала мас күйінде осы екі орынбасарын шақырып, қағаздарына қол қойып беретін. Шәй дайындап, күтіп жүрген бұған:

– Әй, қатын, портфелімді әперші, көзілдірігім қайда? – деп еліктің құралайындай көзі жәудіреп, қорқып тұрған мұны «Әй, қатын!» – деп дағдыланып, аналардан қысылмай балпылдап айта беретін. Намыстан жарылардай өрттей қызарып, қипақтап тұрған бұған аналардың ұрлана көз тастап, мүсіркей қарайтынына қысылатын.

Бірінші проректор көкесі тек күндіз ғана бір орыс кемпірінің үйінде кездесіп, арақ-шарап ішпей, бір-екі сағат қана болып, тез қайтып кететін өте сақ кісі болып шықты. Үсті басы тап-таза, ақ жейдеге әдемі алажабақ галстук тағынып, француз әтірін себініп, сымының қыры пышақтай ол көп артық сөзге жоқ. «Бір жан бұл ісімізді біліп қоймасын, өмірі тісіңнен шығарма» – деп таптап-таптап айта береді.

Қолы көп те тие де бермейді, айында екі-үш мәрте кездескеніне мәз. Оның есесіне Алтын тіс ашқарақ бұзаудай жалақтап, күнара келіп тұрады. Сараң көкедей емес, дариядай жомарт, қалағанын алып беріп, үлде мен бүлдеге орап тастады.

Жаз ортасында Астанадағы үлкен жиынға Ректор екі орынбасарын бірге алып кетті. Көкесі мен Алтын тіс бұл сапарға өте қатты дайындалып, арнайы екі машинаны толтырып анау-мынау алып, өздері шырттай киінді. «Министрді қонақ етпекшіміз. Бізді таныстырады» – деп прораб-проректор бар сырды жайып салды.

Бір жұма жүріп олар өте көңілді оралды. Министрді достарымен алғаш жиыннан соң қала сыртында көл-көсір дастархан жайып, меймілдете күткен. Одан әрі Қорғалжын жаққа апарып, әбден разы етіпті. Өзімен бірге ертіп ала шыққан студент баласына «Мінгізген ағаларыңың жүйрігі» деп ректордың айтуы бойынша екеуі екі буда доллар бергенде, ішімдіктен мүлдем аулақ министр:

– Жүз грам ақтан алайын. Осындай алтын кадрларыңмен таныстырғаның үшін! – деп түйенің көзіндей рюмкемен ішіп салыпты.

Күзге қарай екі проректорды Астанаға жиі-жиі шақырыстап жүріп, екеуі бір күнде бұйрық алып келгенде Ректор жылап жіберді дейді. Алтын тіс – министрлікте шаруашылық жағын басқаратын қызметке, ал Көке – көрші облыстағы пединститутқа ректор болып тағайындалып, айды аспанға шығарды.

Алтын тіс ағасы мұның үйінде бір бөтелке коньякты ашып, біраз құпияны айтып, қуанышын жуды.

– «Сендерді министрмен таныстырған өзім оңбаймын. Енді кіммен жұмыс істеймін?» – деп ректор шашын жұлып, столды тоқпақтады. Саған жаным Астанадан үй әперіп, көшіріп аламын, – деді Алтын тіс ақтарылып.

– Мына қасқабас айдаһар Ректордың тырнағынан мені қалай құтқардың? Жаным сол үшін саған өле-өлгенше борыштармын – деп еді, масаң тартқан ол алтын тістерін жарқырата көрсетіп:

– Бұл алқашты қатырдым. Білесің бе, оның Алматыдағы дачасы менікі. Канар аралына демалуға әлгі сары шаш хатшы қызды ала барғанбыз ғой. «Мынау нағыз хор қызы, сап сары алтын ғой. Мүсінін қарашы. Ал, ана қатын қураған ағаштай болып азып барады» – деп сені жамандай бастады. «Ой, ол қыз жаман ауру екен ғой» деп едім, селк ете түсті. Тәптіштеп сені де, әкең де жаман жұқпалы өкпе ауруымен ауыратынын айтып едім, шошып, шоршып кетті. «Енді оны маған жолатпа, көрсетпе!» – деп біржола безінді.

Өзін көтермелеп, қолпаштап жүрген әкесіндей жақсылық жасаған Ректорға осындай сұрқия нәрсені алдап айтқан Алтын тіс жылмақайдың қулығына құрық бойламайды. Бас пайдасы үшін бәрін сатып, ойлап таппайтыны жоқ зәлімдігін ұғып, жаны суыды. Айына бір-екі мәрте ғана Астанаға жасырып шақырады.

– Министріміз қатал әрі ақылды. «Менімен бірге жарасып жұмыс істеймін десең бөтен қыз-келіншектен және арақ-шараптан аулақ бол. Бұл екі әзәзіл жүрген жерде іс оңбайды. Егер қыңыр-қисық жүрісіңді сезіп қалсам қуып шығамын» – деп қатты ескертті. Ақырын осылай жүре тұрайық, кейінірек көшіріп аламын, – деп көлгірсігенінен бәрін ұқты.

Көкесі де көрші қалаға ректор болып ауысқан соң үшті-күйлі хабар-ошарсыз.

Көрінген көк аттыға көз салатын баяғы жыртық көңіл, жамау киімді Гүлжан емес, тісқаққан шалқып жүріп, қалқып ішуге әдеттенген, еркектің өзіне емес қалтасына қарайтын Гуляға айналған.

– Мәскеуде, Қазанда филиалым бар. Мұнай, ағаш өңдеу сияқты көп нәрсемен айналысамын – деген бизнесмен татар жігітімен тұзы жарасып, үш жыл бірге тұрды, онымен талай-талай шетелді көрді, жұмақ дейтін курорттарда сайрандап, қызық дәуреннің дәмін татты.

Өзінен екі жас қана үлкен татар жігіті өткір әрі пысық, қалада базар, дүкен, асханалар ашып тастады. Гүлжан базарға барып, алқын-жұлқын қайнаған ортаға шыдай алмай, жарты жылда өзі де сол базар сатушыларындай кір басып бара жатқанын аңғарып асханаларға қожалық етті. Қайда жүрсе де елдің ынсабы жоқ, бір-бірін алдайды, арбайды. Бәрінің көзі шелденіп, тек ақшаға ғана құмартып, басқаның бәрін тәрк етіп жатқан жаңадан пайда болған алыпсатарлардың небір сұрқия, айлакер әдеттерінен шошиды.

– Біз неге үйленбейміз, осылай жүре береміз бе? – деп сұраса, татар бизнесмен жігіт:

– Біз қазір азаматтық некедеміз. Бүкіл әлем жастары осылай бас қосады. Бір-бірімізге артық салмақ түсірмей, әбден үйреніп, бауыр басқанша осылай жүре тұруымыз керек, – деді.

– Бала сүйіп, отбасы құрсақ дегенім ғой, — деген Гуляның арқасынан қағып:

– Асықпа жаным. Бәрі рет-ретімен болады, — деп әңгімені біржола тоқтатады.

– Ұзақ күтсек – махаббатымыз суып қалады ғой.

– Сен қызықсың. Махаббат деген – жан ауруы, миы осал, жүрегі нәзік, қиялшылдардың ойлап тапқан нәрсесі. Ең алдымен – өмір сүруге қажетті бар нәрсені жасап алуымыз керек.

– Онда мені мына сауда-саттықтан құтқар, өзім де олпы-солпы сол саудагерлердің бірі болып жатырмын.

Татар жігіті сөзге келген жоқ. Мәскеуде үш айлық курсты оқытып, сұлулық салонын ашып берді.

Министрі араб елдерінің біріне елші болып ауысып, Алтын тіс үлкен компания бастығы болып сонымен бірге кетті. Баяғы саған әпердім деген үйі шоферінікі екен, ол да оны дереу сатып, ешқайсысы бұған қош-сау бол деуге жарамады.

Алтын тіс жырбаңдап телефон соқпағалы жылдан асқан, ал кездеспегелі екі жылдың жүзі болды.

Екі орынбасары басқа қызметке көтеріліп кеткелі, Ректордың бүкіл жұмысы қожырап, өзі үйден шықпай ішуді үдетіп, мәңгіріп ес-түссіз дөңгелеп жататын маскүнемге айналды. Тексеру келіп, у-шу болып, көптеген былық-шылықтары шығып, қылмысқа тартылып кете жаздап, жиған-тергенін үйіп беріп, әзер құтылды. Қызметінен қуылып, Алматыдағы баяғы декан орнына әрең жетті. Бәрінен де жанына аяздай батқаны оны көшіріп әкетуге келген баласы мұның телефонын тауып алып:

– Оңбаған салдақы! Ауру шешемді Алматыда әдейі қалдырып, мына алтындай әкемізді осында алып кетіп, бар тапқан-таянғанын тонап алып, алқаш қып жібердің сен сұмырай! Менен он жас кіші бола тұра, алпысқа келген әкеме қалай қатын болдың сен кәззап!. Ендігәрі әкеме жоласаң ажалың менен! – деп аузына келгенді айтып, есін шығарды.

«Жығылғанға жұдырық» дегендей татар жігітпен айқасып ұйықтап жатқанда есікті тарсылдатып, қоңырауды безілдетіп екі адам түн ортасында өрт сөндірердей ашуланып кіріп келді.

Бизнесмен шошып, қатты састы. Екеуін отырғызып қойып, сары таңға басына шашақты орамал таққан әйел тоқтамай сарнап, жер-жебірлеріне жетті.

– Мен мынаның некелі әйелімін, үш баламыз бар. Қазанда тұрамыз. Мынау менің ағам, прокуратурада істейді. Бұл қашқын, құзғынның басқаға үйленіп алғанын біліп берген осы бауырым! – деп екеуі оның бұл қаладағы бар дүние-мүлкі, бизнесін түгел әйеліне ауыстырып жазғызып, нотариуске бекіттіріп алды.

Гүлжан ол үйден сымпиып, өзінің көйлек-көншегі тола сөмкесін ғана алуға әзер мұршасы жетті. Әншейінде қоқырайып жүретін Бизнесмен әйелінің ағасынан өлердей қорқып, айтқанын бәрін жасады.

– Сенің Мәскеуде де бір әйелің барлығын да анықтадым, ол жақтағы байлығыңды тығып, жасырып қойыпсың, айтпады деме түрмеде шірітемін. Сенің қорлығың әбден өтті. Енді Мәскеуге барамыз, – деп әбден жауығып өшіккен долданған әйелі мен прокурор қайнағасы мұны мұрнын тескен танадай жетектеп жүріп бар дүние-мүлкін қаттап, сыпырып-сиырып өз аттарына жаздырып алды.

Барар жер басар тауы жоқ Гүлжан опынып, ақыры амалсыз Алматыға қайта келді. Кең қолтық шаһар ішінде жұтылып, не істерін білмей, жиған-терген алтын-бриллианттарын ломбардқа өткізіп, арзанқол пәтер жалдады. Жұмыс іздеп, сұлулық салондарын жағалады.

Шашын жөндетіп жатып, ашық-жарқын Жаннамен танысты. Күйеуі дүркіреген қаладағы полиция бастықтарының бірі. Астында машинасы бар пысық келіншекке екеуі бөлек осындай бизнес орнын ашсақ деп айналдырып, жөн-жоспарын құрып, көндірді-ау… Тек бұл істерін жүргізіп кетуге қаржы керек.

Ақылдаса келіп, қаладағы жарнамасы күшті дәуірлеп тұрған он бір қабатты әйнек үйдегі банктен кредит алуға бекінді.

«Өлмегенге өлі балық» демекші тауы шағылып, қалтасында көк тиыны жоқ, үмітсіз шайтан деп жалтыраған айнадай таза әйнек үйге жүрегі дүрсілдей соғып, әзер кірген Гүлжанның құжаттарын тексерген мойнына қызылала орамал байлаған тақылдақ қыз: — «Кредит алу үшін кепілге қымбат дүние-мүлік, үй-жай қоюыңыз керек. Оныңыз жоқ болса түк бере алмаймыз» — деп тақ-тұқ етіп, әңгіме бітті деп түрін сазартып: – Бара беріңіз, — деді.

Сүметіліп орнынан тұрып, сүйретіліп кетіп бара жатқанда қарсы алдынан Жарас жарқырап шыға келгені…

– Гуля! Гүлжан! Қайдан жүрсің? – деп алтын жиекті көзілдірігі жалт-жұлт етіп, үстінен француз әтірі жұпар шашып, сәл-пәл толысқан, дауысы да бұрынғыдай шіңкілдемей сәл-пәл жуандаған, инеден жаңа шыққандай үр жаңа киім киінген ол бірден:

– Жүр, маған барып сөйлесейік, — деп оныншы қабатқа көтеріліп, бұрыштағы жеке кабинетіне ертіп апарды. Кіре берісте көзі шалып қалды «Банк бастығының орынбасары Жарас Нұрманов» деп алтындап есімін есігінің шекесіне жазып қойыпты.

– Гуля, иә, қалің қалай? – деп төрдегі креслосына жайғасқан соң бұған құштарлана сынай көз жүгіртті. Ар жағында іркес-тіркес төрт-бес телефон шылдырлап маза бермеді.

– Кредит алайын деп… Бизнес ашсам ба деп… – деп кібіртіктеп жөнін жөндеп түсіндіре алмай тұтығып қалды.

– Гуля! Мұнда дұрыстап сөйлесе алмаспыз. Кешке кездесейік, – дегенде үкідей ұшып кете жаздады. Баяғыда мазақ етіп, қуыршақша алдап, ойнаушы еді. Адам бақытты екенін сәтінде біле бермейді, жоғалтқан соң аһ ұрып, баяғы сәттерін аңсайды-ау.

Гүлжан кешті тағатсыздана күтті. Жорж-Жарасы үйленіп қоймады ма екен? Үміт пен күдік араласып, басына қонайын деп тұрған бақтан айырылмауға тастай бекінді.

Медеу шатқалында оншақты киіз үйлер тігіліп, жаз бойы мейрамханаға айналады. Соның шеткісін таңдап алған Жарас екеуі сықылықтай күліп, түннің бірқауымына дейін емін-еркін отырды.

– Жорж, сен үйленіп қойды ма деп қатты қауіптендім, – деп Гуля қылымси қылықтанды.

– Тек сені ғана іздедім, қыз біткеннің бәрін сенімен салыстырамын да, біреуі де көңіліме жақпады.

– Жорж, мен сені екі-үш рет іздеп келдім ғой. Райханның тойына қатыстым. Ұшты-күйлі хабар-ошарсыз жоқ болып кеттің.

– «Болашақтың» грантымен магистратура бітірдім, артынан доктарантура оқып, пейдж-доктор атағын алдым. Өзің бірінші курсты бітер-бітпесте қайда қашып кеттің? Іздемеген жерім қалмады.

– Әкем қатты ауырып… ауылға бардым… Кейін бәрін-бәрін айтамын, Жарас! – деп еркелей басын жігіттің иығына қойды.

Алматының ғажап жан толқытар шамдары самаладай жарқыраған түндерде екеуі қол ұстасып, кейде қолтықтасып сап түзеген сәмбі талдар аясында әңгімелесуден жалықпады. Жарас қыздың сыңғыр қаққан үніне мастанып өзі жайлы бәрін жайып салды.

…Айнаға қарап отырып Гүлжан әппақ маңдайында құмырсқаның ізіндей бір сызат түскенін байқап, үсік шалған гүлдей бір күні солып қалармын-ау деп шошынды. Жоржиктің түп етегінен мықтап ұстап, ынтазарлығын арттырып, отқа салған темірдей балқытты. Аста-төк сезімі шалқыған жігіті есіл-дерті түгел кетіп, қалай үйленіп қойғанын да аңғармады. Махаббат – тағдыр, махаббат – лаулаған өрт, махаббат – айықпас дерт. Ол құштарлықты оятып, құлпыртып жібереді. Жарас езуі жиылмай, бақыттан басы айналып, гүл-гүл жайнап жүрді.

Гүлге жабысқан арадай ғашық болып ынтығып, алып-ұшқан банкир жігітке айға жетпей тұрмысқа шықты.

«Қазақстан» қонақүйінің қызыл залындағы ресторанда сенбі күні тойлары өтті.

Гүлжан өз жағынан баяғы курстастарынан төрт-бесеуін шақырды, бәрі үйлі баранды, балалы-шағалы. Райхан күйеуі екеуі сонау алыстағы ауылдан бір баласын көтеріп, аяғы ауыр болса да арнайы келді.

Жаннаның күйеуі көз тоятындай сымбатты жігіт Жарастың генерал әкесімен танысып, сол кісіге үйірсектеп жай костюм-шалбар киінгенімен ылдым-жылдым жүретін полицей қызметкері екені байқалып тұрды.

Банк бастығы той басталып кеткенде ырсылдаған толық бейбішесімен кешігіп келіп, төрде отырған мұның қолын сүйді. Жасы келіп қалған әукесі салбыраған шашы әппақ қудай қарынды жуан кісіні Жарас өзі «Біздің банктің бастығы» — деп елбіреп қарсы алып, әкесіне таныстырып, сол столға отырғызып қайтты. Жылмия күліп, бұған сұқтана қараған сұп-суық мұздай етті ернімен былжырай сүйгені, Жоржигіне тәкаппар астамсып қарағанын жақтырмады. Әсіресе Боксшыны көргенде жүрегі зірк ете түсті.

– Біріншіден бастап бірге оқыған спортшы Боксшы, тоесть Ахмет деген кластасым – деп Жоржигі езуі құлағына жетіп жетелеп әкеп таныстырғанда ол салқынқанды, мізбақпай сыбырлап қана өзін және жанындағы орта бойлы тығыншықтай келіншегінің атын атады.

Былай шыға бере «Бұл Боксшы кез-келген машинаны ойыншықша шашып тастап, қайта жинайтын шебер, СТО-ның механигі» – деп құлағына сыбырлады. Ақырын бұрылып байқаса соңынан бұған тесіле алакөздене қарап тұрғанын көріп, бойы тітіркенді.

– Алғашқы беташар сөз генерал, замминистр, алты алаштың ардақтысы, қорғасындай салмақты Нұрманов ағамызға беріледі, – деп тақылдаған асаба жариялағанда, жиылған дүйім жұрт сілтідей тыныштала қалды.

– Қарақтарым Жарас – Гүлжан! Бүгін өшкенім жанды. Жарастың марқұм шешесі әттең бұл тойды көре алмай кетті. Жарас – менің жалғыз тал ұлым, мұрагерім. Мектепті алтын медальмен, университетті қызыл дипломмен бітіріп, «Болашақпен» шетелде оқып, пейдж-докторы атағын алды. Енді Гүлжан екеуің маған немере сүйдіріп, тату-тәтті өмір сүріңдер! – дегенде бәрі ду қол шапалақтап, орындарынан тұрып кетті.

Гүлжан әке-шешесін, туыстарынан ешкімді шақырмады. Әбден маскүнемдіктен азып-тозған оларды көрсетуге арланды. Төрт іні-қарындастарын детдомға өткізіп жіберіп, өздері кәдімгі көше кезіп, бомж болып кеткен алқаштар.

Астанадан генерал Нұрманов бір топ дос-жарандарын, кілең шенді әскерилерді ерте келіп, төрде дуылдатып, «Ура, Ура, Ура-а-а-а!!!» – десіп айқайлай орындарынан қайта-қайта тұрып, стакандарын сыңғырлата соғыстырып жатты.

Ташкенттегі Жарастың өзбек жездесі мен әпкесі ұшып-қонып тойдың барлық машақатын көтеріп, жүгіріп жүріп қызмет етті.

Банк бастығының төрт орынбасары да жасы кексе тартқан әйелдер болып шық-ты. Араларында жасы тек Жарас қана.

Гүлжандар ию-қию би басталғанда ортаға курстастарымен кезек-кезек шығып билеп, бір кезде өзі барып вальске Боксшыны шақырды. Жоржигі оның тығыншықтай келіншегімен биледі.

– Барон қайда? – деп сыбырлай сұрағанда:

– Оның Дубайда, Испанияда үйлері, саяжайлары бар. Жаз бойы отбасымен сол жақта тұрады – деді де бұған алақандай көздерімен қадала қарап: – Жарас өте жақсы адал жігіт, кластасымды алақанға салып аялай біл. Мұндай жан өте сирек, қызыл кітапқа жазылатын тұлға ол, – деп дауысын қатайтты.

– Әрине, әрине! Жоржигімді ешуақ жерге қаратпаймын!

– Көресің ол алысқа барады. Министр де болады. Тек алған жары жақсы болса болды!..

Бір пәле келсе осы бадырақ көз Боксшыдан келеді-ау деген қауіппен әңгімені басқаға бұрды.

– Балаларыңыз бар ма?

– Екі ұлымыз өсіп келеді, келіншегімнің аяғы ауыр. Мен де тұттай жетіммін ғой, деттомда өстім. Сенің де ешкімің жоқ екенін бүгін білдім. Қайтеміз, енді біздің парыз – ұрпақ өсіру, оларға жоқ-жетіспеушілікті көрсетпеу.

Үш жүз адам түннің біруағына дейін «Қазақстан» қонақүйінің астында у-шу болып, асып төгілген дастарханнан тоя жеп, сілтей ішіп, терлеп-тепшіп селкілдеп билеп, рахаттанып, думандатып тарасты.

Ертесіне жұмысына асыққан генерал әкесі:

– Енді осы үйден бөпенің үнін естиік! Үбірлі-шүбірлі болыңдар.

Немеремнің қуанышына келейін! – деп ақ батасын беріп, ақжарылғап тілегін айтып аттанып еді. Жоржик екеуі аэрапортқа дейін шығарып салғанда қоңыр қарабарқын дауысымен ақыл-кеңесін айтумен болды. Генерал Нұрманов оқыған-тоқығаны мол, жаны жайсаң парасатты жан екеніндігін ә дегеннен танытты.

– Жарас, Гүлжан! Сендерден аяр ештеңем жоқ. Міне, жалғыз тал ұлымды үйлендіріп, көңілім патшадай шалқып кетіп барамын. Бір-біріңді сыйлаңдар. Бұлтсыз күн мәңгілік болмайды, анау-мынау реніш болса тез ұмытып, татуласуға тырысыңдар. Әлемде татулық заңы бар. Керек кезде адамдар бір-бірін іздейді. Мен – асып шашпай, өз өрісіме қажет адамдарды ғана жинаймын. Міне, сендер сүйіп қосылдыңдар. Бұл Жарасқа марқұм шешесі, әпкесі бәріміз қанша қызды көрсетіп, таныстырмақ болдық. Бәрінен де қашып, жоламай қойды. Екеуің ғашық болып, бәленбай жыл асыл махаббатпен бір-біріңді іздеп, жүрек әмірімен үйлендіңдер. Алға мақсат қойыңдар да, оны орындауға тырысыңдар. Бүгінгі күнмен өмір сүріңдер. Бақыт дегенің – тәтті, сәтті өмір емес пе? – деп ақ батасын берген қайын атасының айтқандарына тәнті болды.

Ен байлыққа күмп ете түскен ол бірден сұлулық салонын ашты. Әне-міне дегенше екі жыл зулап өте шығыпты.

Ең қиыны – генерал Нұрманов қайынатасының кенеттен қайтыс болғаны бұларды қатты тұралатты. Жоржигі екеуі дереу Астанаға ұшты. Оркестр қаралы марш ойнап, қалың генерал, әскерилер шерулетіп салтанат-құрметпен күңіреніп, бейіт басында автоматтан оқ атып, атақтылар ақтарыла сөйлеп, қала сыртына жерлеп қайтты. Жас топырақ жапқан бейіті азагүлдерден көрінбей қалды.

Күйеуі әкесі қайтыс болғаннан кейін есін жия алмай, есеңгіреп кетті.

«Жығылғанға жұдырық» дегендей бастығы мұның жұмысынан кінә тауып, қылмысқа барды деп, заң орындарына тексертіп, ақыры орынбасарлығын босатып, жай қызметке әзер қалдырды. Әкесінің бір жолдасы көмектеспесе, тіпті жауапқа тартылып, сотталып кетуі де кәдік еді.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері,

«Әділет. Рухани жаңғыру»

газеті редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *